Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Сәуір, 2021

Ақын Есенғали Раушанов дүниеден озды

Қазақтың аса көрнекті ақыны , Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов 64 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

Есенғали Әбдіжаппарұлы  1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда Хожелы қаласында дүниеге келген.

1976-1980  жылдары Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын Өзбекстанның  Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. 

«Жалын» журналында бөлім меңгерушісі.

«Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы

«Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналының бас редакторы (1988 —1995).

1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры.

Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылында жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған

«Келінтөбе» (1984)

«Шолпан жұлдыз туғанша» (1988)

«Ғайша бибі» (1991, «Aлаш» сыйл.)

«Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген.

Раушанов лирикасында ұлттық болмыс суреткерлік шеберлікпен дараланған, ұлттық психология, этнография ақын өлеңінің ішкі өріміне образдық бояу болып сіңген («Қозының бүйіріндей тойып емген төбелер», «Қатарланған қара нардай азайған қариялар», «Тұлыпқа кеп иіген аруанадай сенің суық ерніңнен іздедім от», т.б.), қара өлең үлгісі Раушанов поэзиясының түрлік желісіне айналған.

Ақын шығармашылығында жаңа формалық ізденістер жетерлік, бірақ қаламгердің ерекшелігі дәстүрлі үлгіні қайта жаңғыртуында. Шығыстық сарында жазылған өлеңдері («Сағдише сүю», «Өзбек қызына») мен жыраулық поэзия дәстүріндегі дүниелері («Қарға бойлы Қазтуған», «Азау, саған не дейін», «Абылайдың асында айтылмаған сөз») замана ақиқатын көркемдік тұрғыда ашып көрсетуде азаматтық үнімен ерекшеленеді. Раушановтың халықтық аңыз, мифологиялық желіде жазылған «Ғайша бибі», «Түн деген Көрұғлы», «Нұқ пайғамбардың кемесі», т.б. туындылары бар.

«Ғайша бибі» драмалық дастаны халықтық поэзия қайнарынан нәр алған, жаңалық өрісімен, кемел көркемдігімен ерекшеленген құнды шығарма.

Прозалық туындыларынан «Нұрдан жаралған» романы, құстар табиғатын сөз еткен этнографиялық новеллалары бар.

Көптеген өлең, поэмалары орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. 

Өзбек тілінен ортағасырлық мұра «Темір жарғыларын», Хамза Ниязи өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреатыҚазақ КСР-і шығармашылық жастарының «Жігер» фестивалінің тұңғыш лауреаты

1991  — "Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты

2001 — "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалі

2005 — ҚР Президентінің жарлығымен Құрмет орденімен марапатталды

2006  — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  атанды

2017— ҚР Президентінің жарлығымен Парасат орденімен марапатталды.

Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген баспа қайраткері (құрметті атағы)

Ш.Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің құрметті профессоры.

 

857 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз