Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 21 Қаңтар, 2010

Туризм Жер шоқтығы – Бурабай

Ата-бабаларымыз қасықтай қаны қалғанша ұлтарақтай жер үшін Жан алысып, жан берісті. Міне, соның нәтижесінде ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр жер ұрпағына мұраға қалып отыр. Оны ұқсатып ұстау, әрине, өз қолымызда. Кең байтақ даламыз көз сүріндірер көркем өлкелерден кенде емес. Сондай жер шоқтығының бірі – Бурабай.

Жыл сайын алыс-жақын шет елдерден туристер ағылып келеді. Келушілер қысы-жазы толастамайды. Туризим саласы бізге ең бірінші экономикалық тұрғыдан орасан пайда әкеледі. Екіншіден, шетелдіктерге қазақ халқы туралы жағымды мағлұмат беретін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Көкшетау маңында орын тепкен Бурабайдағы экономиканың іргелі салаларының бірі қалай дамуда? Оның даму қарқынын көзбен көріп, көңілге түю үшін Ақмола облыстық туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары Шынарбек Бүркітбаев туристік насандарға «саяхат» жасатты. Жол-жөнекей Шынарбек аға өз саласының қыр-сырымен таныстып, ұзақ-сонар әңгіме айтты.

Аймақтық жерлерде спорт басқармасы мен туризм басқармасы бөлек болуы керек. Өйткені, спорттың өзі өте ауқымды сала. Спортқа кіріктірілген туризм саласы бойынша бар-жоғы үш-ақ маман жұмыс істейді. Бұл Қазақстанның барлық аймақтарында қалыптасқан жағдай. Ал спорт саласына қатысты 15-20 адамға дейін еңбек етеді.

Қысқасы, бізде маман жетіспейді. Мысалы, жыл сайын болжау жұмыстарын жүргізу керек. Маркетингтік зерттеулер көп уақытты алады. Оған үш адам үлгере алмай жатады. Десек те, соңғы жылдары Ақмола облысы туризм бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізгенін атап өткен жөн. 2005 жылы облыстық бюджеттен 10 000 000 теңге бөлінген болатын. Соның арқасында көптеген шаралар өткізілді. Жыл қорытындысында салық төлемі ретінде мемлекеттік бюджетке 115 000 000 пайда түскен екен. Көріп отырғаныңыздай, тек қана туризмнің өзі-ақ мемлекет қазынасына он есе пайда әкелді. Соны көрген облыс әкімі туризмге бөлінетін қаржыны екі есеге арттырды. 2006 жылы 20 000 000 теңгеге жәрмеңкелер өткіздік, дөңгелек үстелдер өткіздік. Өз өнімдерімізді көрсету үшін шет елдерге адамдарымызды жібердік. Соңында салық қызметі ретінде 236 000 000 мемлекеттік қазынаға пайда түсті. 2008 жылы 16 000 000 қаржы бөлінді. Соған қараматан салық есебі ретінде мемлекет 482 000 000 пайда тапты. Әлбетте, бұл бұған дейінгі жылдарда жасалған қажырлы еңбектің нәтижесі. Үш жылдың динамикасын сізге әдейі айтып отырмын. Көптеген елдерде туризм экономиканың негізіне айналған. Соның арқасыда әлеметтік мәселелер өз шешімін тауып жатады. Қазақстанның байтақ жері бар, Каспий секілді алып теңізі бар. Елімізде қарақ шақты туризмнің түрін дамытуға болады. Экологиялық, мәденит, білім, спорт туризмдерімен қатар, біз қазір іскерлік туризмге көп көңіл бөліп жатырмыз. Астана – Ақмола облысының жүрегінде орналасқандықтан, саяси тұлғалар Бурабайда бір демалып кеткенді ұнатады. Қазақтың көрсететін жерлері көп қой!

Бурабайға күніне бес мың саяхатшылар келіп жатады. Біз тір тәулік ішінде он бір мың демалушыны қабылдай алатын жағдайдамыз. Бізде демалу нысандары үшке жіктеледі. Бірінші – элиталы демалыс нысандары. «Оқжетпес» шипажайы секілді бұл демалыс орындарында тәуліктік бағасы 20 000-нан 80 000-ға дейін жетеді. Оның ішіне төрт мезгіл тамағы, жатын орны және емдеу қызметі кіреді. Бұлар қаражаты бар адамдарға арналған. Екінші – қарапайым адамдарға арналған нысандар. Олардың бір тәуліктік бағасы төрт жарым мыңнан алты жарым мыңға дейін барады. Үшінші – балалар демалуға арналған нысандар. Елбасының тапсырмасы бойынша «Балдәурен» орталығы ашылған болатын. Одан өзге де жиырма шақты балалар демалу үшін құрылған лагерлер бар.

Бурабайдың көл жағалай жайқалған ақ қайыңдары қанша қарасаң, да көз тоймайды... Оны аруға да, аққуға да теңеген ғой қайран қазақтың ақындары. Осындай көркем көл жигенде орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына ат басын тіредік. Оның бас директоры Мұхитдин Бекболатұлы өзінің жуықта ғана шетелден оралғандығын жеткізді. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы Еуропа бизнес ассамблеясы серіктестерінің ұсынысы бойынша «European Guality» халықаралық марапатына ие болған екен. Аталмыш халықаралық корпорация өзінің кезекті мәжілісінде осындай шешім қабылдаған. Балғындардың оқу-сауықтыру орталығы осылайша өзіндік бағасын алып отыр. Мұнда 5-9 сынып оқушылары жыл он екі ай бойы денсаулықтарын түзеп, білімдерін жалғастырып, таңдаған шығармашылық ұстанымын шыңдай алады. Жайлы жатар орын, концерт  және спорт залдары, жабық бассейн, жоғары интерактивті технология бойынша жарақталған кабинет-сыныптар, ғаламтор байланысы балалар игілігіне берілген. Мұнда еліміздің әр түкпірінен келген жеткіншектермен қатар, алыс және жақын шетел балғындарының тынығуына да мүмкіндік ескерілген. Ол ең алдымен халықаралық байланысты нығайтуға игі септігін тигізіп келеді.

Балалардың этнографиялық сабақ өтуіне арналған үлкен киіз үйге бас сұқтық. Астынан жылынатын он екі қанаттық киіз үйдің ішінде қазақ жиһаздары көздің жауын алады. Андай жерде тұрған бесік, шымлдық, сандық, келі-келсап және тағы басқа бұйымдарды осы жерден табуға болады. Бұдан кейін жасөспірімдердің спортпен шұғылданатын кешеніне кірдік. Жаңа заман үлгісінде салынған бассейндердің үлгісі қайран қалдырды. Одан әрі түрлі өсімдіктер өсетін жылыжайларға бардық. Одам бойынан асатын қиярлар да бізді таң-тамаша етті. Балалар мұнда биология сабағы бойынша тәжірбие жасап қана қоймайды, дәруменге бай жемістерін күнделікті тұтынатыны қуантады. Біз «Балдәуреннен» шыққаннан кейін Шынарбек ағаның жұмыстарымен «Самал» қонақ үйіне бет түзедік. Зәулім қонақ үйдің сән-салтанаты туралы ұзақ айтып жатпай-ақ қоялық. Сонда түстеніп алып, біз Абылай хан алаңына қарай тартып отырдық. Алыстан Оқжетпестің сұлбасы көрінді. Жақпар-жақпар тастары ішіне қаншама сыр бүгіп жатқанын бір құдайдан басқа ешкім білмейді... Әнекей, Абылай ханға арналған ескерткіш аспанмен бой таластырып тұр!

Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бурабай көлінің жағасында, Абылайдың Көкшетаудағы киелі қонысында ханға тұрғызылған еңселі ескерткішті ашып тұрып, мынадай сөздер айтып еді: «Иә, Абылай аңызға айналған тұлға, бірақ біз ата тарихының бар шындығын ашу үшін сол аңыздан ақиқатты ажыратып алуымыз керек. Және оны өткеннен сабақ, тарихтан тағылым алу үшін жасауымыз керек».

Алаңда Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы термелер дауыс зорайтқыш апараттың күшімен аңырап тұр. Бұл да бір төл әндерімізді қадірлей бастағанымыздың нышаны емес пе? Қазақтың жәдігерлерін көрсететін мұражай да осында екен. Келісті қос батырдың мүсіні де көз тартады. Онда көп аялдай алмадық. Әрмен қарай, Айнакөлді айналып жүріп кеттік. Көкшетаудағы сексен көлдің бірі де, бірегейі осы айнадай жарқыраған Айнакөл! Көл ортасындағы Жұмбақтастың өзі сулулық деген ұғымға жауап бергендей ме, қалай?

Түйін:

Шетелдіктерге қазақтың ұлттық ұғымдарын, салт-дәстүрлерін, халықтық музыкасын, ұлттық спорт түрлерін, бай тарихын насихаттап, бабалар жолын ұлықтаған туризм ғана ұлт мүддесіне қызмет етпек. Осылай ғана кең қолтық қазақ халқы өзінің әлем алдындағы бет бейнесін шынайы көрсетеді. Шынарбек ағаның айтуынша, бұл жағынан да жасалап жатқан шаралар жоқ емес көрінеді. Ел экономикасы ілгерлесін десек, туризмге көңіл бөлелік...

АЛМАТЫ-КӨКШЕТАУ-ШУЧЬЕ-АЛМАТЫ

Арман ӘУБӘКІР

Вырезка

Министр табиғатқа көңіл бөлді

Қоршаған ортаны қорғау министрі, оның мекемесі Щучинск-Бурабай дауажай аймағында туристік-ойын орталығын салу үшін ағаштарды отауға рұқсат бермейтіндігін айтқаны есіңізде болар.

"Қазіргі уақытта "Бурабай" ұлттық паркінің экологиялық аудиті жөніндегі ірі жоба аяқталған. Біз "Бурабайға" қатысты қатаң талап қоямыз. Ешқандай ағаш оталмауға тиіс",- деп мәлім еткен болатын қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов. "Біз Үлкен Чебачьені (көл - агенттік ескертп.) ұсындық. Әрине, бос орын бар, құрылыс салыңыздар, туримзді дамытыңыздар. Бірақ - біздің қатаң экологиялық талаптарымызды ескере отырып",- деп қосты министр.

Аталмыш дауажайды дамыту үшін Президент істері басқармасы әзірлеген, ұлттық паркте Щучье көлінде туристік аймақ салуды қарастыратын жоба бекітілген болатын. Естеріңізге сала кетейік, үкіметтің көшпелі отырысында шипажай аймағын дамыту үшін төрт жер ұсынылған. Әрбіреуінің аумағы 1000 гектарға тең. Үш учаске "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркі табиғи саябағымен жапсарлас жатыр. Оның аумағының басым бөлігі "Есіл Агро" ЖШС-нің иелігінде. Мәселен, аумағы 1000 гектарлық бір учаскенің 290 гектары "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінің, екінші мен үшіншісі - 800 гектарлық аумақтың 50 гектары "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінің иелігінде. Бұл аумақтардың бәрі далалық аумақта, Астана-Көкшетау тас жолының маңында, Үлкен және Кіші Чебачье көлдеріне жақын жерде орналасқан. Аумағы 980 гектарды құрайтын төртінші жер телімі "Бурабай" мемлекеттік ұлттық паркінің иелігінде, Щучье өзенінің жағалауында орналасқан. Бұл аумақта 1 млн түп шырғанақ ағаштары мен бұталары өсіп тұр. Аталмыш учаске құрылыс салуға бекітілген жағдайда оларды қайта отырғызу қажет болмақ. Ал үкіметтің көшпелі отырысында ауылшаруашылығы министрлігі жария еткен мәліметтерге сәйкес, бұл ағаштарды қайта отырғызған жағдайда олар тірі қалмайды.

10403 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз