Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 22 Ақпан, 2018

Қазақстанда робот-фермалар ақиқатқа айналады

Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі  e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Білім мен білікке негізделетін цифрлық өркениет жетістіктері экономиканың машина және дәрі-дәрмек жасау сынды жоғарытехнологиялы тармақтарына ғана емес, ежелден қол еңбегін көп қажетсінетін ауыл шар­уашылығына және қазақтың төл кәсібі – төрт түлік өсіру сияқты салаға да да дендеп еніп келеді. Бұған мал күтімінің компьютермен басқарылуын, егін егу мен жинаудың, өнімді өңдеп, сақтаудың автоматтандырыла бастауын мысал ретінде келтіруге болады. Осындай үлгілі үрдістерден еліміздің аграрлық саласы да шет қалып отырған жоқ. Салалық министрлік республикада адамның барынша аз қатысуымен он роботтық сүт-тауар фермасы жұмыс істеп жатқаны жөнінде ақпарат таратты. Бұл шаруашылықтардың барлығы қораны дезинфекциялауға, малды азықтандыруға, тұратын жерлерін тазалауға және үй-жайлардағы микроклиматты бақылап оты­руға мүмкіндік беретін құрылғылармен қамтамасыз етілген, метеорологиялық стансамен және желдету жүйелерімен, май сапасын анықтайтын ең озық тех­нологиялармен жабдықталған. Қазақ тағамтану академиясының «Амиран» зауыты мен «Атамекен Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай озық кәсіпорындар қатарына жатады. Мұндай шоқтығы биік шаруашылықтар саны алдағы уақытта өсе түседі. Жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Smart Technologies» технологиялары агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда серпіліс жасауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өткен болатын. Маңызды мемлекеттік құжатқа сәйкес аграрлық-өнеркәсіптік кешен алдына цифрлық технологияларды жеделдете енгізу, IT-технологияларды дамытуға бизнесті тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру міндеті қойылып отыр. Бүгінгі таңда ветеринариялық және фитосанита­риялық қауіпсіздік, астық қолхаттары, несиелік өтінім­дерді жинау және басқару, ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, мал шаруашылығын есепке алу ойдағыдай орындалып, өсіру, суару және жер ресурстарын басқару са­лаларында автоматтандырылған үдерістер іс жүзіне асырылуда.  Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік реттеу жүйесін цифрландыру және өндіріс саласын технологиялық қайта жабдықтау сынды екі негізгі міндет шеңберінде жоспарланған. Бұл саланы мемлекеттік реттеуді цифрға көшіру агроөнеркәсіптік кешен нысандарына қатысты несиелік және лизингтік үдерістерді автоматтандыру, субсидиялау, аграрлық түбіртектерді және онлайн-сақтандыруды енгізу ар­қылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, нарықтарға қолжетімділік жасау және экспортты дамыту, ілеспе және рұқсат беру құжаттарын беру үрдістерін автоматтандыру, электрондық астық қолхаттарын әзірлеу, «даладан үстелге дейінгі» өнімдердің қадағала­нуын қамтамасыз ету және электрондық коммерцияны енгізуге жағдай жасау сияқты негізгі бағыттар бойынша іске асырылатын болады. Мәселен, ветеринарлық медицинадағы үрдістерді автоматтандыру және қадағалау жүйесінің деректерін алу арқылы экспортқа ветеринарлық сертификат беру мерзімі 14 күннен 1 сағатқа дейін қысқартылып, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыру ауқымында ауылшаруашылық техникасын тіркеу жүйесі, оған кепілдік беру мен қадағалау ұстартылады, көптеген рә­сімдер оңайлатылады және мемлекеттік қызметтерді алу уақыты жеңілдетіледі, су ресурстарын және биоресурстарды тұрақты да тиімді басқаратын геопортал орман және су ресурстарына, жануарлар дүниесіне, аң аулау және балық шаруашылығына ғарыш мониторингін жүргізу арқылы құрылады.  Өткен 2017 жылы электронды астық қолхаттары жүйесінде шамамен 627 млрд. теңгеге 19 млн. тонна астық сатып алу-сату мәмілелері тіркелді. Жүйеге астықтың балансы, астық бағасы, астықты сақтандыру туралы статистика, астық қабылдау пункттерінің рейтингі кіреді. Мұның бәрі астық қолхаттарын алып тастауға және фермерлер шығынын жылына 700 миллион теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, биылғы жылы шетелдік сатып алушылардың астықты кедергісіз алуына мүмкіндік беретін астық тасымалдағыштар, онлайн-сауда-саттық тәртібі және қауіпсіздікті жақсарту үшін «қоршау» технологиясы енгізілетін болады.  Сонымен бірге қадағалау жүйесі ветеринариялық және фитосанитарлық зертханаларды, іріқара мал базарларын, сою пункттерін, қайта өңдеу кәсіп­орын­дарын, тұқымдық өнімдерді, сауда желілерін, логистиканы қамтуды жоспарлауда. 2021 жылы қойма жайларын, қоймалар мен сою бекеттерін, өңдеушілер мен ірі өндірушілерді қамтитын көтерме сауда орталықтарының көмегі арқылы электронды коммерцияны енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ технологиялық қайта жабдықтау міндеті ауқымында дәлме-дәл фермерлік шаруашылық элементтерін енгізу, SMART фермаларын құру және ІТ-технологияларды пайдалануға бизнесті тарту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу фермерлердің өндірістік үдерістері тиімділігін едәуір жақсартуына мүмкіндік береді. Өрістердің электрондық карталары, ауа райы туралы нақты деректер, дерек берушілер мен сенсорлар, ғарыштық мониторинг осындай соны үдерістерге жатады. SMART-фермаларды іске қосу малдың өсімі мен күтімі мониторингін жүргізуге және жануарларды бағып-күтуді басқаруға мүмкіндік береді, шығынды есепке алу мен оны онлайн тәртібінде талдауды қамтамасыз етеді. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бәсекеге қабілеттілікті көтереді, еңбек өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз етуді және салаға инвестиция тартуды көздейді.

673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз