Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Мамыр, 2018

Қажылыққа алғаш барған қазақтар

Қасиетті Меккеде мұсылман елдерінің арасында қазақ ұлты тіркелмегендіктен зиярат етуге жіберілмеген Нұрпейіс Байғараұлы хазіреті көп қиындықты басынан өткеріп, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеті негізінде халқымызға жол ашып, тиесілі жерді  алғанын тарихи деректер дәлелдейді. 

Ұлтын жасырғандар «бұхаралық сартпыз, не ташкенттік өзбекпіз» дейді екен

Ақтөбе өңіріне жолымыз түскенде жергілікті халық өкілдері Қарғалы ­ауданы «Қарабұтақ» ауылындағы ­ертеде тұрғызылған Нұрпейіс хазіреті көне мешітінің жаңартылып, ас берілгені, еліміздің түкпір-түкпірінен ел жиналғаны облыстағы елеулі оқиға болғанын айтып жүрді. Нұрпейіс хазіреті туралы бұрыннан баспасөз беттерінен оқып, ел аузынан естіген де едік. Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде: «Орта жүзден Тобықты Құнанбай бастаған ­жиырма кісі, Кіші жүзден табандаған жүз кісі болыпты. Ішінде Нұрпейіс хазірет, Досжан қалпелер бар дейді. Қазақ мұнан бұрын бүйтіп бас қосып, қажыға бармаған екен. Жүз жиырма кісі болып, арасын ­айырмай, тізе қосып, қол ұстасып жүрген соң және өздері көзге түсерлік әр топтың қасқа мен жайсаңы болғандықтан көргендер таңғаларлық болыпты. Ал оның Құнанбай қажымен бірлесіп салдырған тәкия үйін 1905-1906 жылдар аралығында қажылыққа барғанда көргенін, Досжан хазірет атында екенін Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы жазып кеткендігін» жазған еді. Тарихи тақырыпқа көп қалам тербеген жазушы Дүкенбай Досжанов 1994 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген көлемі 366 беттен тұратын «Абай айнасы» атты кітабында Нұрпейіс хазірет туралы құнды деректер келтіреді. «Шәкәрім шежіресіндегі «Қажы марқұм тәкияны мен бастап алсам да Кіші жүз қажылары көп ақша берді деп еді» деген сөзге айрықша назар аударған жөн («Жұлдыз» журналы», 1991 жыл, №1)». Шәкәрім шежіресінде, одан жәдитше жазуды қазіргі кириллицаға түсіргенде стильдік селкеуліктер кеткен. Ол сөйлемді былайша оқыған ләзім: «Қажы марқұм, яғни марқұм Құнанбай айтып отыратыны есімде қалыпты, ол кісі айтушы еді: тәкия жайды мен бастап салғызсам да, Кіші жүз қажылары жерге, құрылыс жабдығына көп ақша өткізіп, күш жұмсап еді» болып оқылуы қажет. Құнанбайдың әлгі тәкия жайды қалай салғызғаны, кімдер қолұшын бергені, қандай қиыншылықтар көргені туралы басқа деректер тапқан едік. Сол деректерге жүгінсек, әңгіменің түп төркіні, оқиғаның нағыз шындығы ашылып шыға береді. Енді оқырманды жаңадан табылған деректер ізіне түсіріп жетелеп, әңгіменің анық-қанығына көз жеткізелік. (Тәкия жай – қажылар түсетін қонақүй. Ө.Ө.). Шымкент қаласының байырғы тұрғыны Мұқатайұлы Рахметолла «Мек­кедегі қазақ тәкия жайы» деген атпен төмендегі естелікті жариялады. Әлгі шағын естеліктің керек-ау деген жұлынды тұсын оқушы назарына ұсына кетелік. «Мен бала кезімде қазақ халқының шежіресін, атақты батырлар мен билерді, олар айтқан нақыл сөздерді жатқа білетін әкемнің ауыл ақсақалдарына айтып отыратын әңгімесі – өткен ғасырдың соңында Кіші жүздің атынан Абайдың әкесі Құнанбай, қырғыз халқының атынан атақты Шәбден мырзаның мұсылмандардың қасиетті қаласы Меккеде тәкия жайларды қалай салдырғанын айтып отырғанын естіген едім. Әкемнің айтуынша, ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ пен қырғыздан қажылық жасауға барғандар өз ұлтын жасырып, «бұхаралық өзбекпіз, не ташкенттік сартпыз» деп айтады екен. Өйткені қазақ пен қырғыз халықтары Меккедегі мұсылмандар тізіміне жазылмай қалған көрінеді. Сондықтан қазақ пен қырғыз өкілдерін қасиетті орынға зиярат етуге жібермеген. Осындай қорлыққа шыда­ма­ған Жайық бойындағы қарадан шығып, ха­зіреті дәрежесіне жеткен Нұрпейіс молда қажылыққа баратын бірнеше кісілерді басқарып Меккеге жетеді. Бірақ Нұрпейіс хазіретті Қағбаға зиярат етуге жібермейді. Сонан соң қасындағылар еліне қайтып кетеді де, Нұрпейіс хазіреті Меккеде қалып қояды. Сонымен, ол қайыршылық жағдайда жеті жыл жат елде жүріп, қазақ пен қырғыз халықтарын Меккедегі мұсыл­ман­дар тізіміне енгізіп қана қоймай, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өсиеті не­гі­зінде қазақ халқына тиесілі жерді алады». Шөл төсіндегі пайғамбардың табаны тиген, құмы алтыннан, тұщы суы зәмзәмнан қымбат ыстық жерді қалай иемденді деп іштей, әрине, қайран қаласыз. Хазіреттің қажырын тасқа жанығандай табандылығы, бірбеттілігі кімді де болса тәнті еткізгендей еді. Серіктері елге кеткен соң жат жерде қалтасы қағылып, жалғыз қалған хазіреті тек қана адал бейнетіне сенеді. Күн демей, түн демей тер төгіп еңбек етеді. Меккенің сыртындағы бір таудан күніне екі мес тұщы суды арқалап әкеліп, оның бірін базарға сатып, түскен тиынына тамақтанады. Бір месін құм үстінде күнге шыжып отырған кемтарларға бөліп береді. Жеті жыл бойы белі бүгіліп, ыстық күнде меспен су тасиды, маңдай терін тамшылатып, самай шашы күнге ағарып жүріп жат елдің тілін, ғұрпын меңгереді. Ыстық күннің астында бүкшие ілбіп мес арқалап, су тасыған хазіреттің сұлбасын елестетіп көріңізші. Жеті жыл осылай. Неткен дүлей қайсар мінез десеңізші! Тағы да жоғарыдағы естелікке жү­гі­нелік. «Арада біраз уақыт өткен соң Нұрпейіс хазіреті Меккеде зиярат ету үшін келген араб дін басыларының қабылдауында болады. Сонда Бағдат ханы Нұрпейістің талабын қолдаған екен. Қазақтарды қасиетті жердегі мұсылмандардың тізіміне енгізу, пайғамбардың өсиетіне сәйкес оларға тәкия жай – қонақүй салу үшін жер бөліп беруге рұқсат етеді. Тәкия жай салуға бөлінген жерді алған бабамыз Нұрпейіс хазіреті оны теңдей төртке бөледі: қазақтың үш жүзіне және қырғыз халқына еншілейді. Кіші жүзден Жаппас руының ең бай адамы ақмешіттік Мырқы мырзаны, Орта жүздің Тобықты руынан Құнанбайды, Ұлы жүзден Қасымбек датқаны, қырғыздан Шәбден батырды таңдайды. Шәбден батыр қырғыз халқының ел басшысы болған Асқар Ақаевтың бабасы көрінеді. Нұрпейіс хазіреті ең бірінші хабарды Жаппас Мырқы мырзаға жібереді. Сол дәуірде Кіші жүзде Мырқы мырзадан бай кісі болмаған екен. Оның байлығының мөлшері жайында ағасы Аппаз мырза: «Мырқы мырзаның алтын ақшалары Еуропаның ірі банктерінде жатыр. Түйелерінің өзі отыз тоғыз мыңнан қайтты» деп отырады екен. Мырқы мырза бірнеше миллиондаған сом қаржымен қасына нөкерлерін ертіп, тәкия жай – қонақүй салғызуға Меккеге жүріп кетеді. Оның қасында араб тілін жетік білетін татар молдасы болған. Сол татар молдасы осы әңгімені 1901 жылы Кенесарының баласы Сыздық төре мен Ресейдегі Мемлекеттік ІІ думаға делегат болып қатынасқан бабам Мұңлыбекке айтқан екен». Жаппас Мырқы мырза Кіші жүзге ар­наған тәкия жайын үш жылда салып бітіріпті. Айшығы әсем ғажайып жай­ды көріп тамашалаған Бағдат ханы тәкия жайды Нұрпейістің атымен атауды ұсыныс етеді. Сонда Нұрпейіс былай депті: «Бұл ғимаратты қаншама қаржы жұмсап салдырған мына отырған сақы Мыр­қы мырза, бұл тәкия жай осы кісінің атымен аталғаны жөн» («Жас Алаш» 1933 жыл, 30 наурыз). Осы күнге дейін әлгі әсем ғимарат Мырқы мырзаның атымен аталатын көрінеді. «Тас қашап, там сал­ған­ның аты қалады, қылыш қайрап, ұрыс салғанның басы жоғалады» деген сөз осындайдан шыққан, бәлкім. Енді Орта жүздің ақылды адамы Құнанбайдың қасиетті жерге қалай барып, қалай үй салғызғаны туралы әңгімелеуді жөн көрдік. Құнанбай қасына аса жігерлі, өжет мінезді Ізғұттыны ілестіріп, 1870 жылы Меккеге сапар шегеді. Жолда ат тұяғын күйдірген шөлден, құс қанатын талдырған таудан өтеді, көп қиындықпен Меккеге жетеді. Меккеде өзге елден келген мұсылмандардың жататын үйі болады екен. Үйсіз, күйсіз босып жүрген тек қана қазақтар мен қырғыздар. Кейде арабтардың үйін уақытша жалдап тұрады, кейде көше бойында қонып қалады, көргендері азап пен мазақ. Осыны байқаған Керей ­Андамас мырза Көшербайұлы бір тайлақ пен дөнен шығар жылқы сатып алып сойып, бір үйге қазақ қажыларын қонақ етеді.

«Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығын алған

«Содан бес қажы Меккенің әкіміне жолығып, бес үйдің орнын, құрылыс материалдарын сұрайды. Алғашқы екі үйдің орнын жасымыз үлкен деп Құнанбай мен Түйте иеленеді. Үшінші үйдің орнын қарашаңырақтың иесімін деп Мінайдар иеленеді. Андамас пен Қосшығұлға орын қаланың шетінен тиеді. Құрылысқа қажетті заттар да осы ретпен бөлінеді. Үйдің іргетасын салғанда Түйте қажы ауырып қайтыс болады. Өлер алдында ол кісі барлық қаражатын Құнанбайға тастайды… Сонымен, қазақ қажыларына арналған бір мәрмәр, үш кірпіштен салынған төрт үй бітеді. Әркім өзі салдырған үйдің маңдайшасына аты-жөнін жаздырады». Бірінші естелікті айтқан кісі «Әкемнің аузынан естідім» деп шежірелеген ­Рахметолла Мұқатайұлы. Бұл әңгімеде қазақ қажылары үшін арқа еті арша, борбай еті борша болып, меспен су тасып жүріп, жер сұрап алған Нұрпейіс хазіреті. Екінші естелік архив шаңының арасынан алынды, оны жарыққа шығарған ­Рахымжан Отарбаев, барша әңгіме сол деректен тар­қатылып жазылғаны мәлім. Мұнда Мек­кедегі қонақүйіне арналған жерді алуға және үй салуға күш салған ­Андамас Көшербайұлы болып суреттеледі. Екі әңгі­менің де тоғысар тұсы – уақыт кезеңі, тәкия жайдың 1870 жылдардың басында салынуы, осынау қажылар түсетін ғимарат үйдің біріне Құнанбайдың иелік етуі еді. Қалай айтсақ та, Құнанбай заманынан иығы оза туған, қолы ашық, елі үшін қам жеген қарымды, қажырлы кісі Нұрпейіс қа­жымен таныс-біліс болуы да әбден мүм­кін. Андамас Көшербайұлымен жат жерде мұң­дас, сырлас, қанаттас болғаны тағы мәлім. Қасиетті Мекке жеріне алғаш табаны тиген Нұрпейіс хазіреті – белгілі дінбасы, қоғам қайраткері, діни сауаттылығымен қатар араб, парсы тілдерін меңгерген ғұлама, ғалым болған. Нұрпейіс Байғараұлы қазіргі Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының Қаратөбе, Томарөткел елді мекенінде дүниеге келген. Атақты ғұлама 1817-1880 жылдар аралығында өмір сүрген. Жас кезінде ауыл молдасынан сабақ алған ол кейін білімін жетілдіру үшін Бұхарадағы «Көгілташ» медресесінде алты жыл оқиды. Одан соң араб елінің Шам шаһарында төрт жыл оқып, елге оралады. Елге келгеннен кейін Петербургке барып, Ақ патшаның қабылдауында болады. Ақ патша Нұрпейіс хазіретке мұсылманша дінді таратып, насихаттау үшін, діннің әлсіздеу жері деп Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендерінің бойына барып, осы жерлерде бірнеше мешіт салдыруға кеңес береді. Сол жылы жаз ортасында бұрынғы ұлы қорым, атақонысын тастап, Нұрпейісті жалғыз жібермейміз деп, Қаржаудың төрт ұлы – Байғара, Қосуақ, Жұрын, Меңдібек – Шыңғырлау, Қоңырат деген жерлерден қоныс аударған. Хазірет ата Шыңғырлаудан көшіп, Қия деген жерде екі жыл қыстайды. Қазіргі «Қызыл партизан» ауылында ескі мешіт бар. Кезінде Нұрпейіс хазіретінің қолында «Мешіт салдыруға барлық жағдай жасалсын» деген патша жарлығы болған екен. Қия деген жер ұнаңқырамай, ата әрі қарай жайлы жер іздейді. Елек бойындағы Көкі тамасы Есет әулиенің басына келіп, дұға қылады. Сол жылы Бестамақ деген жерде киіз үйде қыстайды. Жаз шыға, мал төлдеп болған соң, тағы да қозғалып, Ор өзені бойындағы Ақсу-Шиелі деген жерге орналасады. Қоныс таңдау Нұрпейіс атаның еркіне берген жерлер: Жайық сағасы, Елек бойы, Ор бойы, Қарғалы өзен бойы болатын. Нұрпейіс Байғараұлы Жағалбайлы ақсақалдарының, соның ішінде сол кездегі Жетіру жеріндегі Дербісәлі Беркімбаев болыстың «Біздің жерге молдалық құрып отырыңыз» деген шақыртуы және халықты оқытып, сауаттандырамыз деген ұсыныс жасауы бойынша 1864 жылы Ор өзені басындағы Ақсу-Шиелі деген жерден 14 үй болып, қазіргі Қарғалы өзенінің бойына, «Қарабұтақ» ауылына көшіп келеді. Бұл ауыл екі өзеннің – Жақсы, Қарғалының бас жағындағы Ащылсай саласының тоғысқан жерде орналасқан, табиғаты әсем, шұрайлы жер еді. Ата жаңа қонысында 16 жыл тұрады. Нұрпейіс хазіретінің жайлау, қыстауларын осы уақытқа дейін халық пайдаланып келеді. Нұрпейіс хазіреті «Қарабұтақ» ауылына қоныстанған соң мешіт салу жұмысын бастайды. Бүкіл саналы ғұмырын халқының жарқын болашағына арнаған, қанша азапты күндерді басынан өткерсе де алдына қойған мақсатына жету үшін асқан қажырлылықпен еңбек еткен хазіреті атамыз өзі мешіт тұрғызып, елдің басын құраған ауылдың іргесіндегі қорымда қалған шаруаны кейінгі ұрпағына аманат етіп тапсырып, жаны жай тауып жатқан жайы бар.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ, Қазақстанның Құрметті журналисі

Ақтөбе

3278 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз