Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Ақпан, 2018

Партияның әрбір жобасы халыққа нақты пайдасын тигізуі тиіс – Әшімбаев

Мәулен Әшімбаев халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу әрдайым партияның басым бағыттарының бірі болып қалатынын айтты.

"Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы квота арқылы "University medical center" корпоративті қорының Республикалық диагностикалық орталығында емделуге мүмкіндік алған балалардың ата-аналарымен кездесті. Бұл квота "Астана – рухы мықты жандардың қаласы" атты партиялық жоба аясында жүзеге асырылған игі бастама екенін атап өткен жөн, деп хабарлайды BNews.kz партияның орталық аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау көрсетіп, олардың қоғамнан өз орнын табуына жағдай жасау – партия басым бағыттарының бірі. Соған сәйкес "Нұр Отан" түрлі дертке шалдыққан балалардың еліміздегі ең үздік медициналық мекемелерде тегін тексерілуі үшін мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің мүмкіндігін біріктіріп, көптеген игі істерге мұрындық болып келеді. Аталған медициналық орындардың қатарында лабораториялық зерттеу саласы бойынша Қазақстандағы ең ірі мекеме Республикалық диагностикалық орталықтың да бар екені белгілі.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл орталықтың ТМД елдері арасында бірінші болып JCI халықаралық аккредитациялау комиссиясының сертификатына ие болғанына назар аударып, оның алдыңғы қатарлы амбулаториялық медициналық ұйым екенін айтты. Яғни, бұл жерде балаларға ең сапалы медициналық қызмет түрлері көрсетіледі.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев "Астана – рухы мықты жандардың қаласы" атты әлеуметтік жоба партияның белсене қатысуымен қолға алынғанын атап өтті. Соның аясында нұротандықтар балаларға "University medical center" корпоративті қорының Республикалық диагностикалық орталығында емделуге мүмкіндік беретін 10 квота бөліп отыр. Нәтижесінде бұл жерде түрлі дертке шалдыққан 1,5 жастан 14 жасқа дейінгі жас жеткіншектер тегін тексеріледі және қажетті ем-дом алуға да мүмкіндік бар.

Мәулен Әшімбаев халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу әрдайым партияның басым бағыттарының бірі болып қалатынын айтты. Алдағы уақытта әлеуметтік бағыттағы барлық партиялық жобалар қайта қаралып, олардың маңызы мен мәні одан әрі артатын болады.

"Партия ұйымдастырған әрбір іс-шара мен қолға алған жоба халыққа нақты пайдасын тигізуі тиіс", - деді "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

737 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз