Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Мамыр, 2021

Бір-ақ күнде Американы мойындатқан ақын

Аманда Горман – ұйқысынан танымал болып оянған қыз. Бірақ оның жолы басқалардан өзгеше. Ол әнші емес, ол – ақын. Оның бір сәтте атақты болуы мен бұл деңгейге қалай жеткенін білгің келе ме? Ендеше, мархабат!  

Биылғы 20 қаңтарда Джо Байденді АҚШ президенті ретінде салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Бұл рәсім Кэти Перри, Леди Гага және басқа да әлемге әйгілі жұлдыздардың музыкалық нөмірлерімен ғана емес, 22 жастағы ақын Аманда Горманның өлең оқуымен де жұрт жадында сақталып қалды. Жас белсенді инаугурацияға жиналғандарға өзі шығарған The Hill We Climb деген патриоттық өлеңін оқып берді. Осыдан кейін бойжеткен әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналды. Бүгінгі мақаламызда ақындық өнерімен мансап шыңына көтерілген Амандамен жақынырақ таныстырамыз.

Бала Аманда

Аманда Горман 1998 жылы Лос-Анжелесте дүниеге келген. Бауыры мен сіңлісі бар. Анасы – ағылшын тілінің мұғалімі Джоан Уикс. Үш баласын жалғыз өсірген. Балаларына кішкентай кезінде теледидарды көп көруге рұқсат бермеген. «Ол теледидарды өшіріп тастайтын, себебі біздің шынайы өмірге қызығып, белсенді болғанымызды қалады. Солай біз үйде қалғанда бекіністер тұрғызатынбыз, спектакль қойып, музыка ойнайтынбыз. Ал мен сол уақытта есі дұрыс емес адам сияқты өлең жазатынмын»,  – деп балалық шағын еске түсіреді Аманда.

Аманда сұқбаттарында әкесі туралы мүлдем айтпайды. Америка поэзиясының жұлдызы кішкентай кезінде «оғаш бала» болғанын еске алады. Оның есту қабілетінде мүкістік болған әрі осы ауруы жанына қатты бататын. Оған қоса кішкентай Амандаға кейбір дыбыстарды айту қиын болған. Мысалы, «р» дыбысы. Аманда бала кезінде логопедпен жұмыс істеп, оған қоса ән айтудың арқасында осы проблемасын жеңген. Ең назар аударатыны, ол басындағы қиындығына налымай, керісінше, осы қиындықтарының барлығын өзіне жігерлендіріп күш беретін «сыйлық» ретінде қабылдаған. Бұл жайлы: «Есту мен сөйлеуде қиындық болғандықтан, мен шынымен де оқу мен жазуды өте жақсы деңгейде меңгердім», – дейді.

Жасөспірім Аманда

14 жасында Санта-Моника-дағы мектепке оқып жүргенде Аманда сабақпен қатар қосымша WriteGirl бағдарламасына қатысып жүреді. WriteGirl – осал топтардағы жасөспірім қыздарға өз ойын жазу арқылы жеткізуге көмектесетін бағдарлама. Бағдарламаға қатысушылар тек мұғалімдердің басшылығымен өлеңдер мен эсселер жазып қана қоймай, сонымен қатар оларды достарының алдында микрофонмен дауыстап оқып беретін. WriteGirl негізін қалаушы Кирен Тейлор Аманданы былайша еске түсіреді: «Басында Горман ұялатын әрі микрофоннан қатты қорқатын. Бірақ ол осы қорқынышын жеңген соң тоқтата алмайтын болдық».

Ол оқушы кезінің өзінде нәсілшілдікке, ксенофобияға, әйелдер мен этникалық аз ұлттардың құқықтарының бұзылуына қарсы ойын ашық айтатын болған. Дәл сол кезеңде жұрт алдында сөйлеп, тәжірибе жинақтаған. 16 жасында ең жас Нобель сыйлығының лауреаты пәкістан-дық Малала Юсуфзайдың сөзінен шабыт алып, БҰҰ жастарының делегаты атанған. Қоғамдық белсенділігі мен өлеңдерін әу баста дауыстап оқығаны Горманның шығармашылығына елеулі әсер етті. Өскен сайын танымалдығы да арта түсті.  2014 жылы Аманда Горман туған қаласының тарихындағы тұңғыш жас ақын лауреат атанды. Арада бір жыл өткен соң, яғни 2015 жылы The One for Whom Food Is Not Enough атты алғашқы өлеңдер жинағын шығарды. Америкалық XQ Institute ұйымы бұл туындыны ай кітабы деп таныды. Себебі небәрі бірер айдың ішінде өте көп данасы сатылған.

Білімге келетін болсақ, 2015 жылы мектепті бітіргеннен кейін Аманда Гарвард университетіне әлеуметтану мамандығына, біздің тілмен айтқанда грантқа түсіп, былтыр үздік бағамен бітіріп шыққан. Горман студент болса да, оның ақындық мансабы өз алдына дами берді. Ол өлеңдерін MTV эфирінде оқыды, Конгресс кітапханасында әдебиет маусымын ашты. Nike брендіндегі қара нәсілді спортшыларға арнап трибьют жазды. Сондай-ақ балаларға арналған екі поэтикалық кітап жазатын болып, Viking баспасымен келісімшартқа отырды. 2014 жылы туған қаласының тарихындағы тұңғыш жас ақын лауреат атанса, 2017 жылы Аманда Горман бүкіл АҚШ бойынша ұлттық жас ақын лауреаты атанды. Горман өлеңдерінде қанаушылықты, нәсілдік дискриминацияны, феминизм және басқа да маңызды тақырыптарды көтереді.

 

Жетістік сыры

Аманданың өміріне үңілсек, ол трендтегі әншілікке немесе моделдік салада емес, бар назарын бір өнеріне салған. CBS арнасының жүргізушісіне берген сұқбатында сахнаға шығар алдында әрдайым: «Мен барлық қара нәсілді жазушылардың қызымын. Біз тәуелсіздік үшін күрескен қайраткерлердің мұрагеріміз. Олар мені шақыруда», – деп қайта-қайта қайталап айтып барып, өлең оқуға кірісетінін айтқан. Себебі бұл сөздер оған шабыт береді екен. Әркімнің өз жолы бар деген осы шығар, бәлкім.

Аманда Горман ұлықтау рәсіміне қалай тап болды?

Ұлықтау рәсіміне дейін Аманданы бүкіл Америка танымаса да, әдебиетті сүйетіндер арасында оның аты белгілі еді. Сондықтан Аманданы ұлықтау рәсімінде өлең оқуға елдің жаңа бірінші ханымы, ағылшын тілі мұғалімі Джилл Байденнің өзі шақырады. Әрине, Аманда келіседі. Бірақ дәл бұлай аты жер жарады деп күтпеген еді. Горман бұрын-соңды АҚШ президентін ұлықтау рәсімінде сөз сөйлеген ақындардың ішіндегі ең жас ақын болды. Оның өнерін Хиллари Клинтон, Мишель Обама және Опра Уинфри жоғары бағалады. Ал осы кезде оның баспадан енді ғана шыққан өлеңдер жинағы мен балаларға арналған кітабы Amazon бестселлерлерінің көшін бастады.

Президент Байденнің ұлықтау рәсімінен кейін Time журналы Аманданы ақпан айындағы нөмірінде мұқабасына шығарды. Сонымен қатар 100 Next атты жыл сайынғы болашақ лидерлер тізіміне қосты. Тіпті Мишель Обама Горманнан сұқбат алды. Олар қоғамдағы мәселелерді, нәсілшілдікті талқылаған. Ал Аманданың өзі аяқ астынан танымал болып кеткені туралы: «Мен үшін бұл тың нәрсе, әлі үйреніп жатырмын. Меніңше, ойламаған жерден бірден танымал болып кеткен әрбір адам «көпшілік мен жайлы жалпы не деп ойлайды» деп ойланады»,  – дейді.

Аманда біраз белесті бағындырып үлгерген. Афроамери-калық Аманда Горман – АҚШ-тағы тұңғыш ұлттық жас ақын-лауреат. Ол MTV-да сөз сөйлеген, Time журналының мұқабасына шыққан. Енді 2036 жылы президенттік сайлауға түсуді жоспарлап отыр. Бұл жайлы сөйлеген сөздерінің бірінде айтып қалды. Осы ниетіне қатысты Glamour журналына берген сұқбатында: «Мен адамдарға шабыт бере аламын және осыны саясатта да жалғастырғым келеді. Маған жай сөзбен айтып қана қою жеткіліксіз, оны өмірде іске асырып, нақты қадамдарды жасағым келеді», – деді.

Айтпақшы, оның бұл талпынысына Хиллари Клинтон қолдау білдірді. «Біз көп нәрсені істей алатынымыз бен осы өмірдегі рөліміз қазіргі деңгейден әлдеқайда асып түсетініне өзімізге сенім беруіміз керек. Өзімнің бір рет жарқ етіп жоқ болып кететін найзағай емес екенімді түсінемін. Мен жыл сайын соғатын қатты дауылмын. Сондықтан көп ұзамай сіздер мен туралы тағы да естисіздер», – дейді ол. Бойында жастық жалыны тасып тұрған, болашағынан зор үміт күттірген бойжеткенге  сәттілік тілейміз! Елімізден де осындай жас дарындар шықса екен деген ниеттеміз!

Қания ТАБЫС

«Ұлан» газеті, №17
 

 

802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз