Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 06 Ақпан, 2018

"Абу-Даби Плаза" жұмысшыларының босатылуы: "Нұр Отан" жағдайды өз бақылауына алды

"Нұр Отан" партиясы Астана қалалық прокуратурасынан бұл шешімнің қаншалықты заңды екенін тексеруді сұрады.

Заңсыз жұмыстан шығарылғандарын мәлімдеген "Абу-Даби Плаза" кешенінің құрылысшылары "Нұр Отан" партиясынан көмек сұрады, деп хабарлайды BNews.kz.

Кеше Астанада "Абу-Даби Плаза" құрылыс кешенінің 400-ге жуық жұмысшысы заңсыз жұмыстан шығарып жіберілгені туралы мәлімдеме жасады. Өздерінің айтуынша, олар жұмыстан шығару туралы ешқандай ескерту алмаған. Аталған қысқартулар жайында тек жұмысқа келген кезде бір-ақ білген.

Құрылысшылар осы шиеленіскен жағдайды шешу үшін "Нұр Отан" партиясына жүгінген болатын. Соған орай кеше олар партияның Астана қалалық филиалы басшылығымен кездесті.

Осы мәселеге қатысты "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, "Нұр Отан" Астана қалалық прокуратурасымен бірлесіп жұмыс істеуде. Бүгінде қалалық прокуратура бұл шешімнің қаншалықты заңды екенін тексеру үстінде. Мәселенің мәнін анықтау үшін Астана қаласының әкімдігі де жұмылдырылғанын атап өткен жөн.

"Осы мәселені оңтайлы шешу үшін барлық қажетті жұмыстар қолға алынды. Бұл жағдайды «Нұр Отан» партиясы өз бақылауында ұстайды. Мұндай сәтте сабырлық танытудың маңызы зор. Қаланың құқық қорғау органдары мен әкімдігі де жұмыс істеуде. Осылай күш біріктіру арқылы бұл келеңсіз жағдайдың оң шешілуіне сенім білдіремін", - деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда елордадағы ең биік ғимарат "Абу-Даби Плаза" кешенін салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалғанын хабарлаған. Құрылыс компаниялары алдын ала ескерту жасамаған. Және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан. Бір-бір үйді асырап жүрген азаматтар Еңбек кодексі бойынша өз құқықтарын талап етуге кірісті.

650 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз