Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Тамыз, 2017

Зиялылықтың үлгісі еді

Абзал азамат, қарымды қаламгер, білікті басшы Жұмекеңнің – Жұмабек Кенжалиннің өмірден өткеніне де лезде қырық күн болып қалыпты. Зымыраған уақыт-ай десеңізші. Кеше ғана еді: «Бұл қалай болды?», «Апыр-ай рас па?» деп сенер-сенбесімізді білмей таңырқағанымыз. Сөйтіп жүргенде күндердің жылжып жатқанын да байқамай қалыппыз-ау.  Жұмабек Кенжалин қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар тұлға еді. Республикамыздағы көптеген басылымдарға басшылық жасады. Журналистика саласындағы қажырлы еңбегі лайықты бағаланды. «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі атанды. Азамат ретінде де жұртшылықтың, әріптестерінің арасында сый-құрметке бөленді. Бойынан зиялылық пен парасат төгіліп тұратын. Жайсаң жанның алдымызда аман-есен жүргені керек-ақ еді. Жаратқанның ісіне не шара бар... Біздің ендігі медет тұтарымыз – соңына қалдырған туындылары, өнегелі істері. Бүкіл саналы өмірін қазақ баспасөзіне арнаған ардақты азаматтың есімі ешқашанда ұмытылмайды.

Ұялы телефонға қоңырау түсті. Алматыдан. Оңтүстік аста­наға кезекті іс­сапар барысында танысқан азамат – «Қазақ газет­тері» ЖШС Бас дирек­то­ры Жұмабек Кенжалиннің қызмет­тік ав­токөлігін жүргізуші Батиқ. Үні солғын. – Жөкеңнен айрылып қалдық. ­Инсульт қатты соққан... Япырай, бұл қалай? Кеше ғана – жексенбінің кешінде «Қазақстан» телеарнасында «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы бойынша сұхбатын тыңдап, отбасымызбен мәз болып ек. «Өмір қас қағым сәт» дегенің осы екен-ау. Алла­ның қатал пәрменіне кімнің уәжі бар?! Жұмабек Кенжалинмен алғаш танысқаным есімде. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының бастапқы кезеңі. Респуб­ликалық «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы қызметінде Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданына іссапармен келді. Мен – аудан­дық «Жаңа өмір» газетінде басшымын. Жол бастаушы болып жүрген алғашқы сәттен-ақ көркем бітімді қонақтың сыпайы қимыл-қозғалысы, жоғары мәдениеті, кез келген адаммен тіл табысуға шеберлігі көңілден шықты, ежелгі тарихтан, тәрбиелік тағлымы зор ұлттық салт-дәстүрлерден біршама хабардарлығын байқатты. Көлгірсу-кербездіктен ада, отырыстарда домбыраның құлақ күйін келтіріп, әдемі шертеді. Бәрінен бұрын ән шырқағандағы мақпал үнін айтсайшы?! Ауданның бірнеше елді мекенінде жұртшылықпен бетпе-бет жүздесіп, елдің ішкі-сыртқы саясаты төңірегінде мазмұнды әңгімелер айтты, егемендік жария­ланғанына көп болмаған елең-алаң шақта ұйымдастырылған кездесулерде жасы мен кәсібі, ойлау көкжиегі әрқилы адамдардың алуан сауалдарына байыппен жауап берді. Алғашқы кездесуіміз кейін ағалы-інілі қатынасқа, әдемі достыққа ұлас­­ты. Жөкең қайда, қандай қызмет ат­қарса да адам­гер­шіліктен ауыт­қымай маңайына шуағын шашып жүрді. Оның ұйымдастырушылық шебер­лігі, ұлттық басылымдарға қам­қор көз­қарасы «Қазақ газеттері» ЖШС-іне жетек­шілік жасаған тұста айқын көрінді. Серіктестікке қарасты үш газет пен үш журналдың таралымын ұл­ғайту шаруасын бір сәт естен шы­ғармай мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануға күш салды. Әрине, бұл жолда кедергілер аз болған жоқ. Ардан ақшаны, қасиеттен қалтаны көбірек ойлайтындар, өз ұлтымыздан шыққан қаракөз бауырларымыз арасында ана тілімізге мұрнын шүйіре қарайтындар, қолына кітап немесе газет-журнал ұстаудан мүлде аулақ жандар көбейіп бара жатқанына көңіл құлазиды. Бас директордың биліктегі азаматтармен, баспагерлермен және басылымдарға жазылу мен таратуды ұйымдастырушылармен тұрақты байланыс жасауы өз жемісін берді де. Уақытының тығыздығына қарамай басылымдардың аймақ­тардағы өкіл­деріне жиі қоңырау шалып, жағдай­ды біліп тұратыны және бар. Жұмабек Омарұлы өткен жылдың қараша айында Ақтөбеге арнайы іссапармен келді. Астана қаласында БАҚ өкілдерінің республикалық деңгейдегі кеңесінен шыққан соң ат басын батысқа бұрған. Сол баяғы қарапайым қалпында. Ұшақтан түскен соң қонақүйде сәл кідірді де облыс әкімдігіне келді. Облыс әкімінің аппарат басшысы Алтынбек Әмірғалиевке, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевке (кейін облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды – Ж.Қ.) сәлемдесті, са­пар­дың мақсат-мүддесі жайын­да қысқаша баяндады. Ұлттық басы­лымдардың бір топ жанашырларына «Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, арнаулы дипломдарды тапсырып тұрып, өз сөзінде бірқатар мәселелерге тоқ­тал­ды. Басылым таралымының көптігі үш мәселені шешуге мүмкіндік бере­тінін атап көрсетті, олар: ­газет ­немесе журнал редакциясының штат­тық құрылымын сақтап қалу, осы­за­мандық технологияны шебер мең­герген, жазу-сызудан хабардар адамдармен толықтыру; екіншіден, көптеген адамдарды жұмыспен қамтып отырған полиграфиялық қызмет кәсіпорындарының жүйесін ұлғайту; үшіншіден, «Қазпошта» акционерлік қоғамына қарасты еңбек ұжымдарының тарап кетуін болдырмау. Кеңеске қатысушылар БАҚ саласында Президент сыйлығының иегері, сая­саттану ғылымының кандидаты, про­фессор Ж.Кенжалиннің тартымды әң­гімесіне, ұшқыр ойларына риза болып, оның қолынан марапат алғаны үшін шынайы ризашылығын білдірген еді. Сол күні кешке бірнеше азаматтың ортасында қонағымыз ашыла сыр ақтарып, отбасы және балалары жайын­да сүйсіне сөз қозғады. Домбыраға қосылып, ән шырқағанда қошеметтеп қол соққанбыз. Бұл ұлтын және егемен мемлеке­ті­мізді құлай сүйген, сүйегі асыл жанмен соңғы рет жүздесуіміз болып шықты. Ойымызға ұлы Абайдың тәмсілі оралғаны: – Әуелде жас қартаймақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек. Пейіште нұрың шалқысын, қадірлі Жөке!

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі  АҚТӨБЕ

 Дос інім, Жұмабегім

Аяулы дос інім ең, Жұмабегім, Бір ауылдас – «Қайыңды» ұланы едің. Өзіңнен ойда-жоқта айрылып қап, Қайғыдан шөгіп қалды құба белің.

«Қайыңдым» бұрын аудан мақтаны еді, Еңбекпен ел бақытын тапқан еді. Мұндай қаза боларын қайдан білсін, 60 жылдық той тойлап жатқан еді.

«Сырқатпын, – дедің Жүке, – бара алмаймын, Тойының қызығына қана алмаймын. Ауылдан әлі көшіп жатыр, – дейді, Тағдырына ел-жұрттың алаңдаймын...»

Қайран ер, ауыл тойын көре алмадың, Аяқтан ауру шалып келе алмадың. Суық хабар жеткенде сумаң қағып, Елмен бірге мен де алғаш сене алмадым.

Бірі едің қазағыңа қалаулы ердің, Дейтұғын көш бастайтын жалаугерім. Еңбегің елге деген ұшан-теңіз, Жазушы, редактор-қаламгерім.

Көрініп жүрдің дәйім биік белден, Алғысың алған сансыз сүйікті елден. Ақжарқын, кішіпейіл, жібек мінез, Алла өзі сан қасиет үйіп берген.

Жан жары, балаларға ауыр қайғы, Жас парлап, көзден қалай ағылмайды. Мен түгіл бар адамға бауырдай-ды, Жүрегім қалай сыздап ауырмайды?!

Дастан балам, Әлима келін қалқам, Сендермен қоса егілді елің, қалқам. Қайғыңа ортақ бүкіл қазақ халқы, Осынау аза жырмен көңіл айтам.

Атқарған азаматтық міндеті көп, Имани ізгі істері-сүннеті көп. Болғай-ды енді орыны жұмақ төрі, Мұхаммедтің сүйікті үмметі боп.

Жұма Назар СОМЖҮРЕК

Орыны қалды ойсырап...

«Желкілдеп өскен құрақтай» Сыр тартқан сыршыл жастардан. «Шындықтың жаққан шырағын», Халқының бағы басты арман. Студент кезден үздік боп, Араласса да билікке, Өзгермеген мінезі, Зиялылықтың үлгісі Дегдар жанның бірі еді. Туысы жоқ, туған жоқ, Мүгедек ақын Жайлаубай Үйленгенде қуанып, Тойын да өзі жасаған. Қалдырмай әр кез тасада, Үнемі қолдап отырған. Қарауындағы халқының – Отбасы мен өзінің Қадағалап хал-жайын, Ұяңын қағып арқадан, Өзі отырып төменге Үлкенін төрге оздырған. Естіген бойда атымды, Құрметтеп асыл затымды, Атып тұрып орнынан, Апалап алдан қарсы алған Жұмабегім қайда, ағайын? Қырық күн болды кеткелі, Орыны қалды ойсырап, Толтырар оны кімің бар? Пайғамбардың жасында, Қинамай ауыр науқаспен Құзырына алған, Құдайым, Құдіретіңе тәубә қылайын. Бір өзіңнен сұрайын, Алдынан жұмақ төрін бер. Тілеулеске, ұрпаққа, Қасиетін, қадырын, Ұзақ ғұмыр нәсіп ет. Тілегімізді қабыл ет. Әумин!

Зәмза Қоңырова,Қазақстан

Жазушылар  одағының мүшесі Алматы

905 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз