Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 12 Мамыр, 2021

Одри Хепбёрн: Ешқашан өмірден əлдебір ғажайыпты күткен емеспін

Одри Хепбёрннің өмір жолы, кино және сән әлеміндегі жетістіктерімен оқырман жақсы таныс.

Ал аты аңызға айналған  актрисаның әлемді тамсандырған сұлулығы мен ғажап талантынан бөлек, мейірімділігімен миллиондаған жүректерге ізгілік дәнін сепкен ерекше тұлға екенін көпшілік біле ме? 

Ол - нәзіктіктің символы және ізгіліктің елшісі еді. 

Бүгін біз жахан жұртшылығын көркімен, өнерімен, ізгі ниетімен таңқалдырған жанның ерлікке пара пар, өмірінің соңғы жылдарын баян етпекпіз.

Одри 1980 жылдардың соңында“қызылды-жасылды” Голливудты тастап, өз жүрегінің қалауымен қайырымдылық жолын таңдады. Жұмыр жердің бетіндегі жоқшылықтан халқы жапа шеккен, ахуалы аса ауыр мекендерге барып, аш-жалаңаш, ауру балаларды бауырына басты. Аналық мейірімін төкті. Қақтығыстар есеңгіреткен мыңдаған ана мен баланың көз жасын құрғатты. Бейбіт халыққа дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізу үшін Судандағы жарылғыш көмілген қауіпті жолдарымен қорықпастан жүріп өткен қаһармандығын суреттеуге сөз жетпейді. Босқындар лагерьлеріндегі азап шеккен адамдарға 4 жылда осындай өз өмірін қатерге тіге жүріп, 50 рет сапар шегіпті. Нәзік болмысты әйел Суданнан бөлек Бангладеш, Вьетнам, Кения, Сомали халқына көмекке ұмтылды.

Одри таза суы, дәрісі, жылуы, дұрыс жататын орны да жоқ, тұрмыстары тым жұпыны елдерде болды. Жоқшылықтың тақсіретін тартқан жұрт өзендерде шомылып, сол шомылған суын ішіп күн көретінін көрді. Қаңсыған даланың күнге күйіп, кенезесі кебе шөлдегенін көрді. Өзіне үміттене қол созған, аштықтан бұралған, аурудан азып-тозған адамдарды көрді. 

Табиғат пен адамның осынша азапты хәлі  Одридің жүрегін тілгілейтін. Қалың өртке қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей мыңдаған жанға көмектесіп, кеуделеріне үміт отын жағам деп жанұшырды. Ол періштедей пәк пейілді жан еді.

Осынша қасіретті көзбен көріп, жүрегі езіле аяған Одридің уайым-қайғы жанына да, тәніне де жара салып үлгерген-ді...

1992 жылы қыркүйек айында Сомалиде жүргенде Хепбёрн аяқ астынан іші ауырып, құлайды. Бұрын-соңды ауырдым демеген Одридің бұл халінен қорыққан айналасындағылар сапарды тоқтатып, Америкаға тексерілуге жібермек болады. Бірақ Одри сырқатына қарамастан, ізгілік сапарын жалғастырады. Африкадан оралған соң тексеру барысында ішек қатерлі ісігіне шалдыққаны анықталып, ота жасалады. Бірақ Одри қатерлі ісік құрсауынан құтыла алмайды. Соңғы күндерін отбасымен бірге өткізуді ұйғарып, Америкада қалады.

1992 жылы АҚШ президенті Джордж Буш ЮНИСЕФ шеңберінде атқарған қайырымдылық істерін аса жоғары бағалап Президент медалімен, ал  Америка  Киноөнері Академиясы адамзатқа жасаған ізгі ісі үшін Жан Хершолт атындағы Гуманитарлық Сыйлықпен марапаттайды. Бірақ Одри ол марапаттарға жете алмады...

1993 жылы 20 қаңтарда 64 жасқа қараған шағында әлемге тыныштық тілеген жүрек соғысын мәңгі тоқтатқан еді.

Жер бетін зұлымдықтың тырнағынан құтқаруды арман еткен Одри Хепбёрннің өмір жолы ғибрат аларлық ізгі жол.

Сұлулықтың, нәзіктіктің ғана емес, мейірімділіктің символына айналған жан. 

Бірақ біз көбіне көз тоймас көркі бейнеленген суреттеріне қарап, аста-төк байлықта, жарқ-жұрқ еткен өнер жұлдыздарының ортасында ғұмыр кешкен әйгілі киножұлдыз деп бір қырын ғана көріп жатамыз. 

Ақылды Одри жас кезінен бес тілде еркін сөйлеген. Ол “Тиффанидегі таңғы ас”, “Кеш болғанша күт”, “Монахиня оқиғалары” сияқты бүкіл әлем халқы әлі күнге қызыға көретін фильмдерде сомдаған рольдерімен ерекше есте қалды. 

Ал сұлу да жүрегі мейірімге толы Одридің махаббат, бақыт, өмір туралы ойлы сөздері жігеріңе жігер қосады. Бақыттың бағасын білуге үндейді. 

“ Махаббат — ең күшті инвестиция:  қаншалықты махаббатыңды берсең, соншалықты махаббатқа бөленесің”, 

“Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!”

“Мен өмірден ешқашан әлдебір ғажайыпты күткен емеспін. Бірақ бір кездегі арманымнан да артық сыйға ие болдым” 

Расында, бақыт деген біз күтіп жүрген әлдебір ғажайып емес шығар...

 

 

Айнұр Əкімбайқызы

 

1731 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз