Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 05 Қазан, 2017

«БОЛАШАҚ» - БАЯНДЫ БАҒДАРЛАМА

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдар... Елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мәз емес. Қалада да, ауылда да жұмыссыздық. Тұтыну тауарлары қат. Жұрт «Ертеңгі күніміз не болар екен?» деп алаңдаулы. Осындай қиын-қыстау жағдай мен экономикалық қиындықтарға  қарамастан,  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан   Әбішұлы Назарбаев ел болашағы жастардың қолында екенін жақсы түсініп, олардың дамыған мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алуы үшін  «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл – 1993 жылдың 5-ші қарашасы еді.

         Бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан бірінші болып осындай батыл да құптарлық қадамға барды. Сөйтіп, талапты да талантты жастардың шетелдегі іргелі оқу орындарында білім алуына мүмкіндік туды.

         Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне бағыт-бағдар берген 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялаған кезде де «Болашақ» бағдарламасына баса назар аударғаны жайдан-жай емес. Өйткені, егемен еліміздің келешектегі кемел мақсат-міндеттерінің ойдағыдай орындалуы білімді жастардың қолында екенін Елбасы осы жолы тағы да қадап айтты. Осыған сәйкес «Болашақ» бағдарламасы жетілдіріліп, аясы кеңейе түсті. Ең бастысы, қазақстандық жастар білім алуға мүмкіндігі бар мемлекеттердің қатары артты. Алғашында тек төрт ғана елдің – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция – жоғары оқу орындарын таңдау еркі болса, кейінгі жылдары басқа да өркениетті елдердің атағы алысқа кеткен білім ордаларында қазақстандық жастардың да дәріс алуына кең жол ашылды. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур секілді елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында мұнай ісі, энергетика және экономиканың басқа да басым бағыттары бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың алдыңғы легі елге оралып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін лайықты үлестерін қосып келеді.

         «Болашақ» бағдарламасының тиімділігіне көз жеткен соң, мемлекет жыл сайын стипендиаттар қатарын арттыруға көңіл бөле бастады. Тіпті мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2005 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында олардың қатарын 3000-ға жеткізуді тапсырды. Бұл білім-ілімге құштар жастарға ерекше серпін бергені айдан анық. Мемлекет басшысының осындай шешім жасауының да себебі бар еді. Өйткені, Қазақстанның экономикасы  өркендеу белесіне көтерілген болатын.  Елімізде ауқымды бағдарламалар мен реформалар жүзеге аса бастады. Елбасының тікелей бастамасымен  индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы қолға алынды. Міне, осындай ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын білімді мамандар қажет болды. Сондықтан да  2008 жылы мемлекеттік қызметке, өндіріс орындары  мен өңірлерге білікті кадрлар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасына арнайы бағдарламалар енгізілді. Осы жылы ғылыми педагог мамандығы бойынша шетелдік білім ордаларына «Болашақ» бағдарламасының талаптары бойынша сыннан сүрінбей өткен қазақстандық жастар көптеп жіберілді. Олардың барлығы тиісті оқу орындарын жақсы тәмамдап, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.

      Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына енуді мақсат етіп отырғандықтан әрі әлемдік бәсекеге қабілетті экономика үлгісіне көшкендіктен индустриалды-инновациялық даму, білім және ғылым, ақпараттық технологиялар, маркетинг, логистика және басқа да салалар бойынша білікті мамандардың қажеттігі байқалды. Оны жүзеге асырудың жолы – «Болашақ» бағдарламасы. Енді оның құзыреті мен ауқымын кеңейту қажеттігі туындады. Сол себепті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен  «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.  Осы қоғам  кейінгі бес-алты жылда ел экономикасының нақты салалары бойынша мамандар даярлауды беосенді қолға алды. Бағдарламаға инженерлік-техникалық және медициналық қызметкерлердің жаңа санаттары енгізілді. Осыған сәйкес бүгінгі таңда 1500-ге жуық стипендиат шетелдің іргелі оқу орындарында білім алуда. Олардың 39 пайызы техникалық мамандықты таңдағандар.

         «Болашақ» бағдарламасы басталғалы 24 жылға жақындады. Осы уақыт аралығында 9000-ға жуық білімді де білікті маман даярланды. Олардың 2500-ге жуығы инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша білім алған жастар. Барлығы  да  қазіргі уақытта мұнай-газ, металлургия, энергетика салаларында табысты жұмыс істеп жүр. Керек десеңіз, «Болашақ» бойынша білім алғандардың қатарында бүгінгі күні жоғары лауызымды мемлекеттік қызметтің, министрліктер мен корпорациялардың тізгінін ұстаған жастар да бар. Атап айттсақ, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Күлгіноа, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахимов және тағы да басқа жүздеген жас мамандар – «Болашақтың» түлектері.

            Қазақстанның білім-ғылым саласына «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2000-нан аса маман даярланды. Оның ішінде 98 PhD докторы бар. Еліміздің жоғары оқу орындарында табысты еңбек етіп жүрген «Болашақ» түлектері де аз емес. Басқасын айтпағанда, бағдарлама бойынша білім алған 300 жас Назарбаев университетінде дәріс беруде. Олар тек білікті маман ғана емес, ғылым жолында биіктерді бағындырған ғалым. Аталған университеттің ғылыми қызметкері Айнұр Ахметова өкпе ауруының белгілерін ертерек анықтауға мүмкіндік беретін оптикалық  биосенсерді ойлап тапқан. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің оқу орындарын бітіріп, осы университеттте еңбек етіп жүрген  басқа да түлектердің ғылымға қосып жатқан сүбелі үлесі бар.

         Қазақстанда  білім ғана емес, денсаулық саласы да - айрықша назарда.  Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында да осы салаға ерекше көңіл бөлінеді. Тіпті қазір ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің де материалдық жағдайы жақсарып, жаңа жабдықтармен толықты. Керегі – білімді мамандар. Бүгінгі күнге дейін «Болашақ» бойынша білім алған 600-ге жуық маман Қазақстанның өңірлеріндегі денсаулық сақтау орындарына жұмысқа орналасқан. Олардың қатары алдағы уақытта да арта беретіні сөзсіз. Өйткені, «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастардың көбі ертең бітірген соң жоспарға сәйкес өңірлерге жұмысқа жіберіледі. Ал, елорда мен облыс орталықтарындағы айтулы медицина мекемелерінде жастығына қарамастан жақсы танымал болған «Болашақтың» түлектері жеткілікті. Бір ғана мысал. Балалар кардиохирургы Дмитрий Горбунов Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында туа біткен және келе-келе пайлда болған жүрек ақауларына байланысты қазірдің өзінде 2000-нан аса ота жасап үлгерген. Келешекте де оның мыңдаған балалардың өміріне араша түсетіні анық.

         Мәдениет, өнер саласында да «Болашақ» түлектерінің мерейі үстем. Мәселен, елден ерек ерекше дауысымен талайларды тамсандырған Мария Мудряк «Болашақ» бойынша білім алып, өнер көгіне көтерілді.Тіпті ол 2010 жылы Гиннестің рекордтар кітабына енді.

         Мұндай жақсы мысалдарды жалғастыра беруге болады. «Болашақ» түлектерінің алдағы уақытта биіктерді бағындыра беретіні анық. Өйткені, олар алған білімі және қол жеткізген жетістігімен шектеліп қалып отырған жоқ. Терең білімін тәжірибесін ұштастырып отыр. Өзінің білікті маман екендігін жұмыс барысында байқатып отыр. Білімін одан әрі жетілдіруді де бірінші орынға қояды. Оларды асқақ армандары адастырған жоқ. Болашағын «Болашақпен» байланыстырып, армандаған шетелдік жоғары оқу орындарында өз таңдауы мен қалауы бойынша білім алды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы осылайша баянды болып отыр.

         Қазір «Болашақ» бойынша оқуға түсу талаптары жоғарылады.Биыл конкурсқа қатысу үшін IELTS тестінің қажетті балы 5.0-ге дейін көтерілген. Алдағы уақытта тіпті жоғарылып, 6.5 баллға жететін болады. Қазақстандық жастар армандаған, бұған дейін мүмкін болмаған шетелдік жоғары оқу орындарына да олар үшін даңғыл жол ашылды. Оған дәлел – «Болашақ»  стипендиаттарын даярлауға арналған жоғары оқу орындарының тізіміне Times Higher Education, QS   және      Academic Ranking of  Word Universitet халықаралық рейтингілерінің алғашқы 100 және пәндік рейтингілердің алғашқы 10 орнындағы университетттер енгізілді. Демек, білім іздеген қазақстандық жастарға шетелдің айтулы жоғары оқу орындарының есігі ашық деген сөз. Тек «Болашақ» бағдарламасының талаптарынан сүрінбей өтсе болғаны. Әрбір жасқа өзі армандаған, өзі таңдаған оқу орнында білім алуына толық мүмкіндік бар. Бұл үшін тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жастардың айтар алғысы шексіз.

                                                                           ҒАЛЫМ  ОМАРХАНОВ.

АСТАНА.

90775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз