Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 01 Ақпан, 2018

Ел боламын десең бесігіңді түзе...

Кәрібжанова Жанар Алматы қаласы, «Арша» балабақшасының тәрбиешісі

Елдің ел болып қалыптасу жолында бала тәрбиесінің маңызы зор. Бүгінгі күні жас ұрпақ болашағының іргетасының берік қалануы ата-ана, содан соң, балабақшаның берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Әр үйдің кішкентай бүлдіршіндері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар, өнер-білімге баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Демек, оң-солын ажырата алмайтын, енді өсіп келе жатқан бөбектердің ұлтжанды, инабатты да ибалы, үлкен-кішіні сыйлай білетін дарынды дара тұлға болып жетілуіне балабақша тарапының қосар үлесі зор.

Мысалы, енді өсіп келе жатқан ағашты қалай баптасаң, өскен соң ол саған жемісін солай береді. Сол секілді балаға кішкентай кезінен қандай тәрбие берілсе, ол бала кейін келе сол тәрбие бойынша бой түзеп, азамат болады.Сондықтан тәрбие мәселесі мейлінше үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл орайда, балдырғандардың тәрбиесіне ең жауапты адам - тәрбиешінің орны бір бөлек екендігі анық. Әрине, тәрбиеші баланың жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы баланың ойын түсініп онымен жақсы қарым-қатынас орнатады. Адамның жаны мен тәні қашанда тәрбиеге мұқтаж екендігін ескерсек, тәрбиешіге артылар жүк жеңіл еместігіне көзіміз жетеді.

Десе де, қазірде кейбір балаларды балабақшаға алып бару азаптың азабы. Неге десеңіз: бірі таңғы ұйқысын қимай, ата-анасынан жырақтағысы келмесе, енді бірі балабақша тәрбиесіне үйренісе алмағандығынан бөбекжайға барғысы келмейді. Бұл жағдайда, мәселе тағы да тәрбиешіге келіп тірелетіні сөзсіз. Яғни, бала қызығушылығын арттыру үшін: тәрбиеші өзін жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші ретінде сезіну керек. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу ісіне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету. Міне, осы сөзді әрбір тәрбие беруші өзіне мақсат тұтса нұр үстіне нұр болмай ма?! Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелеу - басты міндет.

Егемен еліміздің мәңгілік ел болып, мәңгі жасауы және «алаш» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында. Ал, болашақ ұрпақты талапқа сай, ұлтжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде - балабақша мен ондағы тәрбиешілердің еңбегі зор.

3029 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз