Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Қыркүйек, 2017

Мұхаңның бір хаты

Аққан айлардың, жылжыған жылдардың тіршілікке өзіндік сыйлар қуанышы мен қайғысы да, күнгей мен көлеңкесі де ұшан-теңіз ғой. Үздіксіз қозғалыстағы өмір өнерге де тынымсыз өзгеріс, жаңалық әкеліп жатады. Осы арада көз тігер қалыптасқан өнер дәстүрі, тарих сабағы бар, ұлы таланттар мұрасы бар. Олар жаңа туған ай сияқты қазіргі толғаныс-ізденістерімізге өз жауабын ұсынады, ұйқысыз жылдарының жемісін алға тартады. Міне, біздің алдымызда заманымыздың ұлы суреткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дәл бұдан тоқсан жыл бұрын еліне жазған бір хатының көшірмесі жатыр. Ұясын қорғаған қарлығаштай талант иесінің елі үшін, туған жері үшін жүрекжарды тілегі бұл хатында қалтқысыз, қалтарыссыз көрініс тапқан. Тегінде әр жазушы алдымен елімен, халқымен іргелі десек, Әуезов шығармашылығы да жаңарған қазақ елімен біртұтас дүние.

Иә, ұлы суреткердің бүкіл шығармашылығы мен барша қоғамдық қызметі Отанына, еліне адал еңбек етудің өнегелі үлгісі. Жазушы жолының өмір өткелдерінің кезең-кезеңіне атүсті көз жүгіртіп өткеннің өзінде «болар бала жасынан» деген халық даналығын еріксіз ойға оралтып, тәнті болып тағзым еткізеді. 1914 жылы Қазақстан топы­ра­ғында тұңғыш рет хатқа түсіп, тарихта ізі қалған, алғашқы ­матчты өткізген «Жарыс» атты футбол командасын құруға күш салып жүргенде Мұхтар ағамыз 16-17 жаста екен. Ал Ойқұдықта қос киіз үйді жалғастыра тігіп, ауыл жастарының күшімен «Еңлік-Кебекті» алғаш рет көрермен қауымның алдына шы­ғарғанда ол 20 жасқа толмаған екен. Әуезовпен бірге өсіп, біте қайнас­қан адамдардың жазып қалдырған естеліктеріне қарағанда ол өзінің әдеби қызметін қоғамдық жұмыстармен шебер шендестіре білген. Жазушыны сонау жастық кезінен өте жетік білетін Құлатай Ақбердиннің естелігіне қарағанда ол бұрынғы Шыңғыс болысында тұтынушылар кооперациясын ұйымдастыруға барынша күш жұмсаған екен. Ал 1921-1922 жылдарда жауапты қызмет атқарған кезінде болашақ жазушы бүгінгі Абай ауданына қарасты Байқошқар өңіріне поселка салып, елді отырықшыландыруға мұрындық болғанын Әуезовтің артында қалған хаттары баяндайды. Мұның бәрі сайып келгенде, жазушының мұратты, мүд­делі болған мәселелерінің ауқымдылығын, халқының кетігіне кірпіш, жыр­тығына жамау болуға ерте әзірлен­ге­нін дәлелдесе керек. Біз әңгімелеп отырған хат мұхиттай Мұхтардың бұдан тоқсан жыл бұрын жазған хаты. Оның толық мәтіні төмендегідей: «Қадірлі Ике, Жұмжұма, Тоқар, Өміртай, Күлке, Бұғыш, Қамза, Абайке, Садуақас, Бендебай ағайлар! Мына кісілер Ленинградтағы білім ордасынан Қазақ өкілдерінің сұрауы бойынша қазақ даласындағы қазақ малының тұқымын айырып, түрін сынап, бітім сүйегін өлшеуге шыққан маман-білгіштер. Бұлардың істері ғылым жолымен қазақ шаруасына пайда тигізуге ғана арналады. Одан басқа алым-салыққа септік тигіземіз деп, сол ниетпен жүрген кісілер емес. Сондықтан әрбір тәуір малдардың түрлерін ел жасырмай толық көрсетуді тілейді. Мүмкін болғанша елдің сенімді көзбен қарап, істеріне шама келгенше көмектес болуын қатты қалайды. Сондықтан мені тобықты баласы болған соң, елдің сөз ұғатын, жөн білетін кісілеріне хат жазып, біздің жайымызды ұғындырып бер деген соң осыны жазып отырмын. Көмектеріңізді аямассыздар деп сенемін. Жазушы-інілеріңіз Мұхтар Әуезов». Бір ғажабы бұл хат жарты ғасыр бойы Қазақстаннан тыс жерде сақталған. Тек бұдан 25 жыл бұрын Әуезовтің туғанына 80 жыл толуы қарсаңында бұл хаттың түпнұсқасын Латвия ССР-нің бір ғалымы жазушының Алматыдағы мұражай үйіне мәңгілік сақтауға беріпті. Хаттың жазылу себебі де ­назар аударарлықтай. Жиырмасыншы жылдардың ортасынан бастап СССР Ғылым Академиясының өндіргіш күштер жөніндегі тұрақты комиссиясы Қазақстанның сол кездегі шығыс аймақтарында комплексті экспедициялық зерттеу­лер жүргізген. Осы комиссияның құрамында жергілікті үй жануар­ларының тұқымын зерттеуге арналған шағын мамандар тобы жұмыс істеген. Бұл жұмысты кезінде Ленинград университетінің профессоры, Ресейде генетикалық ілім мектебінің негізін салушылардың бірі, биология ғылымының докторы марқұм Юрий Александрович ­Филипченко басқарған екен. Міне, жоғарыдағы аталған комиссияның сол шағын тобы 1927 жылы көктемде Семей губерниясында өзінің кезекті зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін сол жаққа аттанса керек. Мақаламызға өзек болып отырған хатты Ленинград университетінде оқып жүрген студент Мұхтар Әуезов Ю.А.Филипченконың өтініші бойынша жазып берсе керек. Бұл сапарға Ю.А.Филипченконың өзі бармаса да, М.Әуезовтің хатын ол экс­педицияның мүшесі, үміт күт­тіретін шәкірттерінің бірі Ян Янович Лусис деген жас ғалымның қолына ұстатқан. 1923 жылы ­Петроград университетінің биология факультетін бітіріп, сонда ғылыми жұмысқа қалдырылған Я.Я.Лусистің ұлты латыш екен. Жазушы хатының өз мұражайына келіп түскеніне де он жылдай уақыт өтіпті. Хатқа дұрыс иелік жасап, оны мұражайға тапсырған кезде абзал ғалым Я.Я.Лусис 80 жаста екен, Латвия мемлекеттік университетінде өз мамандығы бойынша оқытушылық қызметін жалғастырып жүрсе керек. Осы мақала иесі кезекті бір сапарында жазушының Алматыдағы мұражайында сақтаулы жатқан ­хатымен танысып, оның көшірмесін алған соң Латвия ССР-нің Ғылым Академиясы мен Латвия Мем­ле­кеттік университетіне Я.Я.Лусис жөнінде сауал жолдаған еді. Ондағы ойы егер Я.Я.Лусис тірі болса ол өзі жөнінде, Мұқаңның хаты жайында азды-көпті деректер жолдар деген үміт еді. Иә, көп ұзамай беделі мен лауазымы үлкен бұл екі мекемеден де жауап келді. Алғашқысының жауабында Я.Я.Лусис кезінде осы ғылым ордасына корреспондент мүше болып сайланғанын, алайда оның 1979 жылдың тамызында дүние салғанын, туысқандарынан бұл күнде тек жалғыз қызы ­Валентина Лусистің Москвада СССР Ғылым Академиясына қарасты балық зерттеу институтында қызмет істейтіндігі хабарландырылды. Ал Я.Я.Лусистің соңғы қызмет орны Латвия мемле­кеттік университетінің биология факультеті сауалымызға орай, «Я.Я.Лусис. Өмірі мен ғылыми қызметі» атты монография жолдапты. Барынша та­ным­дық мәнге толы аталмыш бұл кітап Латвия ССР Ғы­лым Академиясы редакциялық баспа кеңе­сінің қаулысы бойынша осы ака­демияның өз баспасы «Зинатне» атты баспадан 1985 жылы шағын таралыммен (1000 дана) ғана жарық көріпті. Кітапты ашып жібергенде оның титулды бетінде көрініс беретін грифтер: Латвия ССР Ғылым Академиясы, оның химия және биология ғылымдарының бөлімшесі, биология институты және генетиктер мен селекционерлердің Н.И.Вавилов атындағы Латыш республикалық қоғамы ұжымдарының бұл басылымды жарыққа шығаруға барынша мұрындық болып, көп күш жұмсағандарын баяндаған. Демек, бұл ғылымда, өзі еңбек еткен ортада Я.Я.Лусистің осал ғалым еместігін дәлелдесе керек. Шындығында, бұл кітаптың әр беті 82 жыл ғұмыр кешіп, оның 60 жылын ғылымға біржола бағыш­таған адамның өнегелі өмір шежіресі екен. Сондай шежіренің бірі – жас ғалым Я.Я.Лусистің 1926-1927 жылдары қазақ жеріне ғылыми-экспедициялық қызметпен сапар шегуі болса керек. Кітапта «1926 жылғы Жетісу экспедициясы», «1927 жылғы Семей экспедициясы» атты шағын-шағын тақырыпшалы ­материалдар басылып, олардың зерттеу жүргізген жерлері, маршрут қаралары, сол кезде қазақ жерінде түсірілген суреттерге де орын беріліпті. Жоғарыдағы М.Әуезов хатының жазылу себебі осы кітаптың «1927 жылғы Семей экспедициясы» деген материалында былайша баяндалады: «Экспедицияның өткен жыл­ғы (1926-Ғ.З) бастан өткен қиын­­шылықтарын ескере отырып, Я.Я.Лусис сол кездегі Ленин­град университетінің студенті М.Әуезовтің жерлестері мен туыстарына жазып берген хатына сүйенді. Осы хаттың көмегі арқасында малдың алуан түрлерін зерттеу көп қолайсыздықтан құтқарды». Осы материалдарда баяндал­ғандай, Ленинград ғалымдары Семей қаласына 1927 жылдың 4-маусымында келіп жеткен. Осыған қарап, Мұхтардың жерлес­теріне жылы, айы, күні көрсетілмей жазып берген хатының жазылу мерзімін болжауға болатындай. Демек, сол кездегі сапар шегу мен жол жүру қиындығын ескерсек, хат бізше 1927 жылдың сәуір айының басында жазғанға саяды. Құрамында алты адамы бар экспедиция Семейге келген соң екі шағын топқа бөлінген. Бір тобы Тарбағатай, Алтай жағын, екінші тобы Шыңғыс, Қарқаралы, Шұбартау бөктерін аралауға аттанған. Екінші топты Я.Я.Лусис басқарған. Сөйтіп, бұл экспедиция Семей губерниясының жерлерінде үш ай бойы үй жануарларының түрлері мен тектерін зерттеген. Араб әрпімен жазылған хатқа көз жүгіртіп, оқытып алған ел адамдары экспедиция мүшелеріне шын пейілдерімен ықыластана малдарын көрсетіп, тексерткен. Алдарына ас қойып, ауыл мен ауыл арасында жол көрсетіп, көлікпен қамтамасыз еткен. Барынша мол, пайдалы материалдар жинаған экспедиция 1927 жылдың 6-тамызында Семейге оралып, одан әрі Ленинградқа қайтып кеткен. Сапар материалдары сұ­рып­талып, соның негізінде бір жыл­дан кейін, яғни 1928 жылы СССР Ғылым Академиясы «Семей губерниясының үй жануарлары» (Домашние животные Семипалатинской губернии», Ленинград, издательство АН СССР) атты көлемді екі жинақ шығарған. Бірінші жинақ – ірі караға арналса, екінші жинақта қой-ешкі туралы сөз болады. Әр жинақтың кіріспесінде қазақ халқына тән мал бағу­дың өзіндік әдіс-тәсілдері, көктеу, күзеу, жайлау, қыстау сияқты көші-қон жайының халықтық ұғым­дарына түсіндірме берілген. Экс­педициялық зерттеудің мақсат-мүдделері мен міндеттері, жергілікті мал тұқымдарын асылдандыру мүмкіндіктеріне байланысты мәнді мәселелерді баяндаған. Сайып келгенде, бұл еңбектерді жариялатуда, бір жүйеге келтіре баяндауда негізгі басшылық Я.Я.Лусистің қолында болса, соның тікелей араласуымен шыққан. Ғұлама ғалымның кейінгі 30 жылдық өмірі өзінің туған елі Латвияда өткен. Латвия ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Латвия ССР-нің Ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, Латвия мемлекеттік университетінің биология факуль­теті, зоология және генетика кафедрасының профессоры – міне, Я.Я.Лусистің ғылым әлеміндегі кеңістігі осындай екен. Айтпақшы, Я.Я.Лусистің Кеңес­тік Қазақстанмен байланысы тек М.Әуезовтің жазып берген бір хатымен, оның қазақ еліне келуі екі сапармен шектелмесе керек. Бақсақ, ол бүгінде республикамыздың оңтүстік далаларында өсіріліп келе жатқан арқар меринос қойын дербес тұқым ретінде шығарушыларға генетик ғалым ретінде ақыл-кеңес берушілердің бірі екен. Осы бағытта Қазақ ССР Ғылым Академиясы тәжірибелік биология институтының базасында денесі шымыр, сирағы ұзын, сүйегі мықты, таулы жердің жағдайына көнбісті, етті, биязы жүнді қой тұқымын шығару жөніндегі Қазақстан ғалымдары мен шопандарының еңбектерін бағалап, бағыт беру мақсатымен, ол 1935-1949 жылдары арасында Алматыға талай рет ат басын тіресе керек. Сөйтіп, ол осы қойды жаңа дербес тұқым ретінде шығаратын мемлекеттік қабылдау комиссиясы мүшелерінің бірі болған. Ал 1927 жылғы Семей сапа­рының алдында дүниеге келген Я.Я.Лусистің қызы Валентина Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жүздеген Ленинград балаларымен Көкшетау облысының Бурабай аймағына жеткізіліп, сонда оқытылып, тәрбиеленген екен. Ұлы суреткер М.Әуезовтің бір хаты хақындағы баянды ойларымызды түйіп айтсақ, жазушының отызыншы жылдардың басында-ақ қаламынан туған «Білекке білек», «Құм мен асқар» әңгімелерінің мал шаруашылығы мәселелеріне арналғандығы, кезінде Мұхаң сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» көркем фильмі қазақ жылқысының тұқымын жақсарту мәселесін көтерсе, ал «Өскен өркен» атты ең соңғы романында бүгінгі таңда малды ескі бабалар заманындағы көнерген тәсілмен бағу жайы сынға алынғаны мәлім. Ендеше, мазмұны мен жазылу себебін баяндаған бұл хат, сонымен бірге жазушы қиялынан, шығармашылық ізденістерінен әр кезде, әр алуан орын алып келген мал шаруашылығы тақырыптарының түп төркіні тым тереңде жатқанын, оны сонау жас кезінде-ақ қатты толғандырғанын танып білуге көмектеседі.

Ғабит Зұлхаров, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі

723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз