Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 11 Сәуір, 2018

МҚІСҚІА, ҚР СІМ және ҚР ИДМ инвесторлар құқығын қорғау бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуал: Инвестициялық омбудсмен институты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктері» тақырыбында халықаралық бизнес-форум өтті, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Форум жұмысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ҚР-дағы дипломатиялық өкілдіктердің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, шетелдік және қазақстандық іскер топтардың, халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Форумда инвестициялық ахуалды жақсарту, инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау, инвесторлардың құқығын қорғау, инвестициялық омбудсменнің жұмыстары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, бизнестің шығындарын төмендету сияқты басқа да мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, бизнес-форум барысында ҚР ИДМ, ҚР СІМ және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат аясында инвестициялық қызмет субъектілерін тексеру кезінде мемлекеттік органдар тарапынан заңнаманың бұзылуына жол бермеу үшін бірлескен мониторинг жүргізу, жедел ақпарат алмасу, тұрақты негізде бірлескен кездесулер өткізу үшін «Protecting Investments» арнайы жобасын құру қарастырылуда.

Анықтама: 2017 жылы инвестициялық омбудсменге 43-тен астам өтініш келіп түскен. Оның ішіндегі заңды инвесторлардың құқықтарын қорғау мен сақтауды қамтамасыз етуге қатысты түскен 11 өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданды (мәселелер инвесторлардың пайдасына шешілді). 18 өтініш бойынша оларды шешу үшін ұсынымдар енгізіліп, түсініктемелер берілді және кездесулер өткізілді. 14 өтініш инвестициялық омбудсменнің құзыретіне кірмейді (шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы дау, сотта қарау және т.б.). Көп жағдайда инвесторлар алдында салық, кеден және еңбек заңнамасы, лицензиялау мен жер қатынастары салалары бойынша кедергілер жиі кездеседі.

 

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз