Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 22 Ақпан, 2018

Рухани мұра сабақтастығы

Тіл – адамзатқа ортақ құндылық. Оның игілігі ұшан-теңіз. Бұл орайда әлемдегі көне тілдердің бірі – парсы тілі туралы айтар болсақ, парсы тілінің қазақ тарихында, жазба мәдениетінде алар орны ерекше екені сөзсіз. Әсіресе шығыс шайырларының шығармалары арқылы кең тарады.  Парсы тілі ресми түрде Қазақстанда алғаш рет 1989 жылдан бастап оқытыла бастады. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Иран арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар жақсы деңгейде дамып келеді. Екі ел студенттерінің білім жағынан тәжірибе алмасуы, ұлы ғұламалар туындыларының аударылуы, ғылыми-әдеби басқосулардың өткізілуі осының дәлелі. Жыл сайын парсы тіліне қызығушылық танытатын оқытушылар мен тарихшылар Иран еліне іссапармен барып, әртүрлі мәдени шараларға қатысып тұрады. Алматы қаласындағы Иранның Бас Консулдығы жанындағы мәдени өкілдігі жыл сайын дәстүрлі түрде ғылыми конференция, дөңгелек үстел, ақын-жазушылардың шығармашылық кешін өткізіп, парсы тілінен халықаралық олимпиадалар ұйымдастырып келеді.

Алматы қаласындағы Иранның Бас Консулдығы жанындағы мәдени өкілдігі Қазақстан мен Иран қарым-қатынасы дамуының негізгі мәдени көпірі десек те болады. Қазақстанда бастапқы кезде парсы тілі тек қана бір университетте оқытылды. Кейінірек Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орындарында және Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде парсы тілін оқыту қолға алына бастады. Осы уақытқа дейін Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Бірнеше мәдени және әдеби кітаптар парсы тілінен қазақ тіліне аударылды. Қазақстан Республикасы Алматы қаласындағы Иранның Бас Консулдығы жанындағы мәдени өкілдігі жоғары оқу орындарында парсы тілін қосымша үйрететін курс­тар ашып, студенттердің тілді мең­геруіне мүмкіндік жасап отыр. Университеттердің кітапханасына құнды және бағалы кітаптарды сыйға беріп, қажетті оқулықтармен қамтамасыз етті. Студенттер мен оқы­тушылардың тілдік және ғылыми әлеуетін көтеру үшін, оларды Иранға тіл ұстарту курстарына және ғылыми конференцияларға қатысуға жіберуде. Бүгінгі таңда екі елдің тарихи, мәдени, экономикалық байланыс­тары нығайып келеді. Иран мен Қазақстан мемлекеттерінің барлық салаларында әріптестік байланыс жақсы жолға қойылған. Сондықтан болар Қазақстандағы көптеген студенттер әуезді парсы тілін үйренгісі келеді. Ислам діні негізінен мистикалық дәстүрлер арқылы Иран мен Хорасаннан Орталық Азия елдеріне келгені мәлім. Бұл ұлан-ғайыр жерде Иран мен Тұран тайпалары алыс-беріс жасап отырған. Әлі де осы кең байтақ жердің түкпір-түкпірінен Иранның бай мәдениеті мен өркениетінің белгілерін көруге болады. Бұл қазақ тілінде парсы тілі арқылы көптеген діни терминдердің кіруіне себепші болды. Қазақ халқының көпшілігі әлі күнге дейін өз балаларына Рүстем, Аспандияр мен Бижан сияқты Иранның эпикалық батырларының ат­тарын таңдап қояды. Мыңдаған пар­сы сөздерінің қазақ тілінде болуы ирандықтар мен түркітілдестер арасындағы қатынастардың ежелден келе жатқандығынан хабар береді. Зерттеушілердің айтуынша, пар­сының шамамен үш мыңнан аса кірме сөздері қазақ тілінде бар. «Құдай», «дұға», «ораза» және «Пайғамбар» сияқты сөздермен бірге, күнделікті қол­даныстағы көптеген сөздер де енді. Дүниежүзінде парсы тілі поэзия тілі ретінде де белгілі. Рудаки, ­Фирдоуси, Хайям, Маулави, Саади, Хафиз және Низами сынды ақын-жазушылар «Шығыстың жеті жұлдызы» деген атпен әйгілі. Қазақ зиялы қауым өкілдері шығыс шайырларының шығармалары арқылы Иран мәдениетімен де жете таныс деп айтуға болады. Хакім Омар Хайям Нишапуридің рубаяттары, Фирдоусидің «Шахнамасындағы» батырлар жыры, Хафиз ғазалдары, Саадидың нақыл сөздері және т.б. ақындардың шығармалары қазақ халқының санасында жақсы сақталған. Парсы поэзиясы әлем әдебиетінде де кеңінен танымал. Әдебиет сүйер қауым ұлы шығыс ақындарының поэ­ти­калық сөз иірімдері мен шебер­лік­терін өз ана тілінде де кездестіре алады. Қазақтың ақындары да өз дәуірін­де ирандық ақындардың шығарма­ларымен жақсы таныс болды. Мысалы, көрнекті ақын Шәкәрім Құдайберді­ұлы Низами Ганжавидің «Ләйлі-Мәжнүн» ғашықтық дастанын аударған. XIX және XX ғасыр басында кейбір парсы әдебиетінің белгілі шығармалары қазақ тіліне аударылды. Осы кезеңдерде қазақ ақындарының ішінде парсы поэ­зиясына қызығушылардың саны артты. Қазақтың ұлы ақыны Абай ­Құнан­бай­ұлы алғаш рет өз шығар­маларында шығыстың классик ақын­дарын пір тұтып мадақтайды. Кемеңгер қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов: «Абайдың жастық шағында шығыс ақындары қатты әсер еткен, Фирдоуси, Хафиз, Низами, Саади, ­Рудаки, Аттар және Мулана сияқты ұлы ақындардың өлеңдері мен әңгімелерін түпнұсқадан және шағатай тіліндегі аудармасынан оқыды, тіпті алғаш рет қазақ поэзиясында аруз (өлең өлшемі) уәзінімен жыр жазды. Абай Хафизді өзінің рухани ұстазы деп білді және оған ерекше құрмет көрсетті» дейді. Абайдың туысқан інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Хафиздің шығар­малары мағынасы мен тақырыбы жағынан өте ұқсас. Мүмкін ол Хафиз­дің шығармаларын қазақ тіліне аударғаннан болар. Өйткені Шәкәрім Хафиздің он бір ғазалын қазақ тілінде сөйлеткен. Алғашқы кездерде олардың шы­ғар­ма­ларының толық нұсқасы тек орыс тіліне аударылғандықтан, қазақ оқырмандары ирандық ақын­дарды орыс тілі арқылы таныды. Әсіресе таңдамалы шығармалардан Фирдоусидің «Шаһнамасындағы» «Рүстем мен ­Сохраб» дастаны орыс тіліне аударылды. Сонымен қатар қазақ оқырмандары Иран мәдениетінің негізін қалаушы әлем әдебиетінің танымал шайырлары Фердоуси, ­Хайям және Хафиз шығармаларымен жете таныс. Аталмыш шайырлардың шығармалары арқылы екі елдің әдет-ғұрпында кездесетін «Наурыз» мерекесі және т.б. ұқсастықтардың бар екенін жақсы біледі. Мектептерде діни ілімдерді үйрену барысында Саадидің «Гүлстаны» мен «Бустанын», Маулавидің Мәснәуиі, Низамидің «Хамсесі» және Фирдоусидің «Шаһнамадағы» әдемі дастандарын оқыған. Қазіргі кезде де қазақ халқы үшін парсы тілінің орны бір бөлек. Студенттер парсы тілін өзінің арнайы мамандығына қажетті тіл ретінде таңдап, осы салада жұмыс істеп, екі елдің әдеби қарым-қатынасының ұзақ тарихи жақындастығын сақтау үшін тырысып келеді. Осыған байланысты Алматы қаласындағы Иранның Бас Консулдығы жанындағы мәдени өкілдігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан және аталған университеттердің студенттеріне материалдық және рухани қолдау көрсетеді. Қазақстандық студенттер үшін тіл ұстарту курстарына (Иранда, Қазақстанда) Саади Қоры демеушілік жасайды. Әлемдегі парсы тілін оқытуға жауап беретін бұл Қор осы саланың дамуына, өрістеуіне өз үлесін қосып отыр. Қазақстандық ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Иранның ғылыми орталықтары Деххода сөздік орталығында, Үлкен Исламдық энцик­лопедия орталығында, Остан-э Кодс-э Разавиэ ғылыми-зерттеу қорында және тағы да басқа орындарында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Иран халқының тарихымен, мәде­ние­тімен, әдебиетімен және өнерімен тереңірек танысқысы келеді.

Сейд Джавад Джалали Киасари, Алматы қаласындағы  Иранның Бас Консулдығы  жанындағы мәдени  өкілдіктің басшысы

2759 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз