Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 12 Сәуір, 2021

Адам жақсылыққа шынайы, ізгі ниетімен жетеді

Адам баласы өмірге келгелі алдына мақсат-міндеттер қойып, сол жолда аянбай еңбек етіп жатады. Өмір ағысында біреуге жақсылық жасауды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, досқа адал, жақыныңа жанашыр болуды үйренеді. Ал, жақсылық – бүкіл тіршіліктің тұтқасы сияқты. Айналасындағылардан алған тәлім-тәрбиесі, оның әсері арқылы сана-сезімі қалыптасып, әр нәрсені ойлап, сана сарабынан өткізе бастайды. Ақ пен қараны ажыратып, жақсылықтың, жамандықтың не екенін ұғынуға тырысады. Нәтижесінде, адам жаны жақсылыққа құмар болады. Оны іздеп, өзіне де, өзгеге де тілейді.  

Әрине, мұндай керемет қасиеттерді бойыңа сіңіру үшін ең бірінші шынайы ниет керек. Себебі, ниет – әрбір істің, ғибадаттың рухы деседі. Ниетіне қарай бір іс үшін адам баласы не сауапқа кенеледі, не күнәға батады екен. Ол сенің бойыңдағы бір нәрсеге деген шынайы құштарлығың. Тіпті, өзіңнің ниетіңе қарай жолыңның бағыты көрінеді. Мүмкін, көзі көрмейтін әжені жаяу жүргіншілер жолынан өткізуге көмектескен шығарсың. Немесе, көшедегі алақан жайған қарт кісіге қалтаңдағы соңғы тиыныңды берген боларсың. Енді, бірде үйсіз-күйсіз қалған үй жануарларын тамақтандырған шығарсың. Міне, бұның бәрі сен үшін шынайы ниетпен жасалған адал істер.  

Ұстазымнан естігенім, пенденің ісі үш кезеңнен, яғни білу, қалау, күш-қуаттан тұрады екен. Әркім өзінің жағдайы келгенше жақсылық жасайды. Ең бастысы, шын ниетімен, адал пейілімен жасаса болғаны. Ал, мұндай жақсылықтың керемет тұсы оның саған екі еселеніп қайтуы. Тіпті біз ойламаған жерден қуанышқа, табысқа жетіп жатамыз. Ол біздің жасалған игі істерімізден болуы әбден мүмкін. Бірақ, жақсылықтан қайтарым үміт етіп жасау дұрыс ниет емес.  Дегенмен, нақты іс-әрекет адамның ішкі әлемін көрсетіп, оның ниетін бейнелеп тұрады. Егер адамның ішкі дүниесі мен ниет-ықыласы түзу бағытта болса, оның нақты сөздері мен әрекеттері де дәл сондай болмақ. Сондықтан жақсылыққа шын ниетпен жетейік!

 

Құралай ЖАНДАРБЕК

"Тұран" университетінің студенті

 

1743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз