Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Рухани жаңғыру
  • 17 Сәуір, 2018

«Балауса» ансамбліне жиырма жыл

Еліміз жастардың болашағына аса мән береді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалада Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жастардың кемел келешегіне қатысты мәселені атап көрсеткен. Жастар жақсыдан үйрене отырып, жарқын өмір сүрулерін меңзейді. Білім мен ғылымды бойына сіңіріп, өнерлі болуға шақырады. Бүгінде ғылымда тың идеяларымен дараланып, өнерімен талайды тамсандырған талантты жастар қатары артып келеді. Күні кеше ерекше даусымен дүйім жұртты таңқалдырған, өнерін ел мақтаған Димашты бүгінгі күні үлгі ететін бүлдіршіндер қаншама. Сол үшін талантты балалардың қабілетін ашып, өнерді өрістету маңызды. Республика бойынша мектептен тыс дарынды балалардың арнайы жаттығу үйірмелері, ансамбль топтары өте көп. Соның бірі өнерлі балалардың басын қосқан «Балауса» ансамблін айтуға болады. Алғаш ансамбль 1998 жылы топ құрып, жиырма баламен жұмыс бастағанда бүгінгі жеткен биігі жайлы ойламаса керек. «Бір күні қызым: -Мама, «Балауса» ансамбліне қатысайыншы, - деп өтініш білдірді. Өзі ән айтады. Бірақ ойламаған жерде айтқан сөзі көкейіме қона қоймады. Баланың бетінен қақпай бірге барып көруді ұйғардым. Оқушылар үйіне келгенде, ансамбльге қатысатын балалардың ата-аналары жақсы пікірлерін айтты. Сонымен  қызымды жетелеп, ансамбльдің жетекшісі Сания Ахмеджановнаға алып бардым. Вокалға қатысатын болды. Әуелі, ән айтқызды да, даусы ұнағасын ансамбльге қабылдады», - деді ансамбльге Әмина есімді қызын біраз уақыттан бері қатыстырып жүрген ата-ана Қарлығаш Сейілханова. Биыл «Балауса» ансамблінің құрылғанына жиырма жыл. Ансамбльдің өркендеп, осы уақытқа дейінгі қалыптасу жолында оның жетекшісі Сания Ахмеджанованың сіңірген еңбегі ерекше. Ұйымның мерейтойына байланысты жақында ансамблдің әнші балдырғандары мерекелік концерт ұйымдастырып, өнерлерін паш етті. Алматы қалалық 3-оқушылар үйінде өткен «Балауса» ансамблінің концертінде өнерпаздар табиғи дауыста қазақ, орыс, ағылшын тілі және басқа да шетел тілдерінде ән шырқады. Қазір ансамбльдің құрамында сексен оқушы өнер көрсетеді. Жақында ғана өткен «Достар даусы» ән байқауына қатысқан ансамбль бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан бұрын олар Түркия, Ресей, Грузия, Қырғызстан және басқа да әлем елдерінде болып, ән байқауында жүлдеді орындарды иеленіп қайтты. Әльфия Кәрімбаева, ата-ана : «Көп жылдар «Балауса» ансамблімен сахнада бірге жүрдік. Менің ұл-қызым осы ансамбльді таңдаған еді. Олар қазір келе алмады. Ұлым Назарбаев университетінде оқып жатыр. Қызым Назарбаев мектебінің он екінші сыныбының оқушысы. Балаусадан алған тәлімін жерге қалдырған емес. Университетте де жеке топ құрып, ән айтып жүр. Қызым түрлі шараларда концерт жүргізеді. «Балауса» баланы жасынан өнерге талаптандырады. Жиырма жасы құтты болсын!» Жанасыл Мұхтарұлы Алматы қалалық №13 гимназия оқушысы, «Балауса» ансамблінің әншісі: «Ансамбльге қатысқаныма алты жыл болды. Ән айтамын. Өнер үйренуге келген едім. Қиын болса да, өзіміз үшін жаттығудан шаршамаймыз. Вокальден сабақ беретін мұғалімдер қызықты сабақ өткізеді. Ән ғана айтып қоймай, кеаративты ойлануға баулиды, сөйлеуді түзейді. Апай бізді қатты жақсы көреді. Бұл жерде ешкім ұрсысып, ренжіспейді. «Балауса» түрлі салаға керек нәрсені бізге береді. Былтыр Түркияда өткен ән байқауға қатысып, жүлделі болдық. Мен бокс үйірмесіне қатысамын, домбыра шертемін. Сіз боксер әншіні бірінші кезіктіріп тұрсыз. Біздің ансамбльден шыққан Бекзат, Ерасылдар үлкен сахнада өнер көрсетіп жүр. Ансамбльдің әншілері вокалдан дәріс алды. Концерттерде жанды дауыста ән айтамыз». Өнерлі жастар үлкен сахнада Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаевалармен бірге ән шырқап, үлкен жобаларға жиі шақырылады. Репертуар қоржынында елуге жуық әндері бар. Жиырма жыл бойы балалардың талабын ашып, талантын шыңдап жүрген «Балауса» ансамблінің алар асуы әлі де алда!

Алтын Бейімбетқызы

1609 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз