Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 16 Наурыз, 2018

Мұғалім мәртебесі биік болуы керек

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған  биылғы  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Жолдауы жылдағыдан ерекше болып тұр. Олай дейтініміз, Мемлекет басшысы алдымен Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты Мәлімдеме жасаған. Егемен ел өміріндегі аса маңызды құжатта алда атқарылатын он негізгі міндет жайында қысқа да нұсқа әрі нақты айтылған. Ал олардың бәрі Жолдаудың толық мәтінінде егжей-тегжейлі мазмұндалған.

Бүгінде егемен еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Төрткүл әлемдегі қарқынды дамыған озық отыз елдің қатарына жедел ену – басты мақсатқа айналған. Жаңадан қабылданған ­«Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасының болашағынан да мол үміт күтудеміз. Елбасы бізді «ақылды ұлтқа» айналуға үндеп отыр. Жолдаудың өн бойынан осыны айқын аңғаруға болады. Диқан да, құрылысшы да, кәсіпкер де, басшы да, қосшы да, оқытушы да, студент те, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де, қысқасы, еліміздің кез келген азаматы үнемі оқу мен ізденісте жүру керектігін ұғындырған. Өскелең заман талабына сай көп ізденіп оқып, сол оқығанды бойға тоқып, адал әрі еселі еңбек еткенде ғана жоғары жетістікке жетуге болатынын байыпты баяндаған. Президент «Ақылды технологиялар», «Ақылды қалалар», «ақылды ұлт» деген сөздерді бостан-босқа тілге тиек етіп отырған жоқ. Шынтуайтында да, біз күн өткен сайын өзгеріп отырған заман талабына сәйкес әрекет жасай алмасақ, бәсекеге қабілетсіз болып қалатынымыз айдан анық. Білім саласында еңбек етіп жүргендіктен, бізді, әсіресе Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші бөлімі, Елбасы алға қойған жетінші міндет ерекше қызықтыруда. Білім берудің жаңа сапасы ­басты назарда ұсталып отырғаны аса маңызды дер едік. Осы орайда білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына толыққанды жауап беру керектігі ерекше атап өтілген. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екені даусыз. Мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру керектігі де көңілге қонымды. Балабақшалар, жалпы орта мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының алдында тұрған мұрат-мақсаттар жан-жақты сараланған. 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі мекемелердегі білім беру бағдарламаларының бірыңғай стандарттары енгізілетін болады. Орта мектептерде басталған жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстарын 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Осы орайда педагогтарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарастыру қажеттігі туындағаны айқын. Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы біліктілігін дәлелдеуіне байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні де педагог кадрларды қуантып отыр. Жаңартылған мазмұн дегеніміз – Халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен ­заманауи оқу бағдарламалары екенін естеріңізге сала кеткеніміз жөн болар. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту – дәуір талабына айналуы тиіс. Әсіресе математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту жайы баса айтылған. Тек сонда ғана жастарымызды жаңа технологиялық қалыпқа дайындай аламыз. Барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру арқылы жас ұрпақтың ойын өрістетуге кең жол ашылмақ. Президент үштұғырлы тіл – егемен еліміздің ертеңі екенін жалықпай айтып келеді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындатқанымыз жөн. Осы орайда латын әліпбиіне көшу – бұл мәселені реттеуге мүмкіндік беретіні белгілі. Ал орыс және ағылшын тілдерін меңгеру арқылы біртұтас ұлтқа айналған нағыз азаматтық қоғам құрамыз. Жарыс бар жерде табыс, бәсеке бар жерде береке болатыны бесенеден белгілі. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жұмысты барынша жандандыру мақсатында үздік мұғалімдер мен оқытушылардың бейнесабақтары мен бейнелекцияларын Интернетке орналастыру арқылы озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізе аламыз. Оны оқып көрген өзгелер де жұмыстарын ширатуға талпынатын болады. Жоғары оқу орындарында ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту көзделген. Алдағы уақытта қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіру жүзеге асырылмақ. Жас ғалымдарды қолдаудың жаңа жүйелі ­саясаты да жүргізілмек. Елбасы оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажеттігін тілге тиек етіп отыр. Әрине, мұның бәрі студенттердің білім сапасы мен біліктіліктерінің артуына оң септігін тигізетіні анық. Бүгінде елімізде рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Біз білім, ғылым, әдебиет, мәдениет, өнерді өрістету арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Сайып келгенде, елі мен жерінің тарихын, тілін, салт-дәстүрін жетік білетін, шет тілдерін терең меңгерген озық ойлы студент жастар қазіргі қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс екені айтпаса да түсінікті шығар. Егемен еліміздегі ірі мегаполис қалалар – өңірлік дамудың, инновацияны тартудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтері іспеттес. Биыл Еуразияның жүрегіне айналған ару Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Аталмыш мерейтой аясында «Астананың 20 жылдығы», «Әлемнің 20 астанасы», «Елордалар шеруі» атты ауқымды мәдени шаралар жүзеге асырылмақ. Төрткүл әлемнің дамыған елордалары Астанаға құрметі ретінде бірқатар мәдени шаралар өткізеді. Жер жүзіне танымал музейлердегі жәдігерлер Астанаға әкелініп, сан түрлі бағытта көрмелер ұйымдастырылатын болады. Оңтүстік астанамыз – Алматы да күн санап құлпыра түсуде. Соларға қарап бой түзеген шырайлы Шымкент шаһары 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің мәдени астанасына айналғалы отыр. Міне, осындай өркендеген, көркемденген елде жасайтын біз, жастар, өзімізді шын мәніндегі бақытты ұрпақтың өкілдеріміз деп санаймыз.

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант

Шымкент

1414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз