Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Желтоқсан, 2017

Сырдың сұлу шаһары

Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Туған жеріңе деген құрметің алыста жүргенде артпаса, кемімейтіні рас. Ел дегенде елеңдеп, жаңалық күтіп, жақсылығына қуанып, қолыңнан келгенінше көмек беруге даяр тұрасың. Кезінде мән бермеген дүниелерге, сыртта жүргенде салыстыра қарап, қолда бардың бағасын түсінеді екенсің.  Айтпағым, Сыр елінің орталығы болып саналатын Қызылорда шаhары соңғы кезде қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысының өзі «Сыр – Алаштың анасы» деп бекер айтпаса керек. Ұлттық құндылықтарымызды берік сақтаған, Елбасының сарабдал саясатына сенім артқан тұрғындар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», береке-бірліктің арқасында қашаннан қойнауына құт дарыған – Сыр елі қомақты жетістіктерге жетуде. Әр істің бойында халықтың ынтымағы мен әркімнің өз туған жеріне деген сүйіспеншілігі жатқандығы айтпаса да түсінікті. Елді мекеннің өткені мен бүгінін салыстырар болсақ, қазіргі таңда қала атауына лайық оң өзгерістер мен жар­қын жаңалықтардың орын алып отырғанын анық байқауға болады. Бұл өзгерістерді әлеуметтік сала, комму­налдық шаруашылық, құрылыс, қала­ның инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылымын дамыту бағытында ат­қарылған істерден аңғарасыз. Солар­дың ішіндегі ең маңыздыларының бірі, қала халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде қызылордалықтар толығымен таза, жерасты ауызсуын тұтынуда. Құрылыс саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп, жағымды жаңалықтармен бөлісуге болады. Тұрғын үй құрылысы облыс бойынша еселеп артып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, 12 шағын аудан бой көтеріп, баспанаға мұқтаж жерлестеріміз қуанышқа кенелді. Оған қоса тағы бір ауқымды жоба – Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысы қанат жаюда. Тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы тағы бір жағымды жаңалық – Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы үйлер тұрғындарының 100 пайыз жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілгендігі. Көптен көтеріліп жүрген мәселе­лердің бірі – магистральды жылу желілері жаңартылды. Бұрын дарияның жағасымен серуендеу арман еді. Бүгінде бұл арман ақиқатқа айналып, Сырдария өзенінің бойы толығымен абаттандырылып, әсем жағалау көз тартады. Автокөлік жолы, жаяу жүргіншілер және веложолақпен жүруге де жағдай жасалған. Бұл жер, тек қала тұрғындарының ғана емес, қала қонақ­тарының да сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жетіп, бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылу жайы ойдағыдай шешілген. Спорттық ойын алаңдары пайдалануға берілді. Көлік қатынасын дамыту мақсатында жалпы аумағы 5 гектар жерді құрайтын 200 заманауи автобусқа арналған жаңа үлгідегі автобус паркінің ел игілігіне берілуіне жұртшылық дән риза. Қалаішілік және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктердің қызметін сапалы ұйымдастыру мақсатында диспетчерлік пункттер ашылып, алдағы уақытта қосымша автобустар алынады деген жоспар бар. Тұрғындардың сұранысын қанағат­тандыру мақсатында жасалып жатқан ауқымды жұмыстардың басында шаhар басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының орасан зор еңбегі тұрғандығын атап өткен жөн. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсете білетін басшы үнемі ізденіс үстінде. Жұмысқа келгенде өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя отырып, ел мүддесі жолында қажыр-қайратын да, білімі мен біліктілігін де көрсетіп, жастарға үлгі болуда. Елдің болашағы осындай ұлтжанды азаматтардың қолында екендігін басты назарға алып, іскер басшыға қолдау білдіріп отыру әрбір азаматтың міндеті екендігін еске сала кеткенді жөн көріп отырмын. 2018 жыл біздің өңір үшін айтулы оқиғаларға толы тарихи жыл болмақ. Қызылорда облысының 80 жылдық мерейтойы және Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының 200 жылдығы атап өтілмек. Сыр халқы үшін мәртебесі зор әрбір айтулы мерекелер қарсаңында, еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерін насихаттап, әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру қызылордалықтар үшін жақсы дәстүрге айналғаны қуантады. Ел дамуына зор үлес қосар азаматтарымыз бен елім деп ұрандатар жастарымыздың еңбегі жана берсін деп тілейік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтылмаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік. Расында, туған жеріміздің жақсылығын асырып, әр жетістігін насихаттап, абыройын арттыра білсек, бұл да бір үлкен үлесіміз болар еді.

Балгүл Мәмен

1002 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз