Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Сәуір, 2015

Карен Армстронг: "Аңыздарда жасырылған ақиқат сырларды жүрекпен ғана сезіне аласың..."

karen_armstrongБритандық ғалым Карен Армстронг «The battle for God (Тәңір үшін талас)» атты еңбегінде миф туралы былай жазады: «Мифті рационалды жолмен танып білу – қате. Аңыздарда жасырылған ақиқат сырларды сурет өнері, поэзия, мүсін өнері, музыка сияқты жүрекпен ғана сезіне аласың. Мифтер салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға араласып, сіңісіп олармен біте қайнасқанда ғана барлық ырымдар мен тыйымдарға эстетикалық жағынан жан бітіреді. Мазмұны киелі аңыздармен байытылған салттар мен ғұрыптар ғана оның сакральді мәнін ашып, тіршіліктің терең сырларына бойлауға мүмкіндік береді. Мифтер мен салт-дәстүрлерді бір-бірінен ажыратып алу өте қиын. Осы саланы әбден зерттеген ғалымдардың өзі «бірінші әдет-ғұрыптар пайда болды ма әлде аңыздар соған орай шықты ма?» деген мәселеде бір тоқтамға келе алмайды. Мифтер міндетті түрде мистицизммен астасып жатады. Яғни тылсым әлеммен тығыз байланыста болады. Егер салт-дәстүрлер мен иләһи ғұрыптар болмаса, жай ғана діни уағыздар мен аңыздар жұтаң тартып, адамға мәні ашылмас еді. Салыстырып айтар болсақ, дәстүрге айналып, тұрмысқа сіңіспеген аңыз-әңгімелер қағазға таңбаланған ноталар сияқты құрғақ абстракцияға айналады. Ноталарды музыкалық аспапқа салып ойнағанда ғана жаныңды рахатқа бөлейтін кереметтей күйлер төгіледі. Дәл сол сияқты салт-дәстүрлер ұрпақ арасында жалғасын тауып, ықыласпен орындалған кезде ғана мифтер мен аңыздар адам жанына жұбаныш беріп, рухына шабыт бітіреді». Қазақ халқының салттары мен дәстүрлеріне назар аударып қарайықшы. Бір ғана баланың дүние келуінде көптеген салттар, жөн-жоралғылар, әдет-ғұрыптар, ырым-тыйымдар бар. Тіпті ғұрыптар бала дүниеге келмей тұрып басталады. Құрсақ шашу, жарыс қазан жасалады. Аяғы ауыр кезде келіншектің арам ас жемеуін, лас жерді баспауын, дау-жанжалға араласпауын қадағалайды. Бөпе зерделі де зерек болсын деп анасының жерігін барынша қандыруға тырысады. Қанішер болмасын деп малдың қанын көрсетпейді. Тоғыз ай бойы таза ас беріп күтіп, жылы сөздер айтып отырады. Сыртқы дүлей күштердің (халық сенімінде жын-шайтан) әсерінен қорғау үшін тұмар, көз моншақ, түйреуіш тағады. Адыраспанмен (кей жерлерде аршамен), тұзбен, отпен аластайды. Тіл-көз бен зиянды дуаның әсері болса, қызыл шүберекке сіңіп жоғалсын деп материалды игіліктеріне қызыл мата байлайды. Бірақ осы ырым-тыйымдардың өміршең болып, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып жетуі аңыз-әпсаналармен, мифтік таныммен байланып отырған. Қазақ аңыздары да қызыққан кісіні адамзат тарихында бүкіл адам ұрпағын бүгінге дейін құпия болмысымен өзіне ынтық еткен ұлы абсолютті ақиқатқа апарып жалғайды.

"Салт-дәстүр сөйлейді" кітабынан

1935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз