Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 22 Сәуір, 2021

Отбасы бақытының құпиясы

Отбасы бұл шағын мемлекет. Ол сіздің ата-анаңыз, бауырларыңыз немесе достарыңыз. Әрқашан жаныңыздан табылып, жанашырлығын көрсете білетін асыл жандар. Жүзіңізге күлкі ұялататын да, бойыңыздағы бар болмысыңызды тіке айта алатын да осы кісілер. Мына өлшеулі өмірде сол жандармен әр минутыңыз бен секундыңызды татулықта, бірлікте өткізгеніңіз абзал. Сонда ғана шаңырағыңызға береке орнайды. Соның дәлелі ретінде, сіздің де отбасыңыздың ынтымағы арту үшін, өз үйімнің мына бір ғажайып ережелерімен бөліскенді жөн көрдім.

Әр күнді күлкіден бастаңыз. Әзіл-қалжыңға толы әңгімелер, естен кетпей қалған естеліктерді еске алыңыз. Өзіңіз ғана емес, өзгеге де күлкі сыйлауға ұмтылыңыз.

Өзіңізге сену. Кез-келген уақытқа өзіңізге деген сеніміңізді жоғалтпаңыз. Себебі, сіздің қолыңыздан барлығы келеді. Тек алға шынайы ниет, адал көңіл, берік мақсатпен ұмтылған жөн.

Әрқашан шынайы сөйлеңіз. Өтіріктің аяғы бір тұтам. Көрген нәрсеңізді көрдім, айтқан сөзіңізді айттым деп шынайы сөйлеңіз. Шындық сізді ешқашан жаман жолда қалдырмайды.

«Рақмет», «Өтінемін» сөздерін жиі қолданыңыз. Біреуге алғыс айтып, батасын алу сіздің жолыңызың ашылуына бір қадам. Ізгі ниетіңізді рақмет айту арқылы білдіріп, шынайы сезіміңізді өтініш арқылы көрсете біліңіз.

Бір-біріңізді құрметтеңіз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет сіз үшін асыл қасиеттің бірі болуы тиіс. Өзіңнен үлкенді «сіз» деп сыйлап, кішіге адал жол көрсеткен дұрыс. Құрметпен өткен күн өмірдің ең ғажайы сәті.

Мұқият тыңдай білу. Анаңның ақылы мен әкеңнің тәрбиесін немесе бауырыңның даналығы мен досыңның кеңесін мұқият тыңдай білу адамдықтың белгісі. Тәлім-тәрбиені бойына жақсы сіңірген адам, өз ортасының мейіріміне бөленеді. Тіпті, сыйластық, адамгершілік сынды қасиеттерге бай болады.

Көмек сұрау және басқаларға көмектесу. Әрқашан қолыңызда қандай зат болсын, жаныңыздағы мұқтаж жанға ұсынуға ұмтылыңыз. Себебі, ол жақсылығыңыз алдыңызға екі есе болып қайтуы мүмкін.

Үлкен белестерді армандау. Сіз өз күшіңізге сенесіз. Себебі, сіз кез-келген шыңнан өтуге дайын болу керексіз. Сол үшін үлкен белестерді бағындыруды, бармаған жеріңіз, баспаған тауыңыздың болуын армандаңыз.

Кешірімді болу. Көңіліңізге үлкен қаяу түссе, кешірімді болуға тырысыңыз. Қанша қиын болса да, кешіре білу сіздің адамгершілігіңізді білдіреді. Өкпе-реніш ешқашан сізге жақсылық әкелмейді. Тек қана жылы жүзде, адал ниетте болыңыз.

Тосын сыйлар жасау. Жақыныңызды сүйікті затымен немесе жақсы көретін тәттісімен жиі қуантып тұрыңыз. Тосын сыйлар, ұмытылмас естеліктермен жанын жадыратыңыз. Жай ғана күлімсірегеніңіздің  өзі ол жанға үлкен сый болуы мүмкін.

Жалқау болмау. Еріншектік, жалқаулық сіздің энергияңыздың басты жауы. Одан сізге не пайда, не нәтиже болмайды. Біреудің қолына күніңізді қаратпаңыз. Еңбек етіңіз, талпыныңыз, өмірді сүйіңіз!

 

Құралай ЖАНДАРБЕК

1287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз