Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 06 Мамыр, 2021

MDS program жобасын құрастырған білікті мұғалім

Бүгінгі кейіпкеріміз Арафат Нурлаков – мұғалімдерге арналған MDS program жобасын құрастырған білікті педагог. Кейіпкеріміз бізге мұғалім мамандығын таңдауы, MDS program жобасы туралы әңгімелеп берді.

– Түркістан қаласының тумасымын. 12 жасыма дейін Түркістанда тұрып, кейін Кентау қаласындағы қазақ-түрік, қазіргі Білім инновация лицейінде 5 жыл оқыдым. Шынымды айтсам, мектеп бітірерге дейін мемлекеттік басқару немесе экономика саласының маманы боламын деп ойладым. Оған себеп – көз алдымдағы үлгі болатын адамдардың бәрі экономист еді. Ағам мен әпкем экономист, ал әкем 25 жыл мекеме басқарған адам. 10-сыныпты бітірер кезде халықаралық олимпиадаға қатыстым. Ғалымжан Исабеков есімді нейрохирург досыммен бірге сол олимпиадаға қатысып, мүлдем басқа адам болып келдік. Өмірде болатын кез келген кездесу таным көкжиегін кеңейтеді. Менде де солай болды. Олимпиададан кейін мен мұғалім болуды мақсат еттім. Мектептегі мұғалімдерім мамандықты қателеспей таңдауыма ықпал ете алды.

– Мұғалім мамандығын таңдауыңызды ата-анаңыз қолдады ма?

– Ата-анам бастапқыда таңдауыма таңданыспен қарады. Олар менің Қазақстанда емес, шет елде оқуымды қалаған. Мұғалім боламын дегеніме де түрлі пікір айтты. Бірақ ҰБТ-ға өзім дайындалып, төрт оқу орнын жазатын парақты да үйдегілерге көрсетіп, таңдауымды айттым. Позициямды дұрыс қоя алдым. Бұл есікті тарс жауып кетіп қалатын эмоция білдіру емес. Егер әке-шешенің алдында өзіңді көрсете алсаң, олар да сенің таңдауыңа құрметпен қарайды. Әлі де қалыптаспаған адам екеніңді көрсететін болсаң, ата-анаң әрқашан көмектесуден жалықпайды. Ол кәмелет жастан асқанда, тіпті өзің балалы болғанда да жалғаса береді. Бұл мәселенің түбі анадан туған кезде баланың кіндігі психологиялық тұрғыдан кесілмей қалуынан пайда болады. Бала өссе де, әлі де анасының кіндігінен ажырамайды. Менің таңдау жасауыма анамның кіндігінен уақытында үзілуім оң әсерін берді. Павлодар қаласында математиктердің білім беру базасы жоғары деген соң, сол жақта оқыдым әрі мектепте тәрбиеші ретінде 1-курстан бастап жұмыс істедім. Кейін де отбасым «осы оқығаның жететін шығар» деген пікір айтқанымен, өзіме мұғалім мамандығының ұнайтынын айттым. Уақыт өте келе ата-анам да таңдауыма күмәнданбайтын болды.

– Педагогика мамандығында ұлдар аз оқиды. Оның себебі не деп ойлайсыз? 

– Қазақстанда 298 мың мұғалім бар. Соның 85%-ы әйелдер, 15%-ы ер мұғалімдер. Сол 15 пайызды мектептерге бөлсек, әр білім беру ордасында 3-4 ер мұғалім бар деген сөз. Олар дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, технология пәндерінің мұғалімдері. Бұл пәндер маңызды емес деп айта алмаймын. Бірақ олар негізгі пәндер емес. Мысалы, алғашқы әскери дайындық аптасына бір рет болса, ағылшын тілі аптасына төрт рет өтеді. Математиканың да сағаты көп. Мұғалім оқушылармен күнде кездеседі. Психолог-әлеуметтанушылардың зерттеуінше, әкесіз өскен бала анасы қанша қиналып тәрбие берсе де, әкесінің орнына сол элементтерді бере алмайды. Бірақ бала көкесі немесе атасы арқылы сол элементтерді алуы мүмкін. 

Жас ұрпақты тәрбиелей-тін – ата-анасы, ортасы және мұғалімі. Отбасы институтының әлсіреп кетуі баршамызға мәлім. Ал ортаны әр адам өзі таңдайды. Қоғам-дағы мәселелердің шешілуіне мұғалім арқылы әсер етуге болады. Бірақ көз алдымдағы мұғалім моделі – маған әсер еткен ұстаздар. Мектепте сабақ беретін мұғалімнің бәрін ұстаз деп айта алмаймыз. Олар пән мұғалімі шығар, бірақ ұстаз ұғымындағы әсер етуші күш емес. Мұғалім – қоғамның көшбасшы мамандығы.

Бала уақытының көп бөлігін отбасында емес, мектепте өткізеді. Өкінішке қарай, нарықтық экономиканың зардабын мұғалімдер біраз уақыт көрді. Айлығы аз болғандықтан көбі мұғалім болғысы келмейді. Бір адам дәрігер болу үшін 11 жыл оқып, ота жасауға рұқсат алады. Ал мұғалімдер ше? Мысалы, кез келген облысты алайық. Туып-өскен Түркістан облысында мұғалімдердің 70%-ы сырттай оқыған. Бұл көрсеткіш біздегі ұстаздардың халі осындай екенін көрсетеді. Оған қоса, педагогикалық мамандықта оқитын студенттің функциясы жұмыс істеу болмау керек. Студент жұмыс істеген күннің өзінде де даяшы, жүк тасушы сияқты өзінің кәсіби жетілуіне пайдасы жоқ істермен уақытын өткізіп алады. Уақытша жақсы киім киюі немесе қымбат телефон ұстауы мүмкін. Біздегі «понтты» жоятын, өмірде білімнің маңызын насихаттайтын – мұғалімдер. Оқушылар мұғалім сияқты білімді болғым келеді деп ұмтылуы керек. Солай қоғам да өзгереді. Бірақ бәрі 5-10 жылда өзгеріп кетуі мүмкін емес. Өзгеру үшін сапалы екі ұрпақ ауысуы керек. 

– MDS program жобасының идеясы қалай пайда болды?

– Жобаны мен ойлап тапқан жоқпын. Бұны 100 жыл бұрын Қаныш Сәтбаев, 150 жыл бұрын Ыбырай Алтынсарин ойлап тапты. Түркістанның тумасы болғандықтан айтайын, бұндай жобаны 600 жыл бұрын Қожа-Ахмет Ясауи ойлап тауып, іске асырды. Барлығының моделі бірдей – олар бала оқытты. Павлодарда оқығанымда университеттің алдында көп бьюстті көремін. Олардың бәрі академиктер. Бәрі де Баянауылдан шыққан. Ал Баянауыл – кішкентай ғана ауыл. Ол жерден сонша академик қайдан шықты? Суы немесе ауасы басқа емес шығар. Баянауылда да 100 жыл бұрын MDS program жобасы болған дейік. Алғашқы ғылым академиясын ашқан Қаныш Сәтбаев балаларды ауылдан алып кетіп, Алматыда оқытады. Ауылдан алып кетіп оқытқан сегіз баланың жетеуі академик болады. Тіпті біреуі әлі тірі. Сол академиктің айтуынша, өздері оқыған онжылдықта олардың «Қаныш аға бізді Алматыға алып кетуі үшін лайық болуымыз керек» деген білімге ұмтылысы болады. Қазіргі тілмен айтқанда, неткен мотивация! Бірақ осындай бала оқыту заманның тыныш кезінде емес, нағыз нәубет, ашаршылық, репрессия кезінде, халықта ақша жоқ кезде ұйымдастырылған. Халық та соңғы ақшасын ұрпағының білімді болуы үшін берген. Тіпті  Алаш зиялылары он мың маман жетілдірген. Ал соның 26 мыңы репрессия құрбаны болды. Сол 26 мың зиялының аты-жөнін де білмейміз. Біз сол кездегі Қаныш ағаларымыз бен Ыбырай аталарымыздың жасаған ісінің жүзден бірін жасай алсақ деген ниет бар. Біз елге адал қызмет ететін, атақ-даңқ қумайтын, ақшаның соңына түспейтін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ақша да керек. Мысалы,  кеменің жүзуі үшін су керек. Бірақ су кеменің ішіне кірсе кемені де, адамды да батырады. Ақша да дәл солай. 

Ұстаздық қызметке тіл тигізгім келмейді. Бірақ бір шындықты да мойындаған жөн. Осыдан 3-4 жыл бұрын ВОУД емтиханының нәтижесінде педагогикалық мамандықта оқыған студенттер «2» және «3» деген баға алған. Бұл нәтиже көңіл көншітпейді. Бәлкім, білім деңгейі тұлғалық көрсеткіш болмауы мүмкін. Мұғалім білімді болмаса да, білікті болатын да шығар. Алайда адамның химиясын өзгерту өте қиын. Алтынды қайта балқытып, түрлі формаға келтіре аламыз. Сол үшін біз жобада алтындарды, яғни ең үздік мұғалімдер даярлауды қолға алдық. Бұл жоба төрт жыл бұрын басталғанда көбі мұғалімдердің айлығы өсіп, оның қоғамдағы көшбасшы мамандық болатынына күмәнмен қарайтын. Мен қазір Батыс өңірінде жұмыс істеп жүрмін. Бұл жақта  айлығы көп, жастар үшін ең керемет мамандық – мұнайшы. Бірақ бір мұғалім өзін жақсы дамытса, бір мұнайшының айлығындай ақша ала алатынын оқушылармен кездесуде айтамыз. Бұны тіпті есептеп дәлелдеп беруге болады. Мұғалім мұнайшы сияқты отбасынан жырақта жұмыс істемейді. Каска кимейді, өмірін қауіп-қатерге тікпейді. Денсаулығына да анау айтқандай зиян келмейді. Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі. Бірақ маңызды бір шарт – мұғалім өзін жан-жақты дамытуы керек. Осы мәселелерді айта отырып, жобамызда студенттерге шәкіртақы да төлейміз. Студенттер келісімшартқа отырып, біздің іс-шараларға қатысып, университеттегі үлгерімі жақсы болса, тапсырмаларын орындап тұрса, шәкіртақы ала алады. 

– Жобаны қалай қаржыландырасыздар?

– Жобаны жеке тұлғалар қаржыландырады. Ақтау және Атырау сияқты білім деңгейі төмен өңірлердегі мұнайшылар қаражат береді. Өзінің балалары нашар мектепте оқығанына қарап, бәрін тастап, олар мұғалім болып кете алмайды ғой. Оның бір шешімі – осы жоба. Төрт жыл бойы оқып, шәкіртақыны алып, мұғалім болмаймын деп кетіп қалатын студенттерге ренжуге құқығымыз жоқ. Келісімшарттағы кейбір қаражатты қайтаруы мүмкін. Бірақ басты мәселе – біз төрт жыл бойы мұғалім мамандығының маңызын түсіндіре алмасақ, өзімізге ренжуіміз керек. Бұл жоба арқылы университеттегі білім беру жүйесіне немесе мемлекетке де қарсы емеспіз. Біз тек адамның мұғалімдікті қалауы және өзін соған арнауы керек екенін барынша түсіндіреміз. Адам бір іске икемделіп, соған арнаса, өмірде өзін бақытты сезінеді. 

– Сұқбатыңызға рақмет!

Назым САПАРОВА

«Ұлан» газеті, №18

 

2623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз