Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Тамыз, 2017

Астанадағы «этноауыл»

Халықаралық маманданды­рыл­ған көрме өтіп жатқан Астанада келген қонақтар тамашалайтын әсем ғимараттар, гүлзарлар мен алаңдар, демалыс орындары, мәдениет нысандары аз емес. ЭКСПО-ны көруге құмарта жеткен шетелдік туристер мен еліміздің әр түкпірінен жиналған қауым соның бәріне үлгеріп қалуға тырысады. Жұрттың қызығушылығын тудыратын осындай орындардың бірі – «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені.

Елорданың оңтүстік-батыс жа­ғындағы «Қабанбай», «Қосшы» елді мекендеріне апаратын күре жолдың бойында тұрған осындай белгі назарыңызға бірден ілігеді. ­ЭКСПО қалашығынан аса қашық емес, Көрмені қызықтап шыққан қонақ­тар қиналмай-ақ атбасын бұруға ыңғайлы тұста тұр. Демалыс күндері мұнда қалалықтар да емін еркін демалады. Этноауыл – халқымыздың тұрмыс-салтын, дәстүрін, қолөнерін, жалпы болмысын паш ететін ұлттық өзіндік ерекше мәдениет орны. Аяқ басқан кез келген шетелдіктің «е, қазақ деген осындай халық екен ғой» деп ой түйетіні шүбәсіз. Оған Қазақстанның барлық облысынан небір ісмерлер мен қолөнер шеберлері, суретшілер, әнші-күйші өнерпаздар ауысып келіп жатады. Абыр-сабыр тіршілік жаз бойы бір басылған емес.

Бірден көзге түсетіні – тап-тұйнақтай тазалық. Бірнеше қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлердің ара-арасына тақтайдай тегіс жол төселген, гүлмен көмкерілген көгал, суы сылдыраған шағын субұрқақ, ұлттық дәстүрлер көрінісін бейнелейтін жағалай орналастырылған мүсін ескерткіштер көздің жауын алады. Біз келгенде Атырау облысының ұжымы соңғы күнін өткізіп, Шығыс Қазақстан облысынан шеберлер келіп, жайғасуға қам жасап жатқан сәт екен. Дегенмен, атыраулықтар әлі етек-жеңін жинай қоймапты. Арнайы жасалған биіктеу сахна үстінде балуан жігіттер қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетіп жатты. Енді бір тұста ұлттық киім киген бірнеше жігіт құмай тазылар мен қазақы төбетті жетектеп, ел назарын өздеріне ау­дарған. Кешкісін ипподромда ат жарысын ұйымдастырып ­Атырау азаматтары сол күні жұмыстарын қорытындыламақшы екен. Бірақ бұл өзге өңірлерден, елорданың өзінен жиналған шеберлерге еш бөгет болып тұрған жоқ. Этноауылға кіре берістен басталатын қолөнер шеберлерінің қатар-қатар қойылған көрме-дүкен деуге келетін арнаулы орындарында не жоқ дейсіз. Күмістен соғылған әшекей-бұйымдар, оюлы білезік пен алқа, зерлі сырға, сақина, шолпы, түрлі өрімді қамшы, ағаштан ойылған, теріден жасалған ыдыс-аяқ пен кәдесый дүниелері, бір сөзбен қазақ халқының ғасырлар бойы ежелден қолданған тұрмыстық заттары мен бұйымдары бірінен-бірі өтеді. Көрмені тамашалап жүріп, астаналық шебер Серік Сәтімбековтің қолынан шыққан зергерлік бұйымдарға қызығып, сұрап, сатып алып жатқан қонақтарды көзіміз шалды. Жамбыл облысының Меркі ауданының тумасы болатын зергер елордаға қоныстанып, күмістен неше түрлі әшекей бұйымдар соғады екен. «Атамыздан келе жатқан зергерлік өнерді өзіме мирас қып қабылдап алдым. Ұлттық нақыштағы дүниелерді жасауға құмармын. Міне, алқа, білезік, қанжар, қылыш, дулыға... Ағаштан да, теріден де жасалған бұйымдар көп. Мынау үлкен тойға көпшілікпен бірге белсене қатысып жатырмын» дейді шебер. Бірнеше адам иіріле тоқтап, зер салып тұрған тұсқа назар аудардық. Ұлттық киім киген екі әйел шимен өрмек, алаша тоқып көрсетіп жатыр. Келушілерге қазақ қолөнерінің осы бір ерекше түрін қолма-қол таныстырып отырған атыраулық шебер Жанар Қарабалина былай дейді: «Біздің жақтың қазақтарында кезінде шидің үш түрі болған ғой. Орама ши, шым ши, ақ ши дейді. Шым шиді керегенің сыртына ұстаған, сықырлауықтың (есіктің) үстіне әдемілеп тоқып қойған. Орама шиді қазақ ошақ тұратын жерді қоршап қою үшін жасаған. Ақ ши күнделікті тұрмыста пайдаланылған». Екінші шебер – Атырау облысы Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылындағы орта мектепте технология пәнінен сабақ беретін ұстаз Надя ­Жамекова да: «Алаша тоқу өнерімен бала кезімнен айналысқанмын. Алаша тоқу, киіз басу, тұскиіз жасау деген сияқты қолөнердің бар түрін білемін. Мынау алаша тоқу – қазір жоғалып бара жатқан дүние. Осыны көрсетіп, жас ұрпаққа таныстырсам деймін. Мектепте 1-11 сынып оқушыларына үйретіп жатырмын. Этноауыл біз сияқты қолөнер шеберлеріне үлкен мүмкіндік беріп тұр» деп ойымен бөлісті. Жаңа ғана орналаса бастаған шығыс­қазақ­стандықтар 30 қолөнерші келгенін айтып қалып еді, алматылық шебер Тілеш Намазбековпен тілдескенде, Алматы облысынан 22 шебер келіп, өз бұйым­дарын паш етіп жатқанын білдік. «Он күндей болды, өнерімізді көрсеттік. Қонақтар риза болды деп ойлаймын. Өзім домбыра, қобыз жасаумен әуестенемін. Бір қобызымды Американың Бостон қаласынан келген турист қызығып, сатып алды» деді ол. Этноауылдың ауқымы үлкен, екі гектардай жерді алып жатыр. Ежелгі шығыс қалаларындағы қарбалас байқалады. Бір жерден тұғырларға қонақтаған бүркіттерді тамашалаған жұртты көрдік. Астананың іргесіндегі Софиевка ауылынан Арман деген жігіт 7 бүркіт әкеліпті. Өзі бағып, күтеді екен. Ол: «Тастүлек», «Мұзбалақ», «Ұяба­сар», «Ақбалақ», «Тұйғын» деп әр бүркіт­тің атын, жасын айтып, біреуіне тіпті 22 жыл болғанын алға тартты. Келген қонақ­тар бүркіттерді сипалап, кейбірі қолда­рына қондырып суретке түсіп жатты. Этноауылда күнделікті тыныс-тір­шілігін бақылап, ұйымдастырып, барлық шаруаны қадағалап бас-көз болып жүретін жауапты бір азамат бар екен. Ол – Қалыбеков Нұрғиса, қазақы ұзын шапаны жарасқан сырбаз жігіт. Нұрғисаның айтуынша, киіз үйлерден басқа, түрік, орыс, неміс, кавказ, корей, украин халықтарының ас мәзірлерін дайындайтын 6 шағын үй жасалған. Қазақтың ұлттық тағамдарына негізделген «Номад» атты мейрамхана жұмыс істеп тұр. Оның өзінде 6 үй бар, хан ордасы сияқты тағы бір киіз үй бар. Әр киіз үй өзінше қазақы нақышта безендірілген. Этноауылда күнде концерт немесе қазақ кинолары жүріп жатады. Бұл үшін 850 орындық арнайы зал жасақталған. Онда әр облыстан келген көркемөнерпаздар өз өнерлерін көрсетеді. Бүгінге дейін Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан және Алматы қаласы қолөнер шеберлері мен өнерпаздары он күннен «Этноауыл» тіршілігін жандандырып келіп кеткен екен. Әр облыстың шеберлері шеберлік сабақтарын өткізіп, білгендерін үйретеді. Бір киіз үй – мұражай. Әр облыс өз жәдігерлерін әкеліп, он күндей жұртшылық назарына ұсынады. –Министрліктер ұйымдастырып жататын түрлі жиындар мен шараларға келген шетелдік қонақтар бізге арнайы атбасын бұрады. Мәселен, таяуда Энергетика министрлігінде болған халықаралық шараға жиналған қонақтар – 150-дей кісі «Этноауылды» тамашалап, концерт көріп, кәдесыйлар алып қайтты. Уфа қаласының мэрі келіп, «тәжірибе алатын жақсы дүние екен» деп ризашылығын білдірді. Лос-Анжелестен келген 3-4 америкалық қонақ киіз үйде болып, қымыз ішіп, тамашалап кетті. Италияның ұлттық арнасынан келіп түсірді. Халықаралық журналистер келіп сұхбат алды. Бәріне де қызықты. Өйткені табиғи болмысымыз тартып тұр, – деп Нұрғиса ағынан жарылып түсіндірді. Этноауылдың бір тұсында екі түйе, төрт жылқы, бір пони бағылып, күтілуде. Мұнда көбінесе балалар жүр. Астананың маңайындағы жазғы демалыс лагерінен келетін балалар қатты қызығатын көрінеді. Біз түйе жетектеген әйел адамды сөзге тарттық. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласынан келген Айсара Арғынбаева ЭКСПО басталғалы осы жерде қызмет ететін айтты. «Өзім зейнеткермін. Түркістан қаласындағы 47-ші мектептің 6 сыныбында оқитын немерем Ұбайдулла Жассұлтанмен бірге осы жұмысты қолға алдық. Балаларды қыдыртамыз, шетелдіктерді қабылдаймыз. Бәрі жақсы... Қонақтар риза болып жатады» дейді ол. Қарап тұрып риза боласың. ­Этноауыл тіршілігін қыздыруға осылай үлкен де, кіші де атсалысуда. ­ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған іс шын мәнінде қазақты шетелдіктерге жақынырақ таныстыруға мүмкіндік беретін игілікті шараға айналған...

Ғазиз ЕСЕМБАЕВ

2691 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз