Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 15 Тамыз, 2017

Алпысыншы жылдардың ән-жырымын

Нұрлан ОРАЗАЛИН: Қайда туып, қайда өскені маңызды емес ұлтқа ортақ айтулы тұлғалар болады. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, ақын, драматург Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Мырқасымұлы Оразалинді де сол лектен көреміз. Ақын дейтін алапат мінез иесінің жаны қай кезде де тыныштық атаулыға іңкәр. Тыныштық – оның шығармашылық құтханасы. Біз осыған үйренгенбіз. Алайда… Жуырда 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Нұрекеңнің шығармалар жинағының 10 томдығы жарыққа шықты. Қазақ әдебиеті мен руханияты үшін үлкен олжа. Бұл айтуға ғана оңай дүние. Әйтпесе, екі дәуірдің төл перзенті ретінде ұлт үшін пендеге тән сал дәурен мен бал дәуреннен бас тартып, жер мен ел құты үшін ес білгелі күрес жолында тынымсыз қарекет пен әрекеттің қайнаған ортасында жүріп, қолына қалам алып, қара түн жамылып отыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Кірпияз мінезді театр, газет т.б. шығармашылық ортада басшылық қызметте болу дегеніңіз – жанкештілікті сонымен қоса үлкен парасаттылықты қажетсінетін міндет. Мұндай жағдайда қайбіріміз Құдай берген қаламгерлік қасиеттен қол үзіп те кеткенбіз. Алайда Нұрекең уақыт дейтін әулиенің уысынан қаламынан – сия, жүрегінен шабыт ұясын суыра білген тұлға! Төменде біз Н.Оразалиннің жігіттік дәуренінде қағазға түсіп, әдеби орта мен оқырман қауымды тәнті еткен тәтті жырларын жариялап отырмыз. Жетпістен сарқыт болсын!   Тәңірім нұрын төккенде, Боянар түске көгал маң; жазбаған жырлар көп менде, жырлар да көп-ау жоғалған. Сөз айтсам досқа ұнаған, шақырып алға озар күн; Табиғат – менің ұлы анам, көгердім, бірге бозардым. Озады жылым, айларым, сарғайып, бірге ағарам; өлең боп тулап ойларым, жұлдыз боп көкпен ағар ән. Самалын сүйем даламның, шыңдарға сүйеп арқаны; тұңғиық мына ғаламның артатын жүгі бар тағы… Озады жүйрік күндерім, басына таудың түнеймін; кеудені керіп үн керім, көктемде қайта түлеймін… Жазбаған жырлар көп менде, жырлар да көп-ау жоғалған. Ақын боп туған көктемде, Ақын боп өлсек жоқ арман… қыркүйек, 1970-жыл. «ХАЛИ-ГАЛИ» Жатақхана… «Хали-Гали»… Мезі қылды-ау жанымды, мезі қылды-ау байқұс жырларымды. Біле алмаған бұл ғасырда барымды, шалғайдағы момын қырларымды. Ғажабымды, Париждегі қалықтаған әнімді – кеудемдегі ғажап үнді, ей, Алматы! «Хали-Гали»! Танымайсың барымды, танымайсың… Ант атқан мынау уақытта армандар қанша «айқайыңда» тынып барады. Тоқташы бір сәт! Кетсеңде орап бақытқа, жаңа бір өлең… Ұстап-ақ қалсам жарады; жыртылып сезім парағы, теңселіп ойдың дарағы, лүпілдеп үні жүректің, жаңғырып қырға тарады. Ауылым жайлы ұйқастар неткен мол еді, жайлаудың әні жырымды келіп бөледі Шалдардың сөзі Шалдығып жетті қиырдан; көктем-арудың жарысып желмен желегі, сары адырлардан аққу-әндерім келеді, даланың сазы, өлеңі ойымды менің бөледі. «Бесіктің жыры», үздігіп, талып қыз әні… Қиял қанаты туған тауларға ұзады. Ащы «айқайыңнан» Алматы түні жыртылып, арман алыстап, жүрек тоңады, қызады… Тауым жеткізбей, Далам ұзады… Далам ұзады… Ұстатпай кетті үздігіп ұшып бір Өлең! Сезім быт-шыт боп, Жүрек қанжоса… Тіліңді… Өшірші бір сәт үніңді! Тәлкек болғандай Тәңірім берген Жыр-емен, Жасын ұрғандай бүлінді, шарпыды жалын гүлімді… «Хали-галей-ей»! Өшірші бір сәт үніңді! Өшірші бір сәт үніңді! мамыр, 1967-жыл. *** Шақырар мені шырқырап кейде армандар, шалқып бір өткен күндерім; қиылып тұрып, қимасым болып қалғандар, шулатып түнін, даланың нәзік гүлдерін. Шақырар мені Шағала… Толқын… күндерім… Шақырар мені көгілдір көктем – бүршік тал, қыздардың оттай жанары; мөлдірімді менің ылайлап кеткен «қырсықтар», керім бір кезде, көрінбей көзге қалады. Шақырар мені… Өлеңнің ыстық алабы. Сондай сәттерде алыстап рас мұң-қайғым, асқақтар кеудем сүйіп көк; Абайдың жырын, Сағдидың сырын тыңдаймын, теңізім шалқып, тауларым кетер биіктеп, жырым жазылар иілмейтіндерді иіп кеп… тауым биіктеп… тауым биіктеп… мамыр, 1967-жыл. *** Түсін мені!.. Жастықтың жаңбырымын, таулар мүлгіп аңсаған шілде күні. Алпысыншы жылдардың ән-жырымын, таңға жете қоймаған түндегі үні. Боталаған көзінде ақ арманы, көп жұлдызы көгінде жымыңдасқан; тамырында атқақтап соғар қаны, аспанымен сілкініп бір үн қашқан… Бір дәуірдің көзімін тұмадайын, шын мұңайса, жанарын жас қаптаған; орманында шулаған бұла қайың, шын қуанса, шыңдары асқақтаған. Бір өзеннің тулаған арнасымын, түбі жетіп теңізге құятұғын. Махамбет, Абайлардың жалғасымын, Намыс семсер болғанда, Ұяты – мұң… Түсін мені!.. Жастықтың жаңбырымын, жасыны да бар түнде жарқылдаған. Бір ұрпақтың отауыз тандырымын, жалғасымын Өлеңнің сарқылмаған… қараша, 1968-жыл. *** Мен өлең жаздым… Сені іздеп түнде, ерке қыз, жүректі мылқау сен жүріп өткен өртеп із, сен жүріп өткен көшелер, көгілдір Ай мен алаңдар сұлу, Жер… Теңіз… Мен өлең жаздым… Сені іздеп сәуір – көктемнен, сауыры мұңды таңдай боп, кеудемнен көшіп кеткенде ел, жұртында қалған жандай боп; өртенген отты шағымда, оранып ойым сағымға… Мен өлең жаздым… Алматы – сылқым қалада – жастықтың лағыл бағында, өртеңдей өндір шағымда; буырқанып жүрген кезімде, көміліп ерен сезімге, қарлығаш құсым ұя сап, жалт еткен сенің көзіңде, өртеніп ерен сезімге. Мен өлең жаздым… Сені іздеп түнде, ерке қыз, Жүректі соқыр сен жүріп өткен өртеп із, тіл қатты ғалам, Махаббат болып Жер… Теңіз… Мен өлең жаздым… Мен өлең жаздым… Сені іздеп түнде, ерке қыз. қаңтар, 1969-жыл. *** Жапырақ-ой қайда қашып барасың? Сабыр! Сабыр! Бір бұрылып қарашы. Қалай ғана жақын еді, апыр-ай, көктем менен қыркүйектің арасы. Көкек… Мамыр… Шілде… Тамыз кеше еді. Енді міне, күздің желі еседі. Қазан ұрып, қаңырап тұр қоңыр бақ, сүреңсіздік басқандайын көшені. Мұң оранған кеудем менің көшеді, /қуанғаным, күлгенім де кеше еді/. Жарсыз… Доссыз… Мына Алматы үрейлі, Таныстар аз – сақалындай көсенің. Жалғыз келем… Жанды қайтып тербейін? Өзің жоқсың. Көңіл – жетім, шер – бойым. «Жаным» деген бір үн шіркін жетпей тұр. Түн қараңғы… Жатақхана көрдейін. Кеше ғана тәрізді еді құсым – ән. Кім тістеді жүрегімнің ұшынан? Жапырақ-ой! Сәл аялдап, бұрылшы, жастық шақтың өтіп барам тұсынан… қазан, 1970 жыл. ТҮНГІ ЫРҒАҚТАР –Жаным, Сені қалай таптым?.. –Мені іздеген жырларың арқылы… /Үркер ауған сәттегі диалогтар/ Оңымнан соққан жел ме екен, солымнан соққан жел ме екен, салғырттау жүрген кезімде сабылып қайдан келді екен? Жалын боп жалап өтті не, өртеніп кетсем не дермін?! Жасын боп түнде көк тіле, жарқ ете түссе не етермін?! Оңымнан соққан жел ме деп, солымнан соққан жел ме деп, созылып жатқан белдермен қашар ма едім өрмелеп?! Қуанып-толқып сол шақта, көзімнің жасы моншақтап, жығылар ма едім кеудеңе, тығылар ма едім кеудеңе, кеудеңе сенің жан сақтап?!. Оңымнан соққан жел ме деп?!. солымнан соққан жел ме деп?!. ақпан, 1970-жыл. *** Жар өкпелі болса, шаршатқан шығармын? Ар өкпелі болса, аңсатқан шығармын? Бау өкпелі болса, жастықтан бұғар кім? Тау өкпелі болса, Жанымды ұғар кім? Жол өкпелі болса, асудан асармын?! Көл өкпелі болса, мауқымды басармын?! Шөл өкпелі болса, көктен нұр шашар кім?! Ел өкпелі болса… Өкпесін басар кім?! Өкпесін басар кім?! наурыз, 1976-жыл. *** Құлын-сезімнен шыңғырған үнсіз от алып, кеудемде менің алысып жатыр екі алып. Жеңеді қайсы? Құлайды қайсы? Белгісіз… Біріңде – сәуір, телегей-теңіз теңселген, бірінде – тамыз, әр тамшы суы өлшенген. Біріңде – көктем дауылы, бойың жуылар, аршылар; біріңде – шілде жауыны, ойың жуылар – малшынар. Екеуінің де қақы бар өмір сүруге! Екеуінің де көретін күні бар шығар?! Құлын – сезімді қараңғы түнде шыңғыртып, қуантып бірде, мұң бүркіп, сорғалап жатыр тамшылар… Сорғалап жатыр тамшылар… Күзім келгенше, жапырақ ұшқанша – басқанша мынау жерді сыз… Жеңеді қайсы? Құлайды қайсы? Белгісіз… Белгісіз… наурыз, 1976-жыл.

898 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз