Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 14 Маусым, 2010

Болат Жүнісбеков, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты КҮНДІ ЖОҒАЛТҚАНДАР немесе Америка күнделігінен /э с с е/

Біз 11000 метр биіктіктеміз. Сапар сәтіне ауыздықтап мінген «Боинг» сағатына 1000 шақырым жылдамдықпен зулайды. Алдымыздағы монитордан алып самұрықтың қалай қозғалғаны, бет-бағдары алақандағыдай ап-анық көрінеді. Туған Алматыдан Үлкен Алмаға (Нью-Йоркті осылай атайды) жетіп, тізгін тартқанша барлығы 25-27 сағат уақыт кетеді екен. Алайда, біз уақыттан да жүйрікпіз. Жердің екі бетіндегі он сағаттық айырмашылықтың бізді Күннен де оздырған жайы бар. Күн... ғалымдардың айтуынша, оның туғанына 5 млрд. жыл болыпты, қайта батуына да осынша мерзім керек көрінеді. Бұл бір адамның өмірін дөңгелетіп 100 жылдан алған күнде 50 млн. ұрпақ ауысады деген сөз. Сосын көк жүзін алтын шапағына ораған зәулім шырақ сөнеді. Күнге табынған әйдік әлемді мәңгі қараңғылық басады. Жерге өзі жан берген Күн сол жерді өзімен бірге жерлеп тынады. Күн... Отан-Ана, туған отбасы, ата-ана ғажайып тіршілік нұры Күнге теңеуге лайық. Туған елдің түтіні де тәтті-ау! Ал, Отаннан, ел мен жерден қол үзу немесе оның тағдырына немкетті қарау Күнді жоғалтқанмен бірдей қасірет: тірлікте еш мән-мағына қалмайды.

Әуе кемесі бізді талайлар үшін бір көру-арман, бірақ екінің біріне дәм тартпаған, аңыз бен ақиқатқа толы Америкаға қарай самғай алып ұшады. Төбемізден жарқыраған Күннің сансыз сәулесі көз ұялтқандай. Төменде жер жүзін жасырған аппақ бұлт. Ол – қалың күпсек қар тақілеттес, ал одан әрі көзге түртсе көргісіз.

Тұмылдырығы Алматыда сыпырылған алып «Боинг» Ұлыбританияны көк жүзінде бел ортасынан көктей өтіп, енді Нью-Йоркке қарай бет түзеді. Оның қанаттары Атлант мұхитына ілінісімен-ақ жер бетін қалың бұлт тасалай берді. Жаңа ғана биіктен ағылшын жеріне қарағанда марқұм Қалия апам ойыма оралды. Керегесін керген құрылық анамыздың қолымен шебер қиюластырылып, сан-алуан түсімен талайды тамсандырған қазақы құрақ көрпеге ұқсап кетті. Бақиға озған анамызды сағынғанда жаңағы көрпелерге бір уақ аунай кетіп, оның ыстық құшағына оранғандай ерекше масаттанар едік.

Орынның терезе жақтан тигені тап мұндай оңды болар ма?! Ұлыбритания көз ұшында қалғанда жаңағыдай сағыныш пен сүйініш және жаңа ел мен жерді көруге деген ынтазар сезім алма-кезек ауысып отырған. Тылсым табиғат осынау көңіл пернесін тап басатындай: қалың бұлт көңілімді жердегі тынымсыз күйбең тірліктен тұмшалап, еркін ой сүрлеуіне салып, оқшаулай береді.

Ұзақ жолдың, кейбіреулерді қанша қажытса да, ой қуған жанды, тіпті де жалықтырар түрі жоқ. Өз көзіммен көрсем, тылсым табиғатына үңілсем дейтін телегей теңіз құдіретін тереңірек сезіну мүмкіндігі тағы да қуантады. Суды, тәйірі, көріп жүрміз ғой: бала жаста Бақанас пен Балға өзендерінде асыр салсақ, ержеткенде өзіміздің Каспий мен Аралды, өзгенің Қара теңізі мен Жерорта теңізін көруді жазыпты. Бірақ, жер жүзінің үштен екі бөлігінде лықсыған телегей судың түпсіз тұңғиғын бірнеше сағат бойы тамашалау ойға қанат бітіретіндей. Біз жердің бетін енді-енді ғана тани бастағанымызбен, мұхиттардың тереңіне әлі бойлай қойған жоқпыз. Деректі фильмдерді көре отырып бір байқағанымыз, жалын ата арпалысқан Күн мен буырқанған Мұхиттың табиғаты – егіз. Екеуі де үздіксіз аударыла төңкеріліп, астан-кестең арпалысады да жатады. Тек бір ғана айырмасы: біріншісі – тіршілік көзі, ал екіншісі сол тіршіліктің өзіндей. Бірінсіз екіншісінің еш мәні жоқ.

Күн мен Жер жаратылысынан-ақ тағдырлас. Атамекен мен адам да тумысынан егіз, яғни біте қайнасқан.

Бұл сапар 10-шы қыркүйекте таңғы 3 сағат 20 минөтте Алматыдан басталған еді. Алманияның Франкфурт қаласындағы Даллас әуежайына ұшақ 6,5 сағаттан соң келіп қонды. Мұнда таңғы 6-лар шамасы екен, ал Алматыда таңертеңгі 10-ның мөлшері. Сағат тіліне қарсы самғап келе жатқан жайымыз бар.

Неміс шаһарындағы бес сағат үзілістен соң, Жердің батыс бетіне қарай ұшып шықтық. Әуе кемесі енді 12 шақырым биіктікке ілініп алып, екпінін сәл баяулатқан сыңайлы: көк жүзін жасындай тіле самғап, сұңқарша сілтеп келеді. Төменде көк шулан тұманға, әлде будақ-будақ түтінге ұқсас ағыс нөпірі үздіксіз жөңкіледі. Одан әрі ақбура бұлттар аударыла көшкенімен, алып Мұхиттың тақиясына тар келген жайы бар: көк жүзін көлегейлеген ақшулан бұлттың сетінеген тұстарынан көк теңіз буырқанады.

Мұхит... мазасыз толқындар ой бесігіне тербетеді: біз Алматы әуежайына бүгін таңғы бірлер шамасында келген едік. Бәрі де көз алдымызда: жамырай жайғасқан жолаушылар. Алқақотан отырғандары өзара әмпей-жәмпей: жасы, ересегі, кәрісі мен шикісі, шала-шарпысы, күйіп кеткені бар. Қалғып-шұлғығандар, олай-былай қыдырыстағандар: жуаны, жіңішкесі, дударбасы, жалтыры мен сарысы, ағы, қарасы бар. Оңаша состиғандар. Құлағын тығындап алып, саз сиқырында елтігендер. Баршасы өзді-өзі. Француз үйі, Дутифри сияқты фирмалық дүкендер жалаң-жалаң еткендерімен көмейлеріне түсіп жатқаны аз, құр босқа жұтынады.

Әуелде сәл-пәл аңтарылғанымызбен біз де осы жұртқа қосылып жүре бергенбіз. Бірнешеуіміз теледидар алдына жайғасып, «Хабардың» жаңалықтарына құлақ түреміз. Міне, хабар жүргізуші шетелден қоныс аударатын қандас бауырларға арналған «Нұрлы көш» жобасы туралы жан-жақты әңгімелей бастады. Шынында да ата-бабалар аманаттаған мынау ұлан-байтақ ұлы далаға жанашыр ұрпақ керек-ақ. Атамекенге, кіндік қаны тамған алақандай ауыл емес, исі қазақ жеріне жаны ауырып, жүрегі сыздайтын және оның игілігін алдымен көруге тиісті де сол қандас бауырлар екені анық. Туған жердің от-суын бірге оттап жүрген кейбіреулердің былай шыға бере «оттағанын» көріп, түбі шикі екенін сезгенде ішің удай ашиды. Ата-жұрттан жырақта бұл өкініш жаныңа тіпті қатты батады екен.

Сонымен біз Франкфурттен Вашингтонға бет түзегенбіз: арада бес сағат өткенде барып, жер шарындағы ең үлкенарал Гренландия көзімізге оттай басылды. Біздің әуе кемесі оның оңтүстігін бөктерлей ұштық. Жағалауларындағы ақ қардың көбесі сөгіліп, қоңырқай тартып тұр екен. Жаһандық жылынудың салдары да. Одан әрі тіні бұзылмаған аппақ әлем. Гренландия жағалауынан қара үзісімен-ақ көкпеңбек су бетін тағы да қара бұлт тұмшалай қымтады. Содан тек бір жарым сағат өткенде барып, ол апам түткен жүннің түбіті секілді селдірей жөнелді.

Сағат жергілікті уақыт бойынша кешкі жетілер шамасында біз Вашингтонда ауысып отырған ұшақтың табаны Нью-Йорктің солтүстік шығысындағы Саут (оңтүстік) Берлингтон әуежайының ұшу алаңына тиді. Бұл – біз келе жаткан Вермонт штатындағы қалалардың бірі. АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің «Қауымдастықтар байланысы» бағдарламасының Вермонт штатындағы үйлестіруші Кэрол Кейси, аудармашы Джейн ханымдар мен жүргізуші Билл мырза құшақ жая қарсы алды. Бір тәуліктен артық ұшақ пен әуежайда қамалғандықтан даладағы қоңыржай ауа-райы шаршағанымызды тез ұмыттырып, бойымызды көп-көрім сергітіп жіберді. Біз іргелес Колчестер қаласындағы Хатворд Сьютис қонақ үйіне орналастық. Ертең оқу – тәжірбие алу басталады.

Мұхит асқан мақтаныш

Алғашқы кездесу ардагерлерге арналған Ағартушылық орталығында өтті. Бұл – Кеңестер заманындағы «Білім» қоғамы сияқты ұйым. Кездесу Берлингтон қаласындағы Вермонт университетінің мәжіліс залында ұйымдастырылған екен.

Осында жиналған 200-дей адам біздің қазақ делегациясын жылы шыраймен қалбаң қағып, ду қол соға қарсы алды.

Әңгіме тақырыбы – «Кеңестер кезеңінен кейінгі Қазақстандағы орыс мәселесі». Бұл өзі өткен ғасырдың 90-шы жылдарында бұрынғы Кеңестер аумағында әбден ушығып, кейбіреудің көзқұртына айналған дабыра. Егемендігіміздің елең-алаң шағында ереуілдеген «Тіл білмесең – тірлік болмайды; қазақ болмасаң – күнің қараң немесе қызмет көзден бұлбұл ұшады; қос азаматтық – азаматтық құқық кепілі» деген қитұрқы байбаламның ащы аттаны әлі құлағымызда.

Ендеше, американдықтар білетін ақиқат қандай? Университет профессоры Мишель И. Коммершио ханым әңгіме тиегін ағытты. Ол қызыл империя құлағаннан кейін халықаралық аренада қалыптасқан ахуалды «Қырғиқабақ соғыстан соң...» тақырыбымен жан-жақты таразылап, сараптауға маманданған саясаттанушы екен. Енді біз осы әңгімені, оның баяндау мәнерін сақтай отырып, жеткізіп керелік.

Ең алдымен лектордың Кеңестар Одағы деген қызыл империяның күйреп, егемен республикалардың бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне көшуіне байланысты жамырап коя берген шетін мәселелерді баяндап, баға беруге мейлінше жауапты қарағанын атап айту жөн. Ол Алматыда, Бішкекте, Ригада болып, посткеңестік республикалардағы жағдайды көзбе-көз көріп, адамдармен еркін пікір алысқан екен. Сонымен профессор Коммершионы тыңдасақ:

«Қазақстанда Кеңестер тұсында орыстар басым болды. Кеңестер Одағының басшылығы қасақана орыстандыру саясатын жүргізді. Орыстар ұлт аймақтарына ағылды. Сол арқылы республиканы бақылауда ұстау көзделді (ашы шындықты айтып тұр ғой-Б.Ж.). Ал, 1991 жылы қазақтар өз тәуелсіздігін алысымен еңсесін тіктеді. Мәселен:

-Көші –қон саясаты туралы. 1916 жылғы ұлтазаттық көтерілісі және жаппай кәмпескелеу мен репрессия саясатының салдарынан қазақтар шетелге қоныс аударуға мәжбүр болған. Ал, енді оларға атамекеніне оралуға мүмкіндік туды. Олар негізінен орыстанған солтүстік облыстарға қоныстандырылды. Қазақтандыру басталды.

-Ресми тіл туралы. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп жарияланды. Бірінші рет 1994-ші жылы, кейін 2005-ші жылы заңға өзгерістер еңгізілді. Қазақтар ана тілінде сөйлей бастады.

-Кадр саясаты туралы. Қазақ тілін білуге байланысты қатаң саясат ұсталды. (лектор ағаттық жібере бастады. Себебі, ол үшін тәуелсіздіктің әділетті қисыны солай-Б.Ж.). Қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметке қабылданбайды».

Іс жүзінде тіл саясатында ешқандай белден басуға жол берілмегені мәлім. Орманын сағынғандар су ішкен құдығына осқырынып, есікті қатты жауып кеткенімен, қайтадан «жаздым, жаңылдыммен» оралып та жатты. Сырттан келгендер сырт айналса, тоқсаныншы жылдардың тауқыметіне шыдамады. Туған жерін кезінде жайлы тұрмысқа тәрік еткендердің ұрпақтарының жаңа мекенін қимайтын дәнемесі жоқ еді.

Жекеменшік жөнінде айта келіп, профессор біздің елдің көршілес республикалардан көш ілгері екенін атап көрсетіп, «Президент Назарбаев – көреген басшы, көрнекті қайраткер» - деп, өз ойын қорытындылады.

Кездесуді жүргізуші лекция соңынан бізді пікірсайысқа шақырып, мезірет білдірді. Мұндайда үнсіз қалу қисынсыз. Сондықтан, ең алдымен, туған Отанымыз туралы негізінен шындықты айтқаны үшін Коммершио ханымға ризашылығымызды білдіре тұрып, оның кейбір мүлт кеткен тұстарына түсінік беруге тура келді. Қысқаша айтқанда, ой түйінін біз де қарапайым тілде жеткізуге тырыстық: орыс мәселесі деген ойдан шығарылған лақап. Тілден зәрезәп болған ешкім жок. Мемлекеттік қызметке Мекаилдар келмейді, аз жалақыға аттап баспайды. Экономика мен бизнес саласында Иманбайлар мен Ивандар тең құқылы. Бірақ, алғашқылардың аты бәйгеден келіп тұрғаны да шындық. Кеңестер Одағы тарағанда ядролық қуаты жағынан дүние жүзінде төртінші мемлекет бола тұра, жаппай қырып, жоятын қарудан бас тартқан және АҚШ , Қытай, Ресей сияқты супердержавалардан қауіпсіздік кепілдігін алған да біздің Қазақстан. 2010-шы жылы ЕҚЫҰ-ның төрағасы екеніміз тағы бар.

Тындаушылар айырықша ынта қойып, қол шапалақтап, көтермелеп отырды. Алаш жұртында адам құқы ардақталатынын, бірақ ең қастерлісі «мың өліп, мың тірілген қазақ» мәртебесі екенін жеткізе алған сияқтымыз. Елден алыста Атамекен – исі қазақ жерінің қадірін айрықша сезінесін. Отанды ешкім тандамайды, ол пешенеңе жазылған тағдыр. Перзенттері оны топан су басып, өрт шалса да тастамайды. Бірақ, әзірге, өкінішке қарай, қазақтар ғана осылай ойлайды.

Ал, жалпы қазақстандықтар ше? Олардың да қаракөз бауырларың сияқты ойлайтынына сенгің келеді. Мемлекеттік саясатта «қазақстандықтар» ұғымының пайда болып, біртұтас халық қалыптастыруға талап жасалуы да сондай қажеттіліктен туып отырған ащы ақиқат. Көңілге қона қоймайтын, бірақ амалсыз шара, әрине.

Мария ананың махаббаты

Ана да адам үшін Күн секілді, перзентін өз шуағына орап, жүрегің қуаныштан атойлайды. Жалпы Ана махаббаты мен мейрімін алалау жараспас. Десе де алаш үшін Зере аналарымыздай болу қайда?!

Бүгін біз Колчестер қаласындағы Майкл мырза мен Денэ ханымның үйінде қонақтамыз. Әріптесім екеуіміз алты ауыз ағылшыншамыз бен атнөпір ым тілін жалғап, әмпей-жәмпейміз, әйтеуір. Маған қарағанда әріптес жігітке түсінісу жеңілірек: бірде көзін ойнатса, енді бірде өзін-өзі желкесінен сүйреп, бәрімізді қыран – топан қылады. Бір байқағаным, тұрмыста жиі қолданылатын 50 сөз білсең, ептеп-септеп қатарға қосылып кетесің. «Елулік тілашар» жасап алып, ел қатарлы күн кештік. Ағылшын тілін білудің қазақ жастары үшін айнымас талап екенін Елбасы текке айтпаса керек. Өкінішке қарай, ағылшын тілін мектепте де, институтта да оқығанымызбен, мұрын орнына аузымызды көрсеткендей халдеміз. Себебі, оқыту методикасы мүлде қате еді. Ағылшын тілінің теориясын бүге – шігесіне дейін үйрету мақсат етіледі. Дұрысы – жас адамды қалай оқып, үйренуге баулу керек, зердесі болса әрі қарай өзі-ақ алып кетеді. Сондықтан қазіргі ғаламдану заманында, біздіңше, тілді бұрап, сындырмай-ақ кәлимаға келтірсе жетіп жатыр.

Майкл мырза 73-те көрінеді. Денэ ханым да сырт болмысына қарағанда жұбайымен құралыптас. Алайда, Майкл мырза күтімі жақсы, әлде тегі асыл ма, өз тұрғыластарынан 10 жас олқы соғып, жас көрінеді. Үстіне ілгені ашық түсті шолақ жейде мен шалбар. Орта бойлы жұқалтаң азамат. Біз сыйлаған тақия ақылсыз шаш қашқан төбесіне қона кетті. Денэ ханым тұрымтайдай ғана, шашын тықырлатып қойып ашық түсті футболканы шалбарланып алыпты... Роялға отырып үй ішін саз бесігіне белейді: тулаған теңіз, жағаны жуған тау-тау толқындар, шаңқылдаған шағалалар, самал еркелете ойнатқан сарыала жапырақтар, жап-жасыл таулар... бір уақ Алматыға да ұқсап кетеді. Бірақ, мәңгі күміс мұздан киген тымағының ұшы бұлт шалған Алатауға қайдан жетсін! Сосын тағы, тұлпар Сарыарқа, жерұйық Жетісу, қазыналы Каспий өңірі...

Музыка мейрімді қандырады: И.С.Бах, Г.Гершин, О.Массайн, Б. Барток секілді өнер майталмандарының тамаша туындылары жан рахатына бөлейді. Әуеннің сан-алуан екпіні, өзіндік реңкі мен лебі мың құбылады. Жапатармағай, бірін-бірін кимелеп, тірлік тынысы әр қырынан көрінеді: ыстық, салқын, шиедей, аппақ... өзара сығылысына келіп, бірде сеңдей соғылысса, енді бірде жылмаң қағып, ілкі жорғалайды. Бірақ, ырғағы мың құбылса да өз мәнерінен танбайды: көкке шапшып, сорғалай құлдилап, жырыла қара үзе барып, қайта өз арнасын табады. Енді сыңар бебеулемей, қиқуласа кірігіп, жанынды жадыратады.

Тоқмейіл сәт: иә, ел іргесі бүтін, ағайын аман-сау болса, бұдан артық не керек! Сапар сәтін тілеп аттандырған, қайта оралғанда құшағын ашар Отаның-атамекенің бары зор бақыт! Өтпелі кезең оңай тимеді, қазір де қиын, ертеңің де еркелете қоймас. Сергек іс-қимыл керек екені түсінікті. Бірақ, егемендік ел бақыты, оған кімнің шәгі бар. Тұрмыс теперішін көп тартқан халық енді ғана еркениет көшіне қосылды. «Тәуелсіздік – ұзақ көш, асықсақ та аптықпайық, ағайын» - дейді Елбасы парасатқа үндеп.

Атамекеннің бағасын алыста жүргенде ерекше сезінесің. Қазақ үшін бәйгелі Бейжің олимпиадасының ел мәртебесін асқақтатуының өзі неге тұрады десеңізші! Қаһарман ұл мен қызға – мың алғыс, ал, сол батыр ұлдары баптап, аламан бәйгеге қосқан кім?! Елбасының ерен қамқорлығы мен талапшылдығы екені ел мойындаған шындық. Олай болса, кейбір бейпіл ауыздар калай құйқылжыса да әлемдік спортта сәйгүлік өнер көрсеткен Алаш мәртебесі қашан да асқақ. Мұны көргісі келмейтіндер күлге аунағандай күлкілі халде.

Өкінішке қарай, қызғаныштан жарылардай болып жүргендер өз ішімізде де аз емес. Оның бірі – білместік пен таяз ойлаудан тілін шайнаса, екіншісі – егемен елдің еншісіне ен салмақ болып әлек. Мәселен, интернационалды дейтін дүбәра отбасыларынан, біздіңше, патриот шыға қоймайды. «Әкеден туса, қазағын қастер тұтар, анасын ардақтаса, орысына да жүрегінен орын табар, бірақ тым құрыса әділін айтар» - деп үміттенесің. Амал қайсы, жеме-жемге келгенде, Момынбай мен Марияның перзентін ел басына қиындық түспей-ақ ұстап тұру қиын. Олар «қызыл империядан» кейін тұрмыстарының түзелгенін мойындай отырып та, орманнан орын табылса, ойқастап шығып, жел қуған қаңбақша домалай жөнелуге дайын. Доп-домалақ: табанының бүрі жоқ. Құлағы бар – керең, көзі бар – көрсоқыр. Естігісі, көргісі, тіпті тыңдағысы, көз салғысы келмейді. Мұрындарына дала иісі бармайды, журектерін перзенттік сезім қытықтамайды.

Тайғанақ тағдыр. Құдай басқа бермесін. Олар екі қолына жұмыс табылып, аузы майланса, атамекенін іргедегі анамекені түгілі сонау Америкаға айырбастай салуға дайын. Отансыздар қарындары ашқанша ғана қаралайды: опа бермейді. Әрине, пендеңіз жаралғаннан өзіне тартады: «өзім дегенде, өгізқара күшім бар». Табиғи нәрсе, әттең, әділін мойындамайды: өзгені де өзіндей көрсе, жарыса бермей, жан-жағына да бір уақ қарайласа ғой, шіркіндер.

Американдықтардың ата-бабалары кезінде атамекендеріндегі қасқыр тірліктен қашып келіп, өздері де солардың кебін киді. Олар тек өздері үшін ғана өмір сүрді. Өйтпесе, бұл жерге сіңбес те еді, жанталасты: осы қасиет олардың ұрпақтарының да қандарына әбден сіңді: тозақ тұрмыстан қашып, жерұйық тірлік құрғысы келген оларды түсінуге болар-ау! Бірақ, олар басқыншылар еді. Бүгінгі Америка сандаған ұрпақтың қажыр-қайратының жемісі. Олардың есіл-дерті тұрмыс қамында, ой-тынысы соған маталып, әбден ауып кеткен. Күнге куана алмайды, өздері де ешкімді шуағына бөлей алмайды. Телефон бар демесең, күн ұзақ ешкім іздемейді, апталап ешкім ат ізін салмайды. Жалғыс ермектері – мысығы. Маңдайларына жазғаны сол... аудармашы Наташа жұдырықтай украин қызы. Осында көшіп келгендеріне 8 жыл болыпты. «Тамыр салдық, енді біртіндеп қанат жаямыз» - дейді өзін-өзі сендірген болып. Бірақ, көңілінде алаң көп. Өзге елден әкеп отырғызған көшет жаңа ортада қурап қалмағанымен жайқала да алмайды ғой. Туған топырағынан алыстаған соң, бүрісіп, жүдейді де тұрады: Күнді, яғни Отанын жоғалтқан соң солай.

Иә, Отан – ол тоғыз планета мен сансыз жұлдвздар табынған Күн сияқты. Адамды ардақтай тұрып та, ең алдымен, алаш жұртына қамқорлық керек болатыны да содан. Атамекеңге оралған қандас бауырларға жанашыр көзқарас қажеттігі де содан. Туған жер үшін жанпида болатындар да солар. Өркениет талабы да осы: әр халық өз жерін құтты қонысқа айналдыруы тиіс. Ел ішінде өкпе айтса да, шетке шыққанда атамекенге алаңдап тұратындар да сол қаракөз бауырлар. Сондықтан Үкімет ауылға, көп балалы отбасыларына, жеткіншек жастарға әлі де қарыздар екенін есте ұстауы шарт. Өзімізді өзіміз аямасақ, ел аманда елеңдегіш кейбіреу қолыңдағыны қағып түсуден тайынбайды. Кеңестер одағын «кеңбайтақ елім» деп, бөле-жармай шайқалған «еркелер» әкем – қазақ деп ойланып жатпай-ақ ата аруағын аттай салар еді. Мария ананың тәрбиесі сондай, Маруся жарының талабы сондай. Олар мұрыны тесілген ботадай жетекте кеткендер. Күнді жоғалтқандар!

Әлбетте адамды сүю – жүрек ісі, бірақ алашты сүю – Аллатағаланың аманаты. ... Екі қабатты үйді Денэ ханымның күйсандығынан төгілген әсем әуен әбден кернеп алыпты. Ол осы саз құшағында елтіп, ерекше тебіреніс үстінде. Біз үшін ол жапанда жападан жалғыз қалғандай. Біз үшін ғана, әйтпесе жары жанында. Жалғыздық болса көзін ашқаннан көрген құқайы: анасы да, әкесі де өмірлерінің соңын сыңар өткізген. Бұйырғаны сол болыпты. Бірақ, бәрібір бақыт жөнінде әркімнің өз пайымы мен қанағаты бар –ау! Дегенмен ол біздің Зере сияқты аналарымыздың бақытына қайдан жетсін! Ұрпағының ортасында жүрек куанышы олардың жүзінен төгілер еді. Бізде жүзі жарқын аналар көп. Тәубасын аузынан тастамай, шүкіршілігін ұмытпай, Алланы жүрегіне қондырған аналар.

Ал, Америкадағы тірлікке қызығатындар – ешқашан ел мен жерге тұрақтамайтындар. Олар бәрінен де азат, ең бастысы – Отаннан азат, сонымен қатар тойғанына және тоңбағанына мәз. Алдына ас қойып, қолына жұмыс табылса, қазір-ақ зытар еді.

Отан, біздің түсінігімізде, тірлік атаулыны шуағына ораған Күн іспетті. Күнсіз тірлік жоқ. Отансыз тірлік – тұл. Отаншылдық сезімі – ең қастерлі сезім. Ал, одан айрылғандар Отан жылуын сезінбегендер және олардан да ондай жылу күту екіталай.

Отаншылдық сезімін орнықтыру үшін елімізде көп шаруа атқарылуда. Қазақстандықтар тең құқылы. Бірақ, одан да күшті ықпал бар. Ол ықпал – ана құрсағында сіңер қасиет. Перзент жүрегі, амал не, Мария анасының махаббатынан аса алмайды. Күгді жоғалтқандар!

***

Вермонттағы Ислам орталығында болып, ораза айы ғой, пітір – садақа бердік. Марияның ұлы оның маңына да аттап баспады.

Алматы-Франкфурт-Вашингтон-Нью-Йорк-Астана

1423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз