Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 15 Сәуір, 2021

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы. Біз жемсауы бос құстарға ұқсаймыз

 1994 жылы туған.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, Археология және Этнология факультетінің түлегі.

Автордың Қызылорда қаласын-дағы «Ақмешіт»  баспасынан «Аққудың иісі», «Ақ меңді айлар»,  «Көгілдір меңнен ояну», «Арманға жылқы жерлеу», «Назқаракөк», «Қарлығаштар еліндегі құлазу», «Қара уыққа толы ғаламшар», «Ертістің көзі қоңырлау», «Құшақта мені,  адамдар» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

1. Мықты болғың келе ме?

Егер сен бір ұлы күнді күтіп ғана жүрсең, ол күн келмейді. Сені тосын ұмытады ол күн. Сен ұмыт боласың.

Күту, күту – ол да қылмыс.

Күтпе.  Өзің жаса! Шынымен, бір нәрсені армандасаң. Өйткені, күту деген дүние – жоқ пен бардың ортасындағы сансыз үміт. Ол миыңды шайып, алжастырып кетуі де мүмкін. Саған денсаулық керек, тұрақты жақсы өмір керек. Күту керек кездер болады, бірақ аз уақыт ғана күт.

***

Сенің ұлылығың байлықта, мәнсапта, алған жарыңда, керемет қызметің мен жалақыңда, киіміңде емес. Сенің жалғыз ұлылығың – күн сайын ізденіс жасап, тоқтаусыз әрекетпен алға жылжу.

 

***

Екі нәрсені өзіңнен жойып жібер. Тайсақтауды және жалқаулықты жойып жібер. Аптықпа, маңызды істе тастай орнықты  бол.

***

Кез-келген алаңдатарлық істе алаңдама, уайымдама, дереу қапысын тап. Мүлдем басқа амалын таба алмасаң, жеңілдетілген жолын тап. Ол оңайға түсуі мүмкін.

***

Саған күш көрсеткен, артық сөз айтқан адаммен ерегесу әдеті сенде бар ма? Жоқ, болса ештеңе етпейді. Бар болса сөкпеймін. Қуаныңыз бар болса.  Сізде ерегесу әдеті бар болса, онда сізде өршелену қасиеті де болады. Өршелену қасиеті арқылы күннен-күнге тасқындап еңбек ете аласыз. Кішкене ғана алғыс пен батамен тез көгересіз, тез қанаттанып, өзіңізге күш-қуат бағыштай аласыз.

***

Сенің ішіңде тағдырдың бір кезеңінде пайда болған құса-шер болса, оны белгілі өнермен шығар. Өлең жаз... Күй тартуды үйрен... Көл-көсір өлең жазсаң да, ішіңнен бір шер шықпай тұрып қала беруі мүмкін. Мүмкін туған жерге,  анаға,  әкеге,  басқаларға деген сағыныш... Қиналыс... Бір өнердің түріне қанша еңбектенсең де,  іштегі шер кетпесе екінші бір ұқсамаған өнерді үйрен. Қайғыны кетірудің ең сүбелі бес  жолы: 1. Өзіңе жақын өнерге кірісу, үйрену, берілу. Бұл спорт болуы да мүмкін. 2. Бейімің бар, қалаған салаңда табысқа жету. 3. Жаңа бағалы заттарды сатып алып, оның қызығын көру.  4. Сізді әбігерге салатын,  жалықтырмайтын сүйікті  еңбек түрін тауып ал. 5. Жақсы жар қайғыңызды жоқ қылып кетеді.

***

Бір керемет көрсең сөзсіз садақа бересің оянған соң, яғни бұл әр нәрсенің тиісті ақысы бар деген сөз. Сол түс сені керемет әсерге бөлейді, жаңа күш-қуат береді. Бұл күш-қуат жылдарға созылуы да мүмкін, кейбірі бірнеше күнге ғана жарайды.  Ендеше, сен сөзі татымды адамдардың трейнингіне қатыссаң немесе ерекше кітәбін оқып, өмір жолыңа жаңа күш алсаң, оған жақсы ақша төлеуге тиіссің, солай!

2. Шүкір

Бүгін жақсы ақша таптым.

Бірнеше технологиялық заттарды бірнеше қалаға жібердім. Кейде әрине, болмай қалады, ол кезде опынып керегі жоқ. Қиналсаңыз, көңіліңіз ауырса адамға шағынбаңыз, Құдайға ғана айтыңыз. Ризық жан-жақта бар. Сіз өмірден ризығыңыз бітпей кетпейсіз. Біз бір ояна салып жемсауы бос күйде, ұясынан шығып жем іздеген құстарға ұқсаймыз. Жақсы қаражат көңілді көтереді, өміріңді қуаттап, сеніміңді нығайтады. Сырттан ақша тап,  ешкімге жалынба. Тым құрыса ертең 2000 теңге табыңыз. Ол сізге өте оңай ақша, 2000 теңгені сөзсіз 24 сағаттың ішінде таба аласыз. Іште ақылың мен парасатыңды, шығармашылығында  бағала, бәрі өз қолыңда. Егер, сіз шығармашылыққа тереңдеп кіріп, әбден қаныңызға сіңірсеңіз, қандай саудамен шұғылдансаңыз да шығармашылығыңызға кері әсерін тигізе алмайды. Егер сізде көңілсіздік, рухани жарақат бар болса, аз да болса ақша табыңыз, сонда көңілсіздік өз қараңғылығына жұтылады. Сізге жарық сәуле түседі. Сүйікті еңбек – келеңсіздікті құртушы. Адам барлығына жетеді. Бір күнде Алла қаласа, кейде бір айдың шаруасын тындыруға болады. Сергек, таза жүрейік!  Алла осы түнгі шүкірлігім мен тілегімді оқып отырған әрбір жанның ертеңгі және оның арғы күндеріндегі берекесі мен несібесін мол етсінші!

3. Өміріңіз өте әдемі ме?

Біз бағындыратын биіктер алда. Алда көбі, кейбірі қасымызда. Демігіп, шаршап, белің талып шыққан таудың рахатынан артық рахат бар ма?! Біз үнсіз көзімізді жұмып, көгілдір әлемнің ішіне сіңеміз, бір жұмбақ өмір бізді үнемі айналсоқтап жүреді.  Шынымен өмір деген сіздің сүріп жатқаныңыздай болса, неткен қарапайым нәрсе өзі?!  Біз періштелерден биік тұрамыз, жыннан да биікпіз. Адамға періште сәжде етті. Бірақ, біз Алла алдында періштелерден мәртебелі болсақ та,  қалаған көркем жерлерге саяхаттай алмаймыз, қоныстана алмаймыз. Ұлттық ұлы идеология жасай алмаймыз. Таза, сұлу, парасатты керемет шығармаларды оқи алмаймыз. Азғантай ғана жылдарға толы адамның өмірін ойыншық етіп, ол еститін, оқитын, көретін ақпаратты әділетсіздік пен арсыздыққа толтырып қойған билеушілерді қарғыс атсын.

Өміріңіз өте әдемі ме? 

Қаншалықты жауап бере аласыз. Шүкірдің де шүкірі бар. Сіздің адам ретінде иеленуге тиісті құқықтарыңызды тартып алушыларды білесіз, жақсы танисыз. Сіз амалыңыз жоқтықтан, құлдық дәуірдің батпандай салмағы мойныңызды езген соң барып ғана «шүкір!» деп жүрсіз. Біз бағындыратын биіктер алда! Сіз бағындыратын биіктер қайда? Менің биіктігім  қайда? Біз барлық жастық шағымыздың ең керемет жылдарын ипотекамен үй алуға, басқа қоқыс жүйеге арнасақ адам емес, аң болғанымыз ғой. Мұндай өмір иелері періштелердің сәжде етуіне тати ма?  Белімізді бекем буып, ышқырымызды көтеріп ар-ұятты болайық. Болымсыз ғана технология меңгерсеңіз ақша түседі сізге.  Кім үшін өміріңізді, алтын уақытыңызды қиып жүрсіз.

Сіздің өміріңіз біз ойлағандай көркем болмаса, өзгеріңіз. Ұнамсыз жүйеге қан-теріңізді, жүзіңіздің нұрын арнаудан шеттеңіз.  Сіз алпыс жасқа келсеңіз де өз өміріңізге бұрылыс жасасаңыз, Құдай сізге бақыттың басқа түрін дайындап қойған, соған ие боласыз.

4. Далаға айналған

адаммын

Сен түрлі даңқтарға бөленуің мүмкін. Қабілетті болуың да мүмкін. Бірақ,  соған еш қарамастан қалай өмір сүруді білмеуің де мүмкін. Ол үшін өмір сүруді жақсы білетіндерден үйрен. Әйтпесе, өзің біліп-білмеген, өмірді мықты сүретіндердің шахмат тасына айналып кетіп жүрерсің. 

 

***

Адам мінге тоймайды. Біреудің мінін ақтарып-төңкеріп білген сайын адам одан рухани қуат алады. Оны сезбей де қалып жүрер. Әрбір жолыққан адамның сөзсіз бір олқы жерімен танысып қайтамыз. Бірақ, бізге біреудің міні керек емес. Оның бойында кішкене болса да жанып тұрған  ұлтжандылық, ар-ұждан тазалығы, мейірім, зеректік қасиеті болса, сол  ең басты керегіміз. Әрі қарай ұсақ міндеріңіз маңызды роль атқармайды.

***

Әр шоқының басынан бір күйкентай соқтығып кетеді сізге. Бойыңыздағы кері бұрқасындардан абайлаңыз. Біреудің лай мінезінің түртпегін жұқтырмай, қағып отырыңыз. Өз тілінің тікені өз көмейіне батсын! Тілінің тікенін қабылдамаңыз!

 

***

Далаға айналған адаммын.  Даланың менен, менің даладан еш айырмам болсашы?!  Айырмамызды таппадым. 

Өлең!

Сол күні мені ренжіткен жанды кешіре салдым. Есемді жібере салдым – соқтыққан тас меңіреу надандыққа. Сол күні біреудің тапсырмасын тез орындап бердім. Сол күні дәрет алып өлең жаздым. Сол күні жақындарымның  аман-саулығын сұрап шықтым, көңіл шаршатарлық дүниеге кейімегем. Сол күннің құдіретін өзім білем. Жеңіл өмір сүре білуді үйреткен маған – Өлең болатын. Сол күннен кейін аспанда бұлттар емін-еркін, жүзіп жүрді. Менің көңіл-күйіммен ғана жасалып тұр еді аспан.

***

Нағыз жыраулық міндетімді таныдым. Тұла бойыма рахатқа толы бір сезім серік болып қосылды. Біреулер түрлі елдердің ақынына еліктеп ұйқассыз тармақтарын жаза берсін, поэзияны дамытып әлемге көтеріп тастайтын сияқты сезінсін сол еліктеулермен. Бірақ, біз өлеңнің киесі қонған халықпыз. Орта Азия көшпенділеріне өлең қонған. Мұндай өлеңнің үйіріліп шықпайтын, қуаласаң кетпейтін мекенінде жасап жатырмыз. Біз Құдайдың өлең қондырған даласының хақысын беруіміз керек.

Ақындық тіл шеберлігінің шыңы бар. Оған жетуге болады. Біздің қазіргі қазақтың өзін ақынмын деп жүргендерінің қатарынан онға таяу адамнан ғана сол ұлы шеберлікке жақындағанын байқадым. Жеткені де бар. Бұрынғы уақытта өзі өлең қонып туған ұлдар көп уақыт күттірмей-ақ, тіл шеберлігінің шыңына баратын да, ендігі міндет ешкім жырламаған ерлік тақырыпты немесе өзіне ұстаздық еткен буынның аманатындағы бір ұлы шығарманы жалғастырып жырлайтын. Тіл шеберлігін бағындырсаңыз, қаздың жыбыр-жыбыр ізінің көл шетінде қайталанып басыла беретіні сияқты, ұсақ өлеңді қайталап тудыра бермей, тіл шеберлігі қатаң сақталған алып эпос жаз. Осындай бөлек үлкен еңбек керек. Өйткені, сен тіл шеберлігін бағындырып осыған дайын тұрсың.

Сол қайталанусыз ұлы эпостарды тудыра алсаң, ұлттың нағыз байлығы сол. Одан асқан дүние жоқ. Осы сағат,  осы минутыма дейін  ұлтымның кім екенін оқытқан ең ұлы ұстазым – халықтың ең ескі ауыз әдебиеті нұсқалары.  Сондықтан,  бір ұлы эпосты тудырған да,  оны әндетіп үзіндісін жырлаған ұл мен қыз да халықтың өте бағалы қарашықтай қорғалатын адамдары.  Өйткені,  бір ұлттың рухы, ішкі мәдениет қамбасы соның бойында қорытылып,  ұлттың жанын келесі ғасырларға апару үшін қызмет етеді.  Әрине, ол өмірде жай ғана он екі мүшелі адам, мәселе ішінде.

***

«Ішін рухқа толтырып қойдым».

Міне бұл сөз менің бір киелі шығармамның оқырманды елең еткізер бірінші жолы. Мұнда мақтан жоқ, мұнда асқақ кеуде бар, тәжілі сөздер бар. Шимайлап жарты бет жазсаң да, ол сенің киелі шығармаң.

"Үркер" журналы

 

1576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз