Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Мамыр, 2018

Астаналық оқушылар бағдарламалау негіздерін терең меңгеруде

Елордадағы №27 мектеп-лицейінің бастауыш сыныптары бағдарламалау негіздерін тың әдіспен оқуда

«Зерде» холдингінің цифрлық дағдыны дамыту департаментінің директоры Лаура Жұманәлиеваның айтуынша, бағдарламалау негіздері қосымша пән ретінде бастауыш сынып оқушыларына өткен жылы оқытыла бастапты.

«Біз оқу бағдарламасын 2017 жылы жасап шығардық. Бастама балалардың логикалық ойлау қабілетін арттырып, креативтілікке, болашаққа әзірлікке баулиды. Оларға гаджеттер мен компьютерлерді ойыншық ретінде емес, жұмыс істеуге арналған құрал екенін түсіндіре үйреткіміз келеді. Балалар бағдарлама аясында анимациялар мен мультфильмдерді, өздері құрастырған ойындарды жасап шығарады», - деді ол.

Осы орайда Лаура Жұманәлиева аталған жоба «Зерде» холдингі бастамасымен қолға алынғанын атап өтті.

«Біз бағдарламаның қолдану аясын кеңейтуді көздеп отырмыз. 2018-2019 жылдары жобаға өзге де облыстың мектептері қатысады. Аталған бастама №27 мектепте пилоттық жоба негізінде жүзеге асырылды. Бұл жобаны іске қосу үшін «Зерде» авторлық құқық бағдарламасы деген арнайы куәлік те алдық», - дейді департамент директоры.

Ашық сабақ барысында №27 мектептің 2 «И» сынып оқушылары Жалел Айдар мен Олжабай Қайрат «Алдар Көсе» атты мультфильмін жасап шығарғаны, ал 4 «В» сынып оқушысы Бауыржан Байтұров бағдарламалау негізінде ойын құрастырғаны белгілі болды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова оқушылардың бұл еңбегіне жоғары баға берді.

«Бұл жоба Мемлекет басшысының Жолдауы, «Цифрлық Қазақстан» мен «Smart Astana» бағдарламалары аясында басталды. Тұңғыш рет биылғы оқу жылында жоба бастауыш сыныптардың оқушылары үшін енгізілді. Бағдарламаның ерекшелігі неде? Бұл ретте оқыту балалар үшін ойнату формасында жүргізіледі. Бұл – әлем бойынша балаларды оқытылып жатқан скретч (бағдарламалау тілі) әдісімен жүргізілуде», - дейді әкімнің орынбасары.

Дереккөз: Baq.kz

983 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз