Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 03 Тамыз, 2017

Тауары мен қызметі сапасыз кәсіпкердің күні қараң

Биыл ақпанда үкімет қаулысымен бірқатар мемлекеттік органдар құрылымы өзгеріске ұшыраған еді. Кезіндегі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті болып өзгертілді. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар ҚҰРМАНОВҚА бірнеше сұрақтар қойған едік.

– Жайдар Бисенбайұлы, сіз басқаратын департаменттің атауы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудан қоғамдық денсаулық сақтау департаменті болып өзгерді. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету сықылды негізгі функцияларыңызға қоса тағы қандай міндет-миссиялар жүктелді? – Иә, биылғы жылдың ақпан айында Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті одан Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетін бөліп шығару жолымен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің құзіреті мен функцияларын Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне берілуі жолымен қайта ұйымдастырылды. Кезіндегі облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті болып өзгертілді. Облыс деңгейінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау өкілеттіктері табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау БҚО бойынша департаментіне берілді.

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі денсаулық сақтау жүйесін дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға, дамыған елдердегі ұлт денсаулығын бейнелейтін көрсеткіштерге де қол жеткізуге бағытталған. Қарапайым пайымдаумен айтқанда, эпидемиологиялық маңызға ие жұқпалы дерттермен күресумен қатар адамдардың жұқпалы емес ауруларға (жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, онкологиялық, эндокринологиялық және т.б.) шалдығуының алдын алу. Халық денсаулығын сақтауға үш алғышарт қойылуда, олар салауатты өмір салтын ұстану, эпидемиология, гигиена және дұрыс тамақтану. Бұл – әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесіне тән нәрсе. Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бойынша қалыптасқан тексеру, мониторинг жүргізу жұмыстары өз жалғасын табуда. – Елбасының кәсіпкерлік қызметті қорғауға бағытталған саясатына байланысты еліміздегі мемлекеттік қадағалау құрылымдарының бақылау-қадағалау функциясы шектетілгені белгілі. Десе де, халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін өткізумен айналысатын субъектілерді санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қалай жүзеге асырылуда? – Халық тұтынатын тауарларды, тамақ өнімдерін өткізумен айналысатын субъектілерді санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау ҚР Кәсіпкерлік кодексі арқылы жүзеге асырылады. Елбасымыз, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарында кәсіпкерлік нысандарына қолдау көрсетуге басымдық берген. Біздің қызмет осы орайда кәсіпкерлік нысандары жұмысына кедергі келтірмей, тексерістер санын азайтып отыр. Осы бағытта тексеріс санын азайта отырып, қауіпсіздік тұрғысынан халыққа ұсынылатын тауар, тағам түрлерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу балансын табу міндеті тұр. Кәсіпкерлерді тексеріп, кемшіліктеріне орай шаралар қолданудан гөрі түсіндіру, көрсету, кеңес беру, яғни кәсіпкерге әлеуметтік жауапкершілігін сезіндіру жұмысына ден қойылуда. Өнім өндіруші, қызмет көрсетуші және тұтынушы арасында тепе-теңдік тауып, бейнелеп айтсақ, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауымыз» керек. Гигиеналық талаптарды кәсіпкерге түсінікті тілмен жеткізу, менің ойымша, өте маңызды мәселе. Бұл жұмысты бірқатар тұрғыдан ұйымдастырудамыз. Кәсіпкерлерді жинап, семинарлар өткізу және осы жұмыстың тың жолы сол кәсіпкерлердің ұжымдарына барып, барлық қызметкерлері қатысуымен тәжірибелі түрде түсіндіру, көрсету. Алысқа бармай, осы мамыр және маусым айларында осындай 128 кездесу, 43 семинар өткізілді. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда қалалық және барлық ауданның әкімдіктері қолдауын тауып отырмыз. Тексерістердің азаюына байланысты азық-түлік түрлерінің сапасын тексерудің тың жолы енгізілді. Үкімет тарапынан бөлінетін арнайы қаражатқа қарапайым тұтынушы есебінде, кәсіпкерге шығын болмауы үшін тағам түрлерін сатып алып, сапасын тексереміз. Биылғы жылдың бес айы ішінде 906 өнім сатып алынып, соның 82% тамақ түрлері, 18% тамақ емес тауарлар сапасы тексерілді. Жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде 906 өнімнің 89-ында (10%), яғни 39 тамақ түрлерінде, 51 тамақ емес өнімдерде түрлі сәйкессіздік анықталды. Мұндай сәйкессіздік көбіне сырттан әкелінген тамақ өнімдерінен табылуда. Осы нәтижелер бойынша қажетті тәртіпке сай ұсыныстар беріліп, сапасыз тағамның жолы кесілді. Санитариялық тексерістер белгілі халыққа қызмет көрсететін нысанның халық денсаулығына әсер ету тәуекелдігіне сәйкес анықталады. Мәселен, кез келген қоғамдық тамақтану орындары тамақтанушылардың орын санына қарай 50-ден жоғары немесе 50-ден төмен болып бөлінеді. Орын саны 50-ден төмен қоғамдық тамақтану орындары елеусіз топқа жатқызылып, жоспарлы тексерілмейді. Ал 50-ден жоғарылары тәуекелі жоғары сапына енгізіліп, уақтылы санитариялық тұрғыдан тексеріспен қамтылады. Соңғы үш жылдың ішінде тексерістер саны 2,5 есеге азайды. Жұмыс басталып та кетті. – Қалада, әсіресе, базар маңында не көп, қоғамдық тамақтану орындары көп. Аты кафе делінгенімен, кейде аспазшылардың бөлкелерді жалаң қолдарымен ұстайтынын, ыстық тамақтың беті ашық тұрғанын көресіз. Осындай қоғамдық тамақтандыру орындарының санитарлық жағдайлары талапқа сай ма? – Әрине, ондай нысандарда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Алайда мынаны айтқым келеді, көзіңіз көріп тұрған, қарапайым талаптар сақталмаған орыннан тамақ алмасақ, айналып өтсек, нарық өзі ондай келеңсіз жағдайларды реттейді. Сапасыз тауар ұсынатын, қажетті жағдай жасамаған кәсіпкер тауары өтпесе, белгілі уақыттан соң «Менің тауарым неге өтпейді?» деп ойлана бастайды. Яғни тауары мен қызметі сапасыз кәсіпкердің күні қараң. Өздеріңіз көріп жүрсіздер, үлкен супермаркеттер сондай деңгейге жетті. Менің ойымша, олар халықты тек сапамен және бағамен тартуға болатынын түсінгендей. Сондықтан кәсіпкерлер де мәселенің осы жағын ойлауы керек. Өйткені сауда дүкендерінің сауда бөлмесінің көлемімен бұған дейін 50 шаршы метрден төмен және одан жоғары болып бөлетінбіз. Соның 50 шаршы метрден төмендерін жоспарлы тексермейтінбіз, тек одан ауданы аумақтырағын тексеретінбіз. Енді енгізілген жаңа тәртіп бойынша аумағы 50 шаршы метрден жоғары сауда нысандары да жоспарлы тексерістен босатылды. – Жайдар Бисенбайұлы, өңірімізде тамақтан улану фактілері көбейіп кеткен сияқты. Қазір жаздың нағыз қақ ортасы. Ондай келеңсіздіктің алдын қалай алуға болады? – Биылғы бес айда облыстың 17 тұрғынына қатысты тағамдық улану диагнозы тіркелді. Адамдардың тамақтан улану фактілері өмір болған соң болып тұратыны белгілі. Мынаны түсінсек деймін, егер бір мезгілде бір-бірімен байланысты үш адамнан артық адам тамақ жеп ауырса, соны тамақтан жаппай улану дейміз. Өткен жылы жаппай тағамнан уланудың екі жағдайы тіркелді. Биыл Оралдағы балабақшалардың бірінде және студенттердің арасында (қоғамдық орында емес) тіркелді. Оқиғалардың көбі тағамдарды дайындау, сақтау барысында қажетті санитариялық талаптардың, жеке бас гигиенасының сақталмауынан болуда. Барлық ауру ошақтары сала қызметкерлерімен уақтылы тексеріліп, індетке қарсы шаралар жасалынды. Жалпы, жазғы мезгілде жіті ішек жұқпалы аурулары жиілейді. Ішек жұқпасының қоздырғыштары сыртқы қоршаған ортада жоғары төзімділікке ие. Олар шикі көкөніс пен жеміс-жидекте жақсы көбейеді, бір-екі апта өміршеңдігін сақтайды. Сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ жұмыртқа ішек қоздырғыштарының жұғуына қолайлы орта болып табылады. Тауарларды бір-бірімен қатар қою талаптары, шикі ет тураған тақтайда тазаламай піскен етті турау секілді келеңсіздіктер ауру тудыруы мүмкін. Тағамнан улану жағдайлары тағам өндірушілер мен тұтынушылардың тамақ дайындау технологиясын бұзуынан, сақтамауынан орын алып жатады. Әрине, себептерді көптеп келтіруге болады. Жұқпаның пайда болуына ең қауіпті тағамдар бірінші кезекте майонез араласқан салат, кондитерлік өнімдер, шаурма, туралған ет (котлет, орама, паштет) саналады. Сондықтан әркім өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығына мұқият болса дейміз. Жақында қалада жалған түрде барлық медициналық байқаудан өткендігі жөнінде мөрлері басылып, қолдары қойылған, тек суретіңді жапсырып, пайдалануға болатын дайын медициналық кітапша анықталды. Біздің қызмет тарапынан аталған медициналық кітапша ішкі істер департаментіне жолданған болатын. Бүгінгі күні қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Мұндай кітапшаны сатып алған адам дәрігерлік тексерістен өтпей-ақ, жұмысқа тұра алады. Ал оның арғы жағында халыққа қызмет көрсетіп тұрған адам ауру болып шығатын болса, жағдайдың қалай боларын болжау қиын емес. Осы ретте біз денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жұмыстанудамыз. Қаладағы медициналық бақылауға қатысы бар мамандарға семинар ұйымдастырылып өткізілді. Құқық қорғау мекемесі өкілі қылмыстық жауапкершілік жөнінде әңгімеледі. – Әңгімеңізге рақмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА, Батыс Қазақстан облысы

616 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз