Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 14 Сәуір, 2021

Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру жалғасады

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры биыл 63 млрд теңгенің шағын несиесін беруді жоспарлап отыр. Бұл – шағын кәсіпкерлік саласындағы 12 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға жетеді.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры беретін несие көлемі өткен жылғы деңгейде сақталады. Берілетін несиенің негізгі үлесі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына тиесілі. Несие қаржысының жартысынан астамы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобалары мен стартап-жобаларға беріледі.

Қарағанды облысының Покровка ауылында тұратын фермер Әлібек Тирнахан «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие рәсімдеген кәсіпкерлердің бірі.

Ол 20 жыл бұрын Қазақстанға Моңғолиядан отбасымен көшіп келген қандасымыз. Жалданып жұмыс істеп те көрген.  Бірақ үнемі мал шаруашылығымен айналысуды армандаған. 

Әлібек 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 млн теңге несие рәсімдеп, жылқы сатып алған. Шаруашылықты ретке келтіріп, төл алып, одан кейін алғашқы пайдасын көре бастаған фермер несиені мерзімінен бұрын өтеп тастапты. Өткен жылы «Тирнахан» жеке кәсіпкерлігі тағы несие рәсімдеп, 3,7 млн теңге алды.

«Қор арқылы алған несиенің басты артықшылығы - несиені жарты жылда бір рет төлеуге болады және бұл өте ыңғайлы. Сонымен қатар, екі жылға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған. Бұл – біздің табыс табуымызға, бизнесті дамытумызға және несиені уақытында төлеуімізге үлкен мүмкіндік. Тағы бір тиімді тұсы  – ауылдық жерлердегі тұрғын үйді кепілге қоюға болады», - дейді қарағандылық кәсіпкер Әлібек Тирнахан.

Кәсіпкердің айтуынша, отбасылық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді, бизнесінен пайда тауып отыр. Жұбайы Гүлбаршын шаруашылыққа көмектеседі, үш баласы өсіп келеді. Бүгінде фермердің меншігінде 30 бас жылқы бар, оның 20-сы сауын бие. Шаруашылық сүт өнімдерін өңдейтін ірі зауытпен ынтымақтаса жұмыс істейді. Зауыт арнайы ыдысқа құйылған қымыз өндіру үшін кәсіпкерден бие сүтін сатып алады.

Естеріңізге сала кетейік, «Еңбек» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау сияқты негізгі жобалар қаржыландырылады.

Ауыл кәсіпкерлері 4,6,12 млн теңгеге дейін 6,5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие ала алады. Сондай-ақ, ауылмен қатар қалаларда жүзеге асырылатын жобалар несиелендіріледі – олар бойынша несие сомасы 16 млн теңгеге дейін, ал Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында – 20 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%, бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7% аспайды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне несиелер жылдық 4% беріледі, тиімді сыйқаы мөлшерлемесі 4,7% аспайды.

Бағдарламаға ауыл шаруашылығы бағытындағы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті ашатын немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер қатыса алады.

Барлық сұрақтар бойынша Қордың облыстық филиалдарына хабарласу қажет. Несие өнімдері туралы толық ақпаратты www.fagri.kz сайтынан немесе әлеуметтік желідегі ресми аккаунттардан табуға болады.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның құрамына кіретін қаржылық-несиелік компания болып табылады. Қор қызметінің негізгі бағыты – АӨК саласындағы жобаларды несиелеу, «Еңбек» бағдарламасы аясында несиелерді және банк несиелерін кепілдендіру, АӨК сақтандыру бойынша операторлық қызмет көрсету, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында мамандарды несиелеу агентінің қызметтері.

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз