Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қаңтар, 2011

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ, Әл-Фараби және Қ.Яссауи атындағы халықаралық фәлсафа қорының жетекшісі. ФӘЛСАФА – МҰСЫЛМАНДЫҚ ДҮНИЕТАНЫМ

Қазір біздің бір топ атеист философтарымыз өздері шыққан шекпен етегінің шеңберінен шыға алмай, «фәлсафа – дегеніміз философияның арабшаланған түрі» – деп батыстың азғын ойлы ғұламаларының тұжырымын жалаулатып, жоғары оқу орындарындағы студенттердің құлағына құюмен әлек.Бұндай шалағай тұжырыммен үзілді-кесілді келісуге болмайды. Фәлсафа мен философияның негізгі бұлақ көзі бір, сенім мен таным проблемелары туралы тұжырымы ортақ болғанымен мазмұндық жағынан өзгерістері аспан мен жердей, бірімен-бірі үйлесімге келмейтін ілім. Фәлсафа мұсылман мәдениетінің туындысы - соған орай мұсылмандық ойлау принципіне негізделген мұсылман ойшылдарына тән ерекше (аян) ойлауға баратын менталитетті мұсылмандық дүниетаным, философия - христиандық менталитет пайымдауы негізіндегі ілім. Мұндай діни партикуляризм міндетті түрде дүниетанымдық үйлеспеушілікті туғызатыны кімге де болса аян. Мәселенің күрделілігі сонда, сонау антика дәуірінің ойшылдарынан бастап нақтылы жауапсыз қалып келе жатқан сұрақтар бар, соның бірі - дүниенің басы, жаратылуы. Осы мәселеде екі дін – Христиан мен Ислам ешқашан да мәмілеге келмейді. Бұл сонау Аристотель заманынан бастап жауабын таппаған сауал. Себебі, бұл діни догмаларда біздің көкейіміздегі сауалға жауаптары әртүрлі, соған орай адамдардың дінге байланысты бір-бірінен алшақтай түсуі де заңдылық. Дәл осыдан, бүгінгі таңда әлем діни жауығудың, дауласудың негізгі аренасына айналып отыр. Бұл жауаптардың негізінде дүниені бөлісу, әлемді меңгеру жолдары жатыр. Бұл – байыз таппас тарихи бәсекенің көрінісі. Осы жерде келтірген пікірмізге орай фәлсафа тарихы мен оған берілер тұжырымға аздап тоқталып өтуге негіз бар сияқты. Өйткені, біз білетін философтардың фәлсафаны бағалауы христиандық дәстүрде болғанын жоғарыда ескерттік... Кезінде өз өрісін жайған грек философиясы орта ғасырда ұмыт бола бастағаны тарихтан мәлім. Гректер өз мұраларына өздері иелік ете алмай қалды. Өркениет архивке айналды. Міне, осы кезде тарих сахнасына, сол архивке айналған грек философиясын жаңаша тірілтіп, мұсылман өркениеті шыққан. Мұсылман өркениеті –Ислам өркениеті. Фәлсафа – антикалық философияны араб тілінде мұсылмандық дүниетаным негізінде қайта жандандырып, көші кідірген дәстүрді одан әрі жалғастырған. Мұсылман елдерінен шыққан бұл ойшылдар тобын – әлемдік ғылымда мұсылман фәлсафашылары деген атау сол кезде-ақ қалыптасқан. Бұл ғұламалармен Аристотельді қайта тану ілімі өмірге келіп, оның ілімі ренессанстық деңгейге көтерілген. Аристотель – фәлсафаның да, философияның да ортақ тірегі. Оның еңбегі ең алдымен түгелдей араб тіліне аударылды. Осы аударманы жасаушы мұсылман ғұламалары сол кезде Аристотельді мұсылмандық негізде түсінген және түсіндіргені тағы да шындық. Бүгінгі Фома Аквинскийден бастау алған Батыс Европа философиясы, осы аудармалар негізінде, фәлсафадан жаңа европалық ойлау мәдениеті философиясын қалыптастырды. Бірақ, әділдік әлі күнге толық мойындалмауда. Тарих мынаны айтады, 1920 жылы Парижде Аристотель мұрасын зерттеу, анығын айтсақ, оны мұсылман фәлсафасы ықпалынан аршып алып, католицизм дүниетанымына сәйкестендіру ісі қызу қолға алынды. (Бұған сол кезде жүйеге түскен фәлсафа ілімі мен қазіргі Батыс Европа философиясын салыстыра оқи білетін екі адамның бірінің көзі оп-оңай жетеді. Б.А.) Бұл істі тыңғылықты орындап, жеріне жеткізген Фома Аквинский және оның жақтастары сол кезде фәлсафашылар еңбектерін теріске шығару ісімен түбегейлі айналысты. Мұндай қимыл сол кезде жаңа-жаңа қуаттанып келе жатқан христиан діні ойшылдарына, әсіресе католиктерге қажет болды. Олар "Мұсылман" сөзіне аса бір асқан жеккөрініштікпен қарады. Бұдан соң Папаның тапсыруымен Альберт Великий, одан соң Раймунд Луллий, Европадағы мұсылмандықты мүлдем жою мақсатында тіршілік жасады. Бертранның "...Мы обязаны арабам в знании греческой философии..." деген сөзі мен И.Гердердің "Арабтар болмаса Герберт те, Альберт Великий де, Вилла Новалық Арнольд те, Роджер Бэкон де, Луллия Раймунд та болмас еді . Олардың бәрі Испанида арабтардан оқыды немесе солардың шығармаларын оқыды. Тіптен Фридрик ІІ -нің өзі араб кітаптарын аударуға қамқор болып, ғылымдардың жандануына жағдай жасады" – деген мойындауларын да назарға ілмеді. Содан басталған мұсылманды құқай көрсету індетті науқаны күні бүгінге дейін өріс алып келеді. Осыны үғынған Пифагор сол кездің өзінде-ақ, "Фәлсафа ілімі философия үғымынан тарихи жағынан тіршшігі кейін болғанымен, бүгінгі батыс Европалық философиядан тарихи жағынан тек бұрын ғана емес, оның алғы шарты" екенін ғылыми тұрғыдан тұжырымдап кетті. Біз кеше де, бүгін де, батысшыл ғұламалар өмірге әкелген, өз діндеріне лайықтап дәйектеген, осы батысшыл философия ілімімен өсіп-өніп келеміз. Осыған орай менің айтпақ мына оқшау пікіріме ешкім де қарсы келе қоймас. Біздің казіргі жоғары оқу орындарында оқытып жатқан саяси білімдеріміз – христиандық менталитетке, дүниетанымға негізделген философия. Сонда, мұсылман мемлекеті бола отырып, біз неге фәлсафадан бұрын бұл ілімді оқуға тиістіміз? Неге Бағдат халифатына қатысты алғашқы кезең фәлсафасын, одан кейінгі Орта Азия мен Қазақстан территориясында ерекше қарқынмен дамыған фәлсафаны, бұдан соң Мұсылман Испаниясындағы Европалық фәлсафаның негізгі өкілдері болып саналатын әл-Кинди, әл-Фараби, ибн-Сина, Аттар, әл-Ғазали, ибн-Бадж, ибн-Туфейл, ибн-Рушд, ибн-Араби тағы басқалардың төрткүл дүниеге аян ғылыми еңбектерін оқымаймыз? Бұнымен де шектелуге болмайды, Қазақстандағы Қожа Ахмет Яссауиден Мәшһүр Жүсіпке дейінгі имани ойшылдар фәлсафасы ше? Ұлт ретінде бізге ең алдымен осы тарихты білу қажет емес пе? Бұл, базбіреулер лағып айтқандай халифатты аңсау емес, ілім тарихын игеру, заңды қажеттілік. Бұл тарих – алдымен, "Әрине, әрбір істің басшысы Аллаһ, ал білім бұлағы, – Аритотель" – деген әл Кинди мен өзіміздің әл Фарабиден басталып, өріс алады. Әңгімеге философия жағынан-ақ келейік. Нағыз философия дегеніміз ақиқатты тану емес пе? Ал бүгінгі таңда фәлсафаның атасы атанып отырған әл Кинди сол кезде-ақ "Фәлсафаның мәні шындықты танудағы адам қабілетінің мөлшерін білдіреді. Бар болудың өзі – ақиқат, ал бар нәрсенің танылуы – табиғи іс. Ақиқаттың қасиеті - оның танымдылығында" – деп "Алғашқы философия туралы" трактатында тұжырым жасапты. Болмыс -ақиқат болмаса, шындық ретінде өмір сүре алмайды. Нәрсенің, заттың барлығы - оның ақиқаттығында. Солай бола тұра тарихқа Фәлсафа атымен енген, осындай елімізге өте қажетті ғылымды қазақ оқымыстылары бүгінгі таңда неге ел ғылымының есігінен сығалатпай отыр ? Артық болмас, тағы бір дерек, ортағасырлық схоластика философиясының өзі мұсылмандық, иудейлік және христиандық болып үшке бөлінген. Бұлардың арасында Иудейлік схолостика да Европаға араб тілі арқасында жеткенін мойындайды. Тарихтан мәлім, Платон – Аристотельдің ұстазы. Өз кезінде зиялы ортада Платонның салмағы Аристотельден әлде қайда басым болған. Арабтар болса осы мәселені философия тарихында басқа арнаға салып, Аристотельді алға шығарды. Неге? Мұны фәлсафа тарихы ілімін оқығандар ғана толық біледі... Міне, осы дәлелдерді алға тарта отырып, ел назарын фәлсафалық бұлақ көзіне аудару, жарасымды заңдылық десек артық болмас. Әрине, фәлсафа ілімі шоқтығы биік әлемдік ғылым болған соң, өзіне тән проблемалары да баршылық. Оның бастысы «Әрбір пайғамбар – данышпан, әрбір данышпан - пайғамбар емес» – деген қанатты сөздің авторы, фәлсафа мен діннің бірлігі туралы көптеген құнды еңбектер жазған ибн Рушд туралы біздің ғалымдарымыз айтып жүрген "Ибн Рушд фәлсафаның аса көрнекті әрі соңғы өкілі деген тұжырым бар". Осы дұрыс па? Жоқ! Бұл фәлсафа ілімін ілім есебінде жоюшы философтардың пікірі. Фәлсафа күні бүгінге дейін даму қарқынын бәсеңсіткенімен, ілім есебінде, әрбір мұсылман елінен өз қолдауын табумен қатар, заман ағымына лайық хал-қадірінше тіршілік жасап келеді. Фәлсафа тарихын Ибн Рушдпен аяқтауға болмайды, оны ойлау мәдениетінің осы бір ерекше бағытының классикалық соңғы өкілі деп айту да артық. ФИЛОСОФИЯ МЕН ФИЛОСОФТАРДЫҢ ДӘРМЕНСІЗДІГІ Енді философия мен философтардың бүгінгі таңдағы дәрменсіздігіне байланысты бір ғана мысал келтірейін. Қазір тастаған таяқ, философ ғалымға тиетін болды. Әсіресе, біздің елде. Соңғы уақытта мемлекеттік қызметте істейтін басшылардың басым көпшілігі бұл саладағы терең ілімнен өздері мақұрым болса да, сала құлаш дипломы бар ғалым болып алды. Философия ғылымының беделі түсті. Ал, фәлсафа ғылымында мұндай еркіндікпен бетімен кетушілікке ешбір жол да, негіз де жоқ. Фәлсафа ғылымының иелері герметикалық немесе тылсымдық ойлау менталитеті қасиеттеріне иелік етеді. Олар эзотериктер. Бұл құпиясы мен сыры ішіне бүгілген ілім. Бойында тумысынан ерекше қасиеті жоқ адам фәлсафа ғалымы бола алмайды. Жас Әбу Бәкірден ибн Рушд «Аян арқылы белгілі болған ілім мен философиялық пайымдаулар арқылы алынған білім сәйкес келе ме?» – деп сұрағанда Ол: «Әлемнің шексіз субстанцияларын тануда кәдімгі білімдер дәрменсіз, ол тек мистиктердің қолынан келетін іс» – деп жауап берген. Міне, аян мен пайымдаудың ара салмағы! Аян жолымен жүрушілер Жаратушының аян беріп отыратынын және оның қайталанбайтынын біледі. Олар әрбір аянмен жаңа дүниені жаратып, жаратылғанды әкететіндігін көріп куәландыра алады. Тылсымның осы ерекшеліктерін түсіндірген ғұлама Ибн Араби де адам санасының бастауын іздеген. Ол Хақ тағала мен пендені бөліп қарастырып, мынадай тұжырым айтқан: "...Кәміл адам қүдіреті – құдайдың көлеңкесі немесе абсолютті мәндегі кереметтің қысқаша шағын көрінісі. Адам ешқашан құайдың қасиеттеріне ие болмақ емес. Хақтың білімі - мәңгілік, ал адамның білімі пайда болған. Жасалушыда жасау құдіреті болмайды. Кімде жүрек болса, соған өсиет, кімде ақыл болса емес. Сен Аллаға оны көріп тұрғандай құлшылық жаса. Жаратқанның мәнін пайғамбарлар мен софылар арасынан шыққан теологтардан өзге ешбір ғалымдар білген емес. Теорияшылдық оны ешуақытта аша алмайды, ол жолдағылар қашан да айдалаға лағып кетеді..." Сонда, бізге, қазақтарға, Қазақстан мемлекетіне алдымен философияны таңдау керек пе, әлде мұсылман мемлекеті ретінде фәлсафа ілімін таңдау керек пе? Осы сұраққа біздің елімізде әлі күнге нақтылы жауап берілмек түгілі, бастауыштық дәрежедегі талпыныс та жоқ. Ел егемендігі – шекарамыздың бөлінумен айқындалса да, ұлттық сана, ұлттық болмыс-бітім тұрғысынан әлі күнге толық айқындалмай отыр. Ұлт ретінде ұлттық сана өз егемендігіне қол жеткізген жоқ. Осы орайда бүған бірсыпыра нақтылы дәлелдер келтіруге болады. Қазір "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы негізінде алғаш рет мемлекеттік тілде гуманитарлық білімге арналған толық қор құру жайлы кең және ауқымды мәселе қолға алынып отыр. Бұл әлемдік мәдениеттің, ғылымның, бүкіл рухани дүниенің ең үздік үлгілері толық қазақ тілінде сөйлеуі керек деген сөз. Мұнымен бірге, қазақ халқының бай рухани және мәдени мұрасы да жинақталуда. Мұндай күрделі міндет толыққанды түрде өз шешімін табу үшін қазір ғалымдар жұмыс жасап жатыр. Соның жарқын бір дәлелі ҚР БҒМ Философия және саясатану институты республиканың жоғары оқу орындары өкілдерінің күш жігерін біріктіре отырып 20 томдық "Әлемдік философиялық мұра" мен 20 томдық "Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы" топтамасын шығаруда. Еліміздің рухани байлығы болып саналатын осы еңбектердің ішкі дүниесін айтпай-ақ, топтамаларға тақырыптық талдау жасасақ, фәлсафа туралы жақ ашылмаған. Философия тарихы бар, фәлсафа тарихы жоқ. Әл-Фарабидің философиясы бар, фәлсафасы жоқ, тәуелсіз Қазақстанның философиясы бар, тәуелсіз Қазақстанның фәлсафасы жоқ. Бұдан шығатын қорытынды – ұлт ретінде ұстанатын іліміміз фәлсафаның әлі күнге нақтылы иесі жоқ, ол қазақ ғылымында лайықты өз орынын таппай отыр. Ал фәлсафа ілімі ең алдымен, күні бүгінге дейін дәстүрлі Ислам дінін ұстанып келген, қазақ халқына қажет. Осы ілім санамызға сіңетін болса, бетімен кеткен берекесіз гуманизм діни санадан жоғары асқақтамай, бүгінгі таңда жегі құрттай өріс алып бара жатқан жастар тәрбиесіндегі имансыздықтан арылар едік. Ұл ұятына, қыз қылығына оралар еді. Ұрпағына үмітпен қарар әлем сүйсінген ел болар едік. өйткені, Алладан аян болып түскен фәлсафа, ең алдымен Сіз іздеп отырған ардың ілімі. Дәл қазір, көзінің тірісінде Ислам әлемінен «Шейх-ул-Ислам» атағын алған, «Мұхаммедтен кейін пайғамбар болса, ол сөзсіз Ғазали болған болар еді» – деген абыройға бөленген әл Ғазалидің «Діни ғылымдардың қайта өрлеуі» сияқты еңбектерін оқып үйрену керек десең, біздің философ ғалымдар иттен үріккен ешкідей едірейе қарары хақ. Өйткені автор "Дін туралы білім өте керек, оны нағыз білушілер – оны білгендер. Бала үлкендер әрекеті туралы біле бермейді. Ересек адам болғанмен ол ғалымның білгенін білмейді. Сол сияқты ғалым да суфийлердің аян арқылы берілетін білімінен бейхабар" – деген тұжырым айтады. Хакім Ғазали өз кезінде Аристотельдің де кемшіліктерін көрсеткен, христиан ойшылдарының мұсылман хакімдеріне қойған сауалдарына нақтылы жауап іздеген және оны тапқан. Бұл ісінде ол суфистік бағыт ұстанған. Суфизм хакімнің қолында шешуші құралға айналған. Ал суфизм дегеніміз не? Суфизм қазіргі таңда Қазақстанда, Қазақстанда ғана емес, әлемде жұртшылыққа түсінікті ілім болмай отыр. Өйткені, ол – болмысынан шағын топтың ғана қабылдай алатын құпиясы. Мұндай қасиет өз ішінде болмаған соң ортодокциялық Ислам иелерінің өзі суфизммен әрдайым қайшылықта болып келген. Өйткені, суфизм Алла мен адамдар туралы, жаратушы мен пенде туралы ілім, ал ортодокциялық Ислам, құранның әрбір аяты «Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббы Аллаға тән» деп басталатынын біле тұрып, осы парызды ығыстырып, Пайғамбарларды көбірек қастерлеуге құлықты. Біздің жыл сайын республика көлемінде тұтас бір ай бойы Мұхаммед пайғамбардың туған күнін мәуліт ретінде атап өтуді дәстүрге айналдыруымыз, осы пікіріміздің нақтылы дәлелі. Аллаға серік қосып, жеке адамдарға табыну мен оларды шексіз ұлықтау, қазір осы жерден бастау алуда... Дегемен, мұның байыбына жету, дәл қазір Қазақстанда өте күрделі мәселе. Өйткені, күні бүгінге дейін әлем дін ғұламаларының өзі, бірін-бірі жоққа шығарып келген. Дін ғұламаларының бірін-бірі осы жоққа шығаруын ғылымда тағы жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, басқа хакімдер былай тұрсын, әлем мойындаған әл Ғазалиді күні бүгінге дейін мұсылман діншілдерінің өзі бір жағынан ғайбаттап жатса, екінші жағынан "Исламның дәлелі" – деп асқақтатып келген. Осыған орай ибн-Рушд "Ол Ашарийлер арасында ашарийт болды, софылар мен софы фәлсафашыларымен фәлсафашы" болды деп баға берді. Дін ғүламаларының бірін-бірі ғылыми жолмен бұлайша жоққа шығаруы, ғылымның алға басуы саналады. Осы орайда әлем мойындаған қазақстандық екі фәлсафашы ғүламалар өміріне арнайы тоқталып өткелі отырмын. ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ОҒАН БІЗДІҢ ЕЛДЕГІ КӨЗҚАРАС Бүгінгі философтарымыздың айтар әңгімесіне өзінің құдайшыл ілімімен үйлеспей жүрген Әл-Фараби бабамыз Фараб қаласының бай кітапханасындағы құнды дүниелерді қанағат тұтпай, ел жұртын соңына қалдырып, фәлсафа ілімін негіздеу үшін, сонау араб еліне аттанғаны тарихтан белгілі. Осы орайда ел аузындағы тағы бір аңыз Арыстанбап пен әл Фарабидің ұшырасуы. Мұхаммед пайғамбардың сенім артқан сахабасы Арыстанбап әулие Араб елінен сүйікті пайғамбарымыздың аманаты – қасиетті құрманы Құл Қожа Ахмет Яссауиге тапсырғалы қазақ сахарасына жеткенде, сол кезде аяндық жолда жүрген әл Фарабиге ұшырасады. Арыстанбап аян ілімінің басты негізі болып саналатын Құран Кәрім түскен Араб еліне барып тіршілігін жалғастырса, ұлы мұратқа жететініне жол сілтейді. Әрине, бұл енді аңыз... Ілім жолы қашан да ең ауыр жол. Ондай жол көп жағдайда жолаушыны жеткен жерінде қалдырады. Ғұламаның Сирияның Дамаск қаласында көз жұмуы соның айғағы. Заманында теңдесі болмаған ғұлама әл-Фарабиді грек философиясын, әсіресе, Аристотельді жетік талдағаны үшін оны "екінші ұстаз" атағанын қазір бәріміз жақсы білеміз. Бұл баға әрбір қазақ үшін мақтаныш. Қай кезде де ұлтты ұлт ретінде әлемге танытатын өз заманынан озық туған осындай тұлғалары болса, біз сол тұлғаны өз бауырымызға тартуға күні бүгінге дейін неге салқынбыз? Хакімнің тарихи туылған жерін атына қосып жазып кетуінің өзі бүгінгі ұрпағы бізге артып кеткен ұлы аманаты емес пе? Қазақ сол аманатты неге ойламайды? Әлем мойындаған Фарабиді біз неге өз дәрежесінде мойындамаймыз? Оның жалғыз ғана себебі болды. Ғұлама Жаратушыны еш уақытта жоққа шығармаған.. « Аспан астындағы дүниенің бәрі жалған. Бәрі өзгеріске түсіп отырады. Ал осы жалғандықтан оқшау тұратын жалғыз құдірет бар. Онда не дене, не материя, болмаса акциденция болмайды. Ол барлық субстанциялар мен акциденциялардан оқшау. Ол - күллі жаратылғандардың тәңірісі жалғыз Хақ тағала- деген ғұлама. "Ғылымдардың шығуы туралы" еңбегін "Білгейсің, субстанциялар мен акциденциялардан басқа және сол субстанциялар мен акциденцияларды жаратқан мәңгілік жарылқаушыдан өзге ештеменің жоқ екенін» деп бастайтын ғұлама «Мәселелер мәні» атты еңбегінде Жаратушы туралы мынадай тұжырым жасайды: «... Оның бар болуының себебі жоқ. Ол әлдененің арқасында шын бар болмайды. Ол – заттардың бар болуының бастапқы себебі. Осыдан әқажетті бардыңә бар болуы барлық бардың (тіршіліктің) бастауы деген қорытынды шығарады және ол қандай да болмасын кемшіліктен таза болуы қажет. Осылайша, оның бар болуы мейлінше кемелді. Ол себептерге – материяға, формаға, әрекет пен мақсатқа бағынышсыз, еркін, өмір сүрудің ең кемеліне жеткен қажетті бар». Мектептерге сол кезде ақылды адамдар жетекшілік етті. Әдетте, ақылды адам өмірде үстемдік құрып отырған саясатты тек насихаттап түсіндірумен ғана болса, оған өкімет құрмет көрсетіп көтермелейді, ал егер ол өз ілімімен алға бастайтын кесек ой айтып, жұмыс істеп тұрған саясатқа күдік келтіре бастаса, онда ондай ғұлама қуғынға түседі. Соған орай озық ойдың иелері қашан да сақтықпен өмір сүрген. Бүкіл Түрік әлемінде софылық ілімнің көшбасшысы болып, Түркістан шаһарында көз жұмған Қожа Ахмет Яссауи де өз заманында аз тауқымет тартпаған. Өмірден озғаннан соң да, ұлы ғұламаға байланысты Көреген Темірдің көрегендігі мен кісілігінің арқасында басына көтерілген мовзолейден артық әлі күнге нақтылы ештеңе тындырылған жоқ. Көктен болған аяндық нұсқаудан соң жарты өмірін жер асты қылуетінде өткізген ғүламаның бар өмірбаяны да әлі күнге көкпайға түсіп жүр. Көненің көзі мовзелей бізге үнсіз үмітпен қарайды, бізден жауап жоқ... Яссауий жайлы бізден гөрі Анадолалық Түрік бауырларымызға рахмет, солар жанашырлық танытып, солар ғана Яссауидің нағыз жоқтаушысы болуда. Сол елде ғана Намық Кемал Зейбек жетекшілік ететін Яссауи атындағы халықаралық қор жұмыс жасауда. Қор жетекшісі өткен жылы Парламент Сенатының төрағасы Қасым Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, соңынан қор маңызы жайлы қазақтарға сабақ боларлықтай дәрежеде Сенат депутаттарының алдында мемлекеттік тілде қазақтар қызығарлық дәрежеде майын тамызып сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жаңа дүниедегі Яссауи ілімінің орыны туралы әңгімеге шақырды. Жаңа дүние, жаңа өркениет, жаһандану үдерісіндегі Яссауийдің ар ілімінің орынына тоқталды. Шешен, ғұламаның рухани қазынасына терең бойлап, оның әділдік пен адамгершілікке, өзін-өзі жетілдіруге, ізгілікке бағытталған негіздерін барынша қарапайым тілмен жеткізді. Ахмет Яссауидің фәлсафалық мұраларымен танысу қазақ және түрік халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға қомақты үлес қосатынын жеткізді. Бірақ, осыны үғынған сенат дапутаттары болса... қазір жүйесіз болса да елімізде ғұламаның әлем кітапханаларындағы барлық еңбектері жинастырылуда."Диуани Хикмет" атты жырларын ақындарымыз қазақ тіліне аударып, бірнеше рет кітап болып басылды. Аудармада діни ілімдік жағы емес көркем өлеңдік жағы көбірек назарда ұсталды... Өткен жылдың соңында Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің демеуі және "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи мәдени қорық мұражайының ұйымдастыруымен "Қожа Ахмет Яссауидің мұрасы мен ілімінің зерттелу мәселелері" атты республикалық конференция өтті. Тақырып – әдемі. Конференцияда республиканың барша өңірінен ғалымдар, зерттеушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары бас қосты. Жиналғандар Яссауи ілімінің нақтылы оқытылуынан гөрі еліміздегі тарихи мәдени ескерткіштердің сақталуына баса назар аударды. Аталмыш конференцияға қатысушылар жиын қорытындысы бойынша қабылдаған қарарында Қожа Ахмет Яссауидің мұрасы мен ілімін кең насихаттауға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, мектеп пен жоғары оқу орындарының оқыту бағдарламаларына пән ретінде енгізілуін Үкіметтен сұрады.Талап дұрыс. Бірақ, қалай енгізу, не үшін енгізу мәселесі айтылған жоқ. Өйткені, оны түсіндірер фәлсафашыл өрелі мамандар конференцияда болған жоқ. Конференцияда осы ұсынысқа қосымша қорық мұражайының қазіргі мәртебесі өзгертіліп, мекемеге ғылыми зерттеу орталығы статусы берілуі қажеттігін талап етуі де өте құптарлық ұсыныс болды. Қазір Түркістандағы Қазақ-Түрік университетінде қоғамдық негізде Яссауи тану үйірмелері жұмыс жасап, ғұлама өмірбаяны мен тіршілігі жайлы ғылыми еңбектер жазылуда. Осы еңбектердің бірде-бірінде осы күнге дейін, ғұламаның фәлсафа іліміндегі орыны толық көрсетілген емес. Бізге фәлсафашы немесе софылық ілім оқытушылары керек. Мұндай маман бүгінгі таңда Қазақстан ғылымында қалыптаспаған. Маман болмаған соң, Яссауи бабамыздың нақтылы ілімімен әлі күнге жетік таныса алмай отырмыз. «Жаңа щзаман философиясы» сияқты бізде «Жаңа заман фәлсафасы» да болуы керек. Болған жағдайда ол да тарихи мәдени феномен саналады. Жалпы, жаңа ілім Қазақстан сияқты жаңа мемлекетте өркен жайып жатса, елдің имани гүлденуіне мүмкіндік мол болмақ. Бізге қазір Әл Киндиден Мәшһүр Жүсіпке дейінгі әлемдік фәлсафа ілімінің, мұнымен қатар Әл Фарабиден Мәшһүр Жүсіпке дейінгі қазақ фәлсафасының тарихы керек. Бұл аралықта Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Ахмет Яссауий, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани, Мырза Мұхамед Хайдар Дулати тағы басқалардың фәлсафаларымен танысамыз. Бұдан соң қазақ фәлсафасының типологиясын белгілеу қажет. Әлбетте, ілімдегі қазақ деген сөзді бұрын естімегендер шошып түсуі мүмкін. Дегенмен, типологияның өлшемдері тарихи, географиялық, аймақтық немесе ұлттық болса, қазақи өлшем неге естен шығуы тиіс. Бұл да оңай шаруа емес. Бұл да оңай шаруа емес. Бұған қосымша кешегі Алашшыл қазақ ойшылдарын неге қазақ фәлсафашылары ретінде мойындамасқа? Қазақта ерекше ойлау менталитетіне ие болғандар баршылық қой. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан ЖҰмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов тавғы басқа даналар міне сондай ойшылдарымыз және алғаш мектеп табалдырығын арабша имани білім алумен ашқандар. Олар ой еркіндігін өз дүниетанымының басты принциптерінің бірі етумен жаңа ұлттық ояну фәлсафасын ұсынғанын да ұмытпауымыз керек. Дәл қазір біздің қазақ халқына дәстүрлі мұсылмандық болмысын ұстап қалу үшін, осы фәлсафа ілімі ауадай қажет. Кітапта осы келтірген пікірлеріме қоса, мынадай қажетті нақтылы ұсыныстар айттым: Біріншіден, Республика Президенті әкімшілігінің құрылымында жұмвс жасап жатқан Конфессия аралық қатынастар жөніндегі бөлім сияқты, бүгінгі қажеттілікке және фәлсафа ілімінің ғылым жүйесіндегі өз орынын айқындап алатын бөлім не Қазақстандағы фәлсафалық ой орталығы ғылыми зерттеу институтын ашу. Екіншіден, қазақ ғылымындағы фәлсафа философияның аражігін байсалдылықпен ашу. өйткені, бізідң елдегі философия ілімі тұтасып қатып қалған мұз құрсауы сияқты қатты да ызғарлы. Дәл қазір оны жібітетін күш қуаты мол механизм жүйесі байқалмайды. Философтар мемлекет санасына фәлсафа ілімінен төгілер сәулеге бөгет болудың барлық жолдарын жасап бағады. Үшіншіден, "Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты" демекші, төрт жыл қатарынан жабылып қалып, 2000 жылы айқаймен жүріп ашылған, Үкімет жанындағы Діни ұйымдармен байланыс жөніндегі Кеңес Хатшылығы, осында бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасаған, мамандығы энергетик А.Мұқашевтың зейнеткерлік жасына жетуі үшін ғана жұмыс жасады да, қазір Әділет министрлігіне қарасты дін істері жөніндегі Комитет болып дәрменсіз халге түсті. Бұрын Үкімет атынан жұмыс жасаған салмақты құрылымның қоғамдық негіздегі төрағасы, қабылданған Үкіметтік құжат бойынша Премьер министрдің бірінші орынбасары болатын. Бүгінде Әділет министрлігіндегі қатардағы бір комитеттің басшысын кім тыңдайды? Бұл келісер жайт емес. Бұл құрылым Республика Президенті жанындағы Мемлекеттік Хатшылықтың бөлімі ретінде, болмаса осы құрылым бірлігі мен Президент әкімшілігі құрылымындағы Конфессияаралық қатынастар жөніндегі бөлімді біріктіріп, арнайы Агенттік құру. Төртіншіден, республикалық "Фәлсафа ілімі" қауымдастығын құрып, осы қауымдастықтың ұсынуымен үкіметпен келісе отырып жұмыс жасайтын, қаржылық мүмкіндігі бар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жұмыс жасауына қол жеткізу. Бірлестік бағдарламасы әл-Фарабидің "Ақыл туралы" трактатын басшылыққа алуы тиіс. Бесіншіден, қазір елімізде философия саласында кәсіби біліктілігі бар "философ-аудармашылары" жаңа мамандар тобы қалыптасып отыр. Енді бұлармен шатастырмай, "Фәлсафа-аудамашылары" атты жаңа мамандар тобын құру. Алтыншыдан, Ислам мен фәлсафаның бірігетін де, бөлінетін де жері бар. Осыны ғылыми жүйеге түсіру үшін Ислам діни басқармасы жанынан дін ғұламаларынан муфтият сайлап, Фәлсафа ілімі мен Ислам ғұламалары арасында құжатпен рәсімделген берік байланыс орнату. Қазір осы ұсыныстардың алды Елбасы мен Президент әкімшілігі тарапынан қолдаулар табуда. Елімізде Діни агенттік құру қажеттілігі жайлы Елбасы әңгімесін естіген боларсыз. Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі фәлсафа ілімі жөніндегі ғылыми орталық не қор құрылып жатса мемлекет тарапынан қаржылай қамқарлықтардың болатындығана келісім беріп отыр. Рахмет қой. Фәлсафа ілімі халыққа қажет. Бірақ бұл ілім әрбір көзі ашық бүгінгі жоғары оқу орындарын бітірген ғылым атқара берер жеңіл шаруа емес.

6097 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз