Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 30 Сәуір, 2021

Шынар Шəкенова: "Болашақ" арманымды орындады

«Болашақ» бағдарламасы туралы ҚазҰУ-да оқып жүргенде еститінбіз, бірақ ол кезде бұл бағдарламаға түсу қол жетпес армандай көрінетін. Бағдарлама іске асқан алғашқы жылдары оған ерекше талантты, білімді немесе танысы бар адамдар ғана түсе алатын шығар деген түсінік болғаны рас. Соған қарамастан, бакалаврды бітірген соң досым екеуміз тапсырып көруге тырыстық. Бірақ ақпарат аз және ақпараттық ашықтық болмағаннан кейін бе, медициналық анықтамаларды дайындау барысының өзінен кейін-ақ ойымыздан қайтып қалдық. Университет бітіріп, біраз жыл мамандығым бойынша қызмет етіп, азды-көпті тәжірибе жинағаннан кейін 2014 жылы қайта тапсырып көруді жөн көрдім. Бұл кезде енді бәрі басқаша әсер етті. Бағдарламаның талаптары мен түсудің жолдары түсінікті болды. Бір жарым айдай IELTS тестін тапсыруға дайындалып, емтихан тапсырып, қажетті балды алған соң «Болашаққа» жол тарттым. Құжат тапсыру жағына келетін болсақ, үміткерлерге айтарым, күмәнданбай, еш кідірмей бағыңызды сынап көру керек. Себебі, көбі бағдарламаның талаптары тапсыратын құжаттар туралы ақпараты болмай, орта жолда қалып қойып жатады. Қазір тапсыру жолы мен талаптары айқын. Бағдарлама жылдан-жылға жетілдіріліп, барлық қазақстандыққа қолжетімді болып отыр. Тек шет тілін, көп жағдайда ағылшын тілін үйреніп және қажетті тесттен өтіп, сертификатын алып, Халықаралық бағдарламалар орталығының тізіміне кірген жоғары оқу орнына өздігіңізден тапсырып, шақырту алсаңыз болды.

Мен тапсырған кезде талаптар өзгеше болды. Мысалы, шетелден өздігіңнен шақырту алу міндетті емес еді, бастысы, талаптарына сәйкес білімің, тілді білуің және еңбек өтілің болуы міндетті болатын. Тілдік біліміңді дәлелдейтін тест, Қазтест, психотесті өздері ұйымдастыратын, сенен тек қажетті балды алу ғана талап етілетін. Осы іріктеулерден кейін, Тәуелсіз сараптау комиссиясының сұқбатынан өтуің керек. Содан кейін барып стипендияның иегері  атандым. Мен ҚазҰУ-да журналистика факультетінің қоғаммен байланыс мамандығы бойынша бакалавр және магистратураны тәмамдағам. «Болашақпен» Ұлыбританияда осы мамандығым бойынша оқуды жөн көрдім. Бірінші жылы Ньюкасл және Рединг қалаларында ағылшын тілі курсын оқып, одан Лестер университетіне түсіп, Media & PR мамандығы бойынша магистрант дәрежесін алдым. Оқитын елді және университет таңдауға келетін болсақ, Ұлыбританияны,  тарихы тереңде жатқан корольдікті көру бала кезімнен арманым болатын. «Болашақ» бағдарламасы сол мүмкіндікті маған берді десем болады. Сол себепті, «Болашақ» шетелде оқуға талпынған әрбір қазақстандыққа теңдей мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама деп толықтай айта аламын. 

                                          Қиындық

Шетелге барған адамның алдында бірінші кезде тілдік кедергімен бірге, сол қоғамдық ортаны қабылдау, әлеуметтік-мәдени өзгешеліктер алдынан шығады. «Тілді жақсы біліп тұрсаң, қандай кедергі болуы мүмкін?» дерсіз. Нағыз тілдік ортаға түскенде ағылшын тілі ондаған диалектпен, акцентпен айтылуы мүмкін. Әрі Ұлыбритания көпұлтты ел, әлемнің төрт тарапынан келген мигранттар, студенттер мен туристер толып жатыр. Сондықтан бастапқы кезде әртүрлі ұлттың немесе тұрғылықты халықтың (native speaker) «нағыз ағылшынын» түсіну қиынға түседі. Ал оқу жағына келетін болсақ, әрине, ағылшынның оқу орындары әлемдік рейтингте ғасырлар бойы орын бермей келе жатқаны белгілі. Соған сәйкес, оқыту жүйесі мен талаптары аса жоғары. Техникалық жағынан заманауи талаптарға сай, бәрі цифрланған, оқыту процесінің бәрі автоматтандырылған. Әрине, бұл посткеңестік жүйемен оқыған біз үшін қиындау соқты. Бізде оқу орындарына цифрландыру енді келіп жатыр, оның өзінде жетілдірілген түрі емес. 

Мысалы, Англияның оқу орындарында blackboard, canvas секілді платформалар бар. Университеттердің оқыту жүйесі осы платформа ішінде жүзеге асады. Ол жерде оқу кестесінен бастап, әр модуль бойынша лекциялар, вебинарлар, тапсырмалар, әдістемелік материалдар жүктеледі және қажетті кітаптардың тізімі беріледі. Яғни студент университетке бармаса да, платформаның арқасында  оқу процесінен қалып қоймайды. Әсіресе, сол платформадағы электронды кітапхананың базасы өте ауқымды. Қажетті кітаптардың электронды нұсқасын оқып, болмаса сол портал арқылы кітаптың қайда, қай бөлімде орналасқанын және ол орнында бар ма, жоқ па біліп отырасыз. Ол кітапқа сұраныс көп болса, кезекке онлайн тіркеліп қоясыз. Осы және көптеген автоматтандырылған оқу жүйесі студенттерге өте қолайлы. Заманауи игіліктер студенттерге қаншалықты қолайлы болса, оларға артылатын жауапкершілік те соншалықты көп.  Ұлыбританияның оқу жүйесі академиялық біліктілік пен академиялық шынайылықтан, әділдіктен тұрады десем болады. Барлық сабақ пен тапсырма электронды жүктеліп, тапсырмаларды орындау, өткізу барысында «адами фактор» болмайды. Тапсырмалардың көлемі (үш мың немесе төрт мың сөз деген сияқты) және уақыты (күні, сағаты, секундына дейін) белгіленіп қояды. Сол талаптарды орындай алмай, үлгермей жатсаң, ол сенің проблемаң. Ал тапсырмалар көбіне эссе немесе жобалық жазбалар күйінде болады. Негізі шетелдік жоғары оқу орындарының академиялық білімі ауызша емес, жазбаша дәлелге негізделген. Жазбаша жұмысқа талап жоғары, бір эссені жазу үшін 10-15, одан да көп кітап немесе ғылыми мақалалар оқи отырып, бәрін саралап, салыстырып, ғылыми дәлелге жүгіне отырып қана өз ойыңды жеткізуің керек. Жазу керек екен ғой деп өз ойыңды бұрқырата алмайсың. 

Бұл бір талабы, бұдан бөлек бірқатар талап бар. Эссенің құрылымы, кіріспеде ұстанған ойыңды эссе бойы еш ауытқусыз ғылыми түрде дәлелдеу, негізгі бөлімінің талаптары, ғылыми ресурстарды пайдалана білу, тұжырымдар мен цитаталарды келтіре білу, оларды түсіну және нақты кейстерді мысалға келтіру, соңында бастапқы ойыңды толық қамти және түсіндіре алғандығыңа сенімді болу қажет. Жоғарыда айтылған талаптар бойынша нақты академиялық тұжырымдарды қолдана білсең де, өзіңнің сыни ойлау қабілетің болуы керек. Осылайша, жазба жұмысының әр бөлімі бағаланатын шкала бойынша жалпы балл шығарылады. Осы жұмыстардың бәрін электронды түрде көрсетілген уақытында жүктеп үлгеруің керек және жүктелген соң 5-10 минуттың ішінде автоматты түрде плагиатқа тексеріледі. Бұл ешкімнің ойын, тұжырымдамасын өзіңдікіндей пайдаланбауға итермелейді, академиялық талаптар мен әділдікті сақтай отырып жазу қажеттілігін көрсетеді. Міне, осындай және өзге де жоғары талап біз сияқты посткеңестік білім беру жүйесімен оқығандар үшін жат болғаны рас, жоғары оқу орындарында оқығанда  осындай академиялық стильге үйренбегенімізді байқадық.

                                        Жеңіс

Мен оқуымды сәтті аяқтап, елге оралғанда біраз нәрсеге көзқарастарым өзгергенін байқадым. Келгеннен кейін жұмысқа орналасуыма да сол әсер етті. Біраз ұсыныстар болды, бірақ, қаржылық жағы емес, маған көбіне академиялық білімімді, әлеуетімді шыңдайтын, зерттеу жұмыстарымен айналысатын, немесе шет тілін қолдану мүмкіндігі бар ортаны қаладым. Сол себепті бастапқы кезде жоғары оқу орындарына қызмет етуге бардым. Өз мамандығым бойынша баспасөз хатшысы болып, одан кейін Еуразия ұлттық университетінде оқытушы болып қызмет атқардым. Бір айта кетерлігі, Англияға оқуға бармай тұрып, оқытушылық қызметті мүлде қаламайтынмын, оның үстіне біздің қоғамда мұғалімдердің беделі түсіп кеткені де рас. Шетелде оқып келген соң, ол жақтың оқыту жүйесін, оқытушылардың беделін, шығармашылық еркіндікті, ғылыми зерттеу жолындағы даму, ізденістерін көріп, осы салаға деген қызығушылығым артты. Сөйтіп, университетте өз мамандығым бойынша қазақ және ағылшын тілінде сабақ бердім. Қазіргі студенттерге білгенімді айтып, аз да болса академиялық стильді үйретуге тырыстым. Одан кейін мемлекеттік ақпараттық саясат жағында 2 жылдай қызмет етіп, қазір «Болашақ» бағдарламасының әкімшісі Халықаралық бағдарламалар орталығында еңбек етіп жатырмын. Өзім «болашақтық» болғаннан кейін бұл ұйымның қызметі жақын және ыстық. Сол себепті, бір кездері өзім сияқты үміткер, стипендиат, қазіргі түлек ретінде аудиториямызға бағдарлама және ондағы болып жатқан өзгерістер мен жетістіктер туралы ақпарат беру жағында қызмет атқарамын. Әсіресе, шетелде оқысам деген талпынысы бар үміткерлерге толық ақпарат беріп, бағдарламаны насихаттауға тырысамын.

                                          Түйін

Меніңше, «Болашақ» түлегі болу – жауапкершілік. Алған білімің мен тәжірибеңді тиімді пайданаланып, өз салаңда аз да болса үлесіңді қосуға талпынуың керек. Оқуға бармас бұрын өз салам бойынша бірнеше жыл қызмет етіп, азды-көпті тәжірибе жинағанымды айттым. Оқу барысында тәжірибемнің көмегі тиді десем де болады, елге келген соң шетелде көрген-білгенім оны еселей түсті. Әрине, ол жақтың тәжірибесін біздің қоғамда пайдалану мүмкін бола бермеді. Әсіресе, біздегі басқару жүйесі, ақпаратты беру және қабылдау ерекшелігін де ескеру керек. Сонымен қатар, цифрлы жүйенің дамуы батыстан қарағанда бізде кешеуілдеп жатқанымызды мойындауымыз қажет. Digital media және digital marketing жағы елімізде енді ғана жақсы қарқын алып келеді. Сол жағынан алған білімім қазіргі қызметімде және жоғарыда айтқан академиялық стильді меңгеруім университетте студенттерді оқытуыма септігін тигізді. Алайда техника мен технология күн сайын дамып, әр салаға өзгерістер әкеліп, жаңа талаптар мен бағыттар пайда болып жатқанда білдім, толдым деп отыра беруге болмайды. Әрдайым даму жолында, ізденісте болу – заман талабы.

«Ақ желкен» журналы

1737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз