Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 22 Қаңтар, 2015

Гамбургтегі қазақ дәрігер

IMG_0116Ол жігіттің есімі – Шенол Жәдік. Шенол түрікше «әрдайым көңілді бол» деген мағынаны білдіреді. Ал Жәдік оның ата тегі Абақ Керейдің Жәдік руынан екенін білдіреді. Еуропада жүрген қазақтардың көбінің есімдері қазақша, ал ата тегі, яғни фамилиялары түрікше болып келеді. Ал біз сөз еткелі отырған бұл азаматтың есімі түрікше де, фамилиясы қазақша. Германияның оңтүстігіндегі Майнс қаласында өмір есігін ашып, сонда немісше орта мектеп бітірген Шенол 1990-шы жылдардың басында Қазақстанға келіп бір жылдай Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дайындық курсын оқыпты. Дайындық курсынан кейін Шенол Германияға қайта оралып Франкфурттағы Медицина университетіне оқуға түсіп, оның ми-жұлын ауруларын хирургиялық әдіспен емдеу факультетін үздік бітіріп шығады. Неизвестный объект Оқу бітірген соң біраз жылдары Майнстағы және Франкфурттағы клини­калық ауруханаларда біліктілігін жетіл­дірген ол біраз жыл Гамбург қаласындағы клиникалық ауруханада бас дәрігердің көмекшісі қызметінде ми-жұлын ауруларын емдеу жұмысымен айналысады. Бүгінде Германияға есімі кеңінен танымал Шенол Гамбургтен 100 шақырымдай алыс Салзвиг-Холстен аймағының орта­лығы Киел қаласындағы клиникалық ауру­хананың бас дәрігерінің орынбасары болып істейді. Германия Академиясының «DAAD» ғылыми бағдарламасымен Берлиндегі Гумбольдт университетінде 3 ай  болған кезімде жол түсіп Гамбург қаласына барған едім. Еуропада қазақ диаспорасының қалыптасу тарихын зерттеп жүрген маған Гамбургтегі қазақтардың, әсіресе Шенолдың телефонын табу оңай болмады. Ақыры Мюнхенде тұратын ескі танысым Темірхан Алтын арқылы Шенолдың үй телефонын таптым. Жаңа жылдың алды болса да Шенолмен хабарластым.  Ол бір-екі күн демалыста екенін, уақытының барлығын  айтып, маған келіп қайтуыма риза хош екенін білдірді. Берлин мен Гамбург арасы 300  шақырымдай  жер. Германияның солтүстігінде, Эльба өзені жағасына орналасқан 2 миллиондай тұрғыны бар Гамбург қаласы астана Берлиннен кейінгі  Германиядағы екінші үлкен қала, ал Еуропа бойынша сегізінші ірі қала болып саналады. Тарихи ескерткіштерге бай Гамбург қаласы сондай-ақ әлем елдерінен келетін жолаушылар және жүк таситын кемелер тоқтайтын Еуропадағы ең ірі портты қаланың бірі саналады. Мен отырған халықаралық жайлы аутобус Берлин-Гамбург арасындағы үлкен даңғыл жолмен 3 сағаттай ғана уақыт жүрді. Уәде бойынша аутобус бекетінде мені тосып алуға келген  Шенол Жәдік өзінің 12 жасар қызы Әлияны да ерте келіпті. Аман саулық сұрасқан  соң, ол  «егер жолда шаршамаған болсаңыз  Гамбургке жақын  өзі жұмыс істейтін Киел қаласына барып қайтсақ»  деді. Сөз арасында осыдан бір апта бұрын Қазақстаннан 6 жастағы Тоқмұқамед Молдыбек деген бала келгенін, оның  инсульт алған миына  жасалған операцияның  сәтті болғанын айтып өтті. «Көргіңіз келсе апарайын, әке-шешесі қасында» деді. Менің де қызығушылығым оянды. Жол бойы әңгіме тізгінін ағыттық.  Әңгімелесіп отырып Германияның ең солтүстігіндегі порт қаланың бірі Киел қаласына қалай келіп қалғанымызды да байқамай қалыппын. Бірден қала орталығына жақын Нейрохирургиялық ауруханаға бардық. Шенолдың айтуынша, Киел қаласындағы клиникалық аурухана Германиядағы ең үздік ауруханалардың бірі болып саналады екен. Соңғы заманның ең жақсы емдеу аппаратуларымен жабдықталған, тіптен тө­тенше жағдай кезде науқас адамды жедел тасымалдау үшін аурухана төбесіне тікұшақ қонатын арнайы алаңына дейін бар. Шенол бірден бөлмесіне кіріп, ақ халатын киіп бізді бастап астаналық кішкентай «пациент» Тоқмұқамед (Тоқаш) жатқан бөлмеге бастады. Германияда ауру адамға деген ерекше қамқорлықты бұл жерден бірден байқауға болады. Медициналық барлық жабдықтары бар бөлмеде бір науқастан ғана жатады. Біз барғанда жасынан аурудың қиындығын көрсе де балалық мінезі мен қылығы әлі қалмаған Тоқаштың басы жартылай таңулы, төсек үстінде  ойыншықтарымен жалғыз ойнап отыр екен. Ал кеше ғана осы жас сәби баласы үшін жандары ұшып сонау Қазақстаннан медицинасы күшті ғой деген сеніммен Германия дәрігерлерінен араша, көмек сұрап келген Тоқаштың жанындағы әкесі мен шешесінің көңілдері мәз-майрам жағдайда екен. Әсіресе балаларын өлімнен арашалап қалған Шенол Жәдікке деген олардың ризашылықтары ұшан-теңіз екенін көздерінен байқауға болады. Қараңызшы, олар Германияға келгенде жастайынан миына қан кету кесел ауруына  ұшыраған ұлдарын арашалайтын ақ халатты дәрігер қазақ жігіті болады деп ойлады ма?  Әрине үш ұйықтаса да түстеріне кірмеген нәрсе. Тоқаштың мамасы Ләззат Ақымбаева есімді қарындасымыздың айтуынша, Тоқаш 3 жасында инсульт болыпты. Тілі күрмеліп, бір аяғы ақсаңдап, кейде талып қалатын болған. Басында ешкім білмеген, тіптен дәрігерлер де білмеген. Ешкім де жас сәби бала инсульт болады деп ойламаса керек. Ақыры бірнеше дүркін Алматыда және Астанада жасалған бастың томографиялық зерттеуі оның миында ұйыған қан барлығын анықтап берген. Шұғыл түрде операция жасау керек болғандықтан 2011 жылы Қазақстандағы ең мықты хирург дәрігерлер жұмыс істейтін Астанадағы Нейрохирургиялық орталыққа Тоқашты жатқызып операция жасатқан. Басында операция сәтті болып, Тоқаштың аяғы ақсаңдайтыны, тілі күрмелетіні, кейде талып қалатыны уақытша жоғалғанымен, уақыт өте келе бұл жағдай қайта басталады. Міне осыдан кейін Тоқаштың әке-шешесі баласын Германияға апарып емдетудің жолын іздестіре бастайды. Өздерінің айтуларынша, Астанадағы мемлекеттік басқару академиясында азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі болып істейтін Тоқаштың әкесі Талғат Айқұмбаевтың «Болашақ» бағдар­ламасымен Германияға бір жылға ғылыми тағылымдамен баратын болғаны  ауру  баласына Германиядан жақсы дәрігер іздеуге  таптырмайтын мүмкіндік болыпты. Ол Германияға келген соң-ақ миға операция жасайтын мықты дәрігерлерді және клиникалық ауруханаларды іздестіргенін айтады. Сөйтіп жүріп Гамбургте нейрохирург бір қазақ дәрігер бар деген ақпаратты Берлиндегі елшілік қызметкерлерінің бірінен алып, Шенолмен телефон арқылы байланысқан. Шенол мен Талғат 2014 жылдың маусымның 6-8 күндері Берлинде өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы кезінде кездеседі. Кішкентай Тоқаштың медициналық анықтамалары және томо­графиялық суреттерімен танысқаннан кейін баланы Германияға алдырып, қай­тадан Германияда томографиялық зерттеу жасату керектігін айтады.  Шенолдың айтуынша, кішкентай Тоқаштың миындағы қан тамырларының бірі өскендіктен, сол тамыр жарылып қан кете берген, содан инсульт болған. Бірақ та қазақстандық дәрігерлер мида жарылған қан тамырына операция жасап алып тастамай, тек миға кеткен қанды тазалаумен шектелгендіктен ауру белгілері қайта басталыпты. Біз кішкентай сәби Тоқаш секілді қаншама балалар осындай ауру күйге ұшырағандарын білмей жүретінін, оны Шенол секілді мықты дәрігерлер көмегімен операция жасау арқылы  қалай жазуға болатынын кеңесіп отырған кезде кішкентай Тоқаш өзіне Шенолдың қызы Әлия сыйлаған   машина ойыншықпен ойнап, дәлізді басына көтеріп жүргенін көріп, тағы бір қазақ баласын ажалдан құтқарған Германияда тұратын қандасымызға деген ризашылығымыз шексіз болды. Шенол­дың айтуынша өзі басқаратын нейро­хи­рур­гиялық емдеу бөлімі күн сайын ең кемінде бір ауруға операция жасайды. Көбінесе  мидағы ісіктер, миға қан құйылу, мойындағы, белдегі, жұлындағы ауруларды операциялық жолмен емдейді.  Кішкентай Тоқаш және оның әке-шешесі Талғат пен Ләззат екеуімен қоштасып, елге аман-сау жетулеріне тілектестігімді білдірдім. Шенолдың үйіндегі келіннің аты Түнай екен. Түрікше де, қазақша да бірдей мағына беретін  әдемі есім. Мамандығы экономист. Балаларының үлкені Әлия Гамбург қаласы бойынша жасөспірім қыздар арасындағы каратэ спортының жеңімпазы. Бөлмесінің іші толған нешетүрлі кубок, мақтау қағаздары мен медальдар.  Ертеңінде Шенол екеуміз Гамбург қаласының орталығын аралап, түс ауа Гамбургтен 30 шақырымдай жердегі Гестахт (Geestacht) ауылында тұратын Шенолдың қайын атасы Айқан Ауыжы ағаға  барып сәлем бердік. Ол кісі Париждегі қазақтардың бір тойына қатысып, ұзақ жолдан түнде келіпті. Жолда аздап шаршағандарына қарамастан  алыстан келген қонақ деп сыйлап  маған  үй иесі мен сол үйдегі жеңгеміз  құтты дастарханын жайып қарсы алды. Еуропада жүрсе де, қазақи  қонақжайлығын еш ұмытпаған Гамбургтегі бұл ағайындарға дән риза  болдым. Өзінің айтуынша Айқан аға 35 жыл Гамбург метросында істеп қәзір зейнетке шыққан кезі екен. Бір ұл, үш қыз өсіріп отырған Айқан Ауыжы да биылғы жылы ұлын үйлендіріпті. Ұлан асыр тойды Түркиядағы ағайын-туыстарының арасында өткізіпті. Ұлы қазір өзінің жолымен Гамбург метросында техник болып істейді. Өзінің салып алған екі қабат үйінің ауласында 2-3 көлік тұр.  Айқанның айтуынша, Гамбургте және оның маңайында тұратын қазақ отбасылардың саны көп емес, шамасы 5-6 отбасы ғана, ал 1990-шы жылдардың басында Қазақстаннан этникалық неміс­термен бірге Гамбург қаласы маңына көшіп келген  аралас некедегі қазақтарды қоссақ 20-30 үй бар. Олар той-томалақта үнемі бас қосып тұрады екен. Сонымен Гамбургтегі ағайындармен хош айтысып, Берлинге қарай аттандым. Жол бойы Германия ғана емес, Еуропаға да аты таныла бастаған қазақ дәрігері Шенол Жәдіктің білімі мен біліктілігі Қазақстанға да керек-ау, осындай азаматтарға жағдай жасап неге елге шақырмасқа деген ой жетегінде болдым. Досан БАЙМОЛДА, «Экономика» газетінің Еуропадағы тілшісі, халықаралық журналист 

1910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз