Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Мамыр, 2021

Кино ең күшті идеология немесе қауіпті бір вирус жайлы

«Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанның ұйықтап тұрған күзетшінің қалқанын теуіп қалатын кезіндегі, бет-әлпетін, қимыл-қозғалысын еске түсіріңізші. Немесе Төлегенмен жекпе-жекке шығар кездегі тар киімді кимек болған әрекетін елестетіңізші. Дәл осы соңғысын Бекежан-Асанәлі өзі ойлап тауыпты. Аңқау батырды көрген классик Мүсірепов, «Міне, мынау Бекежан» депті. Сөйтіп, бүгінгіше айтқанда кастингіде Әшімовтің бағы жаныпты. «Сұлтан Бейбарыс» фильміндегі (негізі қазақшасы «Бейбарыс сұлтан» болуы керек. Киногерлер мұны ескермепті) Нұрмұхан Жантөрин ше? Экранның сыртында сөйлегені болмаса, үнсіз жүріп-ақ көзімен талай нәрсені ұқтырмай ма?! «Мың бала» атты жарнамасы ғана жақсы фильмдегі босбелбеу жастарды көргенде, ілкідегі аталарынан неге үйренбейді деп ренжисің. Себебі бүгінгі көрермен Кореяның жап-жас жігіттері, қыздары ойнаған фильмдерді күнде көріп жүр. Көзбен, мимикамен, қимыл-қозғалыспен баураудың небір тәсілдерін қалай игергеніне таңғаласың. 

Корея демекші, кино ең күшті идеология. Корей телесериалдарының арқасында бүгінде қазақ көрермені өз хандарымыздың аты-жөнін білмеуі мүмкін, ал сол қиырда жатқан елдің тарихта қандай мемлекеттері болған, билеушілерінің ныспысы, тіпті тәуіптеріне дейін жатқа біледі. Жуық жылдарда қазақ арасынан солардың есімін иеленген балалар туа бастаса да таңғалмау керек.

Тіпті фантастика болса да атып-шапқан, жаулаған фильм­дердің халықты қатыгездікке тәрбиелейтіні дау тудыра қоймас. Ондай киноларды, әсіресе отаршыл, басқыншылыққа бейім мемлекеттер өз идеологиясында жиі пайдаланады. Ол лекте АҚШ, Ресей, т.б. да бар. Ондай мемлекеттерден сатылып алынып көрсетілетін кинолардың идеологиялық астарына телеарна қызметкерлері үңілуі тиіс. Бәлкім, бағасы онша қымбат емес болған соң, үндінің өте арзанқол фильмдерін күндіз-түн тоғыта беретін телеарналарды, көрерменнің талғамы деген мәселе ойландырмайтын шығар. Негізі дамыған елдерде оның барлығы ескеріледі.

Бұл ретте жақсы бастама да жоқ емес. «Абай» телеарнасында көрсетілетін «Соңғы муза» бағ­дарламасы телеарналардан жаңалық іздеп отыратын жұрт­шылыққа ұнады. Ол әрине, Ресей те­леарнасынан сол қалпы көшіріп алған «Маска» («Бетперде») секілді күлкілі бағдарлама емес. Жүргізушісі – белгілі білімдар бауырымыз – Дархан Әбдік. Әңгіме авторлық кино туралы. Еуропа елдерінің, Кореяның, Иранның, тағы басқа мемлекеттердің фильмдері көрсетіледі. Киноның алдындағы сол салада жүрген жастардың дөңгелене отырып талқылауының маңызы зор. Саладағы жастардың интеллектуалдық деңгейлері жаман еместігі аңғарылады. Көрерменнің таным көкжиегін кеңейтетін дүниелер айтылады. Өзге елдің киносы туралы айта отырып, өз еліміздің де проблемалары сөз болады. Міне, ұтымды тәсіл. Қалай болғанда білімді адамның әрекеті.

Жалпы Қазақстанның кино саласы (индустриясы дейтін деңгейге жеткен жоқпыз) дамып келеді. Қаржы бөлінбей жатқан жоқ. Авторлық кино туралы әңгіме басқа, соңғы ондаған жылда ойналған ұлттық киноның алды – «Біржан сал». Бөлінген ақшаға түкке тұрғысыз кино түсірушілерді кәсіби актерлер өздері де сынап айтып жүр. Ондай киносымақтардағы актерлердің шеберлігі, сөздерінің жасандылығы жайлы айтып ауыз ауырт­­қың келмейді. Классиктің қолынан шыққасын «Қыз Жібектегі» мірдің оғындай диалогтар мен монологтарды тамашалап өскен көрермен, әлгідей киносымақтардағы балдыр-батпақты тыңдап отыра алмасы анық.

Сондай кино­сымақтардың санатында «Зың-зың Күлпаш» атты фильм бар. Сол рөлде ой­наған жігіттен біздің алты аласы, бес бересіміз жоқ. Таныс та емеспіз. Бірде бастауыш сыныпта оқитын бір бала менен «Күлпаш дегені жігіт қой, неге қыздың аты берілген? Киімі де үйлеспейді, әйелдікі» деп сұрағаны бар. Дәл қазіргідей жыныс ауыстыру секілді пәле-жала қаптап тұрған заманда, елдің көз алдындағы актер, сондай балаларға, жастарға қандай үлгі көрсетем деп ойланбай ма? Күлпашты кейіпкер ретінде жек көру жеткіліксіз. Жиіркенішті деген дұрыс.

Осыдан бір-екі жыл бұрын Нұржұман Ықтымбаев ағамыз, аралас некені дәріптегені үшін бірнеше фильмге түсуден бас тартқанын айтқаны бар. Актерлерге сондай өре, білім-білік қажет. Күлдіремін деп ойына келгенді істеуге болмайды. Бүгінгідей жасөспірімдер қолындағы телефоны арқылы әлемдегі небір сорақылықтарды көріп-біліп отырған тұста, Күлпаш – жыныс ауыстыру секілді масқара әрекетті дәріптегендей көрінеді. Телеарналар мұндай жиіркенішті фильмсымақтарды көрсетпеуі керек еді. Себебі бұл да өте қауіпті вирус.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ 
«Ana tili» газеті

 

653 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз