Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Тамыз, 2017

100 жаңа оқулық: Аударма ісінде көңіл бөлер жайттар бар

Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде қабылданған жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Еліміз үшін маңызы зор жобаның бірі гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты қазақ тіліне аударуға арналғаны белгілі. Бұл ұлттық болмысымызды сақтап қана қоймай, одан әрі дамыта отырып әлемдік өркениет көшіне ілесудің алғышарты болып отыр. Осыған орай Алматыдағы Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында атқарылып жатқан аударма жұмысын талқылауға арналған «Қазіргі ғылыми аударма: теориясы мен практикасы» атты жиын өткенін өткен нөмірде хабарлаған болатынбыз. Басқосуда жобаны үйлестіруші  үкіметтік емес ұйым – «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы екі ай ішіндегі атқарылған жұмыстарға есеп беріп, шешімін күткен мәселелерді ортаға салды. 

Бюро жетекшісінің айтуынша, бүгінгі күні әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, дінтану және филология ғылымдары бойынша әлемге танымал авторлар жазған 17 оқулықтың аудармасы аяқталуға таяу. Аталған бағыттар бойынша жұмысқа 90-нан аса ұстаз-ғалымдар мен аудармашы-редакторлар жұмылдырылған. Жалпы жоба алғашқы аударма мәтінін дайындау, оған ғылыми және әдеби редакция жасау және баспаға дайындау сатыларынан тұрады. Аударма сапалы болуы үшін оқулықтар қосымша тәуелсіз ғылыми және әдеби сараптамадан өтпек. «Әдеби редактор тілдік құрылымдардың сақталуына, граммати­касына, стилистикасына көбірек маңыз береді. Ең шешуші кезең жауапты үйлестірушіге тиесілі. Ол аудармашы маман­дармен, ғылыми және әдеби редактормен бірлесе отырып, шешуші жұмыс атқара­тын маман. Осы кезеңнің бәрінен өткен­нен кейін ғана оқулық басуға жіберіледі» деп атап көрсетті Р.Кенжеханұлы. Сондай-ақ бюро жетекшісі оқулық­тарды іріктеуге қойылатын талаптарға қатысты «Ең алдымен, оқулық дүниежү­зіндегі ал­дыңғы қатарлы оқу орындарында қолданыста болуы шарт. Екіншіден, бұл оқулықтар кемінде үш рет баспа жүзін көруі тиіс. Яғни өзінің өміршеңдігін дәлелдеген оқулық болмаса, онда біздің талапқа сай емес деген сөз. Біз таңдап алған оқулықтардың алды он рет қайта басылып шыққан. Үшіншіден, соңғы үш жылда оқулық студенттер үшін де, оқытушы мамандарға да қажетті, таптырмас оқу құралы болуы керек. Заманауи талаптарға сай болмаса, ол оқулықтың қажеті шамалы. Осының бәрін ескере отырып, әбден електен өткен оқулықтарды ғана таңдап алдық» деп түсіндірді және 17 оқулықтың тізімімен таныстырып өтті. Сондай-ақ Р.Кенжеханұлы ұйымдастыру кезеңінде авторлық құқық мәселесі шешілгенін мәлім етті. Жоба бойынша жарыққа шығатын кітаптар әрқайсысы мың данамен басылып, оқу орындарына тегін таратылады. Тікелей ағылшын, француз тілдерінен қазақшаға аударылып жатқан кітаптар қазіргі заманғы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы өзгерістерді, үдерістерді қамтуы, мазмұны жағынан идеологиялық бейтарап болуы ескерілген. «Бұл – топтық жұмыс. Сондықтан аудармаға кәсіби деңгейі өте жоғары, үш тілді жетік меңгерген мамандар тартылды» дей келе, бюро жетекшісі оқытушы-ғалымдар мен мамандарға сөз берді.

Әлия МАСАЛИМОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор: – «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасына ұлттық университет ғалымдары белсене қатысып жатыр. Олар Д.Джонстон, Д.Ритцер, Э.Аронсон және т.б. ғалым­дардың оншақты рет басылым көрген еңбектерін ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуда. Осы тұрғыда қазақ тіліндегі басылымға кітап авторлары туралы мағлұмат енгізсек те артық болмас еді. Өйткені студенттер оқулықтың мазмұнымен қатар, оның авторы туралы да білуі тиіс. Тағы бір ұсынысым, осы жоба аясында біз көбінесе батыс ғалымдарының еңбектерін аударып жатырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта 100 оқулық тізіміне шығыс тілдерінен де сүбелі еңбектерді қоссақ жөн болар еді. Олар бізге тілі, ділі, географиялық орналасуы жағынан жақын әрі батыс авторларының еңбектерінде шығыс ойшылдары көбінесе елеусіз қалады. Міне, осы олқылықтың орнын толтырып, ғылым ауқымын кеңейте түссек нұр үстіне нұр болар еді.

Досай КЕНЖЕТАЙ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры: – Біз таңдап алған оқулық – Карен Армстронгтың «Тәңірдің тарихы» атты еңбегі. Бұл кітап иудаизм, христиан және ислам дінінің тарихын қаузайды. Осы тақырыппен айналысып жүргенімізге де 20 жылға жуық уақыт болды. Бұл жөнінде арнайы магистрлік диссертация қорғалған. Аударманың ең басты шарты – тіл білу емес, аударылатын құбылысты танып білу. Ол ұғымды танып-білмеген адам ешқашан аударма жасай алмайды. Бұл кітап тарихи ұстаныммен жазылған. Бүкіл адамзаттың тарихында үлкен орын алатын археологиялық жазбалар, Құдайды қай дін қалай таныды, қандай негіздерге сүйенді, осының бәрі оқулықта жан-жақты қамтылған. Тағы бір дүние, кез келген оқулықты аударғанда өз тілімізге қарай ыңғайлауға болады. «Мынау басқа ұлттың термині, бізге сәйкес келмейді» деген ұғыммен қарайтын болсақ, қазақ тілінің ғылыми лексикасын ешқашан байыта алмаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің тілде ислам терминдері жеткілікті. Әлі күнге дейін кейбір тілшілеріміз «бұл арабизм», «бұл иранизм» деп бөліп жатады. Біз мұндайдан бас тартуымыз қажет. Араб тілінен енген сөздің барлығы өркениеттік дүниета­нымды, болмысты, табиғатты айшық­тайтын тілдік ойлау жүйесінің негізгі сұлбасы. Олардың қазақ тіліне сіңгені сонша, төл сөзімізге айналып кетті. Бірақ біз соңғы кезде тілдің осындай иммунитетін жоғалтып алдық. Сапар ОСПАНОВ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру республикалық институтының профессоры, философия ғылымының докторы: – Әрбір оқулық­қа аудармашы жазған кі­ріспені және аудармашының тәр­жімалары туралы бөлімді берген дұрыс. Сондай-ақ түпнұсқа кітаптарда автор тарапынан қателік кетеді, сондай тұстарда аудармашының ескертпесі берілуі керек. Ал терминдерге келетін болсақ, философиялық ұғымдардың байырғы мағынасы мен қазіргі заманғы түсінігін де қамтыған жөн. Мәселен, біз орысшалап Фома Аквинский деп жүрген итальян философы Томас Аквинат Аквино деген жерде туған. Сонда біздіңше аквинолық Томас болады. Мұндай қате жазылып жүрген атаулар мен есімдер аз емес. Соларды бірыңғайлау керек. Тағы бір айта кететін жайт, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойын­ша философия­дан көптеген еңбектер аударылды. Бірақ олардың басым көпшілігі пайдаланылмай жатыр. Сондықтан жаңа оқулықтарда «Мәдени мұрамен» шыққан еңбектерге тиісті сілтеме жасалса пайдалы болар еді. Және де шығыс философтарының еңбектері қосылса деген ұсынысты мен де қолдаймын.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор: – Қолға алынып жатқан жұмысты қуана құптаймыз. Өйткені қазақ тілінің қоғамның түрлі саласындағы қолданысы осы аудармаға тәуелді, байлаулы болып отыр. Осындай жағдайда Ұлттық аударма бюросына көп үміт артамыз. Ұйым­дастыруға байланысты айтар ұсы­ныстарым бар. Біріншіден, қысқамерзімде еңбектердің 70-80 пайызы аударылыпты. Өте шұғыл жасалып жатқаны, жұмыстың қарқыны бірден байқалып тұр. Екіншіден, әр саланың жетекшілері мен оқулықтар іріктеліп алыныпты. Дегенмен, бұл істе жариялылыққа үлкен мән беру қажет. Мейлі 5 оқулық болсын, мейлі одан да көп болсын, тек қана мамандар емес, көпшілік қалайтын оқулықтар таңдалуы тиіс. Келесі оқулықтарды іріктеуде осыны ескергеніміз дұрыс секілді. Аударманың бір жарым ғасырға жуық тарихы бар. Ыбырай мен Абайдан басталып, бер жағында Әлихан Бөкей­ханов, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов бар. Осы істің бір ғасырлық тари­хын алып қарағанда, екі түрлі үрдісті байқаймыз. Біріншісі – Абай бастаған, Шәкәрім, Алаш зиялылары жалғастырған Жүсіпбек Аймауытовқа дейінгі аудар­машылардың дені аудар­ма­ның түпнұсқасы мен стилін сақтаудан гөрі ұлттық нақыш пен бояуға мән беріп, сөзді де, стилін де қазақ топырағына бейімдеген. Екіншісі, қазіргі аудармада дәлдікке көбірек мән беріледі. Аудармашы түпнұсқаның шылауынан шыға алмауы шала-жансар терминдердің пайда болуына әкеп соқты. Енді бұл жобада түпнұсқадан тікелей аударуға көшіп отырғанымыз қуантады. Дегенмен, тер­миндерге байланысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Мысалы, біз айтып жүрген «өсімдік» деген сөз бұрын оқулығымызда болмаған. Бұл – жасанды сөз. Бірақ қазір өсімдікті қолданысқа енгізіп жібердік. Ешкім оның жасанды екенін байқамайды. Дайын нәрсені ала салу – ең оңайы. Плюс, минус дегендерді қосу, алу, бөлу деп аудардық қой. Біз қазір халықаралық термин дегенді ұстанып алдық. Сонда бізде фонетикалық заңдылық жоқ па?! Бәрін термин деп енгізе беруге болмайды. Стиль туралы да бір ауыз сөз айта кеткім келеді. Көркем әдебиетті аударуда біраз жақсы дүниелер бар. Алайда ресми және ғылыми-техникалық әдебиетті аударуда ойланатын дүниелер жетерлік. Қолданыстағы оқулықтардың 80-90 пайызын оқыған кезде қазақша тіл білетін адам қиналады. Әрбір сөйлем орыс тіліндегі түпнұсқамен, сөйлем құрылысымен аударылғандықтан, ғылыми әдебиет тілі өте ауыр. Қысқасы, қазақы стиль сақталып, мазмұн өзгермеуі керек. Осы жағы ескерілсе құба-құп.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директоры­ның орынбасары: – Үлкен жұмыс қолға алынғанын көріп отырмыз. Тіл мәселесіне қатысты біраз қиындықтар бар екенін де байқадық. Жалпы әрбір сала мамандары шетелдік заманауи ұғымдарды аударған кезде ұлт­тық негізбен байланыстыра отырып аударса екен. Себебі бұл оқулықтарды басқаша жолмен аударудың қажеті жоқ. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қыруар ұлттық мұрамызға қол жеткізді. Соның негізінде «Қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігін» шығардық. Сол сөздік осы жобада пайдаланылуы тиіс. Себебі бұл лексикографиялық емес, лингво­мәдениеттанулық танымдық еңбек. Бергісі Алаш, арғысы барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Бүкіл түркілер сол жазба тілімен бір-бірімен түсініскен. Ол ислам өркениетінің қазақ даласында, түркі даласында гүлденген дәуіріне қызмет еткен тіл болған. Сол тілде діни лексиканың барлығы қазақтың мәдениетін жасаған. Мәшһүр Жүсіпті оқысаңыз, тұнып тұрған діни лексика. Бұл діни дискурста қолданылатын сөздер. Тек қана қазақша жазамыз деп те айтуға болмайды. Бір сөздің әртүрлі дискурстағы модельдері болуы керек. Сондықтан әдебиеттерде осы ерекшеліктерді, тілдік дискурстарын сақтауымыз керек. Мұны бастаған – Алаш зиялылары. Мәселен, Мағжанның «Педагогикасын», Жүсіпбектің «Психологиясын» алып қарасақ, барлық терминдер қазақтың сөзжасамдық ұлттық уәждерін сақтаған. Терминдер пайдалануда осы еңбектерді қолдансақ игі. Бір өкініштісі, біздің ұрпақ сол ұлттық уәжден алыстап кетті. 15 томдық түсіндірме сөздікте сол уәждерді зерделеп жаздық. Тіл білімі институты жаңа бастаманы қолдап, көмектесуге әрдайым дайын. Мырзан КЕНЖЕБАЙ,  «Мәдениет» журналы бас редакторының орынбасары, ақын: – Бұған дейінгі «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан кітаптарда көп кемшіліктер кеткенін айтып жүрміз. Елбасының өзі философиядан аударылған шығармалардың қазақшасын оқып түсіне алмағанын айтты. Бұл жоба соның кебін кимеуі тиіс. Бірақ жоғарыда айтылған «Құдай тарихы», «Қоғамдық жануар» деген атаулардың өзінен-ақ аударманың сапасы белгілі болды. Н.Қожабек экономика мен кәсіпкерлік бойынша терминдердің бәрін қалдырдық деді. Сонда сендер нені аударып жатырсыңдар? Шерубайдың айтқаны дұрыс, халықаралық термин деген мүлде жоқ. Термин деген сөздің бәрін 2 миллиард қытай өз тілінде, жапон мен араб өз тілінде айтады. Біз де осыған көшуіміз керек. Сондай-ақ жоба бойынша іріктеліп алынған кітаптардың ішінде біздің тілімізге, дінімізге, салт-дәстүрімізге, жалпы дүниетанымымызға қайшы келетін сөздер кездесуі мүмкін. Мұсылманға, шығыс халықтарына қарсы сөздерді Вольтер де, Монтескье де жазған. Міне, осыған сақ болайық.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, С.Демирел атындағы университеттің оқытушысы, журналист: – Біз аударып жатқан оқулық «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» деп аталады. Аударманың 70-80 пайызы орындалды. Осы жерде аударма барысында туындаған қиындықтарды айтқым келеді. Ғаламтордан қазақ тіліндегі сөздердің түсіндірмесін іздеп табу өте қиын. google-аудармашы қазақша сөздердің нақты мағынасын бермейді. Тіл білімі институты дайындаған 15 томдық сөздіктің электронды нұсқасы жоқ. Шынын айтқанда, бізге қазақ тіліндегі сөздіктерден гөрі орыс тіліндегі түсіндірме сөздіктер көп көмектесті. Осы ретте Тіл білімі институтының өкілдеріне өтініш: қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі салыстырмалы сөздік жасасаңыздар және оның электронды нұсқасын сайтқа орналас­тырсаңыздар дейміз. Өйткені ғылыми ұғымдардың әр тілдегі түсінігі әртүрлі, бір-біріне сәйкес келмейді. Орыс тілінен аударылған көркем әдебиеттердің мәтіндері де «Kitap.kz» сай­тында тұрса пайдалануға ыңғайлы болар еді. *** Жиында сөз алған ҚазҰУ-дің философия ­кафе­д­­­ра­сының меңгерушісі Г.Нұрышева оқулық аудару – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан дәстүр екенін тілге тиек етіп, өздері аударып жатқан Д.Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» атты еңбегіне тоқталды. Ғалымның айтуынша, Джонстонның кітабы идеологиялық тұрғыдан бейтарап және берілу үлгісі де ерекше. Автор ­Сократтан Дерридаға дейінгі ойшылдардың еңбектерін олардың шығармашылығын талдау арқылы түсіндіреді. Сонысымен де бұл кітап студенттер мен ғалымдарға ғана емес, қарапайым оқырманға да қызықты. «Қазақ тілінің айдынын кеңейте түсуге, ғылым тілі ретіндегі мүмкіндігін паш етуге жаңа аудармалар сөзсіз қызмет етуі тиіс» деп қорытты сөзін профессор. Саясаттанушы Айдос Сарым мемлекет­тік дәрежедегі маңызды жобаны жүзеге асыруда Норвегия сияқты елдердің және түркітілдес мемлекеттердің осы саладағы тәжірибесінен үйренуге шақырды. Сондай-ақ қазақстандық аудармашылардың қоға­мын құруды ұсынды. «Бұл қоғамдық ұйым аударма мәселелерін, оны шешу жолдарын, аудармашылардың кәсіби біліктілігін көтеру шараларын кеңінен қарастырып, халыққа жеткізіп отыруы тиіс» деді ол. Жоғары оқу орындары қауымдастығы­ның президенті Рахман Алшанов өз сөзінде еліміздегі мектеп бітірушілердің 80 пайызы қазақша білім алатынын айтып, әлемдік деңгейдегі оқулықтарды қазақ тіліне аударудың өзектілігін тілге тиек етті. Ғалым терминдерді қазақ тіліне міндетті түрде аудару керек деп есептейді. Белгілі жазушы, Кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров Елбасы бастамасы ерекше қызығушылық туғызғанын жеткізді. Осы ретте қаламгер, ең алдымен, «Мәдени мұра» бойынша жарық көрген еңбектердің лайықты пайдаланылмай отырғанын тілге тиек етті. «Он жылға созылған бағдарлама бойынша жүздеген том еңбек жинақталды, енді соны сүзіп шығып, керегін алу қажет» деді ол. Жиынды қорытындылаған Рауан Кенжеханұлы бұл алғашқы басқосу екенін айтып, алдағы уақытта мұндай кездесулер жүйелі түрде өтетінін жеткізді. Өйткені түйткілді мәселелер мен ақылдасатын шаруа өте көп. Жоба жетекшісі ­жиында айтылған сын-пікірлер мен ұсыныстарды барынша ескеретіндерін жеткізді. «Жоба жайындағы мәліметтерді ғаламтордағы «Kitap.kz» сайтынан табуға болады. Ұсыныс­тарыңызды да осында қалдыра аласыздар. Біз үшін, ең бастысы – ұлттық мүдде жолында абыройлы қызмет ету» деп сөзін түйіндеген Р.Кенжеханұлы мазмұнды өткен кездесу үшін жиналғандарға алғысын білдірді. Жоба аясында көтерілген тағы бір мәселені айта кету орынды. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылымдарға көзқарас өзгеріп, тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану сияқты дербес салалар оңтайландыруға ұшыраған болатын. Бұл үрдіс гуманитарлық пәндердің сағатын қысқартуға, олардың мәні мен маңызын төмендетуге әсерін тигізгені жасырын емес. Осыған байланысты ғалымдар мен оқытушылардың арасында көңіл толмаушылық байқалған. Енді, міне, Елбасының тікелей бастамасы жоғары білім саласындағы олқылықтардың орнын толтырғалы отыр. Өйткені жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуда гуманитарлық білімдердің алатын орны зор. Ол үшін шет тілдердегі жоғары сапалы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан алу қажет. Осыған орай Елбасы бастама көтеріп, ғылыми қауымдастыққа бағыт-бағдар көрсетті. Енді осы игі бастамаға бүкіл ел болып атсалысып, қолдау білдіру қажет.

Түйін

Сонымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында атқарылған жұмыстар   алғашқы нәтижелермен қуантып қана қоймай, аударма ісіндегі толғағы жеткен, шешімі табылмай келе жатқан мәселелердің бетін тағы ашты. Олар –  мемлекеттік жобаларды жүзеге асырудағы кемшіліктер салдарынан кітапхана сөрелерінде шаң басып, оқылмай жатқан том-том кітаптар, шалағай аударылған мәтіндер, түсініксіз сөйлемдер, қазаққа тән емес сөз қолданыстары, жат тілдің ықпалындағы сөз құрау, терминдер мәселесі және т.с.с. Міне, сондықтан  бұған дейін аударма ісінде неден қапы жіберсек, енді соған мұқият болғанымыз абзал. Жаңа жобаның арқасында жалпы аударма  ісіндегі олқылықтарды түзетудің орайы келіп отыр. Сондықтан да бюро қызметкерлері көп болып ақыл қосуға шақырды, өздерінің сын-пікірге ашық екенін жеткізді. «Жас келсе іске» дегендей, үш тілді жетік меңгерген, заманауи білім алған бюро басшысына жауапты міндет жүктеліп отыр. Жобаға тартылған ғалымдар мен оқытушылар, аудармашы редакторлар бірлесіп, жоғары талап пен жауапкершілік үдесінен шығуы тиіс. Ең алдымен, алғашқы отырыста айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды ескеруден бастау керек. Өйткені мемлекеттік деңгейдегі маңызды жобаның беделі жұмыстың нәтижесіне, аудармашылардың өресіне тікелей байланысты. 100 оқулықтың аударманың үздік үлгісіне айналуы тіліміздің жаңа тынысын ашып, қазақ аударма мектебін қайта қалыптастыруға алып келеді деген сенімдеміз. Сонда ғана бұл нағыз рухани жаңғыру болмақ.  

1523 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз