Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 07 Сәуір, 2021

Емдеу мекемелеріне 335 млн теңге айыппұл салынды

Биылғы жылдың бастапқы екі айында Алматы тұрғындарына көрсетілген медициналық көмек сапасын бақылау барысында 6,4 мың қызметтің түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне 335 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы. 

Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі жетекшісі Әсем Манапбаеваның айтуынша, кемшіліктің басым бөлігіне консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін клиникалар тарапынан жол берілген. Жалпы, консультативтік-диагностикалық көмек бойынша 4,5 мың қызмет түрлі кемшілікпен көрсетілген. Нәтижесінде 7,1 млн теңге қайтарып алынды.

Ақаумен көрсетілген 1,5 мың қызмет – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі.  Аталған кемшіліктер үшін аталған клиникалар 321,8 млн теңге айыппұл төледі. 

Ал, емханалар 343 қызметті кемшілікпен көрсеткен. Мониторинг нәтижесінде 6 млн теңге Қорға қайтарды.

«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», – деді Әсем Манапбаева.

МСҚ көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Бүгінде дәрігер көмегіне жүгінбеген адамды «қабылдауда болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті мәселеге айналғаны белгілі. Биылғы қаңтар-ақпан айларында филиал мамандары азаматтардан түскен арыз-шағымдар нәтижесінде осындай 57 фактіні анықтап, емхана-амбулатория деңгейінде жүргізілген мониторинг барысында медицина ұйымдарына 1,4 млн теңге айыппұл салды.

Қайтарып алынған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалады.

Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астанада 182 медицина ұйымы тегін медициналық көмек және МӘМС пакеттері шеңберінде қызмет көрсетеді. Олармен 2021 жылға бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 180,8 млрд теңгені құрап отыр.

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз