Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 07 Қаңтар, 2018

Бесқала бастауы

Бастауын ертеден алатын жыраулық өнерді қазақ ерекше бағалап, құрмет тұтқан. Өнердің бұл түрі ертеректе еліміздің барлық аймағында кең қанат жайғанымен, бүгінгі күнде санаулы өңірлерде ғана сақталып қалғанын көреміз. Солардың бірі – Бесқала өңірі. 

Бесқала – тарихи атау. Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз (Шаббаз – қазіргі Беруни, Еллікқала, Төрткүл), Көне Үргеніш қалалары XVΙΙΙ-XΙX ғасырларда Бесқала деп аталған. Қазіргі кезде Көне Үргеніштен басқасы Қарақалпақстан Республикасының аумағында жатыр. Осы өңірді ертеден мекен еткен қазақтардың өзіне тән салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті, әдебиеті қалыптасты. Солардың ішінде кең танылғандарының бірі – жыраулық өнері. Қазақ жеріндегі Сыр бойы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау жыраулық мектептері секілді қарақалпақстандық қазақтар арасында қалыптасқан мектеп «Бесқала жыраулық мектебі» деп аталады. Ғылыми еңбектер мен зерттеу мақалаларда Бесқала өңірінің ХVΙΙΙ-XΙX ғасырлардағы жыраулық өнер өкілдері ретінде Жиеней Өтім, Қосым, Сағыр Дүйсенбай, Тұрманқожа, Қазан, Амантұрлы, Тілеумағамбет (Қу молда) Лепес, Оразбай сияқты ақын-жыраулардың есімдері аталады. Осылардан үлгі алып, дамыта жырлағандар кешегі Әбдімұрат, Мыңбай, Төртқара Теңізбай, ­Ережеп, Жоли Жақсылық, Алдаберген, Наурызбек сияқты өнер иелері еді. Ертеректе өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармалары мен музыкалық мұралары бүгінгі күнге түгел жеткен жоқ. Ал ХХ ғасырдағы жыраулардың шығармалары біршама сақталып, бүгінде халық кәдесіне жарап отыр. Атап айтар болсақ, Құдайберген Кердері, ­Ережеп Тілеумағамбетұлы, Жақсылық Мамытұлы, Жақсылық Төлепов, Ерғожа Құлпыбайұлы, Жалғасбай Аралбаев, Қайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбайұлы, ­Наурызбек Нұржаубайұлы, ­Атаубай Мәмбетов, Өмірзақ Қалбайұлы, Қарасай Әбдімұратұлы, Тұрғанбай Жаңабайұлы т.б. ақын-жыраулардың мұралары мол. Бұл өңірдегі жыршылық дәстүрді сөз еткенде жыр саздарын, мақамдарын ерекше атап өтуіміз қажет. Бесқаланың солтүстігі мен оңтүстігіндегі жыршы-жыраулардың жыр айту стилі, репертуарлары, жыр саздары мен терме мақамдары бір-біріне ұқсамайды. Бесқала қазақтарының жыраулық дәстүрін зерттеушілердің дені негізінен әдебиетші ғалымдар болды да, музыкалық тұрғыдан зерттелуі бүгінгі күнге дейін назарға іліне қойған жоқ. Қазіргі кезде ертеректе өмір сүрген жыраулардың саз-мақамдары табылып отыр, бұл көңіл қуантарлық іс. Ел арасынан мұндай ұмыт бола бастаған дүниелерді әлі де көптеп кездестіруге болады. Жоғарыда аталған жыраулардың қанша мақамы болғанын дөп басып айту қиын. Кешегі өткен Наурызбек жыраудың бір өзі отыздан астам мақаммен жырлаған. Мақам-саздың ерекшелігі, әсіресе жыр-ертектерді жырлағанда айрықша білінеді. Жыраулар терме-толғауларда пайдаланбаған сарындарды дастанға, жырға келгенде кеңінен пайдаланып, жыр оқиғаларын түрлі саздармен құлпыртып отырады. Бұған дауыстары дыбыс таспасында қалған А.Тасқынбайұлының «Асау-Барақ», Н.Нұржаубайұлының «Едіге» жырлары сөзімізге дәлел. Қарақалпақстандағы қазақ жырауларының өзіне тән жеке мақамдары бар. Мысалы, бір жыршыны тыңдап отырған жұрт аузынан «мынау Теңізбайдың жолы», «Жоли Жақсылықтың жолы», «Наурызбектің жолы ғой» деген сөздерді көп есітеміз. Мұндағы «жолы» деген сөз «жыр сарыны, сазы, мақамы» дегені. Бесқала жыраулық мектебін өзгешелеп тұратын ерекшеліктерінің бірі – осы саз-мақамдары. Бесқала жыраулық дәстүрінің мақам-саздары дегенде көбіне Наурызбек жыраудың жыр мақамдары ғана ойға оралады. Өзіндік жыршылық жол қалыптастырған небір дүлдүл өнер иелері өздері туып-өскен топырақта қалды. Олар кезінде Бесқала өңірі мен Түркіменстан, Өзбекстанның батысындағы Хиуа, Бұхара, Науайы аймақтарына танымал болып, сол өңірлердің жұртшылығына танылды. Кезінде айтқыш жырау саналып, жұрт көңілінен орын алған кейбір жыршылардың терме мақамдары мен жыр саздары сақталмай қалған. Мысалы, кеше ғана өмірден өткен Бағымбай Жақсымұратұлы ұстазы Жоли Жақсылықтың «Қарасай, Қази» жырын орындау кезіндегі саздарының ұмытылып кеткенін айтатын. Аталған өңірдегі ақын-жыраулардың мұраларын ­жинастыру өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап қолға алына ­бастады. 1959-1960 жылдары Қазақ Ғылым академия­сы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор экспедициясы Қарақалпақстанда болып, көптеген әдеби мұраларды хатқа түсірді. Одан кейін де бірнеше рет барып, Бесқаладағы мол мұраның сақталып қалуына себепші болды. Осы жиналған мұралар мен деректер қазақ әдеби зерттеулерінде сөз етіле бастады. Сонымен қатар ташкенттік фольклоршы Қыдырәлі Саттаровтың еңбегі зор. Ол 1968-1993 жылдар аралығында Әмудария жағалауындағы қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинау экспедициясын жыл сайын ұйымдастырып көп еңбек етті. Қ.Саттаров «Фольк­лор экспедициясының жемісі» деген мақаласында Бесқала өлкесіндегі жыраулық өнер жайында: «Бесқала, Көне Үргеніш, Әмудария құйылысындағы қазақтар арасы қазақтың жыршылық-жыраулық дәстүрі қаймағы бұзылмай толық сақталған өлке. Халық таланттары ұстаз, шәкірттік салтын жалғастырып, бірден екіге ұластырып келе жатқанының куәсі болдық», – деп жазады. Бұл аймақтағы ақын-жыраулар бұрыннан келе жатқан эпостарды жырлаумен ғана шектелмей, өздері де көптеген жыр-дастандар шығарды. Олар Бесқала өңіріндегі тарихи оқиғаларды, айтулы шайқастарды жырларына қосып, суреттеп отырды. Мысалы, Тілеумағамбет Аманжолұлының «Асқар батыр», «Өтешбай мен Марқабай батыр», «Ермағамбет батыр», «Дәуіт батыр» сияқты жырларында Бесқала жерін орыс, түркімен басмашыларынан қорғау жолында барын салған батырлардың ерліктері баяндалады.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының  оқытушысы

3734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз