Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 31 Қаңтар, 2011

«ХХІ ғасырдың проблемасын ХХ ғасырдың әдісімен шешуге болмайды»

d181d0b0d0bcd0bcd0b8d182-d18dd0bcd0b1- Өткен жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммитінде қозғалған ғаламдық қадау-қадау мәселелер ендігі жерде көсіле, шешіле сөйлейтін көптеген саясаткерлердің әңгімесіне тұздық болатыны ақиқат. Қалай болғанда да бұл айтулы оқиға Қазақстан үшін зор мақтаныш болып қала бермек. 11 жылдан кейін Қазақстанның тікелей ықпал етуімен шақырылған бұл саммит әлем жұртшылығының назарын Астанаға аударды.

Біз бүгін сол саммитте сөз алған мәртебелі меймандардың аузынан шыққан ең өзекті деген мәселелер мен ұсыныстарын егіз жолмен оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық. Сондай-ақ олардың Қазақстан және Елбасы Н.Назарбаев жөніндегі ой-пікірлерін де, қайсыбір тұста айтылған мінезді жауаптасуларды да ықшамдалған нұсқада жариялауды мақұл көрдік. Өйткені бұл - тарих. Ал тарих хатқа түссе ғана тарих.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз демократияны әлемнің демократия ешқашан болмаған бөлігінде құрып отырмыз. Қазақстандағы тұрақтылық - бұл, ең алдымен, сенімді экономикалық өсу. Біз балғын демократиямыз кедейліктен қорлық көрмеуі үшін алдымен экономиканы дамыттық.

Біздің халқымыз «қырғиқабақ соғыстың» қатаң салдарын бастан өткерді. Бұл - ең алдымен, Семей полигоны. Оны жабу мен ядролық қарудан бас тарту туралы менің Жарлығым Қазақстанның жалпыеуропалық процеске қосқан бастапқы үлесі болды. Бүгін біз ЕҚЫҰ-дағы әріптестерімізді Ядросыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы біздің бастамамызға қосылуға шақырамыз.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы:

- Қазіргі кезде климаттың өзгеруіне қатысты біраз қиыншылықтарды шешуге болады. Оның ішінде орманның жоғалуы, жаңа технологияларды енгізу, су және экологиялық ресурстарды тиімді басқару сынды мәселелер бүгінде ЕҚЫҰ кеңістігінде де өзекті проблемаларға айналып отыр. Арал теңізінің трагедиялық тағдыры бізді ойландырып қана қоймай, осы іспетті техногендік апаттардың алдын алу жолында тиісті іс-шараларды қолға алуға итермелеуі тиіс. Біз климаттың өзгеруі мәселесімен күресу жолында күш біріктіруіміз қажет.

Абдолла Гүл, Түркия Президенті:

- Мен Қазақстан басшысының дәл осындай жоғары деңгейдегі жиын өткізу жөніндегі бастамасын ерекше атап өткім келеді. Біздің бірлескен жұмыстарымыз ЕҚЫҰ аясындағы, өзара ынтымақтастық негізіндегі, сапалы қауіпсіз жағдайды қалыптастыру жөніндегі ортақ мақсаттарға негізделген. Егер біз осы тұрғыда нақты шешімдер қабылдап, болашақ мақсаттарды көрсететін өзіміздің саяси декларациямызды қабылдай алатын болсақ, бұл саммиттің мақсаты орындалғаны болады.

1999 жылы біз ЕҚЫҰ-ның өз аймағында қалыптасқан жанжалдарды бейбіт түрде реттейтін алдыңғы қатарлы ұйым екенін көрсеттік. Десек те мемлекетаралық жанжалдарды шешуге қатысты шаралар әзірге нақты нәтижелер бермей отыр. Бұл жағдай ЕҚЫҰ-ның беделіне нұқсан келтіруде.

Дмитрий Медведев, Ресей Федерациясының Президенті:

- Осыдан 35 жыл бұрын Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аралықты қамтитын ортақ қауіпсіздік жүйесін құруға, ал бүгінде демократия құндылықтарын орнықтыруға түрткі болған Хельсинки актісіне қол қойылған еді. Қазіргі таңда Ресей Хельсинки ұстанымдарына дем беру үшін барын салып бағуда. Осы мақсатқа жету үшін, біздіңше, ЕҚЫҰ-да жаңғыртуларды жалғастыра беру керек және де оның жұмыс стилі мен іс жүргізу дәстүрін оңтайландыру ләзім. Шындығын айту керек, соңғы онжылдықта Ұйым біртіндеп әлеуетін жоғалта бастады. Ол фактіні батыл талқыға салған жөн.

Хиллари Клинтон, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы:

- Кейбір елдерде демократия қысымға ұшырап, ал қақтығыстар сағыздай созылуда. Айталық, Ауғанстандағы тұрақтылықтың шатқаяқтығы бүкіл Орта Азияға, ал онан бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Көптеген елдер Ауғанстанға ес жиып, етек жабуы үшін көмектесуде. Сондықтан да біз ұйымның ондағы белсенділігін арттыруға тиіспіз. Бұл орайда Қазақстанды Қырғызстанға жасаған көмегі үшін марапаттасақ та артық емес.

Ангела Меркель, Германия Канцлері:

- 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында қақтығыс орын алды. Біз сонда сенім дағдарысына тап болдық. Сөйтіп, мәселені ойдағыдай ретке келтіру мүмкіндігін жіберіп алдық. Ал бүгінде осы Саммиттің өзінен сонда кеткен олқылықтардың орнын толтыруға болатынына көзім жетіп отыр. Меніңше, ЕҚЫҰ қанатының астында отырып, біз бір-бірімізге толық сенім арта аламыз. Мен соны байқап отырмын. Біз Ресейдің бөлінбестігі мен тұтастығын мойындаймыз. Және де бұл ойымызды Женева дискуссиялары шеңберінде реттеуді мақсат етеміз. Осындай үлкен түйткілдерді шешпей тұрып, адам құқығы мәселесіне тікелей көшу мүмкін емес. Тағы бір айтатын мәселе, Приднестровье мен Таулы Қарабақтың дауын Минискілік топтың тармағында қарастырайық. Дәлірегі, «5+2» форматында қарастырсақ, шешіліп те қалар.

Виктор Янукович, Украина Президенті:

- Жаһандық экономикалық әлемде жаңа дәуір басталды. Мемлекеттер арасындағы экономикалық түсінбеушілік текетірестері жойылды. Қазір біздің алдымызда халықаралық лаңкестік қоқан-лоқысы тұр. Ақиқатын айтар болсақ, халықаралық лаңкестік бүгінгі таңда жаһандық қауіпке айналды. Бүгінгі Саммит осындай жаһандық ауқымды мәселелерді шешу жолдарын қарастыратын айрықша мүмкіндік. 2013 жылы Украина ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін болады. Осы төрағалық кезеңінде Украина Ұйымның жұмысын, бірлікке бастайтын үрдісін одан әрі жалғастырады.

Біз ЕҚЫҰ-ға алдағы уақытта төрағалық етуге дайындықты бастап та жібердік. Өзімізге артылмақ төрағалықты біз Еуро-2012 жобасы бойынша атқармақпыз. Күмәндарыңыз болмасын, бірнеше жылдан соң біз ұйымды дамыта түсеміз. Украина барлық мәселелерде «адал брокер болады» деп айта аламын. Және де бұл ісімізде Қазақстанның тәжірибесіне сүйенетін боламыз.

Илхам Әлиев, Әзірбайжан Президенті:

- Арменияның әзірбайжандарға қарсы этникалық тазалау саясатының нәтижесінде Әзірбайжан территориясының 20 пайызы оккупацияланды және бір миллион әзірбайжандық тұрғын өз жерінде өгей саналып, босқындыққа душар болды. Армения Таулы Қарабақты ғана емес, Әзірбайжанның басқа жеті ауданын оккупациялап алуды жалғастырып келеді. Армения біздің қалаларымыз бен ауылдарымызды, біздің үйіміз бен бабаларымыз жерленген қасиетті мекендерімізді, мешіттерімізді қиратты.

Таулы Қарабақ - халықаралық деңгейде мойындалған Әзірбайжанның тарихи бөлігі. Әзірбайжан әрқашан да бейбіт келісімдерге ынталы және оның жемісті боларынан үміттенеді.

Серж Саргсян, Армения Президенті:

- Сірә, Баку Таулы Қарабақ қақтығысының шығу себептері ұмытылды деп санайтын сияқты. Өзін-өзі анықтаған Қарабақ әскерінің бақылауындағы территорияны қайтару қажеттігін бүгін еске сала отырып, басқыншылықтың салдарын жою оның шығу себебін қарастырмай тұрып мүмкін еместігін Әзірбайжан мойындамайды. Тіпті әзірбайжандық ресми басшылар «Армения астанасы - Ереван әзірбайжандық тарихи жерге орналасқан» деп айтудың мүмкіндігін еш жібермейтін халге жетті. Таяуда ЮНЕСКО «хачкар (тасқа бәдіздеп ою салу) әзірбайжандық өнердің мысалы деп танылуы қажеттігін» мәлімдеді. Олай болса, бес жыл бұрын ғана Арменияның оңтүстігіндегі ортағасырлық ескерткіш - мыңдаған тас айқұш-ұйқыштары бар армян бейіттерін варварша қиратып, орнына әскери полигон салуын қалай түсінуге болады? Әзірбайжан әскери іс-қимылға бара қалған жағдайда Арменияға Таулы Қарабақ республикасының заңнамалық мәртебесін мойындаудан және Арцах халқының қауіпсіздігін нығайту мақсатымен оның мүмкіндіктерін күшейтуден басқа амал қалмайды.

Қандай шешім болса да, ол Таулы Қарабақ халқының еркіне сүйенуі тиіс.

Кнут Воллебек, ЕҚЫҰ-ның жоғарғы комиссары:

- Біз үкіметке әртүрлі топтарға білім беру ісінде, әсіресе, мемлекеттік тілді күшейту бағытында көмек көрсетіп келеміз. Мемлекеттік тілді үйрену өте маңызды, себебі ұлттық азшылықтар мемлекеттік тілді меңгерген кезде ғана қоғамның толыққанды мүшесі бола алады, қоғамдық өмірге еркін араласып, жұмыс табу мүмкіндігіне ие болады. Біз осы бағытта бірқатар мектептерде жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің ойымызша, бұл жұмыс басқа да аймақтардағы мектептерге ұласуы тиіс деп ойлаймыз. Меніңше, тек осылай ғана біз ұлттық азшылықтарды толықтай қамти аламыз.

Роза Отунбаева, Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі президенті:

- Қазақстан барлық Орталық Азия республикаларын әлемдік саясаттың алдыңғы қатарына алып шықты, Азияны Еуропамен жақындастыра түсті. Біз Қазақстанның өз елінің туын халықаралық аренаға абыроймен алып шыққанын мақтаныш етеміз.

Хамид Карзай, Ауғанстан Президенті:

- Бізге әрқашан да қатерлерге мойымай қарсы тұру үшін ЕҚЫҰ және БҰҰ сияқты іргелі ұйымдардың көмегі қажет болады. Асып айтқан емес, ел үкіметі сот билігін, әскери билікті және тағы басқа стратегиялық маңызды бағыттарды өз бақылауынан алып келеді. Ал бұл Қазақстан секілді бастамашыл мемлекеттердің жасап отырған көмектерінің нәтижесі деп батыл айтуға болады. Иә, халықаралық терроризм - біздің ел үшін басты қауіп және қатер. Ауғанстан осынау құбыжық құрбандарының бірінші қатарында. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет ретінде біздің басты араша сұрайтынымыз да осы.

Франсуа Фийон, Франция Премьер-министрі:

- Әлем қазір жиырма бірінші ғасырдың проблемаларын жиырмасыншы ғасырдың әдістерімен шешуге болмайтындай жағдайға жеткен. Жаппай қырып-жоятын қатерлік қарулардан бастап, лаңкестік, адам саудасы, есірткі саудасы белең ала түсуде. Міне, осының барлығы жаңа және көп қырлы күрес тәсілдерін белгілеуді қажет етеді.

Георгиос Папандреу, Грекия Премьер-министрі:

- Біз қауіпсіздік ұстанымының ескірген, бұрыннан қалыптасқан қағидаттарынан бас тартуымыз қажет. Себебі, ЕҚЫҰ алдында жаңа шиеленісті жағдайларды шешу мәселесі тұр. Мәселен, қылмыспен, заңсыз есірткі айналымымен, адам саудасымен күрес, климат өзгеруінің, адам құқықтары бұзылуының алдын алу, нәсілдік тепе-теңдік мәселесін бір жүйеге келтіру секілді түйткілдер - ХХІ ғасыр алға тартқан ауқымды проблемалар. Сондықтан, бұлар айрықша назарды қажет етеді. Бұл - барлығымызға ортақ мәселе. Демек, оларды бірлесіп шешуіміз керек. Әрине, бұл мәселелерді жоғары оңтайландырудың ауылы әлі алыс. Ал ЕҚЫҰ осы үдерісті жеделдетуі үшін қажет.

Александр Козловский, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:

- Оны да сынайтындар бар шығар. Өмір болғаннан кейін, мемлекет болғаннан кейін онсыз болмайды да. Бірақ Назарбаевтың қазақтарды қазақ екендігі үшін, қазақстандықтарды қазақстандық екендігі үшін мақтанатын жағдайға жеткізгенін ешкім де теріске шығара алмайды.

Клоди Бене Мас, Андорраның туризм, сауда және индустрия министрі:

- Еуропаның ежелгі мемлекеттерінің бірінен саналатын біздің елдің іргесі 1278 жылы қаланған. 2008 жылғы санақ бойынша елімізде 84 мыңнан астам халық бар.

Қазақстан - болашағы зор ел. Шағын ғана қаланы үлкен елдің астанасына айналдырып, ұйым саммитін өткізіп отырсыздар. Осы саммиттің арқасында біз бір-бірімізбен етене жақын танысып отырмыз. Шыны керек, Андорра мен Қазақстан бір ұйымға мүше болсақ та бұған дейін жақын таныс емес. Енді бұдан былай ынтымақтастықта жұмыс істейміз деп үміттенемін. Айтпақшы, Қазақстанның Қысқы Азия ойындарын өткізетінінен хабардармыз. Андорра шаңғыдан әлем чемпионаттарын өткізіп жүрген ел. Сондықтан бұл салада да біз ынтымақтастықта жұмыс жасай алар едік. Тәжірибе алмасуымызға да болады. Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушыларға ақыл-кеңес айтуға дайынбыз.

Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастамасын бірінші болып РФ Президенті Дмитрий Медведевтің қолдағаны баршаға аян. Және тағы бір айта кететін жайт, саммит алғаш рет Еуропадан тысқары жерде өтті. Бұл осы ұйымға қатысушы азиялық және еуропалық елдердің арасындағы байланыстың маңыздылығын паш етеді.

Жоао Соареш, ЕҚЫҰ ПА құрметті төрағасы:

- Ұйымға төрағалық туралы әңгіме енді ғана көтеріліп жатқан уақыттан бастап біз Қазақстанды қолдап келеміз. ЕҚЫҰ ПА бұл мәселеге әу бастан оң көзқарас танытқан болатын. Сол кездері кей елдердің мұндай саммиттің өтуіне аса мүдделік танытпай, күдікпен қарағаны да бар. Алайда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың, СІМ басшысы Қ.Саудабаев пен Сенат Төрағасы, біздің әріптесіміз Қ.Тоқаевтың стратегиялық ерік-жігері бұл мәселеде үлкен рөл атқарды.

945 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз