Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 03 Желтоқсан, 2010

Ең асыл құндылықтар

Куандык ТуменбайҚұндылықты адамға Алла бұйырады. Адам оны өз бойында сақтап, өзгеге шапағатын тигізеді, қоғамның дамуында осы асыл қасиеттер қозғаушы күш боп айналымға түседі. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» атты күн тәртібімен өткен Ассамблеяның ХVI сессиясында осы мәселелер айтылып, арайланып атқан таңның алтын айдарындай әр жүректі бүлк еткізіп, болашақ бағдарламасын сызып бергендей болды. Тәуелсіздіктің өзі қымбат қазына, ал оның асыл құндылықтары неде десек, Елбасы осының бәріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Бабаларымыз аңсаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман осы. Енді осы заманның өзіне тән салт-дәстүрі мен құндылықтары болмай ма? «Біз Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершіліктің жаңа ДӘСТҮРІН қалыптастырдық.

Біз этносаралық және конфессияаралық қатынастарда АШЫҚТЫҚТЫ қамтамасыз еттік.

ТӨЗІМДІЛІК Қазақстанды табысты да сенімді дамытудың маңызды факторына айналды.

Бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатының рухын бейнелейді» деп, тайға таңба басқандай айшықтап берді. Төзімділік - ұлттық менталитетіміз. Қазақтай төзімді халық жер бетінде жоқ та шығар. Сенім - олардың жүрегіндегі қарлығаш қонған бір алтын ұя. Олар отының басына да, ошағының қасына да үмітті сеніммен қарайды. Тек біздің қорғасындай төзімімізді басқалар дұрыс түсінсе болғаны.

«Мемлекеттің этносаралық саладағы саясатының негізіне, саналуандықтағы бірлік» қағидаты алынған. Мұның өзі тіл саясатында барынша айшықты көрінеді. Бәрінен бұрын мемлекеттік тілде оқытатын мектептер желісі кеңейіп келеді», - деп Елбасы нақты мысалдар келтірді. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер 90-жылдар басындағыдан 2 есеге артыпты. Бұл біз үшін аса қуанарлық жәйт. Бұрын астанамыз Алматыдағы жалғыз 12-ші мектепті көзіміз көрді, шәкірттерімен тағдырымыз табысты. Енді этносаралық саясат тартпасын, Елбасы айтқандай, нығыз тартуымыз керек. Бұл сала бойынша баспасөздегі біраз пікірлерге көз жүгірттік. Бір қазақ, бір әзірбайжан, бір немістің пікірлеріне ойыссақ, бәрі де бір жерден шығады. Қазақ Аманкелді Айталы: «Мемлекет құрушы ұлтқа артықшылық беру керек» деген идеяға мен қашан да қосыламын. Бірақ бұл мәселені былай түсіну керек. Мемлекет құрушы ұлт дегеніміз - ол мемлекеттегі өзге ұлттарды ұйыстырушы, бағыт-бағдар сілтеуші, соңынан ертетін күш. Бір нәрсені ұмытуға тиіс емеспіз, Қазақстанда тұратын барлық ұлт азаматтарының құқы бірдей. Сондықтан олардың да мәдениетін, тілін дамытуға, өркендетуге жол ашқан дұрыс. Алайда ол ұлттардың өз тарихи Отаны бар екенін де ұмытпаған жөн. Ал мемлекет құрушы қазақ халқының Отаны - осы жер. Осы жерде ғана оның тілі, діні, ділі, яғни ұлттық құндылықтары өркендей алады. Сондықтан әрдайым басымдық осы жақта болғаны жөн» десе, әзірбайжан қызы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман: «Жалпы, мемлекет құрушы ұлтқа басымдық беру деген мәселені алғаш көтерген һәм ақпарат құралдарына осы жөнінде кеңінен айтқан менмін. Сондықтан қазақ халқына басымдықты да, еркіндікті де беру керек. Өйткені мемлекет құрушы ұлт Қазақстандағы өзге халықтардың ұйытқысы, ұйыстырушысы», - дейді. Ал неміс Герольд Белгер былайша ой толғайды: «Әрине, қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт болғандықтан оған артықшылықтар беріліп жатса, еш сөкет емес. Солай болуы да тиіс. Өйткені Германияда неміс, Францияда француз қашан да басымдыққа ие.  Бұл - қалыпты жағдай.

Елбасы сөзінде атышулы Қызылағаш аулының қасіреті айтылды. Ассамблея мүшелері қиын халге душар болған адамдардың игілігіне 47 миллион теңге қосыпты. Бұл - нағыз жанашырлық, асарға бергісіз адалдық, адамдық көрінісі.

Елбасы сөзінде жалпақ жұртшылықтың жүрегін де дір еткізген бір факт айтылды. «Ал америкалықтар үшін бұған дейін беймәлім болып келген флоридалық пастордың Құранның екі жүз данасын өртеймін деген мәлімдемесі күтпеген оқиға болды.

Мұндай мәлімдеулер мұсылман әлемінде әсіре теріс, жауап көзқарасты туындатуда», - деді ол. Құранды өртегеннің өзі де, Отаны да отқа оранары хақ. Мұсылман дініне кіріп, Құранды құрметтеген Лев Толстойды храмнан қуғанмен әлемдік гуманизмнен ешкім де қуа алмады, тіпті дін мен гуманизм әліппесі сөз бола қалса Лев Толстой есімі қоса аталады емес пе?

«Шынайы патриотизм дауыс көтере сөйлеген сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қимыл-әрекеттерден көрінуі керек.

Қазақстандық патриотизмнің өлшемі ел игілігі үшін жасалатын өндірістік және шығармашылық еңбек болуы тиіс екеніне мен сенімдімін», - деп, Елбасы болашақ бедерлерін қолмен нұсқап, көз алдыға тартты. Бұл істің басында жастар тұратыны бесенеден белгілі. Өнертапқыштық пен өміршең шығармалар жасау тек жас адамның қолынан келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап жастар үшін төзімділік пен келісім тақырыбын қозғаған көркем фильмдер сериясын шығару жоспары да өте маңызды. Тек қазақты, әсіресе жастарды әсіре төзімді, момын кейіпкер ретінде көргіміз келмейді. Оның қолына қойшының таяғы мен диқанның кетпенін ұстата салуға болмайды, ауылдан келіп, қалада «тазалық сақшысы» боп көше сыпырып жүрген қазақ қыз-жігіттерінің бейнесі де жарамсыз. Біздің жастар Жерді шыр айналған ғарышкер, жүз градустық домнада өзге ұлттарды еңбекке жұмылдырған үлгі-өнегесі мол көзге түсер кейіпкер боп сомдалуы керек. Соның бәрінде олардың ата-бабасынан қалған қайсар көңілі мен төзім қуаты көрініс беріп, өзгелерді өзіне үйіру керек. Бұны Нұрсұлтан Назарбаев сөзімен дәйектесек, «Біздің төзімділік моделімізді ортақ түсіну мен жетілдірудің жаңа тетіктерін жасау мақсатында бұл мәселеде терең де жүйелі көзқарас қажет».

Елбасы ана тіліміз - мемлекеттік тіл төңірегінде жеріне жеткізе айтып, залды дүр сілкіндірді. Барлық азаматтар қазақша сөйлеу үшін әуелі өзіміз бір-бірімізге қазақша тіл қатуымыз керек-ақ. Елпілдек көңіл-күй тілді етбетінен түсіреді, біз туған топырақты шалқайып басып тұрып өз тіліміздің өнегесін көрсетсек, бізді ешкім де сөкпейді. Бұны Елбасы сөзімен айшықтасақ, «Біздің мақсатымыз - мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу». Үлкен-кіші жиналыстың бәрі мемлекеттік тілде өтсе - іргенің беріктігі, қазықтың тереңге кеткендігі. Елді тұрақты мекендеушілер де, құт боп келген қонақтар да әуелі қазыққа көз тігеді. Ал, жиналыстың ала-құла өтуі - өтпелі көпірдің солқылдақтығы, өзге бір адамның аузына қарап ұлтыңның ұп-ұзын қызыл тілін қысқарту әрі көңілжықпастық, әрі болашаққа деген сенімнің жоқтығы. Бұндай көңіл-күйден құлан-таза айығу - уақыт талабы, Ассамблеяның да асқаралы міндеттерінің бірі осыған саяды.

Ассамблея делегаттары да әр шаңырақтан арна тартқан өкілдер болды. Солардың бірі - ҚР Бас раввині, Қазақстандағы еврей орталығының төрағасы Ешая Когеннің сөзімен ойымызды түйіндесек, ол былайша шығар еді: «Мен өзім Қазақстанға 1994 жылы Иеруасалимнен келгенмін. Мінеки, бұл қасиетті жерде тұрып жатқаныма да 16 жыл болып қалыпты.

Қазір әлемде болып жатқан келеңсіздіктер неден туындайды? Адамдар бір-бірін түсінбегендіктен туындайды. Түсіністік болмаған жерде ешнәрсе өнбейді. Ілгері қарай кететін нәрсенің бәрі кері кетеді. Қоғамға қауіпті туғызатын да осылар. Кезіндегі КСРО-дан тараған мемлекеттердің көбінде нешетүрлі қақтығыстар болды, болып та жатыр. Ал Қазақстанда, құдайға шүкір, ондайлар болған емес. Неге? Өйткені, бұл жердің негізгі халқы - қазақ халқы. Қазақ халқының кең пейілі, басқа халықтарға деген құрметі, махаббаты ондайға ешқашан да жол бермейді. Мен бұған сенімдімін».

Иә, біздің басқаларға деген махаббатымыз бен көнтерілілігімізді басқалар дұрыс түсінсе дейміз. Қолымызға ұстаған ақ таяғымыз - ұлттық символымыз, момындығымыз тағы бар, осының бәрінің басын қосып, қой мен қойшы атауын біріктірген біртұтас ұғым тумаса болғаны. Қоғамда қонағын Құдайындай сыйлап төрге шығарған бір ұлт болса - ол бізбіз. Бұл да бізге жаратқанның жіберген құндылығы.

«Кең болсаң, кем болмайсың».

Тарихқа жүгінсек, кемдіктің бірінші шарты - тілсіздік.

Мемлекеттік тіліміз барда кімнен кембіз.

Аңсаған арманымыз да, шалқыған шаттығымыз да осыған келіп тіреліп тұрғанын қазаққа айтудың керегі бар ма екен?!

Аңсаған арманымыз да, шалқыған шаттығымыз да осыған келіп тіреліп тұрғанын бір-бірімізге айтып жатудың керегі бар ма екен, сірә?

Құндылық - қолымызда!

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

1563 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз