Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Сәуір, 2021

Беу, жалған өмір-ай!

Бүгін қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 64 жасында Есенғали Раушанов өмірден өтті.

Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушанов-1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда Хожелы қаласында дүниеге келген.              1976 — 1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы "Достық" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Ол "Жалын", "Арай", "Зерде"  журналында, "Жазушы" баспасында қызмет етті. 

Алғашқы жыр жинағы "Бастау" деген атпен 1980 жылында жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған. "Келінтөбе", "Шолпан жұлдыз туғанша", "Ғайша бибі", "Қара бауыр қасқалдақ", Бозаңға біткен боз жусан»  атты жыр кітаптары жарық көрген.

«ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ өлеңіне толқын –толқын боп жамырай келіп жатқан жас лириктерге толайым қозғау салып, соңынан шәкірт ерткен, өз мектебін ашқан шайырлар бізде көп емес. Қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов сол аз шоғырдан – санаулылар санатында» - деп қазақтың халық ақыны Қадыр Мырза Әли атамыз өзінің бағасын беріп кеткен еді. Беу, жалған өмір –ай! Алла алдынан жарылқасын. Жаны жәннатта болып,  асыл рухы бейіштің төрінде шалқып, иманды болсын!

Құрметті оқырман, біз сіздердің назарларыңызға ақынның «Бозаңға біткен боз жусан» атты кітабынан алынған өлеңдерін ұсынамыз.

 

Музейде

Кідіре тұр кішкене, бұраң белім,

Сауалым бар өзіңнен сұрар менің.

Қайда апарып қойдыңдар біздің шалдың

Құр ат беріп жасатқан құранды ерін?

 

Баяндайын өзіңе, қалқам, бәрін,

дұрыс болмас жабыдай жалтарғаным.

Ерге қонған екен ол он сегізде,

Жиырмамда мен айыл тарта алмадым.

 

Тебінгісін ақ көбік терге көміп,

Жүргенімде жастықпен делбе болып,

Ана жылы ауылдан ап кетіп ед,

Алматыға мен емес, сол керігіп.

 

Қара үлектің көнімен қалдектенген,

Шеберлік-ай осынша сән бөктерген,

Ақ жабудың үстінен мойнын созды-

Таныды ғой иесін арнап келген.

 

Қағбам осы болып тұр қазір қарар,

Қазір қарап, елімнің сазын табар,

Біздің ауыл таңбасы – бұл үш әліп,

Өшірме оны - әруақтар назырқанар.

 

Нақышы бұл киелі паң даланың,

Бояуы да осында бар, қарағым.

Сары шалдың өзі емес, көзі қапты,

Сөзі қалса жарар ед сары баланың...

 

Байқоңыр космодромы

«Періштелер жүреді ұшып аспанда»,

Рас шығар кім білген.

Әлдеқашан өліп қалған тастарға

Аят оқып тұрмын мен.

 

Ал генерал, кәне, бізді баста алға,

Сенің сөзің заң бүгін.

Періштелер жүреді ұшып аспанда,

Көреді олар барлығын.

Мен қараймын мынау мылқау тастарға,

Жерім байтақ.

Далам бай.

...Періштелер жүреді ұшып аспанда,

Қонатын жер таба алмай.

***

Түмен бап – Түркістанда түгел өрді,

Отыз бап – Отырарда түрегелді.

Күңірентіп Күлтөбені күллі қазақ,

Қош айтып бір-біріне жүреді енді.

 

Таспадай түзу түсіп жолдары кіл,

Айының он бесінен толғаны бұл.

Жер өзінікі,

Тіл өзінікі,

Дін өзінікі,

Заман ғой, ей, бауырым, ол дағы бір.

 

Тайпалтып Құлагерді, Қарагерді,

Бұлт – қазақ көшіп жатыр тарап енді.

Ұясы бозторғайдың бозаңда еді,

астында көп тұяқтың қала берді.

 

Соңында Сауран қалып,

Қарнақ қалып,

Сансыз жол шығады алыс тармақталып.

Тұрады ақ жол тілеп ұрпағына,

Ай маңдай Әзірет сұлтан аруақтанып.

 

Күн қонып Қаратаудың қиясына,

Шаң шөкті жусаны мен миясына.

...Қайран боп қалай аман қалғанына

Қарайды бозторғай құс ұясына.

Дайындаған-Бақыт СЫДЫҚОВА

764 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз