Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 18 Сәуір, 2021

Шаршағанда қуатты қалпына келтіретін 5 тәсіл

Тек қалталы телефонның ғана емес, адамның да қуаты кемиді, таусылады. Телефонды тоқ көзіне жалғап, қуатын толтыруды ХХІ ғасырдың жас баласы да, қарты да жақсы біледі.

Ал, адам қуаты сарқылғанда не істеу керек? Бұны біреу білсе, екеу білмес. Шығыс елінде қуатты қалпына келтіретін кең тараған 5 әдіс бар. Бұл тәннің ғана емес, жанның да қуатын қалпына келтіреді екен.

1-ӘДІС: Ағаш

Сүйіктіңізбен құшақтаса бермей, аракідік ағашпен де құшақтасып қойған ләзім. Осы жасқа дейін қаншама адамды құшақтаған боларсыз, бірақ бір рет болса да ағашты құшақтағансыз ба?

Біле білсеңіз, ағаш адамға керемет күш-қуат беріп, бойдағы жағымсыз қуатты, тіпті кейбір кеселді де өзіне «сорып» алады екен. Иә, ағаш ауаны ғана емес, адамды да тазалай алатын қасиетке ие. Табиғат аясына демалысқа шыққанда ағашты 5-7 минут құшақтаңыз. Үй маңында немесе жақын жерде саябақ болса, ағаштан қуат алу тәсілін айына бір рет жасауға болады.

Есте ұстаңыз: Жеміс-жидек ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етсе, ағашты құшақтау қуаттандырады.

2-ӘДІС: Су

Жұмыс барысында немесе қоғамдық орында әлдебіреумен ұрысып қалсаңыз, дау-дамайға аралассаңыз, дереу бетіңіз бен қолдарыңызды салқын сумен жуыңыз. Бұл жұмсалған қуатыңызды жылдам қалпына келтіреді. Ал, кешке үйіңізге барғанда міндетті түрде салқын душ қабылдап, күні бойы жиналған жағымсыз әсерден тазалану керек.

Жалпы, су теріс қуаттан тазалаумен қатар, шаршағанды басып сергітеді және «ұйықтап жатқан» кейбір ағза жасушаларын «оятады».

Көпшілік ортадан келгенде, ұнамсыз адаммен сөйлескенде қуатыңызды әлдебіреу сығып алғандай күй кешсеңіз, жастыққа бас қоймас бұрын салқын суға шайыныңыз. Немесе тұз қосылған жылы суда 20 минут көзіңізді жұмып жатыңыз. Мүмкіндік болып жатса, көлде, өзенде, бассейнде көбірек жүзген дұрыс. Көл мен өзен суында керемет қуат бар. Сондай-ақ, жаңбыр жауғанда пана іздеп қашпаңыз, керісінше, жаңбыр астында бірер минут тұрып, теріс қуаттан арыл

3-ӘДІС: Жер

Үйдегі ағаш еденді емес, қара жерді жалаң аяқ басып қашан жүрдіңіз? Шомылуға барсаңыз, су жағасындағы құмда бірер минут болса да жатыңыз. Аптасына бір рет бірер минут жалаң аяқ жүруді әдетке айналдырыңыз.

Өзіңізді әлсіз сезініп, мең-зең күй кешсеңіз, бас аурудың дәрісін іздемеңіз, одан да табандарыңыз бен алақандарыңызды 5-7 минут жерге тигізіп отырыңыз.

4-ӘДІС: Ауа

Екі қолыңызды жоғары көтеріп, ашық жерге тұрыңыз. Бұны әсіресе, қатты жел тұрғанда жасаған тиімді. Ал, жел жоқ жерде терең-терең тыныс алып, қуатты қалпына келтіруге болады. Алдымен, мұрынмен терең тыныс алып, өкпені ауаға толтырыңыз, сосын оны үзіп-үзіп (7-ге, 8-ге) шығарыңыз. Енді керісінше, ауаны үзіп-үзіп ішке тартып, сосын бірден сыртқа шығару керек. Осы жаттығуды 5-10 рет қайталаңыз.

Есте ұстаңыз: Адам сусыз, тамақсыз бірнеше күн өмір сүре алар, бірақ ауасыз бір күн де өмір сүре алмайды. Ауа ағзаға өте қажет.

5-ӘДІС: От

Мен үшін ата-бабамыздан артық дана, ғалым болмаған. Ертеректегі отпен аластауда үлкен сыр бар. Шығыс елінде от теріс қуаттан тазалайды деген сенім бар. Жанып тұрған отқа қарау жанды тынықтырады.

Есте ұстаңыз: Қоқыстан өртеп тазаланамыз. Дәл сол сияқты адам аурасындағы жағымсыз қуатты тазалау үшін отқа бірер минут қарап отыру керек. От сонымен бірге, қуат та береді.

Шаршасаңыз, қуатыңыз таусылса, ауыра қалсаңыз, ең алдымен жәрдемді Табиғат-анадан іздеңіз. Табиғатта біз білмейтін құпия ғана емес, онда керемет қуат та бар. Ала білген адамға Табиғат бере де біледі.

ibek Ashirhantegiнің фейсбук парақшасынан

1061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз