Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 02 Қыркүйек, 2016

«Қазақ газеттері» мен «Жас өркен» ұжымдарының қоныс тойы салтанатты жағдайда аталып өтті

Бүгін «Қазақ газеттері» мен «Жасөркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ұжымдары жаңадан көшіп барған ғимаратында тұсаукесер рәсімін өткізді. Салтанатты жиынға қазақ баспасөзінің ардагерлері, Серіктестікке қарасты басылымдарың еңбек ұжымдары қатысты.

Алғашқы құттықтау сөз «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалинге берілді. Ж.Кенжалин әріптестерін осынау айтулы күнмен құттықтай отырып, ұжымның «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ғимаратына қоныс аударуы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тікелей қолдауының арқасында жүзеге асқанын жеткізді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың жолдаған Құттықтау хатын оқып берді.

Бұдан біраз бұрын жаңа қызметке тағайындалысымен министр өз ведомствосына қарасты мекемелер мен ұйымдарда болып, онда шешуін күткен мәселелерді көтеріп, ұжым мүшелерімен алқалы кеңес құрған болатын. Сондай бір кеңестің сәті «Қазақ газеттері» және «Жас өркен» Серіктестіктерінде де өтіп еді. Салиқалы әңгімеде министр ұжымдар отырған ғимаратты аралап көріп, өнімді жұмыс істеу үшін шығармашылық ұжымдарға тиісті жағдай жасалу қажеттігіне назар аударды. Сөйтіп, журналистердің болашақта жаңа қоныста болатындығына, мұның өзі өнімді еңбектің бір кепілі екендігіне тоқталды. Министр айтқан сөзінде тұрды. Міне, соның нәтижесінде екі ұжым Алматыдағы Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан радио үйінің кеңсе бөлмелеріне қоныстанды. Тиісті әктеу-жөндеу жұмыстарынан соң уақыт оздырмай, жаңа мекенге жайғасқан журналистер ежелгі дәстүр бойынша мұнда тұсаукесер өткізуді де ұмытпады.

Министрдің Құттықтау хатында «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ана тілі», «Экономика», «Ақиқат», «Мысль», «Уйғур авази», «Үркер» басылымдарының ел руханиятындағы алатын орны, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруға, еліміздің рухани-мәдени болмысын қалыптастыруға қосып жатқан үлестері, сонымен қатар халқымыздың бірлігін нығайту, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіту жолындағы еселі еңбектері айрықша атап өтілген.

Хаттың соңы: «Ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұлттық баспасөзге қолдау көрсету – Ақпарат және коммуникациялар министрлігі үшін көкейкесті мәселе. Сіздер қызмет ететін басылымдардың министрліктің тікелей ықпал етуімен жаңа ғимаратқа орналасуы соның бір мысалы. Осы жаңалық шығармашылық ұжымның тың ізденістеріне бастау боларына сенімім мол. Қоныстарыңыз құтты болсын! Елге қызмет ету жолында үлкен жетістіктерге жете берулеріңізге шынайы тілектестігімді білдіремін!» деген ізгі лебізге толы сөздермен аяқталған.

Сонымен қатар Жұмабек Омарұлы Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-                                                      мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың атынан келген Құттықтау хатты да оқып берді.

Салтанатты жиында «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, қазақ баспасөзінің ардагерлері Сарбас Ақтаев, Оразақын Асқар, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы филиалы директорының орынбасары Қаламқас Хасенова сөз сөйледі. Тұсаукесер шарасында «Балдырған» журналының қызметкері Құл-Керім Елемес, жас өнерпаз, ақын Амангелді Сейітхан домбырамен ән салды.

Жаңа қоныстың тұсаукесер лентасын отандық журналистканың майталмандары – С.Ақтаев, О.Асқар, Ю.Азаматов, С.Қалиұлы қиды. Соңынан шашу шашылып, фуршет ұйымдастырылды.

Kuttygtau

                                                                                 Дәуіржан Төлебаев

 

 

Суреттерде – тұсаукесер  рәсімінен және журналистерге шығармашылық ахуал тудыратын кеңсе бөлмелерінен көріністер.

11

1 2 3

9

5 6 7 8 10

1979 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз