Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 10 Мамыр, 2021

Шығыс Қазақстан: Алапат өрт

Шығыс Қазақстан облысындағы дала өртінің жалпы аумағы 310 гектарға жетті. 

Алапат өртке қатысты Берік Уәли фб-парақшасында: "Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл мәселені Президент өз бақылауында ұстап отыр",-деп жазды. 

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Риддер орман шаруашылығында шыққан қызыл жалынның беті қайтар емес. Желдің салдарынан өрт Лесхоз кентінің 14 үйіне тарап кеткен. «Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ.Құтқарушылар Лихачев көшесінің 10 тұрғынын эвакуациялады. Өрт ошағында жеке құрамнан 100-ден астам адам мен 20 техника жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жанып жатқан орман алаңы 310 гектарға жетіп отыр», - делінген хабарламада. Жалынды ауыздықтау үшін көмекке 2 тікұшақ келіп, 12 500 текше метр су төккен.

Шығыс Қазақстанның Риддер қаласының маңындағы өртке байланысты облыстық департамент жанынан шұғыл телефон желі іске қосылды.

«Қазіргі уақытта өрт орнында жергілікті атқарушы органдардың, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының жеке құрамынан 208 адам және 47 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Өртке оранған аумақ 310 гектарға жетті. Салдарынан 35 үй мен 9 шаруашылық құрылыс бүлінген. Жұмылдырылған жұмыс күші мен техника өртті ауыздықтауға жеткілікті. Оқиға орнына қосымша 3 автоцистерна мен 15 құтқарушы бара жатыр. Қажет болған жағдайда көмекке қосалқы техника тартылады», - дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жанынан құрылған шұғыл желіге тұрғындар 8(7232) 55-38-19 нөмірі бойынша жүгіне алады. Аталған желі арқылы өрттен зардап шекендер мен олардың жақындарына психологтар көмек көрсетеді. Сондай-ақ, Талғат Уәли облыстық департамент базасында осы оқиға бойынша дағдарыс орталығының жедел штабы құрылғанын мәлім етті.

 

448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз