Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 29 Тамыз, 2017

Назарбаев елiмiзде Төмен байытылған уран банкiн ашты

Бүгiн Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елiмiзде Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң (АЭХА, МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкiнiң ашылу салтанаты өтiп жатыр. Ғимарат Өскемендегi Үлбi металлургия зауытының аумағында орналасқан. Шығыс Қазақстандағы банкте бейбiт мақсаттағы ядролық отын сақталатын болады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсiне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 Ашылу рәсiмiнде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АЭХА-ның Бас директоры Юкия Аманоға банк кiлтiн тапсырды.
«Бүгiн, 29 тамыз күнi бүкiл әлемде халықарылық ядролық сынаққа қарсы әрекет күнi аталып өтуде. Қазақстан Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң сенiмдi әрiптесiне айналды. Елiмiз АЭХА-ға уран банкiн Қазақстанда орналастыруға, ядролық отынды қауiпсiз жеткiзу механизмiн жасауға мүмкiндiк бердi. Осылайша, елiмiз ядролық қаруды таратпау режимiн күшейтуге өз үлесiн қосты. Банк АХЭА мен оның ресми бөлiмшелерiнiң толық бақылауымен әрекет ететiн болады», - дедi Елбасы.

Атап өтсек, АЭХА Төмен байытылған уран банкi – әлемде ядролық қуат өндiретiн реакторлардың ең кең тараған түрi. Ол жеңiл суда iстейтiн стандартты реактор үшiн отын өндiруге жарамды, жалпы салмағы 90 тонна құрайтын төмен байытылған уран қоры. Мұндай реактор үлкен қаланы үш жыл бойы электр қуатымен қамтамасыз ете алады.

Төмен байытылған уран (ТБУ) – ядролық отынды өндiруге қажеттi негiзгi компонент. Ол табиғи уранның энергетикалық көрсеткiштерiн арттыру мақсатында байыту әдiсiмен өндiрiледi. Төмен байытылған уранды сақтау қауiпсiз, ал оны тасымалдау үшiн құрыштан жасалған цилиндрлiк контейнерлер қолданылады. ТБУ радиоактивтi қалдықтарға жатпайды, сондай-ақ, оны сақтау кезiнде қалдықтар пайда болмайды. Оны ядролық қару немесе қандай да бiр ядролық жарылғыш құрал дайындауға, әскери мақсаттарда қолдануға тыйым салынады.

Еске сала кетсек, жуырда өткен Пагуош конференциясында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында Төмен байытылған уран банкiнiң құрылуы елiмiздiң ядролық қаруды таратпауды нығайтуға қосқан қомақты үлесі деген едi.

«Иранның ядролық бағдарламасы төңiрегiндегi мәселенiң шешiлуi Таяу және Орта Шығыс өңiрлерiнде бейбiтшiлiк орнату мүмкiндiгiн арттыра түстi. Төмен байытылған уран банкiнiң құрылуы елдердiң атом энергетикасын дамытуға деген талпынысын қанағаттандыру үшiн кепiлденген жағдай жасады деп сенемiз. Қазiргi күн тәртiбiнде ядролық қарудың немесе оның компонеттерiнiң халықаралық террористiк ұйымдардың қолына түсу қаупiне қарсы әрекет ету мәселесi тұр. Сондықтан, ыдырайтын материалдарды өндiруге, пайдалануға және залалсыздандыруға халықаралық бақылауды күшейту аса маңызды iс», - деген едi Қ.Тоқаев.

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз