Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Желтоқсан, 2017

Әлеуметтік мәні зор құбылыс

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесіне тоқтала келіп: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыста­рына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланыс­ты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деп атап көрсетті. Бұл ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасалған мәні зор шара деп білеміз. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі уақытта ретсіз таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік береді. Тіліміздің ішкі табиғатын кемелдендіріп, жаңа әліпби арқылы айтылым мен жазылым талаптарын бір жүйеге түсіруге септігін тигізеді. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып саналады. Латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекше, т.б.), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Жазуға қойылатын ­басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет, т.б. ) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мазмұны зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақ­тан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауы­мыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

Нұрбол СӘДУАҚАС,  филология ғылымының кандидаты

876 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз