Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 17 Тамыз, 2017

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бойынша үздік туындылар тізімі жасалды

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әдiлбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті. «Рухани жаңғыру» тақырыбында көрме де ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсiне сілтеме  жасаған Kazgazeta.kz.

 Отырыс басталғанға дейін комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі кеңсенің (Жобалық кеңсе) және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызметімен танысты.

Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша күллі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жұмысын бастағаннан бері Жобалық кеңсе министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жобаны пысықтады, қазір олар жүзеге асырыла басталды.

Отырыста Ұлттық комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысын қарады. Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері мен жұмыс топтарының жетекшілері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Жалпы алғанда, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы алдағы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатын болады.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалды. Оған әдебиет саласындағы 216, «театр, кино және хореография» жанрындағы 48, бейнелеу өнері бойынша 182 және музыка саласындағы 200-ден астам шығарма енгізілді. Туындыларды алдын-ала іріктеу қоғамдық талқылауды ескере отырып жасалады. Одан кейін тізім оның іріктеу талаптарына сәйкестігін сараптау үшін сараптамалық топтарға ұсынылады», - дедi Ә.Жақсыбеков.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына 1500 өтінім келіп түсті. Олардан әрі қарай ашық дауыс беруге ұсынылатын аралық пулдар түзілетін болады.

Атап өтсек, Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру, елдің әрі қарай да дәйекті түрде мәдени-гуманитарлық дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын. Комиссия құрамында танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, журналистер, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, өңірлер мен Астана, Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және саяси партиялардың өкілдері бар.

1268 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз