Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 04 Мамыр, 2021

Шағын және орта бизнес енді ес жиып келеді

Еліміздегі шағын және орта бизнес былтыр жыл бойы коронавирус індеті есеңгіреткен лаң әсерінен енді айыққандай күй кешуде. Соған қарамастан осы сектордағы компаниялар үлесі соңғы жылда 3,3%-ға артқан. Экономиканың маңызды осы бір саласында қазір еліміздің 3 миллионнан астам азаматы еңбек етіп жүр.

Елдегі экономикалық белсенді­лік пен жалпы алғанда экономиканы шайқалтып кеткен COVID-19 кәдуілгідей сынақ болды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап 2021 жылдың ақпанына дейін ҚР-дағы іскерлік белсенділік индексі жайсыз аймақ (50-ден төмен) аумағынан шыға алмай-ақ қойды. Ал, шағын және орта бизнес мейлінше осал сектор болып табылды.

Мәселен, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің шығарған өнімі 5,4%-ға қысқарып, 32,7 трлн теңгені құраған. Ал, ШОК-те жұмыспен қамтылғандар саны бір жылда 2,3%-ға қысқарған – 2020 жылдың аяғына осы секторда 3,4 млн жұмыспен қамтылғандар тіркеліпті.

Шағын және орта кәсіпкерлік шеккен зиянды неғұрлым азайту үшін мемлекеттен – қаржылай да және қаржылай емес те қолдау көрсетілді. 2020 жылы салықтық салмақты айтарлықтай жеңілдетуге және қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың үш топтамасы іске асырылды (инфографика).

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша ШОК субъектілері үшін 5 жыл субсидиялауымен кредит көлемі 7 млрд теңгеге дейін артқан, сондай-ақ салалық шектеулер де алынып тасталған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кредиттеудің жалпы көлемі 1 трлн тг-ге дейін, субсидиялау мерзімі – 10 жылға дейін артқан, тауарлар мен қызмет көрсетулер тізбесі кеңейген, сондай-ақ кепілдендіру құралы да жақсара түскен.

Жалпы алғанда, 2020 жылы «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 трлн сомасындағы ШОК субъектілерінің 18,9 мың жобалары субсидияланған және кепіл­дендірілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 440 млрд тг сомасына 2 мың жобалар субсидия алған.

Мұнан басқа, 2020 жылы биз­несті қолдау мақсатында салық заңдылығына бірқатар өзгерістер енгізілген, соның ішінде мүлік салығын төлеуден босату қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ауыл шаруашылығы қажеттілігіндегі жерлер бойынша жерге салықтан босатылған. Әлеуметтік маңызды азық-түліктік тауарларды өткізуге және импортқа шығаруға ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілген.

Қабылданған шаралар кәсіп­керлердің іс-қимылына індеттің жайсыз әсерін жұмсартты және елімізде ШОК субъектілерінің саны артуына мүмкіндік берді. Мәселен, 2021 жылдың 1сәуіріне іс үстіндегі ШОК субъектілерінің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 млн бірлікке дейін, яғни, 3,3%-ға артқан. ШОК субъектілерінің жалпы санындағы жеке кәсіпкерлердің үлесі 62,8%, шағын кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар – 21%, шаруа немесе фермерлік қожалықтар – 16%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2% құраған.

Биылғы жылы «Атамекен» ҰКП 50 мыңнан астам кәсіпкерлер арасында қолдау көрсетуге қосым­ша шаралар қажеттілігін анықтау мақсатында сұрау жүргізген. Сұрау салу нәтижелері негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 4 бағыт бойынша 24 шаралардан тұратын қосымша: бизнеске ауыртпалықты жеңілдету, қаржыландыруға, сұраныс нарықтарына және сапалы адами ресурстарға қолжетімділікті кеңейту мәселелерін қамтыған топтаманы жинақтап, іске қосты.

2021 жылдың 7 сәуірінде Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ирғалиев экономиканың мейлінше зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлердің кредиттері бойынша қарыз ауыртпалықтарын салықтық ынталандыру және оларды төмендету мақсатында қосымша шаралар туралы жариялады.

Жаңартылған жоспарға сәйкес, қолдау шаралары экономиканың неғұрлым жапа шеккен салаларында ШОК банктік қарыздарын жеңілдетілген жағдайларда қайта қаржыландыру қарастырылған. Зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлер топтарының тізімі экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторында (ЭҚЖК) 145 түрге (29-дан 174-ке дейін) кеңейтілген. Бұл қосымша тағы 2,2 мың бизнес субъектілерін қолдауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа зардап шеккен ШОК субъектілері үшін еңбекке ақы төлеу қорынан барлық салықтар мен төлемдер төлеуді кейін шегеру енгізілді. Бұл ереже 500 мың кәсіпкерлерге қатысты. Кейін шегерілуге жататын салықтар мен төлемдердің болжамды сомасы 67 млрд тг құрайды.

Сонымен қатар салықтық және кедендік қарыздарды күштеп өндіру шаралары тоқтатлатын болады, бұл қарыздары 374 тг сомасындағы 90 мың бизнес субъектілерін қамтып отыр. Қорыта айтқанда, осыншама қолдау еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдеріне айтарлықтай жәрдем екені даусыз. Тек енді осының бәрі жергілікті жерде оңды өрісін тауып, кәсіпкерлердің орынсыз мазасын алмай жүзеге асуына жауапты органдар мен билік тарапынан қатаң бақылау жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді.

ИСА ҚАМБАР

1606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз