Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Өзекті
  • 01 Мамыр, 2018

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ ТУЫ БИІКТЕ

Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстасыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», – дейді. Ал, осы сүренің 105-аятында: «Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар болады», – ескертеді. Ардақты Алла елшісі де (с.ғ.с.) өзінің өсиет-хадисінде: «Сендерге жамағатты өсиет етемін. Бөлінуден сақтаныңдар. Шайтан жалғыз бастылармен бірге болады. Екі кісіден алыс жүреді. Кім жәннаттың ортасын қаласа, жамағаттан бөлектенбесін. Кімді істеген жақсылығы қуантып, жамандығынан жиіркенсе, міне, сол – нағыз мүмін», – деп үгіт айтады. Сондай-ақ, мына бір хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылман – мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келер хадисінде: «Сендерден бірің өзіне қалағанын бауырына да қаламайынша, кәміл мұсылман болмайды», – дейді. Міне, пайғамбарымыз жамағаттан бөлініп, қалыс қалмауын әрдайым сахабалардың есіне түсіріп отырған. Ислам діні бір-біріне бауырмашыл қоғам үшін арадағы ынтымақтың бұзылмауына дініміз аса мән береді. Жалғыз Аллаға, пайғамбарға және кітапқа сенген мұсылмандардың Құранның айналасына жиналулары «бірлік бар жерде тірліктің бар» екендігін көрсетеді. Адамзат тарихына үңілетін болсақ, бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп алпауыт мемлекетке айналғанын көресіз. Ал, бірін-бірі көре алмай, береке-бірлігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да куәміз. Таухид сенімін өзіне ту етпеген, өзін елден ерекше санайтындар уақыт өте өзіне-өзі ор қазғанын білмей қалады. Сол себепті Алла тағала «Әнфал» сүресінің 46-аятында: «(Барлық істе ) Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар. Өзара тәжікелеспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Шыдамды болыңдар. Алла шыдамдыны жақтайды», – деп бұйырған. Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде: «Кім итағат етпей және жамағаттан қалыс қалып бақилық болса, надандық өлімімен өлген болады», - дейді. Дініміздің ынтымақ пен бірлікке аса мән беруінің де сыры осында жатса керек. Кісі қоғаммен бірге өмір сүруге мұқтаж. Ал, қоғам мүшесі болған адам еліндегі Заң және өзіне жүктелген міндеттерден сұралады. Бұндай жауапкершілікті сезінген адам кісінің құқығын қорғау және өзіне жүктелген міндеттің қасиетіне илануы керек. Бұл істі қасиет тұтып қастерлеген ол – ислам. Аллаға және ақырет күніне сенген адам істеген істерінен Алланың құзырында есеп-қисапқа тартылатындығын сезініп, кісі әр ісінің байыбына барып онан кейін жүзеге асырады. Дініміз қоғамды құрап отырған адамдарды бір бүтін дене іспеттес, ол қоғамда өмір сүріп отырған кісілерді дененің мүшесі деп қабылдаған. Мұсылмандарды бір денеге ұқсатқан асыл дініміз ислам қандай да бір ағза мазасызданса, басқа да ағзалар сол ауруды бөліскені сияқты, адамдар арасында бірінің басына қайғы-қасірет бұлты төнсе, онымен бөлісуді жөн деп таныған. Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында пайғамбар (с.ғ.с): «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста, бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», - деген. Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да ықыласты және дұрыс жұмыс жасаса, ондай қоғамда тыныштық пен ынтымақ өздігінен қалыптасады. Өйткені ешбір адам жалғыз өзінің қауіпсіздігі мен мұқтаждығын толықтыра алмайды. Аллаға сенген пенделердің тыныштық пен бейбіт өмірді бұзатын мәмілелерден сақтанулары және олардың бір-біріне деген жақсы көзқараста болуы ынтымақ пен бірлікте өмір сүрудің сара әрі дара жолы болып табылады. Адамзат баласының барлығының біркелкі түзу жүруі және жақсы ойлауы мүмкін емес. Адам баласына қоқан-лоққы көрсету, дөрекі мінез таныту ынтымақ пен бірлікке сызат түсіретін жағымсыз амал екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Тағала Құранда пайғамбарына (с.ғ.с): «(Ей, Мұхаммед!) Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынаста болдың. Егер сен анайы болсаң, жүрегің қатыгез болса, онда олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді», – деген. Алла елшісі ынтымағы мен бірлігі жарасқан қоғам құру қажеттігін мына хадисімен керемет баян етеді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Расулулла (с.ғ.с.): «Күмәннан сақтаныңдар, өйткені күмән – жалғанның ең сорақысы. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді ақтаруға және естуге әрекеттенбеңдер. Бір-бірлеріңнің жеке ісі және сырларыңды іздемеңдер. Мансапта менмендікке бармаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер, бір-біріңе ашуланып, бетқараспай кетпеңдер. Ей, Алланың құлдары! Бір-бірлеріңе бауыр болыңдар» , – деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғарыда айтқан хадистерімен бір қоғамның тыныштығын, бірлігін, дұрыс өмір сүруінің жолын көрсеткен. Бұл – заңдылықтар қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамға жүктелген ең маңызды міндет. Ынтымақ пен бірлікті көздеген мұсылман негізгі мақсатқа ынта-жігерімен білекті сыбана кірісе түседі. Ал, бұның сыры иман, қалау, сабыр және әрекет екенін ұмытпағанымыз жөн. Мәдина шаһарында Әус және Хазраж атты екі тайпа болатын. Бұлар Ислам діні келгенге дейін ықылым заманнан бері бір-бірімен қырықпышақ болып келген еді. Асыл дініміз Ислам келгеннен кейін екі тайпа бір-біріне бауыр болып, арадағы дүрдараздыққа нүкте қойылған. Осы екі тайпадан бір топ мұсылман сұхбаттасып жатқанын көрген Шас ибн Қайс есімді жауыз мұнафық, олардың арасына от салу мақсатында яһудилерден бір жас жеткіншекті шақырып, бір-бірімен ұйыған айрандай тату-тәтті әңгіме дүкен құрып отырған мұсылмандар арасына отырып олардың бұрынғы замандағы бір-бірлеріне қас дұшпандықтарын естеріне түсіріп, олардың тыныштығын бұзғысы келді. Әлгі жас жеткіншек Шас ибн Қайстың айтқанындай істеді. Екі тайпа арасында өткен «Бұас» шайқасының жарасын тырнай бастады. Өткенді еске түсірген екі тайпа ашу-ызаға бой алдырып, бір-бірлеріне ауыр сөздер айта бастады. Бұның соңы үлкен дау-дамайға айналды. Екі тайпа қаруларын алып Харра деген жерде майданға жиналып, шайқасуға бел байлады. Жағдай өте қатты шиелене түсті. Бір-біріне деген дұшпандықтарын ұмытып, нағыз дін бауыр болып отырған екі тайпа, енді мұсылман дұшпанының тұзағына ілініп, бір-бірінің қанын төгу үшін бір жерге жиналды. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбар (с.ғ.с) бір топ асхабымен әлгі жерге дереу жетіп: «Уа мұсылмандар! Бұларың не сұмдық? Алла сендерді ислам дінімен тура жолға бастап, сендерді күпірліктен құтқарып, бір-біріңе бауыр еткеннен соң тағы да сол баяғы күпірліктеріңе қайтпақсыңдар ма?» – деді. Бұл сөзден кейін екі тайпа өздерін шайтанның ойнына, дұшпандарының тұзағына іліккендерін аңдап, қаруларын тастап қол алысып құшақтасты және пайғамбарымызбен бірге ол жерден тарады. Алла ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге әрқашан қолғабыс жасайды. Дініміздің әміріне ұйып, елге төнген қауіптің басын қайтарып, ауызбіршілікте бір даналы сөзге тоқтау көрсеткен ата-бабаларымыз күні бүгінге дейін жеткізіп Алла берген ынтымақ пен бірліктің арқасында алдыңғы қатарлы тәуелсіз ел атандық. Әрине, барлық адам тарақтың ұшындай бола бермейді. Ал, біздің міндетіміз – еліміздің ертеңін ойлап, отанымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайту. Пайғамбар (с.ғ.с): «Бір-біріңді жақсы көрмейінше, кәміл мұсылман болмайсыңдар», - деген. Олай болса, Алла бізге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай ынтымақ пен бірлік, тату-тәтті ғұмыр кешетіндей бақ-береке нәсіп етсін! Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ төрағасының бірініші орынбасары, наиб мүфти, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

1557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз