Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Желтоқсан, 2014

Ақ Олимпиада Алатауға жарасады

Алматы 2022 жылғы Ақ Олим­пиаданы өз жерінде өткізуге ең алғаш болып ниет білдірген қала болып табылады. Содан соң бірнеше ел ХХІV қысқы Олимпиаданы өз жерінде өткізуге өтініш білдіретіндей сыңай танытты. Әйтеуір, әртүрлі деңгейде мәлімдемелер де жасалған болатын. Бұл ретте, АҚШ-тың Денвер, Канаданың Квебе, Францияның Тулуза, Румынияның Брашов, Босния мен Герцеговинаның Сараево сынды Олимпиада қозғалысы мен қысқы спорт түрлерінен шежірелері мол мемлекеттерді атап өтуге болады. Ал Финляндия мемлекеті болса, үш бірдей Хельсинки, Тахковуори, Куопио қалаларын ұсынып көрді. Алайда олардың ешқайсысы да Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) ресми түрде өтініш түсірген жоқ. Бәрі де сөз жүзінде қалды. Бұдан басқа Барселона мен Сток­гольм басшылығы қаржылық жағ­­дайға бай­ланысты жарыстан бас ­тарт­ты. Давос пен Санкт-Мориц, Мюн­хен, Краков тұрғындары Олимпиа­­даны өткізуге қарсы дауыс берді. Украинадағы саяси жағдайға бай­ланысты Львов та додадан шеттетілді. Биылғы жылдың басында Ақ Олимпиаданы Осло, Бейжің және Алматы қалалары үмітті қала ретінде қалған болатын. Осылайша Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) шілде айында 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қабылдауға үміткер үш қаланы бекіткен еді. Бірақ Норвегияның астанасы Осло қаласы дүбірлі доданы өткізуден бас тартты. Бас тартуының себебі де жоқ емес. Қаржы мәселесі мен халықтың қарсылығы үміткер қаланың кандидатурасын кері қайтаруына мәжбүрледі. Сарапшылардың көбісі 2022 жылғы қысқы Олимпиада Ослода өтуі тиіс деген пікірге келгенді. Біріншіден, Осло 1952 жылы қысқы Олимпиада ойындарын өткізген тәжірибесі бар қала болатын. Екіншіден, 2018 жылы қысқы дүбірлі дода Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетіндіктен, ХОК келесі Олимпиада Азия құрлығында өтпеуі керек деген тұжырымдама жасаған еді. Үшіншіден, Ослоның Олимпиада өткізуге лайықты талаптары Алматы мен Бейжіңге қарағанда әлдеқайда жоғары тұрған болатын. Алайда Осло бас тартқаннан кейін ақтық сында Азияның қос қаласы ғана қалды. Үміткер қаланы анықтау үшін ХОК мүшелері төмендегідей 15 талап бойынша бағалау жұмыстарын жүргізді. Әзірге бұл көрсеткіштер нәтижесі бойынша «Аспан асты» елінің қаласы алда тұр. Бейжің 15 талаптың 11-іне лайықты. Сондықтан да спорт бас­шылары бүгінде Бейжіңді анық фа­во­рит деп бағалап отыр. Бірақ Қытай астанасы 2008 жылғы жазғы Олимпиада ойындарын қабылдағаны белгілі. Бұл жайтты ескеретін болсақ, ХОК бұл елге қысқы ойындарды өткізу құқығын бермеуі де мүмкін. Олимпиада ойындарының тарихына қарайтын болсақ, араға он жыл салмастан бір ел екі мәрте Олимпиада ойындарын ешқашан қабылдамаған. Сондықтан 2022 жылғы төрткіл дүние көз тігетін доданы Алматы қаласының жеңіп алуы бек мүмкін. Олай айтуымызға да себеп жоқ емес, Алматы 2017 жылы қысқы Универсиада ойындарын қабылдайды. Оған кеткен дайындық пен спорт ареналарын қайта қарап, Олимпиадаға дайындауға әбден болады. 2022 жылғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қаланы Халықаралық Олимпиада комитеті 2015 жылдың 31-шілдесінде Малайзияның Куала-Лампур қаласында өтетін 127-інші отырысында мәлімдейтін болады. ХОК-тың бағалаушы комиссиясын Ресей Олимпиада комиететінің президенті Александр Жуков басқарады. Бұл отырыста Алматы мен Бейжіңнің ұтып шығуына мүмкіндіктері мол. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, Малайзияда қытайлықтар көп тұратындықтан, ХОК басшылары мен сарапшыларын келістіріп қоюы әбден мүмкін. Егер Халықаралық Олимпиада комитеті Қытай елінің өтінішін мақұлдаса, Бейжің қаласы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған әлемдегі тұңғыш қалаға айналады. 2018 жылғы  Қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді. ХОК басшылары Қысқы Олимпиада ойындарын қа­тарынан екі рет Шығыс Азияда өткізуді жөн көрмейтін болса, Алматы қаласының үміті орасан. Оның үстіне Алматы қаласы 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізгендігін еске алсақ, мүмкіндігі де жоғары. ХОК басшысы Жак Рогге 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өз көзімен көріп, Алматы қаласының мүмкіндігіне оң бағасын берген еді. Алматының қонақжай, әсем әрі спорт қаласы екендігін ескерсе, мамандар біздің елімізге көбірек дауыс беруі де ғажап емес. Таяуда Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Томас Бах ХОК президенті Қазақстанға жасаған алғашқы сапарында  Шымбұлақ тау шаңғысы базасы, Медеу мұз айдыны және Сұңқар трамплин базасымен танысты. Сонымен қатар 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға арналып салынып жатқан мұз айдындарды да аралады. Қаладағы спорт кешендерін аралап көрген ХОК президенті шаһардың олимпиада өткізуге мүмкіндігі мол екенін айтты. «Біз Алматы қаласының әкімі, министр және Қазақстан олимпиада комитетінің басшысымен Алматының кандидатурасын талқыладық. Алматының өте маңызды концепциясын көрдік. Қазақстан ірі спорттық жарыстар ұйымдастыруда тәжірибесі бар ел. Сіздерде бұрыннан қалыптасқан қысқы спорттан ерекше дәстүр мен жетістіктер бар. Қазақстан 2017 жылғы қысқы Универсиаданы өткізуге дайын. Универсиада өткізу Алматы үшін пайдалы болмақ. Қысқы Азия ойындары мен Универсиада өткізудегі тәжірибе Қазақстан үшін олимпиада өткізуге де пайдасын тигізеді. Осындай мол тәжірибелер Алматының кандидатурасын салмақты әрі зор мүмкіндікке ие екенін көрсетеді» деді Томас Бах. Олимпиадаға кететін шығындар сөз болғанда, ХОК президенті Ванкувер мен Сочиде болған Олимпиада ойындары кезінде ұйымдастыру комитеттерінің пайда тапқандығын жеткізді. Сочиде тіпті Олимпиада ойындарына дейін ештеңе де болмаған. ХОК президенті Алматы мен Бейжің, яғни екі кандидаттың қалуын қалыпты жағдай деп бағалап, еш алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты. «Қысқы олимпиада ойындарында жазғы олимпиадамен салыстырғанда аз кандидат болуы түсінікті жайт. 2018 жылғы қысқы олимпиадаға да аз кандидат болған. Әлемде қысқы олимпиаданы өткізе алатын тек үш құрлық бар және осы үш құрлықта тек таңдаулы елдер ғана Қысқы Олимпиаданы өткізе алады. Сондықтан Қысқы Олимпиаданы өткізуге өтініш берген кандидаттардың аз болуы заңды. Ал 2024 жылғы жазғы олимпиаданы өткізуге қазірдің өзінде көптеген ұсыныстар бар» дейді Т.Бах. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Халықаралық Олимпиада Комитетінің президентімен болған кездесуде қалада барынша дамыған спорттық инфрақұрылымның бар екендігін, оның құрамына 1077 спорт нысанының енетіндігін айтты. Бұлардың 14-і халықаралық талаптарға сай. Жиын барысында Универсиада – 2017 қарсаңында қауіпсіздіктің сақталуы басты мәселе ретінде талқыланды. «Универсиадаға дайындық деңгейі, оны сәтті өткізу қаламыздың 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге деген ұмтылысына бір қадам жақындата түспек. Халықаралық шаңғы спорты федерациясы ( fisu ) Алматыны бекер таңдаған жоқ. Бізде әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарын өткізу тәжірибесі бар» деді Ахметжан Есімов. Кездесу барысында ХОК мү­шелері Алматының 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткі­зуге мүмкіндігі өте жоғары екендігін айтып өтті. Олар қаланың Еуразия кінді­гінде орналасқандығы да оң ықпалын тигізетіндігі және еліміз­дің экономикалық, саяси тұрақты­лығын да қоса кетті. Қала басшысы Алматының Ха­лықара­лық Олимпиада Комитетіне 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтініш өткізіп қойғандығын атап өтті. Оның айтуынша, 2017 жылы Универсиадаға қатысу үшін Алматыға әлемнің 50 елінен 5 мыңға жуық адам келеді деп күтілуде. «Универсиада – қысқы спорт шараларының ішінде Олимпиададан кейін тұрған маңызды шара. Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік шараларының сақталуы өте өзекті болып отыр. Әр спорт нысаны жанында әрі командалардың тұратын жерлерінде оперативті штаб құру қажет» деді қала басшысы. Т.Бахтың Қазақстан туралы жылы пікірі қазақстандық шенеуніктердің 2022 жылғы ақ Олимпиада елімізде өтеді деген сенімдерін тағы арттыра түскен секілді. Өйткені президенттің бұл сапарынан кейін қазақстандық шенеуніктер қысқы ойындарды қабылдау үшін еліміз қанша шығын­далатынын есептеп оны жариялап үлгерді. Ал бұған дейін мұндай ақпа­раттың шеті де шықпаған еді. Өз кезегінде Халықаралық Олимпиада академиясының Президенті Изидорос Кувелос алдағы болатын Универсиадаға қаланың дайындығы жоғары деңгейде екендігін айтты. «Біз Алматыда Қысқы спорт түрлеріне үлкен назар аударылатынының куәсі болдық. Универсиаданы өткізуге дайындалу жұмыстарына барынша үлкен назар аударылуда, оның аса жоғары деңгейде өтетіндігіне еш күмән жоқ. Алматының 2022 жылғы Олимпиаданы өзінде өткізу жөніндегі құқықты жеңіп алуы үшін барлық мүмкіндіктері бар» деді ол. ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов қазақстандық порталдардың біріне берген сұхбатында 2022 жылғы Олимпиада ойындарын өткізу үшін Қазақстан қанша шығындалатынын айтты. Оның айтуына қарағанда, бұл бәсекені қабылдау үшін Қазақстан шамамен 7-8 миллиард долларға шығындалады екен. Әрине, ол бұған 2017 жылғы қысқы Универсиадаға кеткен қаржыны қосып отырған жоқ. Десек те, бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсіп кетуі мүмкін. Егер де, Алматы Олимпиада ойындарын қабылдау құқығын ұтып алатын болса, онда қосымша шығындар да қосылатыны белгілі. Жалпы, Қазақстан олимпиада комитеті де, спорт және денешы­нықтыру агенттігі де Алматының бұл олим­пиаданы өткізуге мүмкіндігі зор екенін айтады. Қазақстан олим­пиада комитетінің мүшесі Андрей Крюков Олимпиада дайындық кезінде Қазақстанда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылатындығын атап өтті. ХОК-тың бағалауынша, Алматы олимпиада өткізуге 62 пайыз дайын. Бізге шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау өтетін кешен, шана мен бобслейге арналған трасса салу керек. Ал басқа да кешендерді 2017 жылы Алматыда өтетін универсиадаға дейін салынып болады. Алматыда 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына арнап салынған инфрақұрылым әлі өз миссиясын атқарған жоқ. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында, таудағы трамплин кешенінде жарыстар өткізіліп тұрады. Алайда қалған нысандарда спорттық жарыстар тұрақты өткізілмей келеді. 2011 жылдан кейін Алматыда тұғырдан секіруден әлем чемпионаты түгіл, әлем кубогының кезеңдік жарысы да болмады. Медеу мен Шымбұлақты, Талғардағы биатлон кешеніне кірудің өзі мұңға айналды. Бұл ретте, қала басшысы А.Есімовтің спорттық нысандарда үнемі жарыстар өткізілуі керек деген сөзі еске түседі. «Елбасы Алматыны 2022 жылы Қысқы Олимпиада өткізуге үміткер қала ретінде өтініш беруді ұсынды. Бұл бір ерекше оқиға болайын деп тұр. Біздің өтініш қолдау таба ма, таппай ма соған қарамастан, бұл қадам Алматының, тұтас Қазақстанның даму деңгейін әйгілейді. Осындай тұста қазір халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп жүрген Азиадаға арналып салынған нысандарды да пайдалану керек» деген болатын А.Есімов. Осылайша, 2022 жылы өтетін Ақ Олимпиаданы өткізуге Алматының мүмкіндіктері мол. Бұл қала үшін де, еліміз үшін де мәртебе болары сөзсіз

Нұрлан ҚҰМАР Алматы

1694 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз