Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 14 Мамыр, 2015

Дархан МЫҢБАЙ: Ұлттық музей атамекеніміздің айбыны мен айбары

музей 1-бетЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі тәуелсіз Қазақстанның тарихында құрылған тұңғыш Ұлттық музей. Президент өз сөзінде: «Ұлттық музей ғылыми және рухани орталық болып қалады, біздің қазақстандық жолымыздың барлық прогрессивтік жетістіктерін көрсетеді. Өзінің сәулеттік ауқымымен музей ғимараты ресейлік Эрмитажбен, француздық Луврмен және американдық Метрополитен музейімен бір қатарда тұратын әлемнің ірі экспозицияларының ондығына еніп отыр»  деп айрықша атап өтіп еді. Шынында, ғажап ғимарат, ғажап музей! Жуықта бір топ өнер саңлақтарының қатарында Ұлттық музейді көріп, тамашалағанда бұған біздің көзіміз анық жетті. Дархан

Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры

– Дархан Қамзабекұлы, төл мере­ке­леріңіз – Халықаралық музей күні құтты болсын! Ашылғанына көп уақыт болмаса да, Ұлттық музейдің жетістіктері мол. Осы орайда, Ұлттық музейдің бүгінгі ты­ныс-тіршілігіне бір шолу жасап, ертеңгі алар асуларынан да хабардар етсеңіз. – Рақмет. Иә, өздеріңіз көргенде­ріңіз­дей, ашылғанына бір жыл ғана болса да Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі біраз ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл мәдени орталық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың идеясы және тапсыр­ма­сымен жүзеге асқандығы баршаға мәлім. Ең әуелі музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтейін. Қазір бізде күнде қарбалас. Ұлттық музей тек қана келушілерге экспонаттарды көрсетумен шектеліп отырған жоқ. Күн сайын келушілерге арналған тұрақты залдарымыздан басқа бізде ұйымдастырылатын іс-шаралар өте көп. Музейде жеке көр­мелерге, көшпелі көрмелерге, клас­си­калық өнер мен жаңа бағыттар­дың тұсаукесерлеріне арналған арнайы залдар бар. Онда отандық және шетелдік өнер өкілдерінің жеке көрмелері өткі­зіліп тұрады. Сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінің де музейлері бізде қонақта болып, құнды экспонаттарын келушілерге ұсына алады. Ұлттық музей мәдени-ағарту, ғылыми-әдіс­те­­мелік, танымдық-ұйымдастыру істе­рімен де айналысады. Сондықтан да мұнда ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел, баспасөз конференциялары, рухани, мәдени жиындар үзілмейді. Біз биыл халық арасындағы құн­ды мұраларды жинау мақсатында «Ұлт­тық музейге сый тарту» акция­сын бастаған болатынбыз. Ол іс-шара жөнінде отандық БАҚ арқылы қазақстандықтардың көбісі құлағдар болды және алғашқы нәтижесін көріп те жатырмыз. Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаев Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген екі бірдей қорға қомақты қаржы беріп, ізгі істің ұйытқысы болды. Ел игілігі үшін жасалған Елбасы ­бастамасы «Ұлттық музейге сый тарту» акциясымен жалғасты. Сондай-ақ жақында ғана ха­­кім Абайдың 170 жылдық мерейтойы­на байланысты үлкен ғылыми конфе­рен­­ция ұйымдастырдық. Жеңістің 70 жыл­дығына орай «Жеңіске құрмет» акциясының және тағы басқа осы секілді бірнеше шараның өтуіне Ұлттық музей ұжымы ұйытқы болды. Кейбір азаматтарымыздың түсінігінде музей дегеніміз – әлсіз жарықтанған, ала көлеңке, күңгірттеу, көңілсіз орындар деген ұғым қалыптасқан. Және онда бір-екі апамыз шұлық тоқып отырады деп елестетеді. Ал шын мәнінде, қазіргі біздің музей – келушілеріне ерекше әсер қалдыратындай деңгейде, мүлде басқаша жасақталған. Мұндағы экспонаттардың біреуі болмаса, екіншісі көрушілерге міндетті түрде әсер етеді. Ал 18-мамыр – Халықаралық музей күніне байланысты ауқымды мерекелік бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Сол күні «Музей түні» шарасын өткіземіз. Бұл мерекелік бағдарлама кешкі сағат 19-дан басталып соңғы қонақ үйіне қайтқанша жалғасады. Мереке күні музей есігі барлық келушілерге айқара ашық. Мереке қарсаңында жастардың қатысуымен флеш-моб өтеді. Музей-1 – «Музей түні» деген шара жайлы қысқаша тоқтала кетсеңіз? – «Музей түні» деген шараның мәніне келетін болсақ, бұл қонақтар мен қала тұрғындарына жақсы демалыс пен мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін ұйымдастырылады. «Музей түні» тұңғыш рет 1997 жылдан бастап әлемнің көптеген елдерінде атап өтіле бастағанын айта кету керек. Жалпы, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Ұлттық музей – көнеден бізге жеткен бай да құнды мұраларымызды зерделейтін және бүгінгі күнгі жетістігімізді жарқыратып көрсетуге арналған мәдени орталық. Орта Азия елдерінің ішінде мұндай ірі мәдени нысан жоқ. ТМД мемлекеттерінде де соңғы 40 жыл көлемінде біздің музейге пара-пар келетіндей көлемді ор­талық салынбаған. Сонымен қа­тар дүниежүзілік музейлермен са­лыс­тыр­ғанда да өзіндік ерекшеліктері мен артықшы­лық­тарын атап өтуге болады. Мәселен, Бри­тан музейі, Париждегі Лувр музейі, Ресей музейлері салынып біт­кеннен кейін біршама уақыттан соң қор сақтайтын қосымша түрлі ғима­рат­тар­ды тұрғызуға мәжбүр болыпты. Ал біздің Ұлттық музей тұтас кешен ре­тін­де жоспарланып, жүзеге асырылды. Ұлттық музейдің архитектуралық болмысында да өзгелерге ұқсамайтын ерекшелік пен бірегей тұтастық бар. Әрбір сеанстың алдындағы алтын түстес қыранның самғауы, Қазақстан картасы формасындағы экранда еліміз қалаларының көрініс табуы және «Өз елім» әнінің шырқалуы келушілерге ерекше рух сыйлайтыны сөзсіз. Музейге келушілердің осы көріністерді тамашалап, ерекше патриоттық сезімде әуенге елтіп, бірігіп ән шырқап тұрған сәттеріне күнде куә болып жүрміз. – Мұражай деген атау құлаққа жа­ғым­­дылау естілетін сияқты. Адамдар­дың көпшілігі біле бермесе керек, музей мен мұражайдың аражігін ашып беріңізші? – Мұражай деген сөз қазақы танымға жақын болып тұруы да мүмкін. Бірақ мұражай сөзі жалпы музей ұғымының толық мағынасын ашып бере алмайды. Мұражай бұл – музейдің ішіндегі құнды жәдігерлерді сақтау орны. Орысша «фондохранилище» деген ұғымды білдіреді. Біз кез келген терминді немесе халықаралық атауларды аудара беруден аулақ болуымыз қажет. Егер музей сөзінің түп-төркініне келетін болсақ, бұл орысша да сөз емес. Музей әлемнің көптеген елдері қолданатын ортақ атау. Музей – адамның білігін арттырып, парасатын толықтырып, жанын оятатын қастерлі орын. Көненің көзін, тарихтың өзін көргісі келген адам міндетті түрде музейге келеді. – Жоғарыда «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының басталғаны жайында айтып өттіңіз. Аталмыш акция осылайша жалғасын таба беретін шығар? Осы шара жайлы кеңірек тоқталып өтсеңіз. – «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы жыл соңына дейін жалғаса береді. Наурыз айында акцияның басталғаны туралы ресми жариялап, алғашқы сый-тартуларды салтанатты түрде қабылдадық. Ашылу салтанатына Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған лауазымды тұлғалармен бірге ұлт зиялылары қатысқан. Акцияның басты мақсаты ел арасында елеусіз жатқан, еліміз үшін тарихи маңызы бар құнды заттарды жинау болатын. Акция нәтижесінде Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Қасым Қайсеновтің кездігі, Жұмабек Тәшеновтің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендері, Шәмші Қалдаяқовтың күлсалғышы мен қаракөл бөрігі, Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигары, Гүлфайруз Ысмайылованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелері, Қадыр Мырза Әлінің қаламсабы мен қолсағаты сынды өзіндік маңызы әрі құны бар дүниелер жиналды. Сонымен қатар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін, Дулат Иманқажы Меккеге жаяу алып барған көк туымызды, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин тастан, қоладан, темірден жасалған жебелер жиынтығын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым бидің төс белгісін, спорт саңлақтары Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко жеке спорттық заттарын, медальдарын Ұлттық музейге аманаттады. Жыл соңында Ұлттық музейге жасалған сый-тартулар негізінде арнайы көрме өткізуді жоспарлап отырмыз. Сайып келгенде, өз елінің мәде­ние­тін және тарихын бағалайтын әрбір азамат музейге келіп, ондағы құнды мұралармен танысуы керек деп ойлаймын. Жасы­ра­тыны жоқ, бізде әлі музейге бару мәдениеті толық қалыптаспаған. Бұл ретте «көш жүре түзеледі» деп өз-өзімізді жұбатудың жөні жоқ секілді. Себебі бұл мәселені Елбасының Ұлытауда айтқан сөзіне сыйғызатын болсақ: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр». Сол сияқты музейге тарихи маңызы бар жәдігерлер тапсыруға да белсенділік таныту жоғары мәдениеттіліктің белгісі. Кезінде хакім Абайдың өзі музейге жәдігер тапсыру ісіне белсенділік танытыпты. Мәселен, қазір Ұлттық музейде тұрған «Абай құтысы» деп аталатын шағын жанторсықтың өзіндік тарихы бар. 1883 жылы Абайдың орыс достары Н.И.Долгополов пен Н.М.Лобановский Семей қаласында тұңғыш «Өлкетану музейін» ұйымдастырады. Осы музейдің негізін салуға Абай да бір кісідей құлшына атсалысады. 1885 жылы ақын қазақ этнографиясын насихаттау мақсатында осы құтыны өлкетану музейіне өз қолымен апарып тапсырады. Сондай-ақ аталған музейге қазақтың киіз үйінен бастап барлық жиыны 60-тан астам тұрмыстық құнды дүниелерді сыйға тартады. «Абай құтысы» бүгінде Ұлттық музей төрінен орын алған. Музей-2 – Ұлттық музейге күнделікті келіп жатқан адамдардың қарасы мол. Әсіресе, студент жастар мен мектеп оқушыларының Ұлттық музейге келуін, кәдімгідей өркениетті түрде шешімін қарастырып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан бағдарлама жасаса бола ма? Өйткені Ұлттық музейдің бүгінгі заман талабына сай аса құнды жәдігерлері мен ғажап экспонаттарын көрген жастың бойында ұлттық рухы оянып, серпіліп, сандаған ғасырдан бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік бақытын, қуанышын басынан өткерері анық. Бұл сезімдерді, әлбетте ересек адам да сезінеді. Қалай ойлайсыз? – Сіз үлкен мәселені қозғап отырсыз. Көршіміз Қытай елінде оқушылар жылына бір рет музейге баруға тиісті деп міндеттеледі екен. Бұл бастаманы Ресей де қолға алғалы жатыр. Біз де Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевқа сондай ұсынысты жолдадық. Ол кісі әрі қарай тиісті орындарға тапсырма беріп жатыр. Бірақ ол оқушы мен студент міндетті түрде музейге келсін деген сөз емес. Оны өз таңдауы біледі. Біздікі ұсыныс. Дегенмен, музейге келіп қайтқан баланың білімі артпаса, кемімейді деп ойлаймын. Реті келгенде айта кетейін, бізге келген адамға қай жағынан болсын ақ­парат алып, қандай да бір жәдігер жайлы мәліметті толық білуге барынша жағдай жасалған. Қазір бізде осы заманғы жоғарғы технология мүмкіндіктері пайдаланылады.Ұлттық музейдегі жұмыстың бар­лығы әлемге әйгілі музейлердің тәжі­рибесі мен кәсібилігіне сай атқа­ры­лады. Мұнда 85 медиақондырғы жұмыс істеп тұр. Олар халқымыздың тарихы мен мәдениетін терең танығысы келетін ел азаматтары мен шетелдік қонақтарға жәдігерлердің ерекшелігі мен айрықша тарихи орны туралы жан-жақты мағлұмат береді. Ал экспозициялар үшiн заманауи көрме технологиялары: бiрегей доғал экран, медиа-еден, қазiргi Астананың орталық бөлiгiнiң серпiндi макетi, голограм­малар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгiршектер, муль­тимедиялық жолсерiк пайдаланылады. Жалпы, Қазақстанда 230-дан астам музей бар. Яғни музей қалыптастыру жөнінен еліміздің тәжірибесі мол. Бірақ Ұлттық музейдің жөні мен мақсат-міндеті өзге музейлерден бөлек. Аты айтып тұрғандай, мұнда ұлттық деңгейі бар, мемлекеттік маңызы айрықша экспонаттар ғана сақталады. Ол мәдени-ағарту, ғылыми-әдіс­те­­мелік, танымдық-ұйымдастыру істе­рімен де айналысады. Сондықтан білімін жетілдіргісі келетін әрбір жас көрерменге таптырмас мүмкіндік деуге болады. Біздің музей халықаралық стандартқа сай жасақталған. Мұнда түрлі кәсіби шеберханалар мен жаңа технология жетістіктеріне негізделген электрондық ғылыми кітап­хана жұмыс істеп тұр. Тео­риялық білімді тәжі­ри­бемен ұштас­ты­руға мүмкіндік жасалған. Музейдегі экспонаттар қатарында сонау тас ғасырындағы материалдар мен қолдан жасалған бұйымдар, сақ-скиф кезеңіндегі мұралар, ұлты­мыз­дың зергерлік заттары, Қазақ хандығынан бастап қазірге дейінгі құнды материалдар, сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның көркеюі мен нығаюының куәсі боларлық жәдігерлер қойылған. Музейге жинақталған тарихи-мә­дени құндылықтарды келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Ғимарат және оның қор сақтау құрылымдары жәдігерлерді барынша дұрыс сақтауды қамтамасыз ететін арнаулы патенттелген материалдан салынған. Сақтау қорындағы тиісті ауа температурасына, ылғал мен жарыққа қатысты техникалық құрылғыларды кәсіби мамандар қадағалап отырады. Ежелден бүгінгі күнге дейінгі Отанымыздың бай тарихын түгендеу және оны ұрпақтан-ұрпаққа жарқыратып жеткізу, ұлттың тілі мен ділін жаңғырту міндеті Ұлттық музейге жүктелген. – Музей өз бетінше пайда тауып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуі мүмкін бе? Жалпы, Ұлттық музейдің болашағын қалай елестетуге болады? – Еуропаның дамыған елдерінің тәжірибесіне қарасақ, мәдениеттің бизнестің қанатының астында өсіп-өркендеуі қалыпты жағдай. Онда мәдени мекемелердің 30 пайызға жуығын жеке демеушілер қаржыландырады. Нарықтық қатынастың қағидаларын шебер меңгерген еуропалықтар демеушілік жасау арқылы өздеріне де жап-жақсы жарнама жасайды. Бұл тәжірибені Қазақстанда да жүзеге асыруға әбден болады. Отандық ірі компаниялар – қаржылық жағдайына нұқсан келтірмей-ақ музей қорларын толықтыруға қатыса алатын құрылымдар деп білеміз. Демеушілік жасау мен қайырымдылықтың жолы көп. Мәселен, демеушілік көмек (меценаттық), қаржы және ақыл жәрдемі (қамқорлық кеңес), шынайы тілектестік (Музей достарының клубы) және тағы басқа жолдарын атауға болады. Қазір біздің еліміз қаржылық тұрғыдан да, басқа жағынан да шет мемлекеттерге жақсы қырынан танылып отыр. Еліміздегі қолайлы инвес­тициялық ахуал, шетелдік капиталдың қатысуымен ашылған бірлескен кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар Отанымыздағы береке-бірліктің баяндылығын көрсетеді. Сондықтан да Қазақстанда дәулет пен қайырымдылықтың мәдениетке сеніммен, шындап бет бұратын кезі әлдеқашан келген сияқты. Біздің халқымыздың тарихы бай. Сонау көне ғасырлардан бүгінгі күнге дейінгі ұлтымыздың өнері, мәдениеті, зергерлік шеберлігі, шаруашылық ерекшелігі, отырықшылық пен көшпенді өмірдің өзіндік қыр-сыры, даңқты перзенттерінің аңыз өмірдеректері қатпар-қатпар тарих. Елбасы айтқандай «тарихымызда қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Біз сол бай тарихты жүйе-жүйесімен музей көрермендеріне ұсынуымыз қажет. Және де сол жолда аянбай еңбек етеміз. Ұлттық музейдің жалпы ауданы 74 мың, экспозиция алаңы 14 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Алтын залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы, Заманауи өнер залы, Көрме залдары бар. Залдарды жасақтау барысында тарихи хронология ескеріліп, музей талаптары сақталған. Біз осы құнды жәдігерлерге толы музейге отандық көрермендермен қатар шетелдік қонақтарды, туристерді де тартуымыз қажет. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылып та жатыр. Қаржыландыру жағынан мемлекет мүмкіндігінше көмектесетін шығар, бірақ бұл экспонаттар­ды сатып алудың, түрлі экспеди­ция жасақтаудың, ғы­лыми-зерттеу жұмысын жүргізумен ғана шектелмеуі қажет.Бұл ке­шен­ді жұмысты ынталандыру мен жүйе­леудің, барды ұқсатып, елге де, шетелге де танытудың, сол арқылы Қазақ­станның өз үні, өз жолы және ай­рықша тарихы бар мемлекет екенін көр­сетудің жөн-жобасы болады деп сенеміз. Қазіргі кезде Қазақстан эко­но­микалық тұрғыдан да, мәдени тұр­ғыдан да жаңашыл, талапшыл әлеу­етті жаңа мемлекет ретінде қалып­тасты. Сонымен қатар Қазақстан музейлерінің жұмысын реттеп отыратын құқықтық құжат қажет. Біздің музей саласындағы мәселелеріміз еліміздің «Мәдениет туралы» Заңында ішінара ғана көрініс тапқан. Бұл да біздің пікірімізше, музейлердің барлық проблемасын шешуге мүмкіндік бермейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ұлттық жәдігерлерді қаз-қалпында сақтап, ол мұралар жайын­да келушілерге жаңа технология кө­мегімен жан-жақты ақпарат бере алатын үлкен орталыққа айналады. Музей бұл міндетін қазір де іске асырып отыр. Музей ісін жүргізуді дұрыс жолға қою үшін сауатты да ыждағатты жұмыс жасай алатын кадрмен қамтамасыз етуді де талап етеді. Қазір бізде бірнеше шет тілін білетін, өз ісін жетік меңгерген жастар көптеп қызмет атқарады. Ұлттық музей атамекеніміздің айбыны мен айбары. Тарих пен мәде­ние­тіміздің қаншалықты бай әрі мағыналы екен­дігінің айқын куәсі. Музей ашыл­ғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қыш тақтаға «Рухы биік халық­тың ірге­сі берік!»  деп ойып жазған болатын. Расында да, біз рухы биік, арманы асқақ халықтың ұрпағымыз.

Сұхбаттасқан Толымбек Әбдірайым

Астана

2581 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз