Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 07 Сәуір, 2021

Ұмытылмас кездесу

- Қазақстанның елордасын алғаш рет 90 жылдардың соңында, Ақмола Астана болып жарияланғаннан кейін көрдім. Ол кезде Ақмола әлі қарапайым ғана қала болатын. Бірақ, ол көп уақыт өтпей-ақ әлемдегі ең көрікті орындардың біріне айналды. Бұл - Тұңғыш Президенттің еселі еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Нұр-Сұлтан қаласы - өсіп-өркендеудің үлгісі, ал бізге ең бастысы - жақсылыққа сену және алға ұмтылу керек, - дейді Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы  және «Отандастар қорының»  Қарағанды облыстық филиалының басшысы, Мәдениет қайраткері, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртісі Меруеш Башай.

Барлық шетелдердегі отандастар сияқты, Меруеш Башайдың да тарихи Отанына, Елбасына деген сезімі ерекше. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев  миллионнан астам қазақтың тарихи отанына оралуына зор ықпал етті. Оның үндеуіне алғашқы болып Моңғол Халық Республикасында тұрып жатқан қандастарымыз құлақ асып, туған еліне көш түзеді.

- Мен Елбасын алғаш рет 1993 жылы көрдім. Оның Моңғолияға келу сапары хаттамасының бір тармағы сол елде мекен етіп келе жатқан қазақ диаспорасымен кездесу болыпты. Біз Бай-Өлкеде жақсы ғұмыр кештік. Нұрсұлтан Әбішұлының сапары қарсаңында дәл сол жерде болу үшін Моңғолия астанасы Ұлан - Батырға біздің диаспорадан таңдап алынған 10 адамнан құралған ресми өкіл келді. Делегация құрамына енді ғана мектепті бітірген 17 жасар мен де болдым, - деп еске алады М.Башай.

Жастығына қарамастан, аймақтық музыкалық драма театрында солист болып жұмыс істеген ол, сол кездің өзінде-ақ өзін кәсіби әнші ретінде көрсете білген еді. Содан бері 27 жыл өтсе де, Меруеш Башайдың сол кезде бастан өткерген толқу сезімі күні кешегідей көз алдында:

- Қазақстан Президентінің сапары қарсаңында мәдени бағдарламаға жауапты режиссер маған тамаша бір арнау айтсаң деген ұсынысын айтты.  Бір қызығы,  арнау мәтінін   ұшаққа отырғаннан кейін  жаттап,  аз уақыт ішінде мен оны үйреніп қана қоймай, оған ән жаздым. Өзіме жүктелген аса зор жауапкершілікті ескере отырып, мен бойымды баурап алған қорқыныш пен толқуды жеңуге тырыстым. Ұлан-Батырда біз Нұрсұлтан Әбішұлын қазақ дәстүріне сай қарсы алдық.

Ол арнауды орындау кезінде менен бірнеше қадам жерде тұрды. Мен арнауды тыңдап тұрған Елбасының көзіне жас алып, толқығанын көрдім. Кездесу соңында Елбасы қолымнан алып, маңдайымнан иіскеп: - «Бақытты бол айналайын, елге қайт» деп батасын берді. Мен бұл сәтті өмір бойы есімнен шығармаймын, - дейді Меруеш Башай.

Сол кезде әнші алғаш рет тарихи отанынан шақырту алды. Бірақ әлі жас болғандықтан, ол жеке шешім қабылдай алмады. Ал ата-анасы Моңғолияда қалғысы келді.

Біраз жылдар өткен соң Меруеш Башай Ұлан-Батырдағы университеттің режиссерлік факультетіне оқуға түседі. 2001 жылы бір топ студентпен бірге Моңғолияда гастрольдік сапармен жүрген болатын.

- Сол кезде біз Нұрсұлтан Назарбаевтың келгенін естідік. Мен Қазақстан  Президентінің келу сапары туралы дайындалған жаңалықтардың бір де бірін қалт жібермейтін едім. Осындай сұхбаттардың бірінде журналистің Моңғолияға келген бірінші сапарында алған ең жарқын әсері туралы сұрағына жауап бере отырып, ол кенеттен: «Бір кішкентай қыз ән салып еді, аты кім еді ұмытып қалдым. Сол қыздың салған әні ерекше есімде қалды»- деп жауап берді. Мұны естігенде таң қалдым, - дейді М.Башай.

Дәл осы патриоттық сезім оны Моңғолияда тұратын қазақ жастарын айналасына біріктіруге итермеледі. Кейін олар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрамына кірді.

Меруешке тағы да тарихи отанына оралу туралы ұсыныс түсті. Бұл жолы ол Қазақстанға қайтқысы келетіндігіне сенімді болды. Рас, бұған тағы да бір оқиға түрткі болды.

- 2007 жылы театрдың бас режиссері болып жұмыс істей жүріп, шетелдік іс сапарға баратын болдым. Кенет маған Қазақстан Республикасының елшілігінен қоңырау шалып, Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға сапармен бара жатқанын хабарлады, ол диаспорамен кездесіп, менің сөзімді тыңдағысы келетіндігін білдіргенін айтты. Әрине, жұмыс барысындағы іс сапар екінші кезекке ысырылды. Мен бірден Ұлан-Батырға ұшып кеттім. Елбасы келгенде ол бәрімізді дін-аман көргеніне қатты қуанышты екенін жеткізді. Сол жылы мен Қазақстанға қоныс аудардым. Нұрсұлтан Әбішұлы астаналық филармонияға жұмысқа шақырды, бірақ ол кезде Қарағандыда менің туыстарым тұратын. Сондықтан мен Тұңғыш Президентіміз еңбек жолын алғаш бастаған жерді таңдадым, - дейді Меруеш Башай.

Дегенмен, әнші Нұр-Сұлтан қаласына гастрольмен жиі сапарлап барады. Ол ең бастысы Елорда күні өнер көрсетуін зор бақытқа санайды.

- Біздің, Елбасыға айтар алғысымыз бен ықласымыз шексіз. Алдымен ол бізге ата-бабаларымыздың туған жеріне қайтып оралуымызға зор мүмкіндік жасады. Бүкіл әлемдегі отандастарға қолдау көрсетеді. Біздің әрқайсымызды Қазақстанның күтіп тұрғанын біз білдік, - дейді М.Башай.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы отандастарымызға рухани және мәдени қолдау көрсетуге ықпал етеді. Ол 1992 жылы I дүниежүзілік құрылтайдың шешімімен құрылды. Сол кезде әлемнің 33 елінен келген 800 делегат аталған ұйымды құрып, бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты төралқа төрағасы етіп сайлады. Қазіргі уақытта 19 елде қауымдастықтың бөлімшелері мен өкілдіктері бар. Жалпы, 43 мемлекетте бес миллионнан астам этникалық қазақ тұрады. Тарихи отанына оралған қандастарды бейімделуге көмектесетін Қарағанды облыстық филиалын Меруеш Башай басқарады.

- Біздің ұйымның негізгі мақсаты - мәдени-рухани даму, білім беру және бизнес мәселелері бойынша шетелдегі отандастармен байланысты одан әрі дамыта түсуге қолдау көрсету. Сонымен қатар, біз тұрақты тұруға келген адамдармен де белсенді жұмыс істейміз, заңгерлік кеңес береміз, азаматтық пен тиісті құжаттарды рәсімдеуге көмектесеміз, Сарыарқаның тарихымен таныстырамыз, көрнекті саяси тұлғалар және қоғам қайраткерлері туралы жан-жақты мағлұматтар береміз, - дейді Меруеш Башай.

Сонымен бірге, ол сахнада өнер көрсетеді, танымал дирижер және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының жеңімпазы, жолдасы Ерлан Бактыгерейдің шығармашылығының одан әрі шыңдала түсуіне көмектесіп, алты баланы тәрбиелеп отыр.   «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталған. Отбасындағы екі үлкен ұл ата-анасының жолын қуып, музыкант болды.

 «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталдым. Еңбек ете жүріп, Алланың берген 6 баласын дүниеге әкеліп, елбасының жарлығымен «Күміс алқа» орденімен марапатталдым. Қазір екі ұлым Дінасыл және Ерасылым Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері, қызым Жансая Қарағандыдағы Құрылыс Техникалық колледжінің дизайнер мамандығын мемлекеттік грантпен оқып аяқтады. Ал, Нұрфуат, Ермек, Нұрназым  үшеуі олар кішкентай,  мектеп пен бала бақшаның бүлдіршіндері.

Қазақ өнерін насихаттап, Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы және «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен республикамыздың әр облысында «Құрманғазы» «Тәттімбет» т.б оркестрлермен жеке концерттерімді өткізіп халықтың ризашылығына  бөленіп жүрмін. Сонымен қатар, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің өкілімін. «Тәрбие тал бесіктен» демекші, өскелең ұрпақтың бойына рухани, ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін барымды саламын. Себебі, Аналардың мойнында ұлттың абыройы мен міндеті тұр.

Шет елдерде Франция, Түркия, Швеция, Қытай, Корея, Жапония, Германия, Ресей, Моңғолия т.б елдерде гастрольдік сапарларда болып қазақ өнерін насихаттауға өз үлесімді қосып келемін. Елбасы еңбек жолын бастаған кеншілер қаласы менің бақыт мекеніме айналды. Қазір біздің елде өмір сүруге барлық жағдай жасалып келеді. 100 -ден астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір шаңырақтың астына жинап, келісім мен бірліктің арқасында өмір сүріп жатқан халқымыз әлем елдеріне үлгі.   Еліміздегі тұрақтылықтың негізіне айналған теңдессіз институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды мақсаттарды жүзеге асырып, еліміздегі бар­ша ұлттар мен ұлыстарды қазақ ұлты­ның маңына топтастырды.

 Бұл да біздің ерекшелігіміз! Бізді біріктіретін бір мақсат пен бір мүдде!

Меруеш Башай

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және «Отандастар қорының» Қарағанды облыстық филиалының басшысы, Мәдениет қайраткері,

Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі

737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз