Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Тамыз, 2017

«Бас екеу болмай...»

Кеш үйлену жиілеп барады

Қазіргі кезде орда бұзар жасқа жетсе де сауық құрып жүрген жастарымыз көбеюде. Отызға келсе де өз орнын таппай оң жақта отырған қыздарымыз көп. Нақты дерек айтсақ, елімізде 182700 қыз отыздан асса да әлі тұрмыс құрмаған. Ал некесіз туған балалардың саны 80 мыңға жетіпті. Мұны біріміз заманның «сәніне» баласақ, енді біріміз жастардың өзінен көреміз. Ал кез келген ата-ананың арманы бағып-қаққан баласының қызығын көру емес пе?  Баласының бір басы екеу болғанын қалайтын бір топ әйелдің ішінде өзім де бармын. Әрине, кейбір отбасының ұлдары секілді ішіп-шегіп кетпей, өз күндерін өздері көріп, тыраштанып еңбек етіп, бар жағдайымызды жасап отырғанына тәубе етеміз. «Жөні түзу, ақылына көркі сай қыз іздеген» ұлдарымыздың көңілі алаң. Оларға салсақ, жар құшып, бала сүюге қыздар құлықсыз.

«Он үште отау иесі» дейтін біздің халық үшін кеш отбасын құру нағыз ойланатын мәселеге айналды. Жар таңдау мәселесі «Ал кәне үйленейік», «Айтуға оңай», «Жар-жар», «Қалаулым» сынды телехабарлардың өзекті тақырыбына айналғаны бекерден-бекер емес. Байқап отырсақ, бүгінгі жастардың сана-сезімі мықтап өзгеріпті. Өздеріне қатысты бір сөз айта қалсаң, «ХХІ ғасыр, заман талабы сондай» деп жауап қайтарады. Қандай кезде де, қандай ғасырда өмір сүріп жатсақ та отбасын құрып, ұрпақ өрбіту әрбір адамның міндеті еді ғой. Бұл өмірге де сол үшін келгенбіз. Батыстың бүкіл жаман әдетіне еліктеген жастарымыз сыбай-сылтаң жүріп алудан қысылмайтын болды. Өткен ғасырдың соңғы екі ондығында жастар студенттік кезде ойнап-күліп жүріп-ақ отбасын құрып алу үрдісі жаппай дәстүрге айналған еді. Дипломмен бірге ауылға келінді ілестіріп апару немесе қыз бала болашақ жарын ата-анасына таныстыруы секілді жағдайлар бүгінде сирек көрініске айналып барады. Үйіміздің алдындағы жасыл желекті саябақ ішінде балаларға арналған бірнеше ойын алаңдары бар. Кеше ғана уыздай екі келіншектің құндақтаулы сәбиді көтеріп аулаға шыққанын байқап, қастарына бардым. – Кереметсіңдер! Сендерді көрсем өмір сүргім келеді, – деп әлдиді қолыма ұстап, төбеме көтердім. –Бұл батырдың аты – Әлихан. Әрі-бері осы жерден өткен сайын дәл осы үйде тұруды қашаннан армандаушы едік. Енді, міне, бір бөлмені жалдап тұрып жатырмыз, – деді келіншек. Есімі – Кәусар екен, жасы 20-да. Айтуынша күйеуі 27-де, екеуі ата-аналарының қарсы болғанына қарамастан қол ұстасып, бастарын құрап, қалаға Жамбыл облысының шалғай бір ауылынан келіпті. –Кәусармен базарда жүріп таныс­тым. Өте сенгіш, ақкөңіл қыз екен. Пәтер табуға көмектестім. Бүгін бөпені қалай күту туралы кеңес беруге келдім, – деді қасында тұрған Маржан есімді ұзынтұра қыз. – Үлкендер неге қарсы болды? – деп Кәусарға сұрақ қоя бастап едім, оның шаралы жанары одан бетер үлкейіп, кірпіктері жыпылықтай бастады. – Мен білем, бәрін маған айтқан, Кәусар мен Жарқынның ата-анала­рының әу бастан бас араздықтары болыпты. Араласпақ түгілі, бір-бірін көргілері жоқ. Бірақ өмірге Әлихан келді ғой, ата-әжелері де атам заманғы өкпе-реніштерін ұмытып, арттарынан келер деп үміттенеміз. Маржан әп-сәтте біраз нәрседен мені хабардар етіп тастады. Кәусардің қара көздері тұңғиық судай жылт-жылт етіп, толқып тұрды. Сөйткенше болмай қымбат бесік арбаны зырылдатып тағы бір келіншек қасымызға келе қалды. – Бұл келіншектің жағдайы жақсы. Көріп тұрсыз ба, ажары қандай сұлу. Алыс облыстан келіп бір бай отбасына топ ете түскен. Маржан зып-зып етіп жағдайды баяндап үлгерді. – Актриса болайын деп оқуға кел­генмін. Мына жақтың салты қызық екен, мені алып қашып кетті. Әлия аузын ашқанда отыз екі тісі айдай жар­қырап, айналамыз тіптен арайланып кетті. – Оқу орнына құжат тапсыру кезінде қадалып көп қараған жігіт менің жарым болды. Әрине, бұрыннан таныс емес адаммен бірге өмір сүру оңай емес. Алайда менен бір мүшел үлкендігі бар жігіт өте сабырлы, зерделі адам екенін аз уақытта-ақ көрсетті. Содан да шығар аз уақыттың ішінде күйеуіме бауыр басып, қайын жұртыма да сыйлы бола білдім. Аңқау, албырт екенімді көрген енем де менің көптеген жаңсақ істеріме кешіріммен қарай білді. Шайды үлкен кесеге толтырып құятынмын. Атам: – Шырағым, келінжан, менің ішім кішкентай, бөліп-бөліп ішейін, – деп екі-үш кесеге аударып жататын. Дұрыс жасамаған ісіме жай ғана ескерту жасайды, кейде байқамаған болып елемей қоя салатын-ды. Мұндайда ойлана келе қателігімді түсініп, түзеуге тырысып жүрдім. Сосын енем ақырын ғана шай құюдың да толып жатқан қағидалары бар екенін, үй ішіндегілердің кім қандай тамақты ұнататынын оңашада түсіндіре бастады. Еркелетіп, жылы шыраймен сөйлеген сөзге қалайша тоқтамайсың. Ерте тұрмысқа шыққандардың әңгімесін тыңдау да қызық. Өмірдің қиындығын да, қуанышын да бірге бөлісіп келе жатқандарға қарап сүйсінбеске бола ма? Өткен шақтың керемет оқиғаларын еске түсіріп, бір-біріне қарап жымиып, назданып қарағандарының өзі ғажап. Бір-бірін қас-қабақтарынан түсініп, бір-бірін қолдап отыратын жұбайларды көргенде кім-кімнің де қуанатыны анық. Ал отыздан асқан соң лайықты жар табу мәселесі қиындау екені шындық. Сондықтан да болар жүрегі жалғызсырап жүргендер, сөзі де, сезімі де жарасатын жұбын іздеген жандар, әсіресе қазіргі таңда тіптен көбейді. «Жастардың ерте ошақ құра бергені мақтауға лайық қадам. Өмірдің қиыншылығы мен қуанышын бірге көріп, бөлісуі олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырады. Бұндай отбасы мүшелері барлықтың қадірін біліп, жоқшылыққа мойымайтын асыл қасиетті өздеріне осылайша қалыптастырады» деген неміс халқының психолог ғалымы әрі демографы Лерш Филиптің сөзі осындайда ойға оралады. Ақын Мұқағали Мақатаевтың: Солай да, солай, қарағым, Көңілдің таппай қалауын, Жастықтың жықпай алауын, Отыздан асып барамын.., – дейтін өлең жолдарын жатқа айтатын ұрпақ­тың неге қыз алдында пәсі төмен. Бойындағы берекесіздіктен, екінші біреу – тұйықтықтан, үшіншісі орынсыз ұялшақтықтан отбасын құра алмай жүр. Көпшілікпен араласудан қашатын, біртоға мінезді немесе жаратылысынан жуас жігіттер өжет әрі тік мінезді қызды көргенде сөз айтпақ түгілі тұра қашатыны анық. Әрине, отбасын құру дегеніміз атүсті, жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Америкалық психолог ­Брунер Александрдың пікірінше 26-30 ­жаста отбасын құру дұрыс деп саналады. Неге десеңіз, сол жасқа дейін адам оң-солын жасап, өмірге сергек көзқараспен қарауды үйренеді екен. Енді қыздар жайын сөз етсек, жасы ұлғайып, оң жақта отырып, жұмыс істеп, өз ақшасы өзінде, өмірінде өзі би, өзі қожа болып қалған қызға келін болып түскен шаңырағына үйренісу қиын болады. Өз ойындағысын, қалағанын істегісі келіп тұратындықтан мұндай отбасында түсініспеушілік, кейінірек ұрыс-керіс те орын алуы мүмкін. Жасы ұлғайған қыздың бала босануы да қиындап, кейбіреулері «кесер тілігін» жасатуға еріксіз мәжбүр болады. Тіпті бала туу қабілетінен айырылатын жағдайлар да өмірде кездеседі. Сондықтан біз де қыздар 25 жасқа дейін тұрмыс құрғандары дұрыс деген пікірдеміз. Заман ағымына орай жігіттердің аруларға, ал арулардың жігіттерге деген көзқарасы өзгерген. Жігіттер «болашақ жар болуға лайықты қыз жоқ» десе, қыздар «мені асырайтын, жағдайы жасалған жігіт керек» дейді. Міне, осылайша бір-біріне талап қойып, кемшіліктерін бағып жүрген жастар қалай отбасын құрады. Әрине, қыздың ерте тұрмысқа шығуына немесе ұлдың ерте үйленуіне қарсы болатын ата-аналар сирек те болса да өмірде кездеседі. Оларды да түсінуге болады. Өмір шіркін, ала-құла демеске бола ма? 40-та немере сүйіп отырған шаңырақтар баршылық. Сондай-ақ аяқтанбаған ұл-қызының келешегіне қамығып, сары уайымға салынатын ересектерді де көріп жүрміз. Қыздар тәрбиесі негізінен аналарға байланысты. Материалдық байлықты бірінші орынға қоятын көптеген әйел қауымы перзентінің жар таңдауда адасуына себепші екенін несіне жасырамыз. Махаббат атты ұлы сезім, оның киесі туралы ақын Мұхтар Шахановтың жырлары қандай десеңіз-ші! «Сен түгіл қасқыр қасқырмен, маймыл мен маймыл жұптасқан, Өз теңін тапқан соң ғана адымын олар нық басқан» деген өлең жолдарынан-ақ көп жайды түсінуге болады емес пе? Тал бойында бір міні жоқ, айдай аруды іздеген жігіттер де, бақуатты тұрмысты аңсаған қыздар да, ең алдымен, өз жүректеріне үңілгендері дұрыс болар еді-ау. Ақ боз атты ханзаданы, ертедегі ханшайымды армандай беруден гөрі «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей, екі жас түсінісіп, отбасын құруға асыққандары ләзім. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақыл жайдан-жай айтылмаған Ақыл тоқтатқан шақта үйленгендер түсінігі мол парасат иелері әрі бірге өмір сүруге қабілетті болса тұрмыста кездесетін келеңсіздіктерге де дер кезінде төтеп бере алады.

Асыл ЕСІРКЕПОВА, дәрігер: – Сіңлілеріме ерте тұрмысқа шығу жөнінде кеңес берер едім. Себебі жастай отбасын құрған қыз қайын жұртына тез үйренісіп, сол отбасының тәрбиесіне де тез бейімделеді. Сондай-ақ ерте босанып, балалы болудың әйел денсаулығына пайдасы зор. Ерте ана болған әйел өзінің жастық қалпын сақтап қалады. Гүлім БЕКЖАН, есепші: – Мен 32 жаста тұрмысқа шықтым. Жеке фирмам, үйім, көлігім бар. Өз жасауымды өзім жасадым. Қазір қырыққа келіп қалдым. Сәби сүю арманым. Бөпенің исіне, гуілдеген үніне ештеңе жетпейтінін енді түсіндім. Өйткені менен кіші інімнің де, сіңлімнің де титтей нәрестелері бар. Соларды көріп, көңілім жасып қалатын кездерім көп. Әттең, уақытты кері айналдыру қолымнан келсе ғой. Әділжан АСЫЛБЕКҰЛЫ, заңгер:  – Он тоғыз жасымда шаңырақ көтердім. Ол кезде үшінші курста оқып жүргенмін. Келіншегім екеуміз университетке бірге келіп, сабақ біткен соң бір-бірімізді күтіп, бірге қайтатынбыз. Әрине, факультеттеріміз әртүрлі болғандықтан айтар әңгімеміз, жаңалықтарымыз таусылған емес. Оқуды бітірер кезде «екі қоянды бір оқпен атып алғандай» тамаша кезді бастан өткердім. Диплом қорғадық, сол кезде ұлым дүниеге келді. – Мен бақыттымын, әкемін, – деп кеуде керіп жүріп жатырмын.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

1210 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз